Тәттімбет мұрагері - күйші Тұрысбек Түсіпбеков
Бүгінгі әңгімеміздің арқауы ата-бабамыздың көнеден қалған киелі күй өнерін ес білгеннен бойына дарытқан, ел таныған шертпе күйдің атасы Тәттімбет Қазанғапұлы күйлерінің барлығын дерлік орындаушы, белгілі домбырашы Тұрысбек Түсіпбеков жөнінде болмақ.
Тұрысбектің арғы тегіне тартып туғандығы зер салсақ, ол бүрынғы Қазыбек би ауданы Егіндібұлақ ауылы, Мыржық тауы ішіндегі МөшекеМаңыбай бүлағы деген жерде дүниеге келген екен. Тарихына жүгінсек, бүл жерде ұлттық өнеріміздің ірі түлғаларының бірі Тәттімбет Қазанғапұлы туған. Адамзатқа Абайдай ұл сыйлаған Ұлжан Тұрпанқызы 1810 жылы осы Тұрысбек туған Маңыбай бұлақта дүниеге келді. Әрі беріден соң Тұрысбек күй күмбезі атанған бабасымен туыс. Міне, қанмен дарыған қасиетті өнердің қайнар бұлағы қайдан бастау алып жатыр дегенге жауап осы.
Осындай ортадан шыққан жас Тұрысбектің икемі мен талабын бірде байқаған ауылдасы, Тәттімбеттің немере жақыны Зейнолла Қаймолдин ақсақал оның кұлағына атақты күйші бабасы туралы әңгіме құйып, шығарған күйлерінің тарихын қызықты етіп әңгімелеп, домбыра тартқызып үйрете бастайды. Бұған бала Тұрысбек қатты қызығушылықпен кұлай беріліп, өзінің зеректігімен бірнеше күйді тез үйреніп алады. Тұрысбек сол бір балалық бал дәурен туралы бүгінде еске алғанда, оның айтуынша ауылдасы, күйші, домбрашы Ақан Әжібеков есімді сері азаматқа күйшілік өнерге баулыған кезде Тәттімбеттің күй шерту мектебі көп әсер еткенін айтады.
Мыржық елді-мекеніндегі жеті жылдық мектепте оқып жүріп, күйшілік өнерге ден қоя бастаған 1966 жылдың жазында ертеде Достар болысы Қарақаралы уезінде ел басқарған, бүл қызметке дейін Қарақаралы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген, 1928 жылы тәркіленіп, әуелде Балқашқа, одан кейін Семейге жер аударылып кеткен Тәттімбеттің туған немересі Шайқы Мұсатайұлы келеді. Ол Тұрысбектің әкесі Түсіпбек Кенжетаевты жанына ертіп, ел аралайды. Тәттімбет бейітінің басына барып құран оқытады. Тәттімбет атасының қай жерде жерленгенін көрсетіп, марқұмның басына белгі орнатады. Осы кездегі 17-18-дегі бала Тұрысбекті қастарына бірге ерте жүреді. Шайқының айтқаны төмендегіше: әкелері Тәттімбет қайтыс боларда өсиет қып айтқан еді дейді. "Қазанғаптың маған жаны емес, босағасы да жарайды дейді екен, ұрпағының ішінен Тәттімбеттің күйлерін тартып, оны халыққа насихаттайтын мұрагер бір ұрпағы шықса ғой" деп. Арман етіп отыратын осы сөздері бала болса да Түсіпбектің құлағында қалып қояды.
