Тұқымның өсу күші - тұқым өскіндерінің белгілі бір құм немесе топырақ қабатын жарып шығу мүмкіндігімен және жасыл өскіндерінің массасымен сипатталады. Бұл көрсеткіш егіс материалын, әсіресе тұқымның өну энергиясы төмен болғанда, аурулармен залалданғанда және тұқым зақымдануы мен олардың қалыпсыз өскіндері көп болғанда, бағалаудың қосымша әдісі. Тұқымның өсу қуаты 10-12 тәулік дегенде беткі қабатқа шыққан сау өскіндердің % саны мен жасыл өскіндердің 100 өскінге шаққандағы массасымен өлшенеді.
Өсу күші тек қана дәнді дақылдар, зығыр және күнбағыс үшін анықталады. Ол үшін негізгі дақылдың таза тұқымынан 100 данадан екі(ал күнбағыста 25 данадан 4 үлгі) үлгі санап алынады. Тұқым қалың қабырғалы шыны немесе керамикалық биіктігі 16 см және диаметрі 18 см сауыттарда көктетіледі. Сауытты саңылау диаметрі 1 мм елеуіштен өткізілген кварц құмымен толтырады. Зығыр мен дәнді дақылдардың тұқымдары үшін оны ең төменгі ылғалсиымдылықтың (ТЫС-тың) 60%, ал күнбағыс тұқымы үшін 15% мөлшеріне дейін дымқылдандырады. Ішінде бос қуыс қалмайтындай етіп құмды тығыздайды және бетін тегістейді , оның қалыңдығы сауыт ернеуінен 2 см төмен әрі дәнді дақылдар мен зығыр тұқымының сіңіру тереңдігіне тең болу керек , ал күнбағыс тұқымына төсеніш қалыңдығы 7 см болғаны дұрыс. Тұқымдарды сепкеннен кейін олардың бетіне 1,0-1,25 мм шамасындағы ірірек құрғақ ауа күйіндегі құммен дәнді дақылдарды 3 см , ал зығыр тұқымын 2 см қалыңдықта жабады. Барлық дақылдардың тұқымдары құмға сіңірілгеннен кейін сауыттың ернеуі жабылған құмнан 2 см биік қалуға тиіс. Дәнді дақылдар мен зығыр себілген сауыттардың беті шыны табақшалармен жабылады және тұқым 16-18 °C жылылықта жарықталған ортада көктетіледі. Жаңа жиналған тұқымдар алғашқы 4 тәулікте 8-12°C температурада көктетіледі. Алғашқы өскіндер шыны табақшаға жеткен кезде оны алып тастайды, ал өсу күшін 10 тәулікте анықтайды. Күнбағыс тұқымы себілген сауытты шыны табақшамен жаппайды және 20°C жылылықта көктетіледі, әрі өсу күшін12-ші тәулікте анықтайды. Егер қажетті температурамен қамтамасыз ету мүмкіншілігі жоқ болса, онда тұқым 25 °C –да көктетіледі де өсу күшін 9- тәулікте анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |