Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет1/44
Дата09.06.2016
өлшемі3 Mb.
#124119
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   44




Тұрсын ЖҰРТБАЙ

„ҰРАНЫМ – АЛАШ!..”

(Түрме әфсанасы)

ТЕЗ


(Екінші кітап)

АЛМАТЫ


ЕЛ – ШЕЖІРЕ

2010


Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі

Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы „Отырар кітапханасы” ғылыми орталығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің „Көнетүркі және қазақ тарихи-әдеби жазба мұралары Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген.

Сондай-ақ Мемлекет тарихы институтының ғылыми Кеңесінде талқыланып, мақұлданды.

Рецензенттер:

С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Р.Нұрғали, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Б.Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Д.Махат, тарих ғылымдарының докторы.

Ғылыми редакторы филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Алпысбаев.

Қолжазбаны компьютерге теріп, баспаға дайындаған Қ.Камзина, М.Ермағанова.

АННОТАЦИЯ

Жазушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты түрме әфсанасының «Тез» атты екінші кітабы – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов,З.Уалиди,М.Дулатов, Х.Ғаббасов, М.Есполов, Ғ.Болғамбаев, Ғ.Бірімжанов қатарлы 41 алаш қайраткерлерінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісінің негізінде жазылған «Жегі» бөлімінің заңды жалғасы болып табылады. Мұнда М.Тынышбаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров, А.Байтасов, М,Тұрғанбаев, Ә.Байділдин, И.Қашқынбаев, М.Мұрзин сынды 30 тұлға туралы бұрын-соңды белгісіз не қате пайымдалып келген тарихи оқиғалар – тергеу деректерімен, сондай-ақ тінту кезінде тәргіленген хаттар мен құжаттармен салыстырыла отырып, Біртұтас Алаш идеясының тұжырымдамасы жасалған.

Жазушы-ғалымның бұл еңбегі – әдебиетшілер мен тарихшылардың, мәдениеттанушылар мен саясаттанушылардың, ғылыми көпшіліктің, ізденушілер мен студенттердің, жалпы зиялы оқырман қауымның назарын аударатын, қазақтың ұлттық «Мәңгілік ел» идеясының қалыптасу негізін жүйелеп берген іргелі де толымды зерттеу әфсанасы болып табылады.



ІЛЕСПЕ
Жыл өткен сайын алаш қозғалысының дәуірі алыстап, аңсары бәсең тартқандай көрінгенімен де, қазақ елі үшін «Мәңгілік ел» идеясы ешқашанда өлмек емес. Қайта даму тарихымыздың тұрлаулы-тұрлаусыз, тағдырлы-тағдырсыз, дәуренді-тоқырау тұстарында тағы да сараланып, еліміздің рухани нысанасын анықтауға тұтқа болып табылатыны анық. Ол – күмәнсіз шындық. Сондықтан да Біртұтас алаш идеясын тұжырымдай тәпсірлеуге арналған «Ұраным – Алаш!..» деген жалпылама атқа біріктірілген бұл әфсананың «Жегі» атты бірінші бөлімі мен «Тез», «Талқы» атты екінші-үшінші бөлімінің басылым көруі арасында аз үзіліс болғандықтан да қысқаша түсінік беруге тура келіп тұр. Өйткені жиырма жылдан астам уақытты қамтитын зерттеу аясындағы жинақталған деректердегі пікірлерді жүйелеу, салыстыру, түйіндеу, қорытындылау барысы автордың еркінен тыс Біртұтас алаш идеясының тұжырымдамасын жасауға алып келді.

Бұл әфсананың ту бастағы ойластырылған құрылымына ішкі түзілім тұрғысынан өзгерістер енгізуге, талдаулардың аясын кеңейтуге, дәлелдерді жаңа айғаққа байланысты қайталай дәйектеуге мәжбүр етті. Шығармашылықтың өзіндік ішкі қатал заңдылықтарына орай: жанама деректер алға шығып, басты деректер кейінге ысырылып, бастауыш – баяндауыштың міндетін атқарып кеткен тұстар да кездесті. Ал онсыз «Ұраным – Алаш!..» сияқты көлемді дүниеге оқырманның ықыласын үзбей аударып отырып оқыту да мүмкін емес. Мысалы, жылнамалық жүйе бойынша Ж.Аймауытов пен М.Жұмабаев, Ә.Байділдин т.б. туралы тараулар Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Ғаббасов қатарлы 41 алаш қайтарткерінің тергеуі қамтылған «Жегі» бөлімінде, не М.Тынышбаев, Х. және Ж.Досмұхамедовтер, Ә.Ермеков сынды 30 тұлғаның тағдыры сараланатын «Тез» бөлімінің басында тұруы тиіс болатын.

Аса ауқымды 14 томдық тергеу ісін жинақтай жүйелегенде, бұл тәсіл – мазмұндық тұрғыдан бірегей қайталауларға ұрындыратыны байқалды. Сондықтан да тарихи айғақтарды алдыға шығарып, «мәдениет майданына» қатысты айыптауларды шегере бердік. Соның өзінде, өзіміздің шығармашылық басты нысанамыз – рухани тәуелсіздік мәселесі жеріне жете жетеленбегендей көрінгендіктен де, Мұхтар Әуезовтің тергеу ісін жеке бөліп ап, 1917-1991 жылдар арасындағы кеңес өкіметінің зиялы қауымды ұлттық-идеологиялық қысымда ұстап, тұлғаларды үрейден айырмаған арандату саясатын «Талқы» бөлімі арқылы талқыға салғымыз келді.

Сонымен қатар бұған: «Қашан тәуелсіздік алғанша зиялылардың жан аңсарына айналған алаш идеясы 1937 жылдан кейін өшті», – деген саңлаусыз пікірдің үстемдік алып бара жатқаны да қамшы салды. Сөйтіп, Біртұтас алаш идеясы мен қозғалысын тұжырымдайтын түйінді құжаттарды тұтастай ұсынуға ықпал етті.

Саналы түрде қырық жыл бойы зерттеген тақырыптың әлі де қамтылмаған бөгенайы мен әттегенайына қарамастан, оны бұдан әрі тартпада сақтауды қажет деп таппадық.
Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай.

6 маусым, 2009 жыл.
БІРІНШІ ТАРАУ: ТЕЗТАРТАР
1.
Идеология – байсалды мiнезге, пайымды пiкiрге, тұрақты көзқарасқа ие тұлғаларды да жол айырығында әнтек аттатып, бұрыс бастырып жiбередi. Егерде сол идеология қандай да бiр кек пен өштiктiң, қарымта қайырудың қаруына айналса – қасірет. Ал ХХ ғасырдың отызыншы жылдары таптық тартыстың «жауынгерлiк құралына» айналған кеңестiк идеология мыңның емес, миллионның тағдырын талқыға салды.

Соның ішінде қазақ ұлтының сана мәйегі iрiп тынды. Қазақтың көшпелi экономикалық қарым-қатынасы бұзылып, шаруашылығының шаңырағы ортасына түстi. Ұлттық емес, кәдiмгi мемлекеттiк мүдденiң өзi «жалаң айғайдың» құрбандығына шалынып, талан-таражға салынды. Ақырында бұл жанығу қазақ елiн орыны толмас қасiретке душар еттi. Сөйтiп, қазақ жұртын 1931-1932 жылғы ашаршылыққа алып келдi.

Қазақ мемлекетiнiң апатқа бет алғанын аңғарған Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Жалау Мыңбаев, Нығымет Нұрмақов, Ораз Жандосов iспеттi қайсар қайраткерлер екi-үш жыл қасарыса күрестi. Бiрақ та Қужақ өзiнiң көбiкауыз әккiлігін пайдаланып, қазақ зиялыларының арасына сезік пен секем септi. Оларды тыңшылық әрекет арқылы iштен ыдыратып, ойсырата соққы берілді.

Үш жылдың орайында шын мағынасындағы ұлт көсемдерiнің – «Алашорда» қайраткерлерiнiң бiрi қалмай қамауға алынды. Халық қамын ойлайтын қатардағы зиялылар қудаланды. Сөйтіп, ұлттық діл мен мәдениеттiң тамырына балта шабылды. «Партия құрылымының 10 жылдығы» атты баяндамасында Голощекин «Алашорда» қайраткерлерiнiң қақпанға түскенiн:



«Жолдастар, менiң сiздерге жариялайын деп отырған деректерiм қазiр көзi жойылған «Байтұрсыновтың контрреволюциялық ұйымының» тергеуiнде ұлтшылдардың өзi берген куәлігi. Сондай-ақ, дәл осы күндерi Тынышбаевтің, Ермеков пен Досмұхамедовтердiң, тағы да бiр контрреволюциялық-ұлтшыл ұйымының тамырына балта шабылуда»,– деп ерекше мақтанышпен мәлiмдеді.

Қужақ түрмедегi жауаптарды өзiнiң пайдасына қарай бейiмдеп, күдiксiз нәрседен күдiк тудырды.

Идеологияның басты қаруы – сөз. Өкiнiшке орай, қазақтың өз арасынан шыққан, ұлтының мүддесiнен, жеке басының намысынан, ұрпақ алдындағы парызынан лауазым мен марапатты жоғары қойған можантопай, қолтоқпақ, исалмастардың желiктiруiнiң кесiрiнен «Қуажақтың» жағы сембедi. Ақыл-ой шалығына ұшырағандарға ғана тән, жүйкеңді шүйкелейтін мұндай көпірмелерге «Голощекиннің меншікті националдары» (С.Сәдуақасов) ұйымдастырған «ұзаққа созылған қызу қол шапалақтаулар» реттi-ретсiз дамылсыз соғылып, оны дәмiл-дәмiл шабыттандырып отырды. Даурыға, шаптыға сөйлеген мемлекет басшысы жарты күн мiнбеге мiнiп, бурадай шабынып тұруды әдетке айналдырды. Бұған Смағұл Сәдуақасовтың:

«Голощекин жолдас жеті сағаттан артық сөз сөйлеп, осы уақыттың қақ жартысында мені сөз ғып, мені кінәлап өтті. Маған таққан кінәларының өзін ғана санап шығуға регламент бойынша маған берілген уақыт жететін емес»,– деген уәжі дәлел.

Голощекиннің де, оның «меншікті националдарының» да бұлай көпірмеске амалы да жоқ болатын. Өйткені Қазақстанға кезекті «волонтёрін» жіберген сайын Сталиннің өзі:



«Қазақ большевиктерінің кезекті міндеттерінің бірі ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, барлық күш-қуатты қазақ ұлтшылдығы мен соған бейімделушілерге қарсы күреске жұмылдыру болып табылады. Онсыз Қазақстанда лениндік интернационализмді ұстап тұру мүмкін емес»,– деп (Алаш қозғалысы, 4-том, 442-бет) нұсқау беріп отырған.

Осы нұсқаудағы ұлтшылдарды тауып, он әшкерелеу жолында жан алып, жанын берген Ф.И.Голощекин:



«Тартыстың түп тамыры интернационалистер мен ұлтшылдардың арасындағы күрес. Қазақ арасындағы топшылдық бөлініс 1920 жылдан, «алаштықтар» партияға кіре бастаған кезден басталды. Бөліну қазақ партия ұйымы мен кеңестің алғашқы іргетасын қалаған «кәрі коммунистермен», 1919-1920 жылдары Меңдешевтің маңына топтасқан коммунистерді айтып отырмын, олардың арасына сынаша қағылып кірген Әуезов, С.Сәдуақасов бастатқан интеллигенция өкілдерінің, сондай-ақ Бөкейхановтың арқасында қалқаланып тұрған осы арада отырған жастардың, олардың аттарын атамай-ақ қояйын, арасында басталды», деп (сонда, 284-бет) қазақ зиялыларын «щиналарға» бөліп, «іріктеп берді».

Мемлекеттік саясат пен үкімет билігі бір адамның құзырында болды. Кешегі қабылданған қаулы – бүгін, бүгін қабылданған шешім – ертең бұзылып отырды. Ал келешекті ойлаған кемел тұлғалар тұншықтырылды. Көзқарасы – қондырғы насихаттан аспаған, өз сөздерімен айтсақ, «революция үшін қазақ халқын құрбандыққа шалуға даяр» С.Меңдешев, О.Исаев, І.Құрамысов, Ұ.Құлымбетов, Ғ.Тоғжанов, І.Қабылов, Е.Ерназаров сияқты «солшылдардың социализмдегі балалық ауыруын» «мерзімдік көсемнің» бірі Г.Зиновьев:



«Солшылдар ұлт мәселесіне терең бара алмайды, оны тым жадағай түсінеді, соның салдарынан ұлт мәселесінің мәнін жоққа шығарып алғанын өздері де түсінбейтіндер. Олар өздерін ұлттық (национал) өкілдерміз деп барынша даурығып жүріп, ұлт мүддесін құрбандыққа шалып жіберетіндер. Олардың қауіптілігі, міне, осында» ,– деп дәл басып, атап көрсетті. Ы.Мұстамбаевтің:

«Голщекиннің көпірме сөзімен коммунизм құра алмайсың» ,– деген уытты сөзі де сол тұста айтылды.

Расында да Голощекиннiң «көсем сөздерiнің» пәтуасы болмады. Бұрын тұрақты түрде «жасасындатып!» жүргендердің өзі бірде «жасасындатып», бірде «жасасындата» алмай, бағдардан айырылып қалды. Мысалы, 1925 жылдың аяғында өткен Ү Қазақ өлкелік партия конференциясында: жерге ең алдымен байырғы халықты орналастыру туралы қаулы қабылдады. Алайда араға екі ай өткізбей, 1926 жылы 26 ақпанда сол қаулыны жоққа шығарған тағы да бір арнаулы қаулы қабылдады. ҮІ өлкелік партконференцияда Голощекин жерді таптық тұрғыдан бөлу саясатын ұсынды. Сөйтіп, «Ұлттардың өзін өзі билеу туралы декларацияда» жария етілген Ресейдегі аз ұлттардың жері, нақтырақ айтсақ, қазақ жері қазаққа қайтпай қалды.

Біртұтас алаш идеясының ең талмауытты нысанасының ұйытқысы: «Жер, жер және жер. Жер – Отан. Ал отанды сатуға да, меншіктеуге де, жатқа жалдауға да болмайды», – деген ұлы мақсат (бірінші кітаптың «Жер жегісі» атты тарауында қазымырлана талданғанын ескерте кетеміз) алаш ұранды азаматтардың өзегін өртеген күйінді мәселе күйінде қалды. Күйінетін жөндері бар еді. Оларды күйіндірген С.Сәдуақасовтың пайымдауынша:

«Патша өкіметінің соңғы кезеңінің құдіретті бюрократы Столыпиннің өзі Қазақстан туралы: «Қырғыздарды (қазақтарды – Т.Ж.) жерге орналастыруды емес, қырғыз даласы (қазақ даласы – Т.Ж.) туралы ойлау керек, тұтастың мүддесі бөлшектердің мүдделерінен маңыздырақ (Столыпин мен Кривошейннің жазбалары. «По ту сторону Урала», СПБ, 1911 жыл)»,– деген «Ұлттар мен националдар туралы» сөзі еді.

Уақытша үкіметтің премьер-министрі Керенский де «қас дұшпанының сөзінен» алыс кеткен жоқ, ол өзінің мемлекеттік Думада сөйлеген сөзінде:



«Түркістан мен дала облыстары Тула немесе Тамбов облыстары емес. Ағылшындар немесе француздар өздерінің отарларына қалай қараса, біз де оларға солай қарауымыз керек»,– деп мәлімдеме жасады.

С.Сәдуақасовтың пікірінше, «ең әділетті, езілген ұлттарға қамқоршы» өкіметтің ең озық интернационалисі, ең үздік экономисі, Троцкий мен Бухариннен кейінгі Сталиннің ең басты қауіптенген қайраткері «...Рыков жолдастың өзі партияның ХҮ съезіндегі баяндамасында:



«Қоныс аудару жөніндегі жұмыстарды одан әрі күшейту қажет, ол ауыл шаруашылығының өндіргіш күштерін көтеруге көмектеседі, шаруалардың кедей және табысы аз топтарының жағдайын түзетеді, сөйтіп «аграрлық жағынан артық қоныстануды» азайтуға ықпал етеді»,– деп (сонда) Столыпиннің реакциялық жоспарын «тірілтті».

Рыков та бұл мақсатына жете алмай желкесі қиылды. Қытай компартиясының саяси бюросының мүшесі, ОК-тің төрағасы Лю Шаоци 1949 жылы маусым айынан тамыз айына дейін құпия түрде Мәскеуде болды. Сол кездесуде Сталин:



«Синьцзянды басып алуда жайбасарлыққа салынуға болмайды. Өйткені жайбасарлық ағылшындардың Синьцзянға сіңе кіруіне жағдай жасауы мүмкін. Олар коммунистерге қарсы азамат соғысын әрі қарай жалғастыра беру мақсатында мұсылмандарды, тіпті, үндістерді де қозғауы мүмкін. Оны былай қойғанда, Синьцзянда Қытайға шұғыл қажетті мұнай мен мақтаның мол қоры бар. Қытайлар Синьцзянда жан санының әрең 5%-тін иелейді екен. Синьцзянды алғаннан кейін, ондағы қытай тұрғындарының санын 30%-ке дейін арттыру ләзім. Қытай тұрғындарын көшіріп келу осынау кең-байтақ қазыналы өлкеге жан-жақтылы иелік ету және Қытай шекарасын өнімді қорғау үшін керек Өздеріңіз Ма Буфанның күшін мөлшерлеп көрдіңіздер ме, онда артиллериямен жабдықталған атты әскерлер (кавалерия) баршылық. Егер сіздер қаласаңыздар, біз оның осы атты әскерлерін тез арада талқандап, тоз-тоз ғып жіберетін 40 истребитель (қуа соққылаушы ұшақ) берейік»,– деп (С.Рахметұлы. Шығыс Түркістан және Монғолиядағы ұлт-азаттық қозғалысы. А. 2009) ұсыныс жасады.

Ол ұсыныс орындалды да. Шығыс Түркістанның байлығын өстіп шотқа қағып отырған Сталин Қазақстанды қалай уыстан шығарсын. Оның мақсаты Қазақстандағы орыстардың санын:



«1912 жылы қасиетті Синодтың жоспары бойынша, әрбір қазаққа екі қоныстанушыдан келсін» ,– деген (М.Есполов, «Алашорда қозғалысы», 2 том, 223-бет) межеге жеткізу.

Яғни, екі қарашекпенге бір қазақтан келтіріп, шоқындыруға дайындау болатын. Сталиннің бұл ойы көзі тірісінде емес, оның көзі солғанда Хрушев жүзеге асырды.

Осындай қастаншықпағыр саясатқа келіспеген Смағұл Сәдуақасовтың қызметтен босату туралы өтініші талқыланғанда, жаңадан сайланған екінші хатшы І.Құрамысов:

«Біз Ильичсіз өмір сүріп келеміз, Сәдуақасовсыз да өмір сүре аламыз» ,– деді.

Ал Голощекин әдеттегідей көбікауызданып кетіп, С.Сейфуллиннің «Төбет» туралы өлеңіндегі теңеуге жүгініп:



«...біздің байларымыз бен буржуазиялық интеллигенцияның ұлтшылдығы қандай момын. Шетінен мүттайым. Қараңыздаршы, қазан төңкерісінің алдындағы ұлтшыл күшік қазан төңкерісінен соң қандай төбет боп жетілді десеңші!», деп лепірді.

