Тәжірибелік жұмыс № 9
Тақырыбы: MS Access МҚБЖ формалар құру. Форма құрудың түрлері. Батырмалы форма құру.
Мақсаты: формаларды құру әдістерін; басқару элементтерін құру әдістері мен берілуін; бағынышты форманы құру әдістері және нәтижелік есептеулерді жүргізуді үйрену.
Теориядан қысқаша мағлұмат
MS Access-те формалар мәліметтерді енгізу және экран бетінде бейнелеу үшін арналған. Форма үшін деректер қоры ретінде кестелерді немесе сұраныстарды сонымен қатар олардың жиынтығын қолдануға болады. Формада деректерді бейнелеу үшін басқару элементтері деп аталатын объектілер қолданылады. Сонымен қатар басқару элементтерін форманың ішкі көрінісін әсемдеу үшін де пайдалануға болады.
Форма құру әдістері: құрастырушы, форма шебері, баған бойынша автоформа, таспалық автоформа, кестелік автоформа, қосымша кестелік автоформа, қосымша диаграммалық автоформа, диаграмма, қосалқы кесте.
Автоформа: Форманы тез құру әдісінің бірден-бір түрі құрал-саймандар панелінде Жаңа объект … батырмасының қасында орналасқан батырмаға шерткенде ашылатын мәзірдегі автоформа бұйрығын қолдану болып табылады. Автоформа бұйрығы кесте немесе сұраныс үшін, қайсысы таңдалғанына байланысты бір бағаннан тұратын форманы құрады.
Форманы тез құру жолы мына түрде орындалады:
1. Мәліметтер қоры терезесінде қажетті кесте немесе сұраныс белгішесіне шертіңіз.
2. Жаңа объект батырмасының оң жағындағы батырмаға шертіңіз және Автоформа бұйрығын таңдаңыз.
Бұл жолдарды орындағанда Access кесте немесе сұраныс үшін үнсіздік бойынша таңдалған форманы құрады.
Жаңа форма сұхбат терезесінде ұсынылатын тізімдегі кейбір пунктердің қысқаша түсіндірмесі мынадай:
1. Бағандық автоформа – фондық суретінде тек бір ғана жазбаны көре алатын, форманы ең тез құру әдісі.
2. Таспалық автоформа – бұл әдісте форманың терезесінің барлығы өріске толы болады. Бұл жағдайда сіз бірнеше жазбаларды бірден көре аласыз, бірақ кесте режиміндегідей емес.
3. Кестелік автоформа – бұл әдісте кесте түріндегі форма құрылады.
Форма шеберлерін қолдану: Форма шебері форма құрудың барлық этаптарында сізбен бірге болады. Ол сұрақтар тобын қоюмен айналысады, ал жауаптарын форма құрлымын құру барысында пайдаланады. Шебер көмегімен форма құру келесі түрде орындалады:
1. Мәліметтер қоры терезесіндегі формалар жапсырмасын ашыңыз.
2. Құру батырмасын шерткенде Жаңа форма сұхбат терезесі ашылады.
3. Мәліметтердің түп негізі ретінде кестені немесе сұранысты таңдаңыз өрісінен форма негізделетін керекті кесте немесе сұранысты таңдаңыз.
4. Форма шебері пунктін таңдаңыз және ок батырмасын шертіңіз.
5. Шебер сұхбат терезесінде көрсетілген көрсеткіштермен жүріңіз. Ең соңғы сұхбат терезеде Дайын батырмасына шертіңіз. Содан соң форма көмегімен деректерді енгізуге немесе қарап шығуға кірісуге болады.
Формаларды қарапайым түрде (вручную) құру. Форманы қарапайым түрде құру үшін бос форманы ашып оған қажетті өрістерді және басқа да құрылымдық элементтерді (жазба, суреттер, сызықтар, флажоктар т.б.) қосуға болады.
Тәжірибелік жұмыс тапсырмаларын орындауға арналған
әдістемелік нұсқаулар
Тапсырманы орындар алдында зертханалық жұмыстың қысқаша мәлімет бөлігімен танысып шығыңыз Жаңа мәліметтер қорымен дайын үлгі бойынша мәліметтер қоры құру және формаларды құру тәсілдерін меңгеруде MS Access анықтамалығын пайдаланыңыз. Анықтамалықты ? мәзірі немесе құралдар панеліндегі ? батырмасы арқылы шақыруға болады. Тапсырманы орындағаннан кейін өз біліміңізді зертханалық жұмыс соңында келтірілген сұрақтар арқылы тексеріңіз.
Тапсырма
Формаларды қарапайым түрде (вручную) құру. Форманы қарапайым түрде құру үшін бос форманы ашыңыз және оған қажетті өрістерді және басқа да құрылымдық элементтерді (жазу, суреттер, сызықтар, флажоктар т.б.) қосыңыз. Ол үшін келесі қадамдарды бірізділікпен орындауды басшылыққа алыңыз:
1. Мәліметтер қорыдағы форма жапсырмасын ашыңыз және Құру батырмасына шертіңіз.
2. Ашылған Жаңа форма сұхбат терезесінен форма үшін деректердің негізі ретінде қолданылатын кесте немесе сұранысты таңдаңыз.
3. Құрастырушы пунктін таңдаңыз, сосын Ок батырмасын шертіңіз. Access құрастырушы режиминде бос форманы ашады.
4. Формаға керекті объекттерді (өрістер, жазулар, суреттер және басқару элементінің кез-келген типін) қосыңыз. Өрістерді формаға өрістер тізімінен тасымалдау әдісі арқылы қосуға болады. Басқару элементінің басқа типтерін қосу үшін басқару элементінің панелі қолданылады. Элементтер панелінен қажетті басқару элементін шерту арқылы таңдаңыз сосын таңдалған элементті орналастыру үшін форманың қажетті жеріне шертіңіз.
Форманы Файл – Сақтау бұйрықтары көмегімен сақтаңыз.
Жеке тапсырмалар:
1. Кітапхана кестесіндегі мына мәліметтерге форма құрыңыз: оқырман, кітап, кітапты алған уақыты және қайтару уақыты. Бұған қоса элементтер панелінен басқару элементтерін қолданыңыз.
2. Аурухана кестесіндегі емделушінің аты-жөні, доктор, қабылдау уақыты, дәрі-дәрмек мәліметтерін көрсететін форма құрыңыз. Формаңызда келесі басқару элементтерін пайдаланыңыз: тікбұрыш, сызық, батырма, жапсырма.
Бақылау сұрақтары:
Форма не үшін қажет?
Форма құрудың қандай әдістерін білесіз?
Басқару элементі дегеніміз не?
Басқару элементінің негізгі типтерін ата?
Формаға басқару элементін қалай қосамыз?
Жапсырмалар не үшін арналған?
Достарыңызбен бөлісу: |