Тұрсын Жұртбай, Астана.
Бағанашылдағы жасыл төбенің басы. Қараша күз. Күн жылы. Алатау тура шүйдеде. Кейінгі үш жыл ішімді кемірген сұраққа дауа таба алмай жүргениін, кенет басымды көтеріп қалған екенмін деймін. Қарасам Қаныш аға (иә, түсіме ол кісі менің туған ағам боп кірді). Түр – тұлғасы тура зиратының басындағы сеңгір тастай зор, бойына жан кірген, өңі мейірімді. Неге келгенін түсіне қойыппын. Ол баяу басып жүре берді, мен ере бердім.
О, ғажап!
Мынаны қараңыз, Қан – ағаңды және сол кісінің өзіне қатысыт айтылған тіршілігіндегі және кейінгі отыз бес жылдағы (иә, мен түсімде есептегенім есімде) сөздердің кейіпкерлері үйіріле – үйіріле топталып тұр. Соның ішінде ет жақыны да, дұшпаны да жүр. Бір де бірі жақындамайды. Мен Қан ағаңның сөзін көзінің қиығынан түсінем. Ал жанары әлгілердің бәрімен қанша жыл өмір сүрсе, сонша уақыт қадалғандай тым баяу қозғалады. Мүсін шығар деп сипап көріп ем, тірі екен. Тірімін дегендей ақырындап қана қолымды қысып қойды. Қаныш ағаның неге және не айтқысы келгенін, осының бәрін маған неге көрсетіп жүргенін мен де, төбенің басындағылар да жақсы біледі екен. Олардың Қанаш ағаның бетпе – бет келе алмайтндай себептері болса керек. Мұның барлығы М едеудің “Қазақтың Қанышы” арқылы таныс. Мен әдеттегі шыдамсыздығыма басып бастырмалата сұрақты қойып, тез жауап алып, ағамның жанын қинамай, серуенді жылдамдатып аяқтағым келді. Бірақ мені мысымен баспайды, алайда асықпа дегенім көз қиығынан сезе қоямын. Төбені жоталап Алматыға қарай аяңдадық. Сөзбен емес, көңілмен ғана тілдесеміз. Қан ағаңның сұрағы тура бүгінгі күннен басталды.
Мына шіңкіл – не шіңкіл? Қап, ұятты болды – ау. “Шіңкіл” деп дәл тауып айтун ай, дегдарымның. Мен мұны “шәңкіл” деп жүрсем. Шәңкіл – қасиетсіз, дәрменсіз, дүрегей иттің дауысы. Тегі ит болған соң үреді. Қабады. Тыртығы қалады. Шәңкіге шәңкіл қосылса кәдімгі шиебөріленіп көрінеді. Ал “шәңкіл” – темірді темірге соққандағы шығатын үн. Одан темірдің де, тұлғаның да түгі кетпейді. Тек құлақ жарған шіңкілі ғана қалады. Бары да, жоғы да белгісіз. Жан – жағыма қараймын, әлгі шіңкілдердің бейнелерін іздеймін. “Е, бұл шіңкілдер көбейіп кеткен соң, оның дауысы Қан – ағама да жеткен екен – ау. Тыныштық бермеген соң тірілген – ау. Мұның ұсақшыл мінезі жоқ деп есептеуші едім. Насыбайы жоқ боп, құрышын қандыра алмай қапыда жүрмесін, сірә” – деймін. Ол маған сондай мейірімді жүзбен аққырын ғана жымиды. Қой, жұбатайын бұл кісіні. “Сіз – данасыз. Даналардың артынан сөз ереді. Сізді жақсы көргендіктен де жабыла “шіңкілдейді”. Дананың өмірін саралау –ұлттық рухани тарихын саралау. “ Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әр кім бір ит сақтап жүр ырылдатып” – деп Абай атамыз айтқандай, әлде кімнің қолындағы шірік сапты, тотыққан балаға ғой олар деймін. Байқаймын, жүрісі сәл баяулаңқырап қалды. Абайдың бір өлеңін есіне түсіріп тұр екен деймін. Қайта қарағанда көз қиығынан: сол жасық темірді өзім саптап едім – деген емеурін танытты. Енді – қарасам … әлгі шіңкілдер ғайып болған. Бірақ ауаға еріп кетсе де сол маңда бар екенін сезіп тұрмыз. Мен ойладым; әй, енді бұл “шіңкілдер” сап тиылатын шығар, - деп. Тек, Қан – ағаңның рухы жандүниесіне сіңген бір таза дауыс қалмаған ба?” – деп едім, үндемей жүре берді. Артымыздан бір даыс естілді. Бірақ сыңғыр ма, шіңкіл ме, айыра алмадым. “Ей, рухымды басынбаңдар, тыныштық беріңдер. Мен үшін жаныңды қиып беретін болсаңдар ғана саған рухым риза!” – дегендей. Өзі туралы бір ащы да ақиқат, әділ сөзді іздеп жүрген сияқты және оны таңдауға кет әрі емес.Ұлылар аңғал болады деуші еді. Қан – ағаң да алғаусыз мақтауды күтеді екен – ау деймін де қас – қабағына қараймын. Ондай әділ сөздің бар екенін бұл кісі білмейтін болып шықты ғой…
Дей бергенімде екінші топ көрінді.
Үнсіз өсиет.Бұл топтың кеңістігі кең және ауаны үнсіз тылсым. Еш дбыс жоқ. Сүйсініс те, кейіс те, керіс те байқалмайды. Тым – тырыс. Қаныш ағамның тағдырына, тамырына ине сұққан және сұғуға толық мүмкіндігі болғандар… сұмдық – ай, мынадай да болады екен – ау… беті жоқ, тек арқалар мен желкелер ғана. Қазақтар мұны, “ту сыртынан беріп тұрғандар” дейді. Таныс жауырын, таныс арқа, таныс желке. Өздері үйір – үйірімен тұр. Еш дыбыс жоқ екен оларда. Бәрін шола қараймын. Тек Қаныш ағам ғана маң – маң басып жүріп келеді. Мен дызақтап, тура осы арада шындықтың бетін ашып, аналардың кім екенін білгім келеді. Біліп – ақ тұр екенмін деймін, бірақ олардың аттарын ағамның өз аузынан естігім келеді. Мен әлгі тісін тісіне басып, дыбыс шығармай шықшытын шайнап, жағы қарсы қасарысқан тұлғалардың ішкі психологиясын байқамаппын. Сонда дау қу мүйіз психологияның (ұлылардың даналық түйсігін зерделеп жүген кезім болса керек) артымнан қалмауын қарашы. О, тоба! Қан ағамның бет әлпеті, ұзын тұлғасы тас боп боп қатып қалыпты. Бірақ жылжып барады. Қолтықтай алдым. Ту, тірі екен. Сырты ғана тас, іші жып – жылы. Өзінше “Сыртыңды берсең де, ішіңді берме” – деген осы екен – ау. Абай атасының: “Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап” – дегеніндей заманының тылсымынан сол екеуіне – ақыл мен қайратына сүйеніп аман шыққан екен – ау. Ал қазір неден именеді? Соны естіп алайын, біліп қалайын – деп ойлағаным сол еді, басын шайқады. Ол – сырыңды алдым дегені екен. Біз үнсіз, ішкі түйсікпен сөйлесіп келеді екенбіз және бір – біімізді айтпай түсінеді екенбіз. Шындыққа қашан жетеміз. Шындыққа! Деймін Ол кісі: шындық дегенің – екі жүзді қанжар. Мінезден сауытың болса өзініңе қадалады. Ақылыңды да, қайратыңды да, мінезіңді де сыртыңа шығарма. Абай: “Мінезің – ақылыңның сауытында болсын” – дегендей ишара танытады.Түсінбедім (Қазір де түсіне қйған жоқпын) Сол түсінбеген күйі тылсымнан өтіппіз. Артыма қарасам әлгі тұқыл денелер мен желкелерге бет бітіпті. Бірақ тылсымның ішінде қалыпты.
Бұл – түстің ең ауыр тұсы, кешіріңіз, ең ауыр меңіреу жолы болды. Бәрі де анық. Алайда беті жоқ тұлғалар ... Сол бетсіз тұлғаларға бет бітсе Қанағаңның өсиеті Лаухулб – махфуздың тақтасындағы жазудай боп оқылар еді деймін іштей.
Артым қалай болды? Міне осы арадан бастап адамдардың бет - әлпеті, кескіні, алыс – жақындығы нақтылана бастады. Қан – ағаңның ұрпақтары әкесін жерге қаратпағандығын жақсы білемін. Бәрі де маңында жүр. Жанын өзім жақсы түсінетін күйеу баласы Оразай ағамды да шырамыттым. Әдеп сақтап алыстау жерде күліп тұр. Қанағаңның жүзі мейірлі. Бірақ көзінің қиығында маған таныс сұқ бар. Неге? Әкесінің даналық тұғырын асқақтатудың желеуімен сол тұғырдан өзін көруге ұмтылатын, не соны бөлісе алмайтын, әкесі, атасы – аталған тұстан өз есімін естігісі келетін, сол үшін әруақтан неғұлым аулақ жүргендерді бауырына тартып, рухы қонғандардан қызғыштай қоритын дертке олар ұшырамаған сияқты еді. Мен әдеттегі тіршіліктегідей олармен емін – еркін шүйіркелесе бастаймын. О, тоба! (Шәмшиябану, Мейіз апайлардан кешірім сұраймын) Қан – ағаңның өзінен айнымайтын ұлы бар екен деймін.Тіпті екеуінің киім киісі де, түр түсі де, жас мөшері де (ұлы бар және тірі екен ғой!) бірдей. Түс көріп жатып осы сұрақт қойып жатырмын, оның шындық емес екенін біліп те жатырмы, сол арада сөйлесіп те жатрмың, сұрақты үстемелеп кіші Қанышқа беріп те жатырмын. Ғажабы әлгі кіші Қаныш та Қан – ағаңның маған айтқысы келген емеурінін түсіндіріп жатыр. Біраздан кейін екеуінің арны алмасып кеткендей де еді. Кенет алдыға озып кеткен Қан – ағаңды өткізіп сала бергенімде біреу менің жеңімнен тартты. Іле ту сыртымнан: “Менің ешкімге қиянатым жоқ. Тек араша түсе алмадым” – деген дауысты естідім. Қай туысы екенін аңғармадым.Әлгі мойынса сөзге Қан – ағам риза болғандай, тіптімейірленіп кетті. Осы жолдарды жаза отырып, әлі де түсімде болса да Қан – ағаңның бұл мінезінің байыбына бара алар емеспін. Әлде ұрпақтарынан дәметкен бір сөзі бар ма екен?
Бұл серуен ұзаққа созылды. Енді Қан – ағаң екеуіміз қойтастың үстінде қатар отырмыз. Емін еркін сөйлесеміз. Жаңағы аралап жүріп көрсеткендерінің барлығы маған айтқан аманаты не өсиеті, не жеткіз деген тілегі екенін анық ұғынамын. Бұл арада не айтқысы келеді? Жоқтаушым жоқ деп айта алмайды. Үрім бұтақтары мәуелі бақтай айналасында жүр. Бірақ құпияда қарапайым бір араманы бар екен деймін. Оны өз бетімше түсініп, өз бетімше соны таба алмай дел салмын. Қан ағаңның бағанағы өзара түсінікті емеуріні де жоқ, келбетінен түк те білінбейді. “Сонша несін назаландыңыз. Іздеушіңіз де, жоқтаушыңыз да, тұқымдарыңыз да бар ғой” – деймін Кіші Қаныш жаққа қарап қояды. Сонда ғана бұл ағамыз өзі адасып не айрылып қалған жандарды, жақындарын, шетінеп кеткен ұлын іздеп жүр екен деймін. Кіші Қаныш бір аппақ қабырғаны айналып кетті. Мынау мола ғой! Әлгінің қалқасына барсам кіші Қаныш бұрышта тұр… Қан – ағам да қасына бара қалыпты. Е, адамның өзі өлсе де арманы өлмейді екен, о, дүниеге бірге ала кетеді екен ғой. Ұрпақтарының бұл дүниедегі қадамын қадағалайды екен ғой… Сол кезде: “Осы Қаныш – ағаға арнап қатым қашан түсірілді екен? Әлгі Оразай ағамнан сұрайыншы? Медеу ағама айтайыншы” – деген ой қылаң ете қалды. Екі Қаныш та үнсіз. Міне, ұрпақ үшін керек! Баянауылдың шелпегін сағынған екен ғой, қайран аға! Тым ырымшыл, қазақы дәмді сүйсіне татушы еді дейтіні рас боп шықты. Мен солай ойлап тұрғанымда… Екі Қаныш екі жағымда тұрып бір үлкен тұғырды нұқи ишара жасады. Ақ қабырғаның бұрышы…
Аманат. Енді Қаныш аға тұлғаланып, биіктеп кеткен. Кіші Қаныш кәдімгі адам Қалпында. Қан - ағам алып тұғыр тасқа қарап: “Мынаны кім айтады . Ананы мына кісі біледі. Міне, айтып тұр ғой. Менің жанымның жарасы сол арада. Анда қарашы, ана кісі соның куәсі. Сен білесің ғой!” – деп мені емеурінімен нұсқай тұқыртып барады. Кіші Қаныш та: “Түсінсеңші бұл кісіні сен”- дегендей маған елжірей қарады. Әлгі тасқа көзінің сұғы түскенде, не сұқ саусағын нұсқалғанда айтылған мұрахат парақтары мен ғұлама адамдар бірінен кейін бірі көз алдыма көрініп, бірінің орнын бірі алмастырып жатты. “Иә, оларды Кенесарының бас сүйегін іздеп жүргенде архивтен кезіктіргемін” – деймін. Бірақ: “Мынаны кім айтады? Ананы неге іздемейсіңдер? Әлгі жанымның көмбесін таппадыңдар ма?” – деп бар наласын сыртына шығарып, назаланып сөйлей жөнелді (мен де пендемін ғой, сондықтан да, жорылмаған түстің емеурінін ашып жатпаймын. Түсті жалғыз адамға жорытатынын өзі де түсінер)
“Тыңдасаңшы. Сені сол үшін ертіп жүр ғой” – дейді кіші Қаныш. Жаратылыстану ғылымынан менің сауатым шамалы. Іздеушісі бар ғой деймін. Қан – ағам барлдық жан құпиясын, ғылымның тылсымын ашып салды да қалыппен қалаған –академияның ғимаратына ұзақ қарады. Тым ұзақ… Дәбысым шықпайды. Енді аға емес, тіршіліктегі дана, бірақ рухы маған қонбаған ұлы Қаныш Имантайұлына айнала берді… Жаным қыстығырылып жатып Медеу бар ғой дедім дауыстап. Сәл үнсіз тұрды да ғайыпқа айнала берді… Демек, Қан – ағамның сонша салмақпен аманаттап әлденені тапсырып жатқанына қарағанда біздің қолымызға түспеген бір ұлы қазынасы, мынау тіршілік иелеріне аманаттап кеткен көмбесінің бар болғаны ғой. Егер осы көргенім жай түс емес, рухтың аяны болса, онда соған келер ұрпақтың көзі жететіні кәмәіл.
Жұбаныш. Қан – ағам ұзақ барады. Ойымды жеткізе алмадым – ау деп мен қалдым. Алайда рухым қуатты екен. Тек сенім жоқ. Сол кезде ақ қабырғаның бұрышынан кіші Қаныш шығып, сондай мейірлі жүзбен қарап, әкесі сияқты көзқиығын салап, мені жұбата бастады. Ол кісін түсінсеңізші! Бар қызыметіңе әзірмін - дейді. Ұзақ сөйлеген жоқ, әлгі көңіл күй ұзаққа созылды. Алматының ішіндегі биік қабатты пәтеріне шақырып дәм де ұсынды, таныстырып та жүр… Ойымда, енді құран оқып ауыз тиейінші деген ниет бар. Үш күнгі түстің қорытындысы екенін де бінетін сияқтымын. Енді соны тіршілікпен салыстырып әуреге түсіріп тұрғанымда әлгі кіші Қаныш (міне ғажап!) Айтжан ағама, қазақтың бүгінгі таңдағы ғұламас, Қан – ағамның сүйікті академик Айтжан Абдулин ағама айналып сала берді. Ғайыптың ісі деген осы – ақ шығар! Бұрын бір екі рет сапарлас боп, Қан – ағам туралы көлемі естелік жазу туралы өтініш еткенім бар еді, соны арқаланып көргенімді жылдамдата түсіндіре жөнелдім. Ең соңында: Қан – ағамның алдында еш қысылғамын жоқ. Емеурінінің бәрін түсіндім. Оның барлығын Медеудің кітабынан оқып алғамын. Соным аброй болды – деп арасына өзінің назымды да қосып тақылдай жөнелдім. Кенет (Айтжан ағамыз кешірер, өз басым Салық Зиманов екеуін қазақтың бүгінгі күнгі тірі жүрген ұлыларының қатарында бағалаушы едім) ол кісі қайтадан кіші Қанышқа айналды. Жүзі жылы. Бағанасаынын жастау көрінеді. “Біз айтып болдық, ендігісін өзің біл” – дегендей ишара танытып ғайыптана берді. Қаныш аға неге менің түсіме кірді? Рухыңа тағзым, Қан – ағам! Мұны Медеу ағаға айтайыншы деп жатып оянып кеттім.
Жеке басыма қарата алғанда осынау түсті өзім жақсылыққа жорыдым. Бірақ: “Мынаны кім айтады!” – деп аманаттап, қадағалап айтқаны ойымнан шықпай, сол емеуріндерді біреу болмаса біреу түсінер деп көпшілікке жеткізіп отырмын. Мұндай аян түстің тұсында "Қа“ақстанның Қанышы” арқылы жерге қаратпаған Медеуге ризамын. Ол кісінің еңбегін түсімде Қан – ағама айтып үлгердім. Ал “Қазақстанның Қанышының” қалған аманатын Сізге осы мақала арқылы жеткізіп отырмын. Мұндағы айтылған емеуріндер мен түсімді тарқатып, жорып беруді сізге тапсырдым.
Қайталап айтайыншы:
Ана “шіңкілдер” не шіңкіл? Тиылатан күні бар ма олардың?
Түсімдегі тылсымда көрген тұлғалар неге бетсіз? Бетсіз тұлға бола ма?
Қан – ағама қатым түсірілді ме, Сіздің өзіңіз түсірттіңіз бе?
“Мынаны кім айтады? Неге іздемейсіңдер? Әлі жанымның көмбесін таппадыңдар ма?”- деп зіл тастағаны несі?
Көңіліміздің жұбанышы не?
Бір салбурынға шыққан екенбіз. Қан – ағамыздың мына дүниеде өтелмей жүрген аманатыбар сияқты. Ағайын – жұрт атымыз бар емес пе, сол Дала дегдарының еншісін түгендеуге жазсын. Әмин.
13.09.2000жыл.
Әлқисса, аян түс болғандықтан да ырымдап, бұл жазбамды тура бір жылдан кейін жариялап отырмын.
Достарыңызбен бөлісу: |