XIХ ғасырдағы қазақ әдебиеті
Сымбат
Дулат Бабатайұлының «Шаштараз» мысалы
Дулат жыраудың дастандарынан өзіне тəн ой-өрнегі, сөз кестесі анық көрініп тұр. Ақынның бірегей бітімді туындыларының ішінен «Шаштараз» шығармасын [2; 141–146] ерекшелеп айтуға болады. «Шаштараз» — мысал стилінде жазылған поэма. Мысалдың мазмұнына халық арасына кең тараған Ескендір патша туралы бір аңыз негіз болған. Аңыз бойынша Ескендірдің басында қос мүйізі болыпты-мыс. Патша оны жасырып жүріпті. Шашын қиып, тарап, күтіп тұру үшін сыр шашпайтын, аузына берік шаштараз таптырып, одан ант алып, сұрағанын беріп, шашын алдырып жүреді. Шаштараз уəдесін біраз күн ұстап жүргенмен күндердің күнінде уəдені бұзып алады. Қанша айтпайын деп жүрсе де, ол ішін кернеген сырды жасыра алмай, ақыры далаға оңаша шығып, жерге етпеттеп жатып: «Патшаның басында мүйізі бар» — деп қалады. Аузынан құпияның шығуы мұң екен, жел естіп, желден ел естіп тарап кетеді. Бейшара шаштараз аузына ие бола алмай басынан айрылады [3; 458–459]. Поэманың түйініндегі ой — ұстамдылық, сырға беріктілік үлкен қасиет. Осылайша, Дулат мысал жанрының алғашқы үлгісін жазып, қазақ əдебиетінде бұл жанрдың қалыптасуына септігін тигізді.
“Абай” операсында күйлері кеңінен пайдаланылған шертпе күйлер мектебінің негізін қалаған күйші, композитор туралы айт?
Тәттімбет Қазанғапұлы (1815 ж., қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туып, 1862 ж. қайтыс боған) – күйші-композитор, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі. Тәттімбет атқа ерте мініп, ел ісіне ерте араласқан адам. Батыс-Сібір генерал-губернаторы генерал-майор Фон Фридрихс Тәттімбет туралы арнайы жинаған мәліметінде мынандай дерек келтіреді: » Тәттімбет — ақ сүйектер әулетінен, бірақ көпестер гильдасына тіркелмеген. Қарқаралы округіндегі Нұрбике-Шаншар болысында 1842 жылдың 20 қаңтарынан 1845 жылдың 25 қаңтарына дейін болыс болды. Бұл жұмыстан өз арызы бойынша 1854 жылдың 29 шілдесіндегі бұйрықтың негізінде босатылды, қылмыс жасамаған, тергеуде, сотта болмаған » (ООМА, 3-қор, 3-тізім, 3902 -іс). Тәттімбет Ресей патшасы Александр II-нің таққа отыру салтанатына қатысқан. Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов, Григорий Николаевич Потанин, Адольф Янушкеевич сияқты оқымысты-ғалымдармен, Алшынбай, Құнанбай, Шорманның Мұсасы, Жайықбайдың Ыбырайы, Кішкентайдың Аққошкары, Сандыбайдың Ердені, Уәлиханның Шыңғысы сияқты дала шонжарларымен, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан-сал, Жаяу Мұса, Орынбай сияқты әнші-ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяк, Шашақ сияқты күйшілермен қадірлес-сыйлас болған. Бұл адамдар Тәттімбет көкірегінен күмбірлеп төгілген әсем күйлердің тұсауын кесіп, талғампаз сарапшысы болып отырған. Оның өнеріне Біржан сал:-« Тәттімбет — ардагерім, Арғын асқан, Қырық түрлі күй айналған бармағына», — деп сүйсінеді.
Тәттімбет талай-талай додалы күй айтыстарына түсіп, қарсыласын тосылту үшін, домбырада қалыс, шалыс, теріс, қосақ бұрауларын көп қолданған. Бұл дәстүрдің орнығуына мұрындық болған. Абайдың анасы Ұлжанға апа болып келетін Малқара қыз, Шұбыртпалыдан шыққан Итаяқ, Найман ішіндегі Шашақ сияқты дәулескер домбырашылармен Тәттімбет күй айтысына түскенде домбыраны бірде башпайымен қағып, келесіде ұстарамен тартып, енді бірде пернелерін қиып тастап тартып өнер көрсеткені туралы қызықты әңгімелер ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады. Домбырашылық өнер арғы ата-тегінен дарыған. Алғаш домбыра тартуды әкесі Қазанғаптың інісі Әлиден үйреніп, анасы Ақбөпеден тәрбие алған. Тәттімбеттің әр түрлі тақырыпты қамтитын 40-тан астам күйі бар. Тәттімбет күйлері өмірді терең түсінген, ойшыл, қиялшыл жанның сыры мен сезімін аңғартады. Ол негізінен лирикалық композитор. Шығармалары философиялық түйіндерімен астасып жатады, ал музыка тілі көңілге қонымды, тез жатталғанымен орындауға қиын, күрделі болып келеді. Тәттімбет күйлеріндегі лирикадық сарындар, әуен толқындары қазақтың кең даласы мен оның сұлу табиғатын суреттейді.
Тәттімбеттің кең таралған күйлерінің кейбіреулері:
«Сары жайлау» .Композитор “Сары жайлау” күйін Майдасары жайлауына қоныстанған кезінде, күз мезгілінде шығарған. Мұнда табиғаттың әсем суреті, жаз-сайрандағы рахатты шақтар бейнеленеді. Күйдің ішкі философиясы табиғатты суреттеу арқылы жаз думанын бастан кешкен адам өмірінің қайта оралмас бұралаң жолдарын табиғат мезгілімен салыстыруды мегзейді. Күй табиғаты сыршыл, қиялшыл, мөлдір лиризмге толы. Нәзік нюанстар мен әсем ырғақты иірімдер тыңдаушысын бірде желпіндіріп, енді бірде тәтті мұң толқынымен тербетеді.
«Былқылдақ» Тәттімбет күйлерінде негізінен өмір тартысы, тағдыр тауқыметі, сұлулыққа құштарлық, алыс арман, сарғайған үміт, өкініш сарыны баяндалады. Ал “Былқылдақ” күйі жер атына байланысты (елінде Былқылдақ атты сазды жайлау болған) шыққан. Күйдегі романтика – мың бұралған өзен ағысы, бұлақтың қоңыраулы сыңғыры, тоғайдағы құстың әсем үні сұлу табиғат тынысымен ұласып жатыр.
«Көкей кесті» Тәттімбет шығармаларының ең биік шыңы – “Көкей кесті” күйі. Бұл күйді сазгер өмірінің соңғы жылдарында шығарған. Мұнда халық шежіресінің ұлылығы мен ұлағатты ақыл-ойдың парасаты толғанады. Домбыра орындаушылық шеберлігінде кездесе бермейтін екі қолға бірдей вибрациялық діріл толқынын түсіру арқылы және саусақтардың қарымен жоғары қарай орап қағу “Көкей кестінің” өте күрделі туынды екендігін көрсетеді. Күйдегі орындаушылықтың жаңа пошымы, яғни шерту тәсілдерінің сан қырлы өрнегі – Тәттімбеттің күйшілік мектебін даралай түседі.
«Сылқылдақ» Сөйтіп, ол домбыра үніне “жан бітіреді”, күйдің табиғатын, сырын ашады. Тәттімбет лирикасының тағы бір қырын ашатын “Сылқылдақ” күйі. Бүл күйді композитор өзімен күй сайысына түсіп, өнер көрсеткен домбырашы қызға арнап орындаған. “Сылқылдақ” күйінің музыка тіліндегі күміс қоңырау үні, әдемі әуені тыңдаушыға ерекше әсер қалдырады. Күй бойынан жастық жалын мен өмірге құштарлықтың лебі еседі. Күй сарыны Тәттімбетке тән композициялық ерекшелік қолтаңбасын даралап, оның шертпе күйдегі нақышын танытады.
«Қосбасар» Тәттімбеттің “Қосбасар” күйінің бірнеше түрі бар. Осы аттас күйлер Тоқа, Әбді, т.б. халық күйшілерінде де кең өріс алған. Әр “Қосбасардың” өз тарихы, айтары бар. Тәттімбет “Қосбасарлары” туған жер табиғатын, халық өмірін суреттейді.
«Бес төре»Тәттімбет тек күйші ғана емес, сөзге ұста, шешен, шыншыл, әділетті көксеген ақын жанды сері адам болған. Композитор “Бес төре” күйін халықты қыспаққа алып, жәбірлеген атқамінерлерге арнап шығарған. Бұл юморға толы туынды. Тәттімбет қоғамдық болмысқа сын көзімен қарап, өзінің шығармалық туындысы арқылы әлеуметтік бағытын аңғартады. Тәттімбеттің жалпы бізге белгілі 40-тан астам күйі бар. әттімбет күйлері өмірді терең түсінген, ойшыл, қиялшыл жанның сыры мен сезімін аңғартады. Ол - негізінен лирикалық композитор. Шығармалары философиялық түйіндерімен астасып жатады, ал музыка тілі көңілге қонымды, тез жатталғанымен орындауға қиын, күрделі болып келеді. Тәттімбет күйлеріндегі лирикадық сарындар, әуен толқындары қазақтың кең даласы мен оның сұлу табиғатын суреттейді.
Достарыңызбен бөлісу: |