Тарихи ескерткіштер-ұлттық сана-сезімнің қайнар көзі.
«Жер тарихы-ел тарихы» деген қазақ халқында қанатты сөз бар. Тәуелсіз еліміздің тарихын зерттеу әр өлке тарихын зерделеуден басталатынын, әр өңірдің тарихи ескерткіші бұл салада қайнар бұлақ көзі екені сөзсіз.
Сыр өңірі ежелден адамдар қоныстанған, көшпелі мал шаруашылығымен суармалы егіншіліктің дамыған өлкесі. Мұнда сан ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың тарихи-мәдени мұралары өте мол. Сыр өлкесіндегі тарихи ескерткіштер өздерінің дәуірі жағынан сан ғасырларды қамтиды. Оның бірі оғыз-қыпшақ дәуіріне жататын-Көккесене, Өзгент, Ашнас және басқа ескерткіштерді атауға болады.
Сыр бойындағы аса маңызды тарихи-мәдени және республикалық дәрежеде енгізілген тарихи ескерткіштердің бірі-Көккесене. Көккесене-Гүлбаршын сұлудың қабірінің үстіне тұрғызылған мұнарлы күмбез. Ескерткіштің орны Төменарық теміржол стансасының солтүстік-шығысынан бес шақырымдай және Сығанақтан оңтүстікке қарай сегіз шақырым жерде, қазіргі Қожамберді ауылында орналасқан.
Академик Әлкей Марғұлан: «Оғыз елінің атақты бір қаласы-Баршынкент, деп жазды. Баршынкенттің тағы бір тарихы ол қаланы Оғыз елін басқарған жеті данышпан қыздың бірі-Баршын сұлуға арнап салынғандығы. Қазақтар ол қаланы бергі кезге дейін «Қыз қала» деп келді, демек қызға арнап салды дегенді мегзейді[1.191 б]. Демек Оғыз даласының тұрғындары беріге дейін бұл қаланы «Қыз қала» деп атағандығы анықталып отыр.
Сондай-ақ академик қаланың атауына тағы бір дерек келтіреді. Ол Алпамыс батырдың зайыбы Баршын сұлудың яғни Гүлбаршынның есімімен байланыстырады. Ал Көккесене күмбезі тарихи деректерге қарағанда, осы Баршын сұлудың кесенесі екендігі көрсетеді.
Бұл туралы «Қазақ Совет энцеклопедиясында» мынадай анықтама берілген: Көккесене-оғыз қыпшақ заманында Сырдария жағасына Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Төменарық стансасының солтүстік-батысында тұрғызылған сәулетті күмбез. Көккесене Қармыш (Қармыс-А.С.) байдың қызы, Мамыш бектің (Алып-мамыш, Алпамыс) жұбайы Баршын сұлудың (Гүлбаршын) қабіріне селжұқ-хорезмшах заманында сәулет өнері үлгісімен (биік мұнара) салынған. Көккесененің астыңғы негізі берік етіп жасалып, оның үстіне бірінен-бірі биіктікте үш барабан тұрғызылған. Орталық барабанда Михраб түрінде қуыстап келтіріп, үстіне сүйір мұнара орнатқан. Күмбездің арқасын жебенің үшкір басына ұқсатып, екі иығын өрнекті бағаналармен көмкерген. Қабырғаларын Алаша хан күмбезі секілді қыштан кілем өрнегі үлгісіне ұқсатып қалаған. Қазір бұл тамаша ескерткіш түгел қиратылған. Көккесенеге таяу жерде Баршын сұлудың әкімшілік орны бар[2.2 б]
Яғни бұл деректен кесененің атауы Алпамыс батырдың жұбайы Гүлбаршынның есімімен байланыстылығын және оның басына тұрғызылған мұнараның салыну стилінде селжұқ-хорезмшах заманының белгілері бар екендігіне көзіміз тағы жетіп отыр.
Сондай-ақ басқа деректерде Баршынкент қаласы Сырдария өзенінің оң жағында, Көккесене күмбезіне таяу жерде болғандығы айтылады. Себебі Гүлбаршын қайтыс болғанда оны өзі билік жүргізген қала маңындағы мазарға жерлеуі бұл заңдылық. Демек, Баршынкент қаласының орны да қазіргі Көккесене орнынан қашық болмаған болуы керек. Анығырақ айтқанда Баршынкент қаласының орны Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қаласының жанында болуы ғажап емес.
Баршынкент қаласы мен Көккесене күмбезі атақты Алпамыс батырдың жұбайы Баршын сұлуға байлынысты екендігін өз шығармасында жазып қалдырған туралы атақты ортағасырлық шежіреші-тарихшы Әбілғазыны айтамыз.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша бұл қалаға қатысты аңыз-деректер өте көп. Көбіне ауылдың көнекөз ақсқалдары бұрын түнемесіне үнемі күмбез жанында шырақ жанып тұратын. Өткен адамдар құран оқып, зиярат етіп кететін дегенді айтады.
Тарихи деректерге жүгінсек Шыңғыс ханның немересі Хулагу ханға қызмет еткен парсы тарихшысы және мемлекет қайраткері Жувейни 1260 жылы «Әлемді жаулап алушының тарихы» атты моңғолдар тарихына арналған үш томдық кітап жазған. Сол еңбектің бірінші томында Баршынкент (Барчылыгкент) қаласын Сығанақ, Ашынас тағы басқа да ірі қалалармен бірге атайды. Демек, ортағасырларда Баршынкент қаласы маңызының аса зор болғандығын айқындайды [3. 32 б].
Көккесенені алғашқылардың бірі болып зерттеген Ақмешіт бекінісінің бастығы, Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі, полковник В.А.Каллаур. Оның жазбасында ғимараттың артқы бөлігінде сағана бар, еденнен төмен түсер ауызғы жағы тасқа бітеліп қалған. Сағана үстінен мұсылман әулиелерінің мазарларына тән жалаулы құлыптас орнатылыпты. Ол өз жазбаларында қаланың алғаш суретін көрсетіп, оның қалану әдісінің Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен бірдей екендігін ерекше атап өткен [4. 9 б]. Жалпы қаланың толығырақ зерттелу уақыты ХХ ғасырдың басында орыс ғалымдарымен байланысты. Олар: В.А.Каллаур, И.Кастанье, А.Ю.Якубовский және басқалары болды. Кесене жөнінде этнограф-ғалым Ә. Диваев, академик В.В.Бартольд еңбектерінде де айтылады.
Сонымен қатар Көккесене туралы деректер Жошы ханның ұрпағы Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайыр ханның ұлы Масул-Ибн Кухистанидің «Тарихи Абулхаирхани», М.Х.Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты шығармаларында кездеседі.
Қазіргі таңда Көккесене туралы біршама деректер Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі-Адырбек Сопыбековтың еңбектерінен көре аламыз. Кесененің орналасуына байланысты журналистің «Тағы да Баршынкент қаласы жайлы», «Баршынкент қаласы қалай табылды?» атты мақалаларында қаланың орналасуы жөнінде біршама деректер келтірген.
Көккесене өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін жеткен. Қаншама ғасырдан бері жеткен мәдени ескерткіштің қабырғасы жауын-шашынның, желдің және өзге де табиғи құбылыстар салдарынан мүжіліп, жарамсыз күйге түскен. Кеңестік дәуірде ұлтымыздың тарихы мен мәдени-ескерткіштеріне толыққанды зерттеулер жүргізілмегені белгілі. Бүгінгі таңда күтімсіз қалған кесене біржола жойылған.
Өлкемізде ұлттық тарих үшін орасан зор мәні бар көптеген тарихи, археологиялық және сәулет ескерткіштері бар. Олардың көпшілігі осы уақытқа дейін түрлі себеп-салдардан бұзылып-бүлінуден қорғалмаған. Олардың өскелең ұрпақты қазақстандық отаншылдық рухында тәрбиелеу және тарихи, мәдени мұраны жан-жақты зерделеуде ақтаңдақтарды жабу, сондай-ақ қазақ халқының сан ғасырлық рухани тәжірбиесін қорыту мақсатында орны ерекше. Сондықтан өңіріміздегі айырықша мәні бар тарихи-мәдени, сәулет өнер ескерткіштерін сақтау және тұрақты түрде қайта қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру жұмыстары қолға алыну қажет.
Қорыта келе, елдің тарихын білу, жас ұрпақтың бойындағы туған жерге, елге сүйіспеншілік, патриоттық сезімді арттыруға жағдай жасайды. Өткен тарихтың ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысы бар. Сондықтан өлкеміздегі осындай баға жетпес тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің болашақта жойылып кетуіне жол бермей, келешек ұрпақ зердесіне ой тастау, тарихи екерткіштер арқылы ұлттық сана сезімді ояту, оларды тарихта мәңгілік қалдыру, тарихи мұралардың сыр-сипатын жете ұғындыру қажет.
Әдебиеттер
1.Ә.Марғұлан. «Ежелгі жыр,аңыздар». Алматы. 1985ж 196-197б
2.Қазақ Совет Энцеклопедиясы.Алматы, 1975ж 6-том. 2 б
3. В.Бартольд. Соч., том-1, М., 1963 г.
4.(Прот.Турк.Кружка люб. Арх. 1901,9-100 стр.)
Достарыңызбен бөлісу: |