«050205 Филология. Қазақ филологиясы» (мамандықтың/мамандандырудың шифры және атауы)



бет27/43
Дата22.02.2022
өлшемі0.8 Mb.
#455637
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   43
Айтыс-УМК

Дәріс мәтіні (тезис)
Ақындар айтысы — қазақ халқының өте ұзақ тарихқа ие, формасы мен түрі өте көп, халықтың нақтылы өмірін, қоғамның шынайы келбетін бейнелейтін, қазақ ұлтының мәдени өмірінде кем болса болмайтын, тамаша ұлттық көркемөнерінің бірі. Ақындар айтысы сонау тарихтан бері қазақ халқының түрлі салтанатты тойлары мен әр түрлі құттықтау - қимылдарының көрермендерін баурайтын, сән-салтанатын асыратын көркемөнер екені көпке аян. Ақындар айтысы ежелден бері халыққа қорған болған батырлар, халық жүрегіне шам жаққан ардагер алыптарды, даналарды жырлаумен бірге ынтымақты, ізгілікті, өнер-білімді жырлап, қалың халықтың қуанышына ортақтасса, енді бір жағынан ел арасындағы надандық, әділетсіздік, жемеңгерлік, жалқаулық, күншілдік сияқты ұнамсыз жақтарды да өткір тілдері арқылы шыншылдықпен шенеп, халықтың ортақ тілегімен үндесіп отырады. Тарихқа көз жіберсек ақындар айтысының қазақ халқының мәдениет өресін биіктетіп, ұлт сапасын өсіруде атқарған ролі өте зор болғанын біле аламыз.
Қытай қазақтарының ақындар айтысы ұзақ тарихқа ие. Сол тарихтағы ел аузында сақталып бүгінге жеткен айтыстардан Бәтіш пен Рамазанның айтысы, Әсет пен Қызыр төренің айтысы, Отарбай мен Қалидың айтысы, Отарбай мен Ғайшаның айтысы, Отарбай мен Гүзжазираның айтысы, Мешел мен Тауданбектің айтысы, Асылқан мен Нұрипаның айтысы, Асылқан мен Танидың айтысы, Бәтіш пен Әсауидің айтысы, Таңжарық пен Қойдымның айтысы, Қаныбек пен Аппақтың айтысы, Мағауия мен Таһырдың айтысы, Аппақ пен Нөкербектің айтысы, Сұлубай мен Гүлсімнің айтысы, Рамазан мен Жамалдың айтысы, Арпабай мен Мәусипаның айтысы, Ақшынпу мен Тұрсынның айтысы, Қажет пен Зәмештің айтысы, Кәсімбай мен Гүлғайшаның айтысы қатарлы 100-ге жуық әйгілі айтыс ел аузында сақталған. Осы айтыстардың көбірегі негізінен Цин зиянның баспасөзінде жарияланды. Бұдан басқа айтыстың жоқтау түріндегі, көріс түріндегілері де көп. Ал, бір бөлім Ақыт Үлімжіұлы, Ахмет Сенбайұлы, Дәуіт , Абдолла қатарлы ақындар тарихта хат арқылы өлеңмен айтысқан екен. Осы төрт ақынның қағаз бетіндегі айтыстары да “Шалғын”, “Мұра” қатарлы журналдарда жарияланды. Осы айтыстардың көбі кейін “Қазақтың байырғы айтыстары” деген атпен цинзиян жастар-өрендер баспасынан жеке кітап болып шықты. Цинзиян қазақтарының ақындар айтысы Мәдениет зор төңкерісі кезінде аздап тосқындыққа ұшырағанымен төңкеріс ақырласа сала, аудан, аймақтарда үкімет орындары арнаулы қаржы шығарып, ақындар айтысын қайтадан ұйымдастыра бастады. 1970- жылдардың басында Алтай аймағында, Тарбағатай аймағында, Іле аймағы қатарлы орындарда арт-артынан ақындар айтысы өткізілді. Осы қатарда Санжы доңған автономиялы обылысының Құтыби, Манас, Мори аудандарында шағын-шағын көлемде ақындар айтысы өткізілді. 1960-жылдарда Іле Қазақ автономиялы облысының тұңғыш кезекті ақындар айтысы өткізілген болатын. Содан дәл қазірге дейін Іле қазақ автономиялы облысының ақындар айтысы 13 кезек, Алтай аймағының ақындар айтысы 14 кезек, Тарбағатай аймағының ақындар айтысы 14 кезек, Санжы Доңған автономиялы облысының ақындар айтысы 6 кезек өткізілді. Ал ,Үрімжі қаласы сияқты орындарда да бір неше жылда бір рет ақындар айтысы өткізіліп келеді.
Қытай қазақтарының ақындар айтысы мейлі, облыста өткізілсін, аймақ, аудандарда өткізілсін айтыстың шығымын бүкілдей сол орындардың үкіметі үстіне алады.
Мәдениет төңкерісінен кейін ақындар айтысын жоспарлы түрде ретті өткізуді жолға қойды. Іле Қазақ автономиялы облысы әр 3 жылда бір рет, Алтай, Тарбағатай аймақтары 2 жылда бір реттен, Іле Қазақ автономиялы облысының аудандары негізінен жылына бір реттен өткізуді жалғастырып келеді.
1999 жыл тамыз айында Үрімжіде Цинзиян ұйғыр автономиялы районының түңғыш кезекті ақындар айтысы өткізілді. Бұл айтысқа Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарынан Боратола моңғол автономиялы облысы, Санжы доңған автономиялы облысы, Құмыл аймағы, Үрімжі қаласы қатарлы 9 орыннан 50 ақын келіп қатынасты. Осы кезекті ақындар айтысының жабылу салтында Цинзиян ұйғыр автономиялы районының ақындар айтысын әр бес жылда бір рет өткізіп отыру қарарға алынды. Келесі жылы 2004 жылы өтілетін цинзиянның екінші кезекті ақындар айтысына қазір дайындалу үстіндеміз.
Қытай қазақтарының 40 жыл уақыт ішінде 70 реттен артық ақындар айтысын өткізуі, Қытай қазақтарының үлкен бір топ ақындар қосынын қалыптастырды. 1960 жылдарда ақындар айтысының саңлақтары болған Боздақ Дүзбенбетұлы, Ысмағұл Қалиұлы, Айт Қапсалаңұлы, Дәулетқан Құраласұлы, Солтан Мәжитұлы, Мәдіхан Жақсыбайқызы, Бүбімари Жақыпбайқызы қатарлы қарт ақындардың алды бізбен мәңгілікке қоштасып үлгерді. Ал, бұдан кейінгі 70 жылдан 80-жылға дейінгі 20 жыл ішінде ақындар айтысында биік өремен бой көрсеткен Құрманбек Зейтінғазыұлы, Жамалқан Қарабатырқызы Әлқыдыр, Бердіқан Абайұлы, Зият Көбегенұлы, Күлан Қуанбекқызы, Халық Шайқыұлы қатарлы ақындарымыз бұл күнде жастары егделеп қалса да, ақындар айтысының шымылдығын өздерінің тамаша отты өлеңдерімен ашып, кейінгі жас ақындарымызға өнер жағынан үлгі болып , үнемі құрмет сыйлығын алып келеді.
1990 жылдардан бергі айтыстарда өз таланттарымен жұрт жүрегінен орын алған Қайрат Құлмұқамедұлы, Еркін Ілияұлы, Әбдіғани Базылханұлы, Мақан Байдүйсенұлы, Гүлбайрам Абдоллақызы, Айғаныш Дәлелханқызы, Ғазиза Тоқайқызы, Зура Тілеуқызы, Гүлнұр Оразбайқызы қатарлы жас ақындар әр кезекті ақындар айтысының жүлдесін алып келеді.Олармен қатар Ержанат, Бауыржан, Нұрзия қатарлы 14-15 жастардағы бала ақындарымызда бой көрсетіп, қазақ халқының айтыс өнерінің болашағынан үлкен үміт күттірді.
Қытай қазақтарының ақындар айтысының тағы бір ерекшелігі айтыстар үнемі малшылар жиі орналасқан көркем жайлауларда (Алтайдың Қанас, Нарынқаба, Үштас, Екіөткел, Арал, Жаятас жайлауларында Тарбағатайдың Қоңыроба, Ақшоқы, Ұлужан, Мыңбұлақ, Ласты жайлауларында, Іленің Шақпы, Ақөзен,Шашы, Қас өзені, Сайрам көлі) өткізіледі. Бұл қазақтың ақындар айтысының ұлттық ерекшелігін әйгілесе, енді бір жағынан қалың малшы қауымның осы бір тамаша өнерден ләззат алып, құдыретін түсініп, рухани жақтан серпілуіне жебеу боып отыр. Қайсы орында өткізілсе де Жақсы безендірілген 100-ден 300-ге дейін киіз үйлер тігіліп, Жайлау төріне көркем сахара сақнасын жасап, айтысты сонда өткізеді. Ақындар айтысын өткізетін орындар картаға түсіріліп жоба жасалып, сонан соң барып үй тігіледі. Мысалы: 2000 жылғы Алтай аймағының 13 кезекті ақындар айтысы Көктоғай ауданының Сақбұлақ жайлауында 200 киіз үй жаңа ғасырдың құрметіне екі мың деген әріп үлгісінде тігілген. 2001 жылы өткізілген Іле қазақ автономиялы облысының 13 кезекті ақындар айтысы Күнес ауданының Ақ өзен жайлауында өтті. 300 киіз үй ұшып бара жатқан аққу формасында тігілді. Көрермендердің ұзын саны 40 мың адам ретке жеткен. Ақындар айтысымен қатар ат бәйгесі, теңге ілу, жорға бәйге, көкпар тарту, балуан күрестері де болады.
Қытай қазақтарының ақындар айтысы жалаң ақындар айтысы ғана болмай, жыр мұшайрасы, күй шерту, ән, терме орындау қатарлы мазмұндармен ақындар айтысының мазмұнын байытып, жыл сайын көлемі кең мәдени қимылға қарай дамытылып келеді. Мұнымен қатар айтыс аяқтала сала киіз үйлерді бағалау болады. Бұл адамзат мәдениетінің бір бөлшегі болған киіз үй мәдениетін дамытуда, көркейтуде орасан зор жетекші рөл атқарып, халықтың киіз үй жасау оны безендіру өнерін жетілдіру жағында тамаша табыстарға қол жеткізді. Айтыс өткізілген орындарда қазақ саудагерлері түскиіз, сырмақ, ер-тұрман, күміс кісе, зерлі тақия, түлкі тымақ сияқты ұлттық қол өнер бұйымдарын жәрмеңкеге шығарады.
Қытай қазақтарының ақындар айтысына Цинзиянның негізгі басшылары болған Ерғали Әбілқайырұлы, Құрманәлі Оспанұлы, Жанәбіл Ысағұлұлы, Асығат Керімбайұлы қатарлы басшылар қатысып, ақындар айтысын қолдап, қуаттап келеді. Соның арқасында қазақтар шоғырлы қоныстанған облыс, аймақ, аудандарда айтыс өткізу арнаулы күн тәртіпке түсіп, белгіленген уақытта өткізбесе болмайтын тұрақты мәдениет қимылына айналды. Қытай үкіметі арнаулы қаржы бөліп, қытай қазақтарының ақындарынан және басқа өнерпаздарынан үйірме ұйымдастырып, Түркия, Қазақстан, Моңғолия қатарлы елдерге өнер көрсетуге жіберіп, олардың бір жағынан өнер көрсетіп, бір жағынан, сол жерлердің ақындарымен айтысып, қытай қазақтарының ақындар айтысының деңгейін халық арасына танытуға күш салды.
1998 жылдан бері әр кезекті ақындар айтысы реттеліп кітап болып шығарылып келеді. Бұдан тыс Құрманбек Зейтүнғазыұлының, Жамалқан Қарабатырқызының, Бердіқан Абайұлының, Бүбімари Жақыпбайқызының айтыс жинақтары Цинзиян халық баспасынан жарық көрді. Зият Көбегенұлы, Күлән Қуанбекқызы, Халық Шайқыұлы, Қайрат Құлмұхамедұлы қатарлы ақындардың айтыс жинақтары 2003 жылы Цинзиян халық баспасынан шығу алдында тұр.
Қытай қазақтарының ақындар айтысы туралы қытайдағы зерттеушілер ақындар айтысының тарихы және оның түрлі ерекшелігі , даму болашағы туралы көптеген зерттеу мақалаларын жариялады. Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы өзінің мемлекттік жоспарына енгізіп, Цинзиян қоғамдық ғылымдар академиясы әдебиет институтының бастығы аға зертеуші Бексолтан Кәсейұлына “Айтыс— сөз барымтасы” деген тақырыпта ғылыми зерттеу кітабын жаздыруда. Қытай қазақтарының ақындар айтысы үздіксіз өткізілу арқасында көлемі кеңейіп, ақындардың да сапасы біртіндеп көтеріліп келеді. Ақындар айтысы белгіленген мерзімде өткізілетін жүйеге түскен қимылға айланды.
Қазақ халқынынң ақындар айтысы – жыл сайын мазмұндық жақтан да, өткізу формасы жағынан да белгілі жүйеге түсіп, кемелденіп, қазақ халқынынң төрт тұрманы сай тамаша айтыс мәдениетін қалыптастырды. Бұл қазір халық арасындағы халық әдебиетін зерттеуші мамандардың назарын аударып отыр. Біздің ақындар айтысымызға қазір шет елдік көрермендер де қатынасып, тіл білетіндері тіке тыңдаса, тіл білмейтіндері аудармашылар арқылы мынау керемет сөз сайысының қолма-қол жауап тауып, оны ұйқасқа түсіріп онан соң тамылжыған халықтық әуенмен домбыра арқылы орындап отыратын ерекше көркемөнерлік құдыретіне қайран қалуда. Осы тұрғыдан алғанда ақындар айтысы қазақ халқын және қазақ халқынынң ұлттық мәдениетін, туысқан ұлттарға, сондай-ақ, дүние жүзіндегі басқа да халықтарға танытатын ерекше өнер түрлерінің бірі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   43




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет