Алдын-ала дайындық жұмыстарына: аумақты санитарлық-гигиеналық тазалау, алғашқы тегістеу жұмыстары, жоспарлау жатады.
Алдын-ала дайындық жұмыстарының көлемі мен сипаты, аумақтың орналасу орны мен көлеміне, жер бедеріне, сонымен бірге қоқыстар мен құрылыс қалдықтарының болуына байланысты. Ең басты назарда өсіп тұрған өсімдіктерді, шым
қабаты мен топырақтың гумус қабатын сақтау болуы керек. Өйткені бұл жерде болашақта ағаш отырғызылып, көгал шөп құрылуы керек. Көп жағдайда көгалдандыру зерзатының құрылыс жанында сынған кірпіш пен әйнек, қиыршық тас, металл кесінділері, сынған бетон плиткалары кездеседі. Ал кейбір құрылыс нысандарында бұзылған кірпіш қабырғалары, ескі фундаменттер мен электр бағаналары, ағаш материалдарының қалдықтары кездеседі. Сонымен бірге әр түрлі қоқыс қалдықтары, ағаш ұнтағы, ескі жапырақтар, қурап кеткен ағаштар, ескі түбіртектер, желден сынған ағаштар кездесуі мүмкін.
Аумақты қоқыстан тазалау өте қажетті қиын әрі күрделі жұмыс. Кейбір құрылыс қалдықтарын болашақ құрылысқа пайдалануға болады. Сондықтан қоқыс қалдықтарды іріктеп алу керек. Қажет материалдарды кірпіштерді, тастарды автокрандармен машиналарға тиеп, аумақ сыртына шығарамыз. Ескі құбыр жүйелерін, электр бағаналарын, фундаменттерді бұзып, аумақтан шығару керек. Бұл жұмыстарды қатаң түрде еңбек қауіпсіздігін сақтап жүргізу керек.
Алғашқы тегістеу жұмыстары вертикалды жоспарға сәйкес жүргізіледі. Ең алдымен бұзылған қабырғалар мен фундаменттерді шұңқырлар мен ойыс жерлерге төгеміз. Бетін сары немесе құмды топырақпен жабамыз. Ағаш отырғызылатын жерлерге ұсақ құрылыс қалдықтарын (40-50%) төгуге болады. Таза құрылыс қалдықтарын аллея немесе алаңшалар болатын жерлердегі шұқырға көму керек. Химиялық және органикалық қоқыстарды аумақтан сыртқа тасу керек. Аумақты тегістеу жұмысында құнарлы топырақты сырттан тасымау үшін, сол жердің топырағын тиімді пайдалану керек.
Жерді тегістеу жұмысын бастамас бұрын, қай жерде құнарлы топырақ пен жақсы шымды қабат барын анықтап алу керек. Оларды учаскеден тыс жерге тасып әкетеміз. Кейін тегістеу жұмысы аяқталған соң, жақсы шымдарды көгал құруға, ал құнарлы топырақты ағаш отырғызуға пайдаланамыз. Кедір- бұдырлы дөңес жерлерді тегістеу, шұңқырларды толтыру механизмдермен жүзеге асырылады. Ол үшін бульдозерлер, скреперлер, автогрейдерлер пайдаланылады.
Достарыңызбен бөлісу: |