Шайқы Мұсатайұлының алдында ең әуелі "Сылқылдақ", одан кейін Тәттімбеттің басқа да күйлерін тартып беріп, ішкі әлемінде күйші бабасының мүрасын "өскен кезде халыққа кең түрде жеткізіп насихаттасам" деген бір бұлқыныстың пайда болған кезі осы түс болатын. Арықарай Қарқаралы музыка мектебін ойдағыдай бітіріп Тұрысбектің "Тәттімбеттің күйлерін ендігі жерде нотаға түсірсем-ау" деген арманын жүзеге асуына тың бір мүмкіндік ашады. Ел ішіндегі күйлердің шығу тарихы туралы әңгімелерді жазып алады. Бұрын белгісіз болып келген "Бертіс би", "Маңыбай би", "Мінекей би" сияқты және т.б. "Мыржықта" күйлерін үйренеді. Шын мәнінде Тәттімбеттің соңына түсіп зерттей бастайды. Әрі өзі Қарқаралыда оқыған жылдары Францияға барған "Салтанат" қүрамында күй тартып жүріп, өнерін шыңдайды. Бұл жетпісінші жылдардың бірінші жартысы еді. Тұрысбек Түсіпбеков Ақмола қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы педагогикалық институттың музыка факультетінде оқыған жылдары да Тәттімбет шығармашылығынан қол үзген жоқ, әртүрлі кештерде лекциялар оқиды, күйлер тартады. Мәселен, осындай кеш туралы "Учитель Казахстана" газетінің 1974 жылғы 14 ақпанында басылған "О народном композиторе Таттимбете" деген мақалада Тұрысбек Түсіпбековке тоқталып, "Қосбасар", "Көкейкесті" күйлерін орындау шеберлігін атап өтеді. "Қосбасар" сияқты ғаламат күйлерді жеріне жеткізіп орындау оңай болмаса керек делінеді. Тұрысбектің өзі: "Ақмола қаласындағы облыстық теледидардан Тәттімбеттің шығармашылығы мен өмірі жайлы жүргізген хабарым соның ішіндегі ең бір есте қалғаны" деп еске алады. Өзінің саналы өмірін осылайша Тәттімбетке арнап бастаған жас жігіт, ерекше бір қасиет – талмай ізденуді жақсы көрді, жиған-терген, қағазға түсіргенін сақтап топтастыра берді. Бүл жолда ол үлкен адамдармен пікірлесіп, ақыл-кеңестерін алып отырды. Оның куәсіндей Тұрысбектің жеке архивінде ғұлама ғалымдармен, тағы басқа зиялы қауыммен әр кез жазысқан, олармен пікірлесіп бірге жүрген уақыттарда қағазға түскен хаттары сақталған. Соның бірі былайша сыр шертеді:
"Қадірлі Тұрысбек күйшіге!
Жіберген кітабыңызды алдым, көп-көп рахмет! Тегі сонау Бертіс атаңнан өрбіген нәсіл дуниеге босқа келмеген боларсыңдар, өз өнерің мұрагерлеріңе де қонғай деп тілеймін. Мықтап упреніп көр. Туған жер суларың куйшімен бір екен, одан да бірдеңелер ауысқан болар. Қалайда сен өзің елің таныган куйшісің, Егіндібулақ ауданында өнер өркендеуіне жагдай дабар сияқты, өнерге устаз керек, мүмкін мен айтпасам да сол қызметті атқарып жүрген боларсың, еңбегіңе өнімділік, мазмұндылық көркемдік тілеймін.
Соц. Еңбек Ері, академык, жазушы
Ғабит Мүсірепов.
Алматы 05.09.1981 жыл!"
Міне, бұл жолдағы шертпе күй шебері мұрагерінің еңбегі жемісті болып, 1988 жылы "Өнер" баспасынан Тәттімбеттің 25 күйінің нотасы басылып шықты. "Сарыжайлау" атты күйлер жинағы жарық көрді, осы жинақта "Сарықамыс", "Көш жанаған" сияқты т.б. бұ рын белгісіз болып келген күйлер Т.Түсіпбековтың орындауында нотаға түсірілді. Енді тағы бір хатқа назар салайық:
"Ардақты Тұрысбек!
Сіздің елге, күйші ұрпақтарына менен көп жылы сәлем. Хатыңды әдемілеп жазгансың. 1974 жылы тамыз айында Тәттімбет ұрпақтарын көру үшін Егіндібұлақ ауданында болып, әкеңіз Түсіпбек Кенжетаевпен бірнеше күн бірге болып, Тәттімбеттің 40-тан астам күйлерінің шығу тарихын өз аузынан жазып алғам. Ұрпақтарының Тәттімбет аталары туралы айтқан жарқын сөздерін бір дәптерге түсіргемін. Тұрысбек, бабаң Тәттімбет күйші туралы көп күрделі мәліметтер жинап алғансың,оның бір күйін (Сарықамысты) домбырамен орындап бергенсің. Менің аса қуанғаным - Қазүкіметінің қаулысы бойынша Қарағандының музыка училищесіне Тәттімбет аты берілген, оның көп күйлерін Ташкент қаласында пластинкаға түсірген, барлығы 13 күй жарық көрген. Қарағандының сүретшілері бос жатпаған, олар да Тәттімбетті жарыққа шығару үшін оның портретін жасап, музыка училищесіне берген. Бұл туралы пікірімді жоғарғы басшы орындарға айтып жеткіземін.
Сәлеммен академик Әлкей Марғұлан, Қазақстан Республикасы ғылым академиясының академигі, Алматы, 25 август, 1984 жыл."
Қарағандының облыстық кеншілер Мәдениет сарайының кино клубы шығарған "Тәтімбеттің күйлері" атты деректі фильмде Т.Түсіпбеков күйші бабасының бірнеше күйін орындайды. Ол жерде Тұрысбектің насихаттаушылығына байланысты бір ерекше қасиет: күйлерді шебер орындап, тыңдаушысын ұйытып қана қоймайды, оның шығу тарихын жайында да көп деректер жинағандығын әдемі етіп айта білетіндігі. Мәселен, Тұрысбектің айтуынша, Тәтекеңнің немере жақыны Зейнолла Қаймолдин және әкесі Түсіпбек Кенжетаевтардың әңгімелерінен атақты "Қосбасар" күйінің тоғыз түрі бар екендігін естіп біледі. Бұдан ұлы композитордың сезім дүниесінің бір сәтінде жарық көріп, домбыра шанағына құйылған шығармасында халқына айтайын деген ойының дөп жетпей жатқанына көңілі тола қоймай, оны жетілдіре беруге, өңдей түсуге деген үздіксіз ізденісін аңғарамыз. Тәттімбеттің "Сарыжайлау" күйінің шығу тарихы туралы да Тұрысбек қызықты етіп әңгімелеп береді: Санкт-Петербургте 1855 жылы 23 наурызда болған Ресей императоры II Александрдың таққа отыру тойына Сібір қазақтарының өкілі ретінде Ақмола дуанынан Тәттімбет Қазанғапов, Көкшетау дуанынан Шыңғыс Уәлиханов, т.б. сегіз адам барған. Патша қабылдауына барған Тәттімбет өзінің өзек жарды шығармасы "Сарыжайлау" мен "Көкейкесті" күйін орындап беріп, патшаның өз қолынан күміс медаль алған. Сол жолы патша II Александр алдында "Бестөре" күйін де шерткен деген сөз бар. Патша сарайында домбыра тартқызып, бір мақтанып қалу үшін төрелер, Тәттімбетті өздерімен ерте барған. Ол жөнінде Шоқан Уәлихановтың 4- том шығармалар жинағының 196-197 беттерінде жазылған. Тұрысбек "Көкейкесті" күйін тартқанда:
"Домбырамда бір күй бар көкейкескен,
Көкей-кескен ұғалсаң шықпайды естен,
Бір кезде сол көкейді алмас қылыш,
Жан қайғысын ағызып шаншып тескен,"
- деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады.
Ал "Сарыжайлау" күйін шерткенде, мына шұмақ еске түседі:
"Шілдеде тұнып тұрған жайлау қандай,
Желіге құлындары байлау қандай,
Қазақтың қай жеріне барсам-дағы
Күйді мен естігем жоқ Сарыжайлаудай."
Мысалы, Тұрысбектің айтуы бойынша композитор "Сылқылдақ", "Көкейкесті", "Былқылдақ" күйлерін Санкт-Петербургтен келген соң Құнанбай ауылына барып, ұлы ақын Абайға арнап тартқан. Абайдың анасы Ұлжан Тәттімбеттің апасы болғандықтан Құнанбай жездесінің ауылына жиі бары тұрған. Абай 1904 жылы қайтыс болғанда, жерлеуге Достар болысынан ел билеуші (управитель) Тәттімбеттің ұлдары Мұсатай мен Кенжетай екеуі қатысып, жетісі мен қырқын өткізіп, Шыңғыстаудан Жидебай қыстауына барып қайтқан. Тәттімбет күйші мен жас ақын Абаймен арадағы байланыстарды мен аңыз әңгімелерді Абай Құнанбаевтың Қарауылда ЮНЕСКО шешімімен өткен 150 жыл толуы тойына келген Тұрағұлдың қызы Мәкен шешейге айтып беріп, Тұрысбек Түсіпбеков сүйіп тыңдаған Тәттімбет нағашысының бұрын белгісіз болып халық арасына кең тарамай келген "Бертіс би", "Маңыбай би", "Мінекей би" атты күйлері аса шабытпен орындап береді.
Тұрысбек Түсіпбеков аудандық облыстық газет-журналдарға осы күнге уақытқа дейін атақты күйшінің өмірі мен шығармашылығы туралы 300-ден астам мақала жазып, жариялады. Осы мақалаларды оқи отырып күйшінің шығармашылық сыры жайында терең мағлұмат алуға болады. Тұрысбектің Қазақстан облыстарында, аудандарында, ауылдарында өткізген әңгіме-дәрістері дәлелдейтін анықтама құжаттар Қазақстан мемлекеттік архивінің Тәттімбет қорында сақталуы. Тұрысбек мәдени қызмет саласында тамаша еңбегі үшін Қазақстан мәдениет министрлігінің,облыстық мәдениет басқармасының дипломдары мен мақтау грамоталарына ие болған. 1985-1987 жылдары өткен Бүкілодақтық халық творчествосы көркемөнерпаздар фестивалінің екі дүркін лауреаты атанып, екі рет медальмен наградталған.
Сонымен қатар Тәттімбеттің туғанына 175 жыл толуына арнап Қазақстан суретшілер одағының мүшелері Иханова Амангүл мен Үмбетов Жәңгір екеуі "Тәттімбеттің музыкасы" деген биіктігі 2 метр ұзындығы 5 метр Гобелен (түс кілем) қолдан тоқып жасады. Гобеленде сол жақта Тұрысбек Түсіпбеков бейнеленген. Сондай-ақ Тәттімбеттің туғанына 175 жыл толуына байланысты Мәскеулік тележурналист Г.И. Сытых 17 тамызда 1990 жылы 120 минут телевизиялық бағдарламадан көрсетті. Ал Бүкілодақтық радиодан мәскеулік радиожурналист Н.С. Таналина хабар беріп, онда қазіргі күйші Тәттімбет атындағы кеңшар, яғни Түндік өзені бойындағы мазары жанында Тәттімбеттің "Қоянды", "Мыржықта" сияқты бұрын белгісіз болып келген күйлерін аса шабытпен орындады.
Сондай-ақ 1996 жылы "Абай" журналының 3 санында басылған "Бір өзі шертпе күйде мектеп болған" деген көлемді мақала бар. Осы мақалада былай дейді: "Тәттімбетті өзіңіз білесіз шертпе күйдің шебері, Сізге түсінікті, әрі көрнекті болу үшін ана домбыраңызды рұқсат етіңіз, бір екі күйін орындып берейін", - дедім. Ғабең (Ғабит Мүсірепов) академик домбырасын ұсынды. Құлақ күйін келтіріп, "Майда-Сары", "Шәйірғалы" сияқты бірнеше күйін орындап бердім. Осынау дарын иесінің шығармашылық мұрасы қалың бұқара арасында өте сирек естіледі. Оны насихаттау жұмысын әлі де көбірек жүргізу қажет. Жазу үстелінің үстінде жатқан дәптерге Ғабит-аға менің айтқандарымды жазып қойды да: "Бәрі жақсы, біз бұл шаруаны мықтап қолға аламыз", -деді. Негізгі мақсатта сол еді ғой. Ғабит Мүсіреповтің (Ғабеңнің) үйінен қуаныш кернеп шықты. Бұл Тұрысбектің алаштың атақты азаматтарымен жүздесіп кездесуіндегі бір сәт. Сол жылы өзінің таңдамалы шығармаларының бір кітабына "Талантты інім Тұрысбекке ескерткіш" деп, "19 январь 1982 жыл" қол таңба қойып берді. Тұрысбек 1995 жылы тамыз айында ЮНЕСКО деңгейінде бүкіл дүниежүзі атап өткен ұлы Абайдың 150 жылдық тойына Абай ауданы Қарауыл селосы Жидебай қыстауындағы Абай музейінде болып, келушілерді тіркейтін кітапқа қолтаңба қалдырды. Құнанбай мен Абай Тәттімбет ара қатынастары туралы аудандық, облыстық газеттерге басылған мақалаларын, ел аузынан жинаған аңыз әңгімелердің жиынтығын тапсырып, музейге келушілерді тіркейтін журналға қол таңба қойды. Жидебай қыстауынан 300 метрдей жердегі Ұлжан ананың бейтінің басына барып құран бағыштады.
Тәттімбеттің туғанына 185 жыл толуы тойы Қарағанды облысы Тәттімбет атындағы музыка училищесінде өтіп, оған Тұрысбек Түсіпбеков арнайы шақырылып, конкурста бас жүлдемен марапатталды. Тәттімбеттің туғанына 185 жыл толуы торқалы тойы, Астана қаласының Сәкен Сейфуллин атындағы музейінде, осы қаладағы 4 қазақ музыка мектебінде өтіп, оған қатысқан Тұрысбек Түсіпбеков Тәттімбеттің 20-дан астам күйін орындап, олардың шығу тарихын айтып берді.
Мөшеке мен Маңыбай құрдас екен дейтін. Бірде Маңыбайдың ылғи құласары бауыр 10 мың жылқысы боп Шаншарлардан шыққан салсерілерге сәйгүлік тұлпарларды сыйлап отырыпты. Бауырының бұл ісін жаны сүйген Мөшеке жақын жерден оған қыстау салдырып өмір бойы бірге қоныстаныпты. Бұл қыстаудан барып Маңыбай тауы аталған. Мына Тұрысбек те осы арада туған ғой. Жаз жайлауда осы Маңыбай бұлақта аулада шалқыған келелі кеңес ауыл аспанында қалқыған ән күйге ұласатын.
Тұрысбек Түсіпбеков – шын мәнінде өнерді қадірлеп өскен, ән күйді сүйген, есімі елге танымал, сегіз қырлы, бір сырлы таланты өнерпаз. Музыка әлемінде, тәттімбеттануда ол әлі талай еңбек етіп, табысқа жетері сөзсіз. Тұрысбек даңқты баба күйлерінің бүгінгі жаршысы, жанашыры кәусар бұлағы. Қазақстанға белгілі ақын қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов "Тәттімбет" атты кітабында Тұрысбекке өлең арналған. Мұнда мынадай жолдар бар:
Ілтифатын, ізетін таттым көптің,
Бір ғажап кеш, шіркін-ай, өттің-кетгің.
Шын қуандым, Түрысбек, сені көріп
Дәл түскендей ізіне Тәттімбетгің.
Тұрысбек сыңар ішекпен сыңқылдатты,
Домбыра әсем күмбір күй тыңдатты.
Көргендей Тәттімбетті тебірендім,
Тартқанда ұрпағы оның "Сылқыдақты".
Т.Түсіпбековтің өнері туралы материал да, мақтау сөз де жеткілікті. Ел өнерін дамытқаны үшін ол Мәдениет министрлігінен, облыс басшылығынан, түрлі өнер ордаларынан марапат қағаздарын алған. Сондай бір алғыс хат Елбасыдан жіберілгені де мәлім.
"Алғыс хат
Құрметті Тұрысбек Түсіпбеков!
Отанымыздың көгінде Тәуелсіздік туы желбіреген ұлы күннен бергі кезеңде 10 жыл уақыт өткен екен. Осы жылдар ішінде небір жасампаз, жарқын істер жүзеге асырылды, ал олардың орасан зор мағынасы мен маңызын келер ұрпақ беруге тиіс.
Бүгін біздің Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасты деп терең тебіреніс әрі зор мақтаныш сезімімен айтуга хақымыз толық. Тарихтың таңдауы біздің ұрпаққа түсті, күрт бетбұрыс кезеңде ел тағдырын шешу біздің еншімізге тиді.
Біз өзімізге сендік, өзіміздің қайрат жігетімізге сендік, іргелі мемлекетті көркейтіп демократиялық қоғамның іргесін бекемдеу үшін білек сыбанып аянбай еңбек еттік.
Сіз - қалтқысыз қажырлы еңбегі осындай берік іргеге өрілген өрелі жанның бірісіз.
Осынау қиындығы көп жолда жанымда өздеріңіздей замандостарымның болганын мен мақтан етемін. Қазақстан халқының атынан еліміздің өміріндегі мерейлі оқига - ҚазақстанРеспубликасының 10 жылдығына байланысты Сізге алғыс сезімімді білдіремін.
Адал көңіліммен Сізге денсаулық, бақыт, отбасыңызға құт- береке тілеймін, туған еліміздің игілігі жолындағы ісіңізде табыстан-табысқа жете беріңіз.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 2001 жылғы 16 желтоқсан ".
Өнер — елдің рухани төлқұжаты. Осы тұрғыдан келгенде күйшілік өнерді, соның ішінде Тәттімбет сынды дарындардың өнерін насихаттап, таратып, жалғастырып жүрген Тұрысбек Түсіпбеков еңбегі мемлекетіміздің айбынын көрсетіп отыр дей аламыз.
Р. Баймұхамбетова,
музыка зерттеушісі
Достарыңызбен бөлісу: |