( 1815-1860)
Кіріспе
2005 жылы шертпе күйдің негізін қалаушы, ұлы композитор Тәттімбет Қазанғапұлының туғанына 190 жыл толды. Осы орайда облыстық Ж.Бектұров атындағы жасөспірімдер кітапханасы Тәттімбет Қазанғапұлының өмірі мен шығармашылығына байланысты ұсынылатын әдебиеттер көрсеткішін дайындады.
Бұл көрсеткіште Тәттімбет Қазанғапұлының өмірі мен шығармашылығы байланысты қысқаша өмірбаяны мен күйші Тәттімбет күйлерінің құрылымдық ерекшеліктерін зерттеген музыка зерттеушілері мен оның құдыретті күйлерін асқан шеберлікпен жырлап, суреттеген ақын-жазушыларымыздың кітаптары және баспасөз беттеріне шыққан материалдар көрсетілген.
Көрсеткіш жалпы көпшілік қауымға, өнер мектептерінің оқытушылары мен оқушыларына арналған.
Тәттімбет Қазанғапұлы
(1815-1860)
«Тәттімбет Арғын асқан ардагерім,
Қырық түрлі күй тамған бармағынан»
Біржан сал
Өнерде өзіндік қолтаңбасымен жарқырай көрініп, ол қолтаңбасы ұлттың рухани әлеміне құнарлы арна болып қосылған тұлғалар қай елде де, қай заманда да некен-саяқ..
Тәттімбет ұлттық музыка өнері аспанында жарық жұлдыздай жарқырап өткен сегіз қырлы, бір сырлы талантымен, өнерпаздығымен танылған суреткер –күйші-композитор.
Ол күй құдіретін, домбыра сырын ерекше сезіне біліп, жанымен сүйсінген, күй жанрының табиғи болмысын шынайы ұққан өнер адамы екендігін байқатады. Өйткені Тәттімбеттің күйлері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, халықтың классикалық музыка қорына жатады.
Қазанғапұлы Тәттімбет-қазақ халқының аспапты музыкасында қоңыр күйлердің дәстүрлерін қалыптастырып, тұтас бір мектептің орнығуына мұрындық болған ұлы күйші.
Ол ән мен күйдің жылжыған жорғасы мен жүйріктері Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Жанай, Орынбай сияқты әнші-ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяқ, Шашақ сияқты күйшілерімен, Құнанбай, Алшынбай, Ерден, Шыңғыс, Шорманның Мұсасы сияқты ел басыларымен қадірлес-сыйлас болған.
Қазанғапұлы Тәттімбет 1815 жылы Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданына қарасты Дастар тауының етегінде туған. Бұл жер қазіргі Абай атындағы совхоздың №4 Мыржық бөлімшесіне қарасты Қызылжал деп аталатын қыстау. Қызылжал қыстауын Мөшеке деп те атайды. Мөшеке Тәттімбеттің үлкен әкесі. Тәттімбет небары 45 жас ғұмыр кешіп, 1860 жылы дүние салды. Қазанғапұлы Тәттімбеттің шыққан тегі Орта жүз, Арғын, оның ішінде Мейрамнан тарайды. Шежіре бойынша Мейрамнан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Шұбартпалы, Қаракесек (Болатқожа) деген аталар өрбіген. Осылардың ішінде Тәттімбет Қаракесегі болып келеді. Тәттімбеттің мінезі байсалды, жеңіл-желпі сөзге көтеріле қоймайтын салмақты кісі болса керек. Мұндай адам бойындағы адамгершілік қасиетті оның көптеген күйлерінен де аңғаруға болады. Себебі, жаны сергек, пейілі адал, халық мүддесі десеішкен асын жерге қоятын, аса әділеткер, адамгершілігі мол болғанын көз көрген қарт-қариялар да әңгімелеп айтып отырады екен.
Өнердің бәрін де үйрену қажет деседі халық. Ешбір мектебі жоқ кездерде де халық таланттары жасөспірімдерді өнерге баулып, үйрете білген. Міне, сол өнерге қабілеті бар адамның оны үнемі дамытып отыруға ұмтылары хақ. Тәттімбет те сол бала кезінің өзінде-ақ музыка әлемінің сұлулығына ұмтылған жан. Тәттімбет Қазанғапұлының шығарған 40-тан асқан күйлері «Сарыөзен», «Шайып қалды», «Қосбасар, «Сылқылдақ», «Жетім қыз», «Былқылдақ», «Сарыжайлау», «Азамат», «Бозайғыр», «Азына » т.б. қазақ мәдениетінің бір үлкен бөлшегі. Сондықтан да ол халық жүрегіне берік орнап, сұлулықтың, ізгі дүниенің бір мұрасы болып қалады.
1855 жылғы 24 наурызда Ресей патшасы Александр ІІ-нің таққа отыруы тойына Тәттімбет өнерпаз ретінде Арқа қазақтарының өкілдерімен бірге Петербургке барған. Осы сапарында өзінің тамылжыта тартқан күйлері арқылы Петербургтің өнерсүйер қауымының назарын аударып, күміс медальмен марапатталған. Сол медаль бүгінде Егіндібұлақ ауылының мұражайында сақтаулы.
Тәттімбет күйлерін насихаттаған өз інісі Жақсымбет, балалары Мұсатай, Исатай, домбырашылар Нүркен Шынтеміров, Ғаббас Айтбаев; т.б. Қазірде Тәттімбет күйлерін асыл мирастай сақтап, ел арасында уағыздаушы ұрпақтарының бірі домбырашы Тұрысбек Түсіпбеков.
Тәттімбет күйлерін осы заманға жеткізген, насихаттаушы кәсіби-домбырашылар Ә.Хасенов, М.Хамзин, У.Бекенов.
Тәттімбет күйлері музыка өнеріміздің алтын қорына қосылып, халқымыздың рухани мұрасын байыта түсті. Тәттімбет күйлері композитор Е.Брусиловскийдің, М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсында және «Жамбыл» кинофильмінде кеңінен пайдаланылған.Күйшінің туған жерінде халық аспаптар оркестрі жұмыс жасайды, Қазақ ұлттық консерваториясында 1971 жылы шертпе күйлер класы ашылған.Шертпе күйлер класын алғаш ұйымдастырған, әрі ұстаздық еткен домбырашы У. Бекенов.
Қарағандыда Тәттімбет атындағы музыкалық өнер колледжі бар. 1952 жылы ашылған бұл училище қазіргі уақытта Республикамызға белгілі оқу орындарының бірі. 1973 жылы училищеге күйші-композитор Тәттімбет Қазанғапұлының есімі берілді. 1988 жылы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестікте Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрі ұйымдастырылды. Оның алғашқы бас дирижері Дүйсен Үкібай. Оркестр құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Р.Болтаева, Республикалық конкурстардың жеңімпаздары Б.Смағұлов, Б.Тәшімов, М.Ибраева, Қ.Ғабделов, Е.Оспанханов, С.Рахымғалиева, С.Ізтілеуов, Қ.Бақыраев т.б. 1992 жылдан бастап оркестрді басқаруға КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Шамғон Сағаддинұлы Қажығалиев шақырылды. Осы кезеңде оркестрдің орындаушылық деңгейі мен репертуар шеңбері әлемдік өнер талғамы ұлгісіне лайық биіктікке көтерілді.
Қазіргі уақытта бұл оркестр елімізге танымал ұжым. 2000 жылы оркестрге Академия лық атағы берілді. Оркестр еліміздің Астанадан бастапкөптеген облыстарында, сонымен бірге ТМД елдерінде, Еуропа мен Азияның Түркия, Иран, Ирак,Чехия, Словакия, Оңтүстік Корея, Швейцария, Франция, сонымен бірге АҚШ мемлекеттерінде болып, өз өнерімен көрермендердің ықыласына бөленіп, мамандардың жоғары бағасына ие болуда.
Тәттімбет Қазанғапұлының өмірі мен шығармашылығы
жайындағы кітаптар
1. Ләмбеков, С. Тәттімбет : Хикаят.-Алматы: Өнер, 1993.-270 с
Жазушы Сапаргали Ләмбековтің бұл кітабында қазақтың дүлдүл күйші Тәттімбет Қазанғапұлының (1815-1862) өмірі мен күйшілік өнері арқау етіп алынған. Шертпе күйдің атасы Тәттімбет қазақ күйінің асыл қазынасын байытқан «Сарыжайлау», «Былқылдақ», «Көкейкесті», «Қосбасар» секілді күйлерді тудырған бір туар тұлға. Шығармада қазақ елінің тұрмысы мен әлеуметтік жағдайы, күйшінің сол ортадағы белсенді қызметі мен әділдік, адалдық үшін күресі, өнерді сүйген жан әлемі жан-жақты суреттеледі.
2. Салықов К.Тәттімбет:Поэма мен өлеңдер.-Алматы:Жалын,1989.-192 б.
Қазақтың көрнекті ақыны Кәкімбек Салықов «Тәттімбет» атты поэмасында дәулескер күйші Тәттімбеттің өмір сүрген дәуірінің сырын аша білген. Бұл поэмада автор ұлы күйші Тәттімбеттің күйлерінің маңызына терең үңіле білген, әсем саз өнерінің ата-бастауын адам жаны толғанардай үйлесімді келтірген: «Алыпты бастау сарынды, қоңыр күй Баба-Қорқыттан»-дей келіп:
«Жалғады сондай ақ міндет
Асандай аңсап азат күн;
Құрманғазы, Тәттімбет
Қос дүлдүлі қазақтың»-деп жырлайды.
Ақын бабаларымыздың асыл арманы, аңыз қиялы, көкей кескен ашық мақсаттарын көрсете білген. Тәттімбеттің әрі ел басқарған би, әрі күйші, әрі ақын, әрі кен өнерінің қазақ жеріндегі тұңғыш тарланбозы екенін де поэмадағы лирикалық желістерден тап басамыз Жас Абайдың Тәттімбет күйлерін бала кезінде беріле тыңдап, көкейіне нұрлы сезімдер тұнған мезеттерін ретті келтірген.
Поэмадағы Тәтті бабамыздың ұлы күйші Дәулеткереймен кездесуі, Құнанбай әулетімен өз ағасы Алшынбай бидің жұрағатының татуластығы, Шорман тұқымының тұғырлас сырластығы есте қалмай қоймайды. Ал азаттықтың айшуақ туындай Кенесары ханның Тәттімбетпен кездесуі, күйшінің бар өнер өрісіне, сазгерлік шырқауына әсер еткені сәтті баяндалған.
Тәттімбет күйі-ойлы күй, мұңлы күй, философиялық толғамдарға толы күй. Шертпе күйдің атасы болған өз мектебі бар ұлы дарынның өнерін ұрпаққа жалғай білгедігі де өзімізге ұлы сабақ іспеттес. Осының бәрін К.Салықов асқан шеберлікпен жеткізген.
3. Жұбанов А. Тәттімбет // Ғасырлар пернесі:Қазақтың халық сазгерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы очерктер.-Алматы:Дайк-Пресс,2002.-203 б.
Академик Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» атты бұл кітабы қазақ халық сазгерлерінің өмірі мен шығармашылығына арналған очерктерден турады. Бұл очерктерде негізінен Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Абылдың, Тәттімбттің, Қазанғаптың шығармашылығынан соңғы деректер беріледі.Белгілі музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанов деректі мәліметтер жинап, күйшілердің өмірі мен творчествосы жайлы мерзімді баспасөз беттерінде мақалалар жариялады.
Ахмет Жұбанов «Тәттімбет» атты очеркінде Тәттімбеттің «Сылқылдақ» күйінен ел аузында қалған аңызды бере кетеді. Онда былай делінген: Қырқыншы жылдардың аяғында Тәттімбет Найманға көшіп барады. Өзінің жылқысын сол жақта қыстатып шығару ойында болады. Ол қазақта бұрыннан келе жатқан әдет. Ондайды қазақ әдетінде «жылқұда» дейді. Бірақ тек жылқысын бағып, тек сол үйірлердің «денсаулығын тілеп» жүретін Тәттімбет пе? Ол жылқыларды жер танып алғансын сол араның той-томалағы, сауық-сайраны болса, бәрінен де қалмайды. Дарынды ақын, күйші, әнші жігіт-Найман ішінде де аса қадірлі болады. Тәттімбеттің талантын таныған ол айнала, енді қандай ойын-той болса да, оны қалдырмайды, шақырып отырады. Осындай бір сапарында Тәттімбет еркекшора киінген бір қызбен кездеседі. Киімі еркекке ұқсағанымен қыздың көркі бірден күйшіні тартады. Бірақ қыздың айналасындағылар Тәттімбетке қалжыңдап:
-Жігітім, байқа, ол қыз алса, шалса да жығады, ақылы да , өнері де күші де біріне-бірі сай дейді.
Шынында да қыз әрі әнші,әрі домбырашы, шешен , алыса кетсе күші бар,сегіз қырлының өзі болады. Бүкіл Найман болып, сол қыздың өнеріне мақтанады, аспанға көтереді. Қыздың күй репертуары да айта қалғандай болады. Есіткен адамдар көрінген домбырашы ондай көп тарта алмайтынын сезеді. Әсіресе, күйлерінің мазмұнын айтқанда да қыз жай сөз ретінде емес, өлеңдетіп төкпе жырмен айтады. Осы қызбен Тәттімбет домбыра тартыстың жарысына түседі. Өзі ерке болғасын үнемі шашын төбесіне түйіп тастап, басына еркектің бас киімін киіп, беліне еркекше белбеу байлап жүргенге ме, жұрт ол қызды «еркекшора» атайды. Бірақ сырттай олай болғанымен қыздың жаны нәзік болады. Көркемдікке қосылған күш,оның тұла бойындағы қасиетін көбейткені болмаса, әйелге тән жылылықтың бәрі де болады. Тәттімбет екеуі көптеген күйді кезектесіп тартады. Ішінен қыз мұндай жылқышыларға жеңдірмеймін ғой деген сенімде болады. Сондықтан баста Тәттімбет үйге кіргенде де, қаншама ол «керіліп-созылғанымен» қызға ешбір паңдықтың әсері болмайды. Әрине , қазақтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы бойынша қыз қонақты жақсы қарсы алады. Сыйдың айғағы есебінде,қанша өзін биік ұстаса да, шайды да өзі құяды. Қыздың мұндай сыпайылығын Тәттімбет де бағалайды. Шайдан кейін ол жайлап домбырасын сұрайды. Бірақ қыз аз ғана жымияды да, домбырасын бірден қонақтың қолына бере салмай, әуелі өзі бір күй тартады. Тек содан кейін ғана ол Тәттімбетке домбырасын ұсынады.
Екі өнерпаз да басында тым жиілетпей, аптықпай, кезек-кезек күй тартысты. Бірақ бес-алты күйден кейін олар енді шын мәнісінде таласқа кетті. Бірінің қолынан бірі домбыраны жұлып әкеткендей болып, күй соңынан күйді тізбектетеді.
Тәттімбет қырық күй тартқан кезде қыз отын тоғызбен тоқтайды. Соңымен қыз жеңілген болып есептеледі. Халыққа белгілі Біржан мен Сара айтысындағы Біржанның:
Тәттімбет арғын асқан ардагерім,
Қырық түрлі күй тамған бармағынан-деп мақтануының бір себебі осы тартыс екен деген әңгіме де бар дейді автор.
Айтушылар Тәттімбеттің қырқыншы тартқан күйі «Сылқылдақ» екен деседі Тәттімбет бұл күйді сол өзімен тартысқан , Найманға аты шыққан өнерпаз қызға бағыштаса керек. «Сылқылдақ» Тәттімбеттің басқа күйлеріне қарағанда ерекше түрдің кезек-кезек күлкісіндей фразалар, бұл күйдің көңілді бір жайда пайда болғанын көрсетеді. Өзі көңілді. Жастардың жиынының суреті дерлік, ішінде бір де бір көңілсіздік әуен жоқ, үнемі жастықтың жалыны есіп тұрғандай леп береді .
Тарихи документтерге қарағанда, 1855 жылғы 24 наурызда Россия патшасы ІІ Александрдың таққа отыруымен байланысты болған тойға Тәттімбет өнерпаз ретінде Арқа қазақтарының өкілдерімен бірге Петербургке барады. Осы сапарында қос шекті домбырада өзінің тамылжыта тартқан «Сарыжайлау», «Көкейкесті» күйлері арқылы Тәттімбет өнер сүйген қауымның назарын ерекше аударып, сыйлық ретінде күміс медалға ие болады.
«Қосбасардың» тарихы жайлы ел аузындағы әңгімені А.Жұбанов былайша баяндайды: «Міне, Тәттімбет домбырасын алып, құлақ күйін түсіре бастады. Музыканы жанындай жақсы көретін генерал Тәттімбеттің домбыраның күйін түсірудегі қағу-басуларының өзінде бір ерекшелік бар екенін байқап, екі көзі жас жігітте болды. Басқаларға да: «Тыңдаңыз,шуламаңыз!» дегендей ишарат білдірді. Жігіттің генерал назарына тағы іліккені отырғандардың көбіне ұнамады. Олар «мына жігіт ана екі мықтыдан тағы жоғары шығып кетер ме екен» деген ойда болды. Бірақ мықтының өзінен: «Тыңдаңдар» деген команда болғасын, амалдары құрып, жым болыты.
Тәттімбет бір күйді бастап кетті. Күй отырғандарға қатты ұнады. Бәрі де демін ішіне тартып, бір ауыз сөз айтып қойсақ бір дыбысын естімей қаламыз ба дегендей тыныш отырды.
-Мына номадтардың музыкасы қандай әсем еді!-деді генерал қасында отырған адамға. Ол болса генералдың сөзіне асын изеп мақұлдап, бірақ күйшіден көзін айырмай, екі құлағы дыбыс шыққан жақта болды.
Генерал ұзақ уақыт Тәттімбеттің ойынына қол шапалақтады. Онымен қоймай орнынан тұрып барып, қайта-қайта басын шұлғып, күйшінің қолын алды. Отырғандарға ұлы мәртебелінің бұл ісі таң-тамаша болып көрінді»,-дейді. Халық аузындағы аңыз бойынша Тәттімбеттің сондағы тартқаны «Қосбасар» атты күй екен деседі.*
Тәттімбеттің күйлерінің негізін Алматыға алып келген, академиялық драма театрдың әртісі Әбікен Хасенов болды.Өзінің айтуынша Әбікен Тәттімбет күйлерін ағасы Мақаштан және Қыздарбек домбырашыдан үйренсе керек.Әбікеннің орындауында Тәттімбет күйлері аса бір ерекше үнімен шығушы еді. Театр өнерін де жақсы меңгерген, сол үшін республиканың еңбегі сіңген әртісі деген атаққа ие болған Әбікең, күй тартқанда да шын мәнісінде әртіс болатын. Ол елеуретіп,бұрқылдатып-сарқылдатып, бір биязы үнмен, жан қылын шерттіре тартатын. Оның күйлерін радиодан тыңдаған талайлар осы жолдардың авторына:
-Әбікен домбыра тартқанда өзіміз ішкен асымызды жерге қоямыз немесе жазып отырған қағазымызды жабамыз,-дейтін. Әбікен 1959 жылы қайтыс боды. Оның орындаған күйлері граммафон пластинкасына жазылды. Әбікеннен осы заманның ең алдыңғы қатардағы домбырашысы, күйшіліктің сан алуан түрін меңгерген, республикаға еңбегі сіңген әртіс Үрістембек Омаров Тәттімбет күйлерін игеріп алды. Сахнаға шығып тартпаса да, Тәттімбет күйлерін домбырада айта қалғандай дәл орындаушының бірі-республикаға еңбегі сіңген өнер қайраткері , қобызшы Жаппас Қаламбаев. Жаппас қобызбен бірге домбыраны да бір кісідей білдеі. Ол Арқа күйлерін оркестр мүшелеріне алғаш үйретушінің бірі болды .
Тәттімбет күйлері бұл күнде тек Қазақстан емес, алыс-жақын елдердің жер-жеріне, озса, дүние жүзіне де тарады. Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрі, пластинкалар арқылы Тәттімбет күйлері Еуропа, Азияның бәріне де белгілі болды. Оркестр қайда болса да Тәттімбет күйлерін орындағанда , тыңдаушылар бұл ұжымды қатты құрметтеп, аталарының шығармаларын біздің буынға естірткені үшін үнемі алғыс айтады . Сондай-ақ Ахмет Жұбанов Тәттімбет жайлы өмірбаяндық деректердің негізін жинастырып берген республикамыздың белгілі мәдениет қайраткері , жазушы, ақын қадірлі ағамыз Сапарғали Бегалин еңбегі екенін де атап кетеді.
«Тәттімбет творчествосы қазақтың музыка тарихында ерекше орын алады, қанша уақыт өтсе де, қанша ғасыр артта қалса да оның әсем күйлері талай буынның рухани азығы болады»,-деп жазды академик А.Жұбанов.
4.Түсіпбеков,Т. Тәттімбет. Деректі повесть.-Қарағанды: Полиграфия , 1998.-110 б.
Кітап авторы Тұрысбек Түсіпбеков-Тәттімбет өнерінің насихатшысы. Республикалық домбырашылар конкурсының лауреты, Тәттімбеттің ұрпағы
Тұрысбек Түсіпбековтың «Тәттімбет» деректі повесі ұлы күйші Тәттімбет Қазанғапұлы жайлы сыр шертеді. Тұрысбек Түсіпбеков ұлы күйшінің творчествосын , Тәттімбет күйлерінің шығу тарихын зерттеуде ізденісті іскерлікпен ұштастырып, игі істерге ұйытқы болды. Тұрысбек Қарағанды облыстық кеншілер мәдениет сарайының киноклубы шығарған «Тәттімбет күйлері» атты деректі фильмінде күйші бабасының бірнеше күйін орындайды.
Жігерлі насихаттаушысы, белгілі домбырашы, Тұрысбек Түсіпбеков: « Күйші бабамыздың бұл тарихта енген оқиғаларын жазушы Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романындағы бәйгеден келген «бір тай» деген тарауында Тәттімбеттің Шоқанмен кездесу кезін де суреттейді. Ал, «Нева өзені», мен «Петербор сапары», күйлерін Тәттімбеттің балалары Қысатай мен Мұсатайлардың домбырада орындағанын жазушы Сапарғали Бегалин естіп, ол туралы жазған өз еңбектеріне енгізген. Мұхтар Әуезов, Тәкен Әлімқұлов, Зейін Ақышевтар Тәттімбеттің өнер байлығын жоғары бағалаған жазушылар»- деп жазды өзінің деректі повесінде.
Тәттімбет лирик, сыршыл композитор. Оның күйлері әсем сазды әуенге толы. Оны күй аттарының өзі айтқандай. Мысалы: «Сарыжайлауды» алыңыз. Атының өзі біраз жағдаяттан хабардар етер бұл ұлы күйдің бойында ұлан даланың бар болмыс кескіні мен тіршілік тынысы жатқандай. Асығып, аптығуы, өрекпіп өктемдеуі жоқ, барынша салмақты, кең сабалы сабырлықпен жайдары тербелер сарын сазы тайпалаған жорғасынан жаңылмай, кең сахара төсімен ырғала жылжып, ілгері көшіп барады. Көш керуен бе, әзіл үстінде бара жатқан жігіт-желең, қыз-қырқын ба, әйтеуір мамыражай бейбіт , маңғаз даланың ерен кеңістігіне сай сабырлы қалыппен жылжыс бар, сұлу сағымдай сыпайы сырғыс бар. Күй сарынынан сол кездегі қайран даланың келмеске кеткен сұлу келбеті, ұшқан құс, жүгірген тағысы, керімсал самалы, соларға өз төліндей, бауыр баса еркелей елжіреген адымы, тірлік тынысы танылады.
Өнерлі бабамның мұрасын ғылыми түрде зерттегеніме жиырма жыл болды Жатсам-тұрсам да оның қасиетті күйінің үні құлағымнан кетпейді.
Кіршік жоқ бабамның өнерінде,
Текті күйі көңілімнің көк төрінде.
Күй тартып жүргендейін әлі де ол,
Мөшеке-Маныбайдың бөктерінде,
Естілгендей әлі де күй күмбірі,
Шайырғалы тауының бөктерінде-
деген бір шумақ ойыма орала береді. Күйлері, өзі де киелі, халқының өнерлі перзенті Тәттімбет бабаның әруағына бас иіп артына қалдырған әлі де белгісіз күйлерін тауып, өмірімнің қалған жылдарын соны халық арасына кең таратуға арнаймын дейді деректі повесінде Тәттімбет мұрасын насихаттаушы Тұрысбек Түсіпбеков .
5. Бекенов У. Күй табиғаты.-Алматы :Өнер,1980-180 б.
Музыка зерттеушісі, белгілі күйші, Уәли Бекенов «Күй табиғаты» атты кітабында Тәттімбеттің күй мұралары жайлы қызықты деректер келтіре отырып, орындаушылық ерекшеліктері туралы тұжырымды пікірлер айтады.Автор бұл кітабында Құрманғазы, Дәулеткерей, Байжігіт, Тоқа, Сүгір сынды басқа да халық композиторларының өмір жолынан, олардың шығарған күйлеріне де талдау жасайды.
Уәли Бекеновтың «Тәттімбет және оның күй тарту мектебі» атты тақырыбында оқырмандар Тәттімбеттің өмір жолдарынан мол мағлұматтар алады. Сондай-ақ, Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйі жайында автор Тәттімбеттің күйін үздік орындайтын Семей облысы, Ақсуат ауданының тұрғыны сексеннен асқан қарт домбырашы Бағаналы Саятөлековтің бұл күйдің шығу тарихының себептерін көрсете кетеді. «Кәкейкесті» күйінің тарихы былай баяндалады: Тәттімбет өмірінің соңғы жылдары қатты науқастанып жатқанда , елдің атқа мінер азаматтары көңілін сұрай келіп, Тәттімбеттің күйшілік өнерін мақтанышпен сөз етеді. Сонда күйші сүйеулі тұрған домбырасын қолына алып, жастықты биіктеттіріп, домбырасын төсінеқойып, шалқалап жатып бір толғанысты күй тартыпты «Бұл қай күй?»-дегендерге: күйімнің аты «Көкейкесті» деген екен. Тәттімбеттің бұл күйі домбырашы інісі Жақсымбет арқылы елге тараған екен. Тәттімбет күйлерінде адам айтып жеткізуге болмайтын сұлулық пен жарасымдылықтың сыры оның орындалудағы күрделілігіне, терең мағыналы ішкі философиясына тікелей байланысты дейді автор. Сонымен қатар Уәли Бекенов ұлы күйшінің «Сылқылдақ», «Қосбасар», «Сарыжайлау», «Бестөре» т.б. күйлерінің шығу тарихтарынан ел аузынан жинаған мәліметтері бойынша баяндайды. Қорыта айтқанда, оқырмандар бұл кітаптан күйші Тәттімбет күйлері , оның орындалу стилі, күйші Тәттімбет мұрасын жалғастырушылар оның күйлерін шебер орындаушы өрелі өнер иелері жайлы қызықты да әсерлі мәліметтерді біле алады.
Тәттімбет Қазанғапұлының өмірі мен шығармашылығына
байланысты әдебиеттер мен баспасөз беттеріне шыққан мақалалар:
-
Тәттімбет Қазанғапұлы//Қазақ ССР. 4 т. энциклопедия.-.Алматы,1989.-Т.4.-565 б.
-
Тәттімбет Қазанғапұлы//Қарағанды.Қарағанды облысы: Энциклопедия. Алматы:1990.-532 б.
-
Бегалин С. Күй күмбезі //Күй табиғаты.-Алматы.-1981.-29 б.
-
Бегалин С. Күй күмбезі Тәттімбет //Бегалин С. Сахара сандуғаштары.-Алматы:1976.-99-109 б.
-
Жақанов И. Тәттімбет күйлері шертілген кеш// Аққулар қонған айдын көл.-Алматы:1988.-163 б.
-
Жұбанов А.Тәттімбет//Жұбанов А.Ән-күй сапары.-Алматы:1976-77-81 б.
-
Жұбанов А. Тәттімбет Қазанғапов//Жұбанов А.Қазақтың халық композиторлары.-Алматы: 1962.-43-51 б.
-
Дәрібаев Х. Тәттімбет. Өмірбаяндық штрихтер //Қос ішек .-Алматы: Өнер, 1990.-140 б.
-
Тарақты А. Тәттімбет//Қазақтың әйгілі күйшілері..-Алматы,1992.-11 б.
-
Түсіпбеков Т. Тәттімбет.Деректі повесть.-Қарағанды.-1993
-
Салықов Т. Тәттімбет:Поэма мен өлеңдер.-Алматы;Жалын, 1989.-192 б.
****
-
Әбдешев М. Тәттімбет медальмен наградталған //Қазақ әдебиеті.-1989.-16 маусым Әукешова Ж. Тәттімбет туралы бірер сөз//Ленин туы.-1986.-6 желт.
-
Баймұханбетов Р.Тәттімбет туралы фильм//Нар.трибуна.-1994.-13 тамыз
-
Бегалин С. Бір суреттің сыры//Қазақ әдебиеті.-1968.-20 шілде
-
Бегалин С. Дарынды күйші// Қазақ әдебиеті.-1968.-7 қаңтар
-
Бегалин С. Сахара саздары//Жұлдыз.-1976.-№5.-150-158 б.
-
Бейсенбаев М.Тағы да Тәттімбет туралы//Мәдениет және тұрмыс.-1977.-№10.-9 б. Бекенов У. Ұлы күйшінің мұрагерлері//Ленин туы.-1990.-30 маусым
-
Бектұров Ж. Домбыра мұңы//Орталық Қазақстан.-1990.-3 там.
-
Бектұров Ж. Партия, соғыс және еңбек ардагері Н.Тәкешовке ашық хат//Ленин туы.-1990.-31 шілде
-
Бердібаев Р. Тәттімбет шыңы//Орталық Қазақстан.-1990.-18 желт.
-
Жанғожин А. Тәттімбеттің кітабы-Сарыжайлау»//Орталық Қазақстан.-1989.-28 қаңтар
-
Жүзбасов Қ. Күй ғұмыр//Қазақ әдебиеті.-1990.-7 желтоқсан
-
Жұбанов А.Тәттімбет //Қазақ әдебиеті.-1955.-22 қыркүйек
-
Исин А. Тәттімбет жайлы бірер сөз//Мәдениет және тұрмыс.-1978.-№10.-16 б.
-
Мерғалиев Т. Тәттімбет күйлерінің тарихы туралы//Қазақ әдебиеті.-1963.-19 шілде
-
Мұздыбаев Б.Тағы да Тәттімбет туралы//Орталық Қазақстан.-1977.-5 наурыз
-
Мұстафин Б. Тәттімбет Қазанғапұлы// Орталық .Қазақстан.-190.-12 қаңтар
-
Омарбекұлы М. Ұлы даланың ұлы күйшісі//Балқантау.-1995.-12 сәуір
-
Попов Ю. Ұлы күйші мұрасы// Коммунизм таңы.-1990.-31 шілде
-
Сатаев А.Тәттімбет хақында//Жұлдыз.-№5.-149 б.
-
Сауғабаев Қ.Той дүбірі жақын//Орталық Қазақстан.-1990.-29 маусым
-
Cейдімбеков А.Бес төре//Орталық Қазақстан.-1990.-14 шілде
-
Сейдімбеков А. Тәттімбет//Орталық Қазақстан.-1992.-13,14 наур.
-
Семқұлтегі Б. Тәттімбетті сан қырынан танытып, сомдаған туынды//Балқантау.-1994.-12 қараша
-
Тәттімбеттің туғанына 175 жыл//Ленин туы.-1990.-4 тамыз
-
Төкешев Н. Жазушы Жайық Бектұровқа ашық хат:[Т.Қазанғапұлының туғанына 175 жыл толуына] //Ленин туы.-1990.-29 қырк.
-
Төкешев Н. Кемел күйші Омбыдағы қабылдауда//Ленин туы.-1990.-29 қырк.
-
Төкешев Н. Күй күмбезі//Орталық Қазақстан.-1990.-3 тамыз
-
Төкешев Н. Тәттімбет Омбыда//Орталық Қазақстан.-1990.-7 қазан
-
Төкешев Н. Халық композиторы Тәттімбет//Ленин туы.-1990.-21 шілде
-
Түсіпбеков Т. Кемеңгердің көлеңкесі де ыстық//Ленин туы.-1990.-28 шілде
-
Түсіпбеков Т.Тәттімбет «Сарыжайлау»//Ленин туы.-1990.-11 қаңтар
-
Түсіпбеков Т.Шертпе күйдің атасы//Сарыарқа.-1994.-№5.-215 б.
-
Түсіпбеков Т.Бір өзі шертпе күйде мектеп болған//Абай.-1996-№3.-26 б.
Құрастырушы Н.Қ. Қаленова
Шығаруға жауапты Г.А. Бекбалакова
Достарыңызбен бөлісу: |