Өкінішке орай оның жаңадан тағайындаған «голощекиндік националдарды» таныстырып тұрып:



«...Мен, біз бәріміз бұл мәселеде қателессек, онда Қазақстанның бақытсыздыққа ұшырағаны», деген сандырағы дәл келді.

Олар Ильичсіз, Сәдуақасовсыз және «төбеттерсіз» елді басқара алмады, ақыры қазақ халқын бақытсыздыққа ұрындырып тынды. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев іріктеген бұл сілтемелер олардың саяси сүлдерін, портретін емес, сүлдері мен сықпытын анық танытады. С.Сәдуақасовтың Ғ.Тоғжановқа:



«Тек қана ленинизмге сүйеніп қазақ халқын басқаруға болмайды»,– деген пікірі өмірлік шындықтың тарихи заңдылығын дәлелдеді.

Иә, пайғамбардың ақ жолы мен Ильичтің сара жолы еш қабыспайтын. Тіпті «Ленин жолының» өзі тұйыққа тіреліп, ақыры «грузиннің сүзеген князі» (С.Қожанов) олардың барлығын Кремльден мүйіздеп шығарды.

1928 жылы 27 қаңтарда Алматыға «мырзақамаққа» жер аударылып келген Троцкий, қашан 1929 жылы ақпанда жасырын түрде Одесса арқылы шетелге жөнелтілгенше ерекше бөлімнің қызметкерлерін де, қазақ зиялыларын да біраз әбігерге түсірді. Кейбіреулерінің өмір жолын ажал камерасына бастады. Л.Троцкийдің 1927 жылы 11 наурыз күні бұрынғы Түркістан майданының қолбасшысы, «Түрккомиссиясының», РСФСР халық комиссарлары кеңесінің төрағасы, СССР мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасының орынбасары Г.Я.Сокольниковке жазған «Қазақстандағы саясаттың ұлттық тұстары» атты хаты сол кездегі республикада өтіп жатқан саяси тартыстан нақты хабар береді. «Алашорда» қайраткерлерінің тергеуі де соған орайластырылып, қыр көрсету мақсатында жүргізілгені күмән туғызбайды. Сондықтан да автономияның ішіндегі оппозициялық көзқарастан толық мағлұмат беру үшін бұл хатты қысқартпай назарға ұсынамыз:

«ж. Сокольниковке. Григорий Яковлевич! Мынау екі қазақ коммунисімен әңгімелескеннен кейін түртіп қойған жазбаларым еді. Қазақстандағылардың арасындағы қатынастар жайлы Сіз не білесіз? Қайткен күнде де Сіз түркістандық үлгі бойынша белгілі бір қорытындылар жасай аласыз ғой деп ойлаймын. 1 наурыз, 1927 ж. Л.Троцкий»,– деген тілшеден кейін өзінің 15 баптан тұратын ескертпесін жолдаған.

Мұндағы Троцкийге жолыққан екі оппозиционер: коммунист Смағұл Сәдуақасов пен Жалау Мыңбаев, не Смағұл Сәдуақасов пен Ыдырыс Мұстамбаев – деген тарихшылар Т.Омарбеков пен І.Қозыбаевтің жорамалына толық қосыламыз. Сонымен, Л.Троцкийдің жазбасына жүгінейік:



«Қазақстандағы саясаттың ұлттық тұстары: өз істеріне байланысты әңгімеде қазақ жолдастар төмендегідей ой-пікірлерін білдірді.

1. Шет аймақтар мешеу күйде. Олардың даму екпінін Москвадағы өмір дәрежесінен барған сайын кейін қалатындай емес, қайта сонымен теңелуге мүмкіндік беретіндей деңгейге көтеру керек. Біз бұл жерде жалпы даму мәселесінің осы аймақтағы ерекшелігін ескеріп отырмыз.

