Төсем (төсеніш) бақты жобалаудағы ең маңызды бөлшектердің бірі болып табылады. Саяжолдың, жолдар мен алаңдардың үстіңгі қабатының фактурасы яғни, мысалы, декоративті бетон тақтасы, қиыршық тас, шағыл тас, ірі тас, ағаш жиектер, клинкер түрінде өңделуі бақтың ландшафтық дизайнының көркемдігі әсерін береді. Шағын жер телімдеріне төсеніш жасаудың ерекше өнерін жапондық бақтардан немесе испан-мавритандық «патио» бақтарынан көруге болады.
Бедер пластикасы кіші бақ жобасын жасауда ерекше рөл атқарады. Топырақ үйінділері және төбешіктер, шағын бөктерлер мен кіші-гірім ойпаттар жердің тірілу әсерін беріп, көзге ерсі көрінетін жайсыз жерлерді жасыруға, жалпы айналаны әрлеуге, тіреуіш қабырғалар мен баспалдақтарды жасауға мүмкіндік
береді. Үстіне тас қойылып, гүлдер егілген Альпы төбешіктері, бөктері жазық, гүлзарлы көгал төбешік, жазық террасалар мен төмендетілген алаңқайлар кіші бақ кеңістігіне әралуандылық әсерін беруге мүмкіндік туғызады.
Тастақ бақтар, Альпы төбешіктері (рокарийлер) кіші бақтың ерекше декоративті әсерін туғызады. Олар көбінесе күнгей баурайларда қалың ағаштардан 3-5 м қашықтықта орналастырылады. Тастақ бақтар мен рокарийлерді қиябеттер мен тіреуіш қабырғаларды пайдаланып, топырақтан жасанды төбешіктер мен төбелер жасап, толқынды жер бедеріне орнатқан жөн. Таудың ортасына (биіктігі 1,5 м дейін келеді) бетон қаңқадан жасалып, әртүрлі тастармен әрленген сарай орнатылады, оның пішіні әртүрлі, көптеген жағдайларда сопақ болып келеді.
Тастарды орналастырған кезде жер бедерінің ерекшелігін ескеріп, оларды табиғиға жақындатып топтастыру қажет. Мүк пен қына басқан айрықша әдемі тастар жапон әдісімен ең ашық жеріне орналастырылады. Тастардың құрамы бірдей болмауы керек, көлемі де ең кішіден ең үлкенге дейін болып келуі тиіс, шағын ғана тасты өзен жасауға болады. Мәні бойынша тастар ағаштар сияқты заңдылықпен топтастырылады. Тастардың барлығының үштен бір бөлігі жерге кіргізіліп қойылуы керек.
Тастақ бақтарға аласа ағаштар мен бұталарды отырғызады (аршаның әртүрлі типтері мен пішіндерін, “Conica” шыршасын, тау қарағайын, бұталардан – бөріқарақатты, спиреяның тауда өсетін түрлерін, магонияны, қызылдарды), баданалы (қызғалдақ) және түйнекбаданалы (крокустар) өсімдіктерді, көпжылдық гүлдерді (қалампыр, драцена, седума т.с.с.), папоротниктерді және тағы басқа жер жастанып өсетін өсімдіктерді отырғызады. Аса биік және жайқалып өсетін өсімдіктерді алмаған жөн.
Су әсерлері. Кіші бақта көбінесе кіші-гірім су қоймалары жасалады. Олар еркін пішінді, ағын сулы немесе бұлақты, тастақ бақпен үйлестірілген тоған түрінде немесе әртүрлі пішінді декоративті хауыз түрінде болуы мүмкін. Олар көбінесе әртүрлі пішін мен әртүрлі фактураға келтірілген таспен, сәндік бетон тақталармен әрленеді. Әдетте шомылатын хауыздар ағаштардан аулақ қойылады (ағаштың жапырақтары суға түспеуі үшін), ал сәндәк хауызды бақтың көлеңкелі бұрышына жасауға болады. Ол суға судың бетін ерекше әрлендіретін су өсімдіктерін (тұңғиық,
лалагүл, түрлі түсті нимфеяларды) өсіруге болады. Ол гүлдерді батпақ топырағы салынған бетон жәшіктерге немесе себеттерге отырғызады.
Бақтың ішінде бұлақ ағып тұрса, тіпті жақсы. Ландшафтық дизайнға: су бойына төселген тар тақта жолдар кіреді, олар су айдынының еркін пішінін айқындайды; су жағасында жасанды құм жағажай жасауға болады; кіші-гірім су бөгеттерін орнатып, құламалар мен сарқырамалар жасауға болады. Гүлді өсімдіктерді (гемерокалис, монарда, таушымылдық, қызғалдақ) және жапырақты бұталарды топтастыру жолымен, папоротниктерді, аласа аршаларды отырғызу арқылы пейзажды әдемілеп әрлеуге болады. Бақтың көлеміне сыйған жағдайда, шағын талдар мен шыршаларды отырғызуға да болады. Әдетте кіші бақта субұрқақтар басқа өсімдіктермен әрлемей, газонға немесе төсемге орнатылады.
Достарыңызбен бөлісу: |