Айнаш ЕСАЛИ
Көрнекті мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімов тұрған үйге мемориалды тақта қойылды
Өмірі өнегеге толы, ішкі мәдениеті аса жоғары, халқына қадірлі, қазақтың еліне сыйлы шын мәніндегі зиялысы, өмірінің соңғы жылдарында ұлтымыздың қадірлі ақсақалы ретінде көрген-білгенін жастарға өсиет етіп, ақыл-кеңес беруден еш жалықпаған Бәйкен Әшімовтің еліне сіңірген еңбегі, жүріп өткен жолы, ғибратты ізі ұлт шежіресінде сайрап жатыр.
Сонымен, сенбі күні Алматыда көрнекті мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімов тұрған үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылды. Өзі кетсе де, халқына қадірі кетпейтін аяулы адамға арналған ізгі шараға шаһар басшысынан бастап, ол кісімен үзеңгілес болған, қызметтес болған жандар, жалпы халық көп жиналды.
Айтулы оқиға кезінде Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов абыз ағаның тамаша ұйымдастырушы, талапшыл басшы болғандығын айта келе:
– Бәйкен Әшімов Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметінде болған кезеңде республикада кәсіпорындарды техникалық қайта жарақтандыру, электрлендіру, механикаландыру және өндірісті автоматтандыру белсенді жүргізілді, жаңа технологиялар енгізілді. Көлік, энергетика, химия және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау салалары шапшаң қарқынмен дамыды. Қазақстанның экономикалық әлеуеті арта түсті. Елбасының сенімді серігі болған Бәйкен Әшімов өмірі өнегелі, ішкі мәдениеті аса жоғары, халқына сыйлы, ұрпақ қамын жеген санаулы азаматтарымыздың бірі еді. Оның өмірі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайды, – деді.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері Сұлтан Жиенбаев, Кеңес Аухадиев, Бәйкен Әшімовтің ұлы Оңдасын Әшімов, қыздары Нэйлюфар мен Рауза Әшімовалар және басқа да туған-туыстары, зиялы қауым өкілдері қатысты.Бәйкен Әшімовтің тұстастары атынан сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев:
– Бүгін – қуанышты күн. Өйткені, Бәкеңді еске алып, оған арнап естелік тақта ашып отырмыз. Біз 14 жыл бірге қызмет істедік. Мен 14 жыл оның орынбасары болдым. Бәкеңнен кейін бізде күні бүгінге дейін жоғары дәрежеде 14 жыл үкімет басқарған адам болған емес. Бәкең мен Димекең өте тату болатын. Қандай тапсырма болса да, Бәкең оны бұлжытпай орындайтын. Бәйкен Әшімовтің Қазақстанда ғана емес, бүкіл Одақ деңгейінде абыройы асты. Сондықтан оның ұлағатты өмірі мен сіңірген еңбектері бүгінгі ұрпаққа үлгі, – деді.
Бәйкен Әшімов Қазақ КСР Министрлер Кеңесін 14 жыл басқарды. 15 жыл қатарынан КСРО Жоғарғы Кеңесінің, 25 жыл Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Еңбек Ерінің Алтын жұлдызымен, «Отан» орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, екі мәрте Отан соғысы орденімен және «За боевые заслуги» медалімен марапатталған.
Мемориалды тақта Бәйкен Әшімов тұрып, еңбек еткен Төлебаев пен Қарасай көшелерінің қиылысында орналасқан үйдің қабырғасына орнатылды.
// Егемен Қазақстан. - 2014. - 14 қазан
Достарыңызбен бөлісу: |