Тыңдалым есте сақтау қабілетін дамытып, сөйлесім әрекетіне апаратын бірден бір құрал болып табылады. Өйткені адам ақпаратты естіп қана қоймай, айтылған ойды қорытындылайды және іштей жауап қайтаруға дайындалады. Адамзат ақпараттың көп бөлігін есту арқылы қабылдайтын болғандықтан, тыңдалымның тіл меңгеруде маңызы зор.
Тыңдалым бөлігі сөйлеу әрекетінің түрі ретінде ХХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап зерттеле бастаған. «Тыңдалым» терминін алғаш рет американдық психолог Браун енгізді. Алғашқы кезде «ауызша айтылған сөзді түсіну» деген термин ретінде қолданылған.
Тыңдалым, әсіресе, шетел тілін үйренуде таптырмайтын әдіс. Ол сол тілдің дыбыстық ерекшеліктерін, сөз екпінін, ырғағын меңгеруде көп көмектеседі. Кез келген тілде тыңдалым белсенді зейін және назарды талап етеді. Зейін қойып тыңдау қабілеті төмен адамдарға тыңдалым қиын соғуы мүмкін.
Тыңдалым тіл әрекетінің төрт түрінің алғашқысы:
Тыңдалым
Сөйлесім
Оқылым
Жазылым
Белгілі бір тілде еркін сөйлеу үшін, алдымен, тіл үйренуші тыңдау дағдысын жетілдіру қажет. Тыңдалым адамдардың өзара түсінісуіне, қарым-қатынас барысында анық сөйлеулеріне көмектеседі. Тыңдалым арқылы сөздерді анық дыбыстау, интонацияны дұрыс қолдану, сөздерде және сөйлемдерде екпінді дұрыс қою дағдылары қалыптасады.
Тыңдау мен есту – екеуі екі бөлек нәрсе. Есту – автоматты түрде жүзеге асатын физикалық процесс. Тыңдау физикалық зейінмен қатар ақыл-ой зейінін де талап етеді.
Тыңдаудың бірнеше түрі бар:
Ақпараттық тыңдалым (үйрену үшін)
Сыни тыңдалым (бағалау және саралау үшін)
Терапевтік немесе эмоционалдық тыңдалым (сезім мен эмоцияны түсіну үшін)
Белгілі бір тыңдалым материалын тыңдау барысында бір ғана емес, бірнеше мақсат болуы мүмкін. Мысалы, бір уақытта ақпаратты қабылдай отырып, сыни көзқараспен қарау.
Есту барысында белгілі бір мәлімет алу – ақпараттық тыңдалым. Ол күнделікті өмірде, білім саласында, жұмыс орнында, жаңалық естігенде, деректі фильм көргенде, т.б. жағдаяттарда кездеседі.
Тыңдалымның барлық түрі «белсенді», олар ақпаратты түсіну үшін зейін қою мен саналы күш салуды қажет етеді. Алайда ақпараттық тыңдалымның тыңдалымның басқа түрлеріне қарағанда белсенділігі төмендеу. Жаңа ақпаратты, фактілерді тыңдап, қабылдаймыз, бірақ саралап, сынамаймыз.
Айтылған мәліметті бағалау, талдау мақсатында тыңдау – сыни тыңдалым. Сыни тыңдалым ақпараттық тыңдалымға қарағанда белсендірек болып келіп, мәселені шешу, шешім қабылдау сияқты белсенді әрекеттерді қажет етеді. Cыни тыңдалым естіген ақпараттың дұрыс немесе бұрыс екенін анықтау емес, ақпаратты тыңдау барысында «сөйлеуші не туралы айтып жатыр?», «басты ақпарат не?» деген сияқты сұрақтардың туындауы.
Терапевтік немесе эмпатиялық тыңдалым сөйлеушінің сезімін және эмоциясын түсінуге тырысу, өзін сол адамның орнына қойып, өз ойымен бөлісу. Эмпатиялық тыңдалымды тыңдалымның ең күрделі түрі деуге болады. Ол басқа біреуге жай ғана аяушылық таныту емес, одан да терең дүние – өзге адамның көзқарасын ұғыну, түсіну.
Жақсы тыңдаушы айтылған мәліметті тыңдаумен қатар, айтылмай қалған немесе жартылай айтылған мәліметті де аңғара алады. Тиімді тыңдалымның маңызды қағидаларының бірі тек қана сөздерді емес, идеяларды тыңдау керек. Жекелеген бөліктерді емес, толық көріністі алу қажет. Басқа біреудің идеясын анықтау үшін барлық ақпаратты бір-бірімен байланыстыру – тыңдалымның қиын аспектілерінің бірі болуы мүмкін. Алайда зейін қою, кедергі келтіретін өзге факторларға жол бермеу, тыңдалым кезінде жинақталу мәселені оңтайландырады.
Достарыңызбен бөлісу: |