2. Одақтың нашар дамыған аймақтарына бөлінетін күрделі қаржы жуық арада өзін-өзі ақтай алмайды. Орталық мекемелердің мұндай қаржы бөлуге іштей немесе ашықтан-ашық қарсы болып отырғаны сондықтан.

3. РСФСР-дің басқарушы мекемелерінің жұмысына Қазақстан өкілдерінің араласуы «мүлде сезілмей» отыр. Сірә, дербес республика болып бөлінуге деген ниет бар болса керек.

4. Орталықтың қоныс аудару саясатына наразылық байқалады: қазақ жұртшылығы кеңес өкіметіне жер-су революциясы арқылы қатынастырылыпты; қазақ жеріне «көз аларта беру» қобалжу туғызатын болады. «Біз қоныс аудару саясатына қарсы емеспіз, бірақ, ең алдымен бұратана халықты жермен қамтамасыз ету керек қой», – дейді.

5. «Біз Қазақстанның жерге, басқа да мәселелерге мүдделілігі жайлы мәселе көтерейік десек: сендер патша саясатында кеткен кектеріңді қайтарғыларың келеді – деп кінәлайды. Біздің коммунист ретінде кез-келген мәселеге мемлекеттік тұрғыдан қарай алатынымызға мүлде сенбейді», дейді олар.

6. Мекемелерде аймақтардың барлық шаруашылық және мәдени мәселелерін ескі дәстүрмен шешуге үйреніп қалған көне мамандардың салмағы басым.

7. Ұлт коммунистері әбден жетілген, бірақ орталықтан жіберілген басшылар олардың адымын аштырмайды. «Бізді әлі пісіп-жетілген жоқ деп есептейді», – дейді олар.

8. Европалықтар мен қазақ коммунистерінің арасында меңіреу қабырға тұрғандай. Мүлде бөлектеніп өмір сүреді. Тіпті бірлесіп шахмат ойнағылары да жоқ.

9. Еуропалық коммунистер орталықтың жалпы бағытын ұстанып отыр. Олар принципті түрде сөз жарыстыруға да, пікір таластыруға да бармайды, мұның себебі – соңғылардың «шеттетілетігінде».

10. Ұлт өкілдерінің арасы қайнап-ақ тұр. Олар бірнеше топтарға бөлінген. Мұндай топшылдықты орталықтан жіберілген басшылар қолдап, тіпті, әдейі қоздырып отырады. Мақсаты не деймісіз? «Біріншіден, өз қожалығын нығайта түсу үшін; екіншіден, ішкі қайшылықтарды қоздыру арқылы орталық жүргізіп отырған саясаттың мәселелерін олардың назарынан тыс қалдыру үшін».

11. Қазақ коммунистерінің арасында үш топ бар: біріншісі – Голощекиннің маңындағылар, яғни, жоғарының нұсқауын орындау үшін неге де болса, қашан да даяр тұратындар, екіншісі – «солшылдар», олар да Голощекинді қолдайды, бірақ аз-кем тәуелсіздігі бар топ, үшіншісі – «оңшылдар», менімен сөйлескендер солардың өкілдері, айтпақшы «солшылдардың» өкілдері де «оңшылдарға» қосылып кететін көрінеді.

12. Келіспеушіліктің, жікшілдіктің сыры неде? «Бізді: байға қамқор болып, кедейді шөмішпен қағып отырсыңдар – деп кінәлайды, ақылға сиярлықтай кез-келген шараны айқын да дәл етіп түсіндіріп берсе, байларға қарсы өзіміз де қимылдар едік қой», – дейді бұлар.

13. Голощекин сөйлеген сөздерінің бірінде: «Қазақстанды кіші октябрьмен бір сүзіп шығу керек»,– депті. Бұл не сөз? Ол мұны түсіндірмеді де, нақты шараларын да айтпады. Қазақстандағы ішкі саясатта принципті түрде де, іс жүзінде де айта қаларлықтай алауыздықты аңғара алмадық. Мұның бәрі де РСФСР-ге қатысты мәселені көлегейлеп, ұмыттыру үшін қолдан жасалып отыр ма?

14. Менімен әңгімелескендердің екіншісі былай дейді: «Мәселенің құйтұрқы тұсы – Голощекин тобының ауыл мен деревняға деген көзқарасының бірдей еместігінде. Голощекиннің ойынша, орыс кулагын әжептәуір әлсіретіп және қорлап қойдық та, байды әлі қозғаған жоқпыз. Сондықтан, ауылдарды «октябрьмен бір шарпып өтпесе болмайды». Қысқасы, Голощекин орыс деревнясына азаматтық тыныштық орнатып, қазақ аулына азамат соғысын жариялағысы келеді.

15. Күннен-күнге кеудеден кері итеретін әдетке бой ұрып бара жатқан бюрократизм бізді тұншықтырып отыр, еуропалық және қазақ коммунистерінің арасында үнсіз араздық бар. Қорқыныш, екіжүзділік, бір-бірінің ізін аңду белең алып барады.

Жалпы жағдай туралы осы пікірлерде түсініксіз тұстар көп. Әсіресе, орыс деревнясы мен қазақ аулына байланысты нұсқаудың маңызы ерекше. Мәселенің мәні неде? «Оңшылдарға»: кулактарға ыңғай беріп отыр – деген кінә тағылатын секілді. Шындығында солай ма? Кейбір әкімдер: кулактарға болысып отырған ешкім де жоқ – дегенді желеу етіп, дамымай қалған облыстарда кулактарға болысып, өздерінің солшылдық беделін арттыруға, билік жүргізуді жеңілдетуге тырысып отырмаса неғылсын?

Владимир Ильич: шалғай шеттердегі орыс коммунистері көмекші, жөн сілтеуші болуға тиіс – дейтін. Ал, мұндағы «көмекшілердің» бірсыпырасы «қамқорлығына алғандардың» дыбысын шығаруға мұршасын келтірмей отыр. Жалпы алғанда, бұл ортадағылардың ой-пікірлері бір-бірінен мойны озып тұрмағандықтан, топ-топқа бөлінген коммунистердің де көзқарастарында нақтылық, тұрақтылық жоқ, ауытқу көп. Сондықтан оларды «оңшылдар» қатарына да, «солшылдар» қатарына да қоса салу оңай. Дегенмен Орталықтың бюрократизммен күресінің нәтижесінде жергілікті жерде ұлтшыл-байшыл идеологияның элементтері қалыптасуы да ғажап емес.

Неғұрлым мешеулеу дамыған халықтардың ұлт өкілдерінің ішінен жас, қабілеті барларын шетелге жіберіп, таптық күреспен жақынырақ таныстырып алса жақсы болар еді. Бізде олар бірден мемлекеттік-әкімшілік болмысқа тәрбиеленіп, қасаңсып кетіп жүр. Л. Троцкий».

Жоқты – идеяға, барды – тәргіге айналдыру большевиктердің ең қуақы саясаты болатын. Қазақ зиялыларына «троцкишіл» деген айдар таққызып, қасірет әкелген Троцкийдің осы сапарына қатысты мына бір оқиғаны да назарға іле кеткенді жөн санады.

Өжет те батыл, өткір тілді «орыс пен татардың қолбасшылығындағы қазақ полкінің» (өз сөзі) командирі Байкен Тыштыбаев бірде газет тігінделерін тиеп жүріп: «Кеңес мәдениеті жеңіл келеді, сондықтан да көтіңмен басып отырмасаң, аспанға ұшып кетеді»; сондай-ақ: «Қазақ полкін басқаратын қазақ туған жоқ», «1929 жылға дейінгі мал санын қалпына келтіру үшін үш немесе одан да көп бесжылдық керек», – деген сөздері үшін жауапқа тартылыпты. Оның үстінен кейін «намысты полковник» атанған Ә.Баймолдин көрсетінді жазған екен. Байкен Тыштыбаев 1937 жылы тергеушілерге:



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   44




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет