Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
Тарих факультеті
Тарих және Дінтану кафедрасы
ОСӨЖ№7
Тақырыбы: Дін идеологиясы
Орындаған: Ержанова Д.С
Тексерген: Сайын Д.А
Топ: Тарих- Дінтану 405
2022/2023 оқу жылы
Еліміз тәуелсіздігін алып, еңсесін тіктеген ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде мемлекеттің барлық салаларында түбегейлі өзгерістер орын алды. Мемлекеттің дін саласында жасалған маңызды қадамдардың арқасында халықтың діни-рухани бостандығына еркіндік берілді. Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев рухани мұрамыз бен ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға, руханиятымыздың негізі болып табылатын дін мәселелеріне баса назар аударып, халыққа арнаған жолдауларында бұл мәселелерді қалыс қалдырған емес.
Дін саласындағы қарым-қатынастарды реттейтін зайырлы заңнаманың арқасында ел ішінде келісім мен тұрақтылық сақталып, қаншама ұлт пен конфессияның өкілдері ынтымақта өмір сүруде. Дегенмен соңғы жылдары ел аумағында бірқатар келеңсіз жағдайлардың орын алуы дініміз бен дәстүрімізге жат, теріс пиғылды ағымдардың ел ішіне дендеп енгендігін көрсетеді.
Осындай теріс діни-саяси ұстанымдардың бірі-жалған салафизм идеологиясы десек қателеспейміз. Сауд Арабиясы Корольдігінің құрылуымен саяси күшке айналған уахабшылдық немесе «салафизм» атын жамылған идеология араб елдерімен шектелмей, әлемнің көптеген аймақтарына тарап үлгерді. Жалған салафизм деп атау себебіміз, бұлардың ұстанымы әділетті ту еткен бастапқыдағы таза исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмайды, қайта қаталдығы мен өшпенділігіне қарай «неохариджилер» деп сипаттаса болады. Псевдосалафизм көзқарастары Қазақстан мұсылмандары арасында, әсіресе жастар ортасында кеңінен таралып, түсініспеушіліктер мен қақтығыстарға негіз болып жатқаны белгілі. 2016 жылы Ақтөбе, Алматы қалаларында орын алған келеңсіз жағдайларда осы ағым өкілдерінің әрекеті болатын.
Сыртқы амалына қарап күпірлікті кесіп-пішетін тәкфірге сүйенген салафизмнің идеологиясы негізінен буквализмге, яғни Құран аяттары мен хадистердің мазмұнын түсінбей, тура мағынасында сөзбе-сөз түсінуге, ақыл-парасатты қолданбауға бағдарланған. Олар астарлы мағыналы аяттар мен хадистердің тек сөздік мағынасын негізге ала отырып, ішкі мәніне үңілместен сол күйінде қабылдау керектігін алға тартады. Мұндай идеялар тарихи тұрғыдан дәлелденген мәзһабтар институтын жоққа шығарып, «әр мұсылман тікелей өзі Құран мен хадиске жүгініп пәтуа бере алады» деген үстірт әрі шетін көзқарастың қалыптасуына алып келеді. Ал бұл көзқарас қазіргі кезде дінішілік алауыздық пен пікір қайшылықтарының туындауына жол ашуда.
Мәзһаб ұстанбайтындардың пікірі бойынша әрбір адам дінді, шариғатты өз беттерінше оқып, үйрене алады. Ол үшін араб тілін меңгеру жеткілікті. Араб тілін білген адам Құранды да, сүннетті де өз бетінше оқып, дін қағидаларын түсіне алады. Яғни, ешқандай мәзһабқа ерудің, ұстанудың қажеті жоқ.
Ақылды шектеп, кеңінен ой қорытуға жол бермейтін салафилер «Дінді ақылмен түсінуге болмайды, ол - философия, яғни адасушылық» деген қағидаттарды қойып, аяттар мен хадистердің негізгі мәніне, олардың қандай жағдайда, қашан айтылғанына қарамастан тікелей мағынада қабылдауға тырысады. Ақыл қорытып, ой жүгіртуге шектеу қоятындықтан, олардың қатарына жаңадан қосылған адам еркін ойлау қабілетінен айырылып, мәңгүртке айналады. Өйткені, ондай адам аяттың, хадистің астарына үңілуге дәрменсіз, өйткені оның білімі жеткіліксіз, мәтіндерді тек салафилер түсіндірген қалыпта қабылдап алады да, басқаша ойлауды күнә санайды.
Салафилердің мәтіннің тікелей мәніне жүгінуінің бір түрі адамға тән сипаттарды Жаратушыға телу болып табылады. Ислам тұрғысынан алып қарайтын болсақ, бұл Жаратушының есімдері мен сипаттарына байланысты түсіндірме бермей, тікелей түсіну, қабылдау және түсіндіру әдісі дегенді білдіреді.
Алайда, Жаратушы ешбір жаратылысқа ұқсамайтындықтан, оны қандай да бір нәрсемен салыстыру арқылы түсіну мүмкін емес. Сондықтан ислам ғұламалары «Ақылға салып қалай пайымдасаң да, Алла бәрібір одан өзгеше» деп ескерткен. Мәселен, Аллаға мекен мен уақыттың ықпалы жүрмейтіні туралы қазақтың дана ойшылы Абай да бір өлеңінде жазып қалдырған болатын. Онда:
«Мекен берген халық қылған Ол Лә мәкан,
Түп иесін көксемей бола ма екен?
Және оған қайтпақсың оны ойламай,
Басқа мақсат ақылға тола ма екен?!» - делінген.
Олай болса, мұндай көзқарастар ханафи мәзһабын ұстанатын мұсылман үмбетінен ерекшелену, мұсылмандар арасында жікшілдік тудыруды көздеу деген сөз.
Мұндай буквалистік идеялар көптеген діни ұғымдардың шынайы мәнінің бұрмаланып түсіндірілуіне, сол арқылы қазіргі кезде белең алып отырған діни экстремизмнің өршуіне себеп болып отыр. «Жиһад», «тәкфір», «тағұт», «хижра», «ширк», «бидғат» секілді ұғымдардың мағынасын бұрмалау нәтижесінде тәкфіршілдік идеясын дамытуға, соның нәтижесінде өз қатарларындағы адамдардың радикалдануына себеп болу арқылы елдегі тыныштық пен келісімнің бұзылуына жол ашуда.
Бүгінгі күні теріс пиғылды ағым өкілдері Құранда берілген «жиһад» және «хижрет» ұғымдарын өз мүдделеріне бұрмалап қолданып жүр. Олардың бұл ұғымдарға берген түсіндірмесін қабылдаған көптеген азаматтар өз елдерін мұсылманның емес, кәпірдің елі деп санап, Сирия аумағына «хижра» жасап, қоныс аударғанын білеміз. Бұл жағдайдың орын алуына осындай теріс пиғылды ағымдардың уағызшыларының діни білімі толық емес азаматтарды арбап, қанды қасап болып жатқан Сирия, Ирак елдеріне «хижра жасауға» шақыруы себеп болып отырғаны жасырын емес.
Алайда хижра жасау ұранын ту етіп соғыс аймақтарына аттанушылардың мұндай әрекеттерінің ислам діні сеніміндегі хижрамен ешқандай байланысы жоқ екені айқын. Исламда бұл сөз мұсылмандардың дініне байланысты өзгелерден қысым көруіне байланысты басқа елге қоныс аударуын білдіреді. Яғни, мұсылмандардың діндерінің парыздарын орындауына тыйым салынып, мешіттер жабылып жатса ғана басқа жаққа қоныс аударуы мүмкін. Алайда, біздің елімізде ешбір діннің насихатталуына қысым қойылып отырған жоқ. Мұсылмандар да құлшылықтарын еркін атқаруда. Елде қаншама зәулім мешіттер бой көтеріп, көбейіп жатыр. Мемлекет тарапынан жасалған осындай жағдайларды жоққа шығарып, «таза ислам» елін аңсап елден ауа көшкендер - тек барды бағаламаушылар деген сөз.
Хижра жасау туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «исламның негізгі рәміздері мен рәсімдерін атқаруға рұқсат етілген мемлекеттен өзге елге көшуге ешбір қажеттілік жоқ» деп өз ұстанымын көрсетіп берді. Сондықтан да азаматтардың Таяу Шығыс аймағындағы соғыс алаңдарына кетуінің ислам дініндегі хижрет жасау түсінігімен ешқандай байланысы жоқ деуге болады.
«Жиһад» түсінігін де теріс пиғылды ағымдардың діни білімі таяз азаматтарды азғырудың бір жолы ретінде пайдаланады. Олардың түсінігіндегі «жиһад» - тәкфіршілердің «кәпір» деп санаған адамдарын аяусыз қыру, ату, жарып жіберу, әйелдерді, балаларды құлдыққа салу, оларды азаптап қинау сияқты озбырлық әрекеттері. Діни мәтіндерді өздерінің пайымы мен мүдделеріне сәйкес бұрмалап түсіндірген теріс пиғылды ағымдардың үгіт-насихаттарының нәтижесінде саналары уланған сауатсыз азаматтар ата-анасын, туған жерін тастап, Алла жолында «жиһадқа» аттануда. Ал негізінде жихад ұғымының мәні осындай ма? Әрине, жоқ.
Жиһадтың бір мақсатқа жету үшін күш жұмсау, күресу, дінді, отанды, мал-мүлікті қорғау екенін осыған дейінгі ислам ғұламалары айтып та, жазып та келе жатыр. Яғни, жиһад - ең алдымен адамның өзін және ішкі жан дүниесін түзетуі деген сөз. Мұсылманның өз нәпсісімен күресі дегенді білдіреді.
Ал осындай діни ұғымдарды бұрмалаушы ағымдардың негізгі көздеген нәрсесі -мұсылмандар арасында жік тудырып, оларды ыдырату. Бұл үшін олар өскелең ұрпақтың санасын улап, оларды ұлттық құндылығынан айыру әрекеттерін қолданады. Санасы уланып, қалыптасқан құндылықтардан алыстаған жас буын өкілдері күйзеліске ұшырап, еркін ойлаудан қалады. Мәңгүртке айналады. Өз туғанынан, ата-анасынан ажырап, қоғамнан оқшауланады. Діннің қоғамдық қызметтерінің (оның ішінде дүниетанымдық, танымдық, әлеуметтендіруші және т.б. қызметтерінің) алмасуы барысында діни санасы мен діни амалында дүниетанымдық мәдениеті қалыптасып беки қоймаған азаматтардың бойында тұлғалық жартыкештік, әлеуметтік-мәдени тұрғыда тайғанақтық үрдістері байқалады. Діннің саясилануы нәтижесінде дәстүрлі діндарлардың рухани сабақтастығына сызат түсіп, қазақстандық жамағаттың діни бірегейлігіне нұқсан келе бастады.
Бұл үрдістер рухани қауіпсіздік саласындағы ақтаңдақтардан хабар береді, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың белсенділігін қажет етеді. Жат жерлік діни ағымдардың шиеленісті, кейде тіпті агрессивті ықпалының өсе түскен қазіргі жағдайларынан зайырлы Қазақстанның діни және мәдени келбетін түбегейлі өзгертуге деген ұмтылысты аңғаруға болады. Сондықтан діни қауіпсіздіктен тікелей туындайтын елдің рухани қауіпсіздігі мәселесі өзекті күйге түсіп отыр. Мемлекет дін саласына араласып, ғасырлар тезінен өтіп, ел бірлігін сақтап келген дәстүрлі құндылықтарды қамтамасыз ете алмаса, зайырлылықтың егемендігін ішінара жоғалтып алуға болады.
Шетін көзқарастарды ұстанатын діни идеологиялық ағымдар ұлтаралық, дінаралық қатынастарға жік түсіріп, ұлт тұтастығына, мемлекет тұрақтылығына, дәстүрлі құндылықтарға үлкен қатер төндіретіндіктен, олардың ел аумағында таралуына баршамыз бел шеше атсалысуымыз қажет. Себебі, қазірден мұндай идеологияның таралуына тосқауыл қоя алмасақ алдағы ұрпақтың күні не болары күмәнді. Кез келген ұлттың өзін тарихта ұлт ретінде сақтап қалуының алғышарты – өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі дінінен, тілінен, ділінен ажырамауы екені белгілі нәрсе. Осындай құндылықтарымыз бен тәуелсіздігімізді сақтап қалу халқына жанашыр әрбір жанның азаматтық парызы деп санаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |