«050205 Филология. Қазақ филологиясы» (мамандықтың/мамандандырудың шифры және атауы)



бет35/43
Дата22.02.2022
өлшемі0.8 Mb.
#455637
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   43
Айтыс-УМК

Асау атқа байланған торсық құсап


Ел болып есімізді жия алмадық.
(Мұхамеджан. Қуанышпен айтысынан).
Туған мен туылған сөздерінің айналасындағы айтыстың жүріп жатқанына ондаған жылдар болып қалды. Осы сөздің ырықсыз етіс тұлғасындағы вариантының қолданыстағы артықышығын пікір айтушылардың басым көпшілігі қуаттайды. Қалай болғанда да, көңілге қораш тұлғадан құтылмай келе жатқанымыз өкінішті.
Осы ретте бір қайшы, сонысымен қызықты әдетті айтпасқа болмайтын сияқты. Туылған түрі, негізінен оңтүстік қазақтарының тіл ерекшеліктері ретінде қарастырылады, демек, солтүстік, шығыс, батыс аудандарда кездеспейді десе де болады. Ал айтыскерлер тіліне назар аударсақ, керісінше жай көлденеңдей береді. Жамбылдық Мұхамеджан туар (туылар емес) түрінде айтады:
Бір үйден самғадық деп отырсың,
Үнімен елді баулар ұшқан ұлар.
Сен солардың жатасың қайсысына,
Жұмыртқадан жылан мен құс та туар.
(Мұхамеджан. Дәулеткереймен айтысынан).
Батысқазақстандық Жібек пен қарағандылық Аманжол туылған (туған емес) түрінде жұмсайды:
Замана түлкі болып құбылғанмен,
Біз, сірә, тазы болып туылмадық.
(Жібек. Аманжолмен айтысынан).
Байқаймын, белің бекем,
Ұл едің өнер үшін туылғандай
(Аманжол. Мұхамеджанмен айтысынан).
Қостанайлық Әсия да бала табу мағынасында туу сөзін кірістіріп отырады:
Туыңдар әрқайсысың да бір-бір Мұхит,
Кең дала қазағыма көп болмайды.
(Әсия. Қалимолламен айтысынан).
Келінің туса егер, Мұхит қоям
(Әсия. Сол айтыстан)
Қуаныштың татырмыз ғой, Салауаттың сенмені (сенімен деудің) орнына жарасып тұрған жоқ. Сөздің нәрі мен табиғилығын ескеруден гөрі, ұйқас қуалаудың әсері басым болса керек:
Сұрасаң талай сөзге татырмыз ғой,
Тігіліп, ортақ-үлкен шатырмыз ғой.
(Қуаныш. Серікпен айтысынан).
Аққудай аппақсың-ау көлге келген,
Шарықтап өрге шықтым мен де сенмен.
(Салауат. Жібекпен айтысынан).
Айтыс тіліне қатысты бұл атап көрсетілгендер – түйедей жетістіктердің қасындағы түймедей кемшіліктер деп қабылдануға лайық. Келешегі зор жастар болғандықтан, жетіспеушіліктер мен кемістіктерді айқын айтуды міндетіміз санадық.
Түйіндей келгенде, айтыс өлеңдерінің синтаксисінде поэзияға тән сөз иірімдері, сөйлем мүшелерінің мағыналары мен орын тәртібінің сан алуандығының арқасында ойды ашық, тиісті жерлерінде астарлап жеткізудің әр түрлі тәсілдері пайдаланылған.
Балғынбек қолданған “Елбасы”, “егемендік”, Аманжол қолданған “байрақ”, Әселхан қолданған “бостандық”, Мұханбетқали қолданған “нарық” сөздерінің барлығы да еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қолданыла бастаған сөздер. Бұл сөздердің барлығы да бұрыннан тілде бар атауларға жаңаша мән берілу арқылы, түрлендіру негізінде пайда болған. Бұл сөздер бұрынғы айтыс тілінде кездеспейді. Бұдан шығатын қорытынды: қоғамның өзгеруі, заманның толысуы айтыс тіліне әсер етуімен қатар, өзіндік таңбасын қалдыратындығы. Яғни, айтыс тілі де өз заманымен ілгерлеп, толысып отырады. Мысалы:
Бекарыс қолданған “Президент”, “кришнаит” сөзі, Мұхамеджан қолданған “шенеунік”, “метро”, “мавзолей” сөздері Әнуардың “доллар”, “казино” сөздері, Қуаныштың “инкубатор” сөздерінің барлығы қазіргі айтыс тіліндегі жаңа қолданыстағы сөздер. Бұлардың ішінде өмір-бақи тілімізде болмаған жаңа ұғымдардың пайда болуымен жасалынған сөздер де бар. Қазіргі ғылыми-техникасы жетілген, әлемге есігі айқара ашылған заманның талабына байланысты тілімізге енген кейбір кірме сөздер сол қалпында қолданылып, қазіргі айтыс тіліне өзгеше бір өрнек беруде. Олардың казино-ойынхана, Президент-елбасы, метро-жер асты жолы деген балама атаулары бола тұра, тілімізге қалай енді солай қолданылуының өзі, қоғамдық даму әрекеттерінің тілге тигізген әсері. Бұған дейін тілімізде бар “мавзолей” сөзінің қазіргі айтыс тіліндегі берілген мағынасы мүлде жаңа. Кеңестік дәуірде “мавзолей” десе, коммунистік партияның көсемі Лениннің мүрдесі жатқан орын деп білетінбіз. Енді қараңыз, Мұхамеджан өзінің өлең жолдарында сөз атасы Майқы биге “мавзолей” орнатпақшы.
Тәсірлі сөзді айтсаң қуанайын,
Тас үңгірден тарихи сөз тапқандай.
Түгел сөздің түбірін қопарып айт,
Майқы биге мавзолей орнатқандай.
(Мұхамеджан-Балғынбек)
Тілімізге басқа тілден еніп кірігіп кеткен “мавзолей” сөзіне жаңа мағына беруі ақынның үлкен шебер иесі екенін аңғартады.
Қазіргі айтыс тіліндегі енді бір жаңалық теңеудің сонылығы. Бұрынғы айтыс тілінде батырларды Алпамысқа, Қобыландыға, дананы Аяз биге, жомарт адамды Атымтайға теңесе, қазіргі заманда батырды Американың әлемге әйгілі боксшысы Тайсонға, Холифилдке, дананы Менделеевке, жомартты Нобельге теңейді. Мысалы:
Бұл бүгінгі заманның, жаңалықтың бейнесі. Көріп отырғанымыздай айтыс ақыны көрерменді, тыңдарманды өзіне елітіп әкетуі үшін әлемде болып жатқан барлық жаңалықтан хабардар болуы керек. Бұл ақынға қойылатын үлкен талап. Болып жатқан өзгерістерді тіліне тиек ету арқылы, сөздік қолданыстары үнемі құбылтып отыруы арқылы ақын өзгелерден өзінің ерекше екенін көрсетеді. Жаттанды сөздерді қайталай берсе, тыңдарманды жалықтырады да, көпшіліктің айтысқа деген сұранымы да азаяды.
Халық дегеннен гөрі құдайдың құлақ кесті құлдары, несібесі бар дегеннен гөрі бармақтай бағы бар, жығу дегеннен гөрі мұрттай ұшу, шаршап жүр дегеннен гөрі мұрнынан сүрінігу, семіз дегеннен гөрі уызына жарыған деген сөз тіркестері мағына жағынан әлдеқайда басым түсіп тұр. Мұндