Тексерген: Киекенова Бағдат Базылқанқызы Тақырыбы: «Қазіргі заманғы қоғамдағы дәстүрлі құндылықтардың рөлі»



Дата16.11.2023
өлшемі14.77 Kb.
#483475
сарвиназ


Орындаған: ССиМ 22-14 тобы Халниязова Сарвиназ
Тексерген: Киекенова Бағдат Базылқанқызы
Тақырыбы: «Қазіргі заманғы қоғамдағы дәстүрлі құндылықтардың рөлі»
Эссе
Адамзат қоғамының алғашқы кезеңінен бастау алып, ғасырлар бойы әртүрлі қоғамдарда түрліше көріністе жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар жүйесі бар. Дәстүрлі құндылықтар дәстүрлі қоғаммен үндестікте – соның аясында қалыптасады, оның ішкі тұрақтылығына қызмет етеді және сол қоғам арқылы сақталады. Дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыруға қоғамның бірнеше буыны атсалысып, оларды қолдау және қолдану арқылы тұрақтандырады. «Құндылық» ұғымының мәнін жинақтай алғанда қоғам өмірінде қалыптасқан жасампаз идеялар мен этикалық категориялар, моральдық-эстетикалық нормалар мен стереотиптер жиынтығы, маңызды мақсат-мұраттар мен оларға жету жолдары, мінез-құлық мәнері туралы жинақталған түсініктер деуге болады. Яғни құндылық дегеніміз тарихи тәжірибе негізінде тұжырымдалған ұлт немесе адамзат мәдениетінің мәні болып табылады.Құндылықтар қоғамның даму бағдарлары мен өмір сүру мәнерін белгілейді. Құндылықсыз қоғам – бағдарсыз қоғам. Құндылық – қондырма емес, ол қоғамның өзі ішінен қайнап шығады, мемлекеттік билікке тәуелсіз қалыптасады. Оның идеологиядан айырмашылығы да осында. Құндылық – уақыт сынынан өткен және заман озған сайын түлеп отыратын идеялар мен ұстанымдар. Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі. Әрбір қоғам мәдениетіне тән өзіндік құндылықтар кешені болады. Дәстүрлі қоғам өзгеріске ұшыраған жағдайда да дәстүрлі құндылықтар өз маңызын жоймайды. Оның айқын мысалы – бүгінгі қазақ қоғамы. Тиісті анықтамаларға сәйкес дәстүрлі қоғам дегеніміз – саяси, әлеуметтік және мәдени дамуы дәстүрлі құндылықтарға, салт-санаға, ата-баба мұраларына негізделетіндігімен ерекшеленетін әлеуметтік орта. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі қазақ қоғамын толық мәнінде дәстүрлі қоғам деп атау қиын. Дәстүрлі мәдениеті, саяси жүйесі, құқықтық санасы тиісті деңгейде қалыптасқан қазақ қоғамы тарихи үдерістер салдарынан елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазір ол өз дамуын заман талабы тудырған құндылықтармен көбірек байланыстыруда. Дегенмен ұлттың дәстүрлі құндылықтық жүйесі, соның ішінде рухани құндылықтары жаңа қоғамның бағдарын айқындауда негізгі реттеушілік роль атқарып отыр. Ұрпақтар сабақтастығы құндылықтар арқылы жалғасады. Ұлт тарихы үшін осы сабақтастықтың маңызы зор. Әр буын өзіне дейінгі ұлт тәжірибесін бойына сіңіріп, ары қарай дамыта білмесе, тарихын екшеп-саралау арқылы болашағына бағдар жасамаса – ол қоғам керітартпа қоғамға айналады. Өткенді мансұқтап, тарихты өзінен бастаған буын мемлекетті рухани дағдарысқа ұшыратады. Оның жекелеген көріністері де, өкінішке орай, қазіргі Қазақстан қоғамында бой көрсетуде. Яғни қазір елімізде дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген табиғи құлшыныс пен оны қоғам өмірінен ысырып тастауға деген жасанды талпыныс қатар жүруде. Дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген құлшыныстың алғашқы серпіні тәуелсіздік алумен тікелей байланысты болды. Үш ғасырлық отарлық және кеңестік саясат қысымында ұлттық мінезінен, санасынан, құндылықтарынан көз жазып қала жаздаған ұлт тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде тілін, тарихын, дәстүрін және дінін жаңғыртуға құлшына ұмтылды. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, тіл төңірегінде атқарылған сан салалы жұмыстар, ұлттық мектептер мен балабақшалар ашу, ұлттық сайыстар ұйымдастыру, «Наурызды» халықтық мерекеге айналдыру, тарихи туындыларды жарыққа шығару, ұлт зиялыларын ақтау үдерісі, мешіттер мен медреселер жұмысын жандандыру, діни басылымдарды көбейту – тағы басқа сан жеткісіз іс-әрекеттер мен нәтижелер ұлттың өз болмысына оралуды аңсаған табиғи құлшынысынан туындап жатты. 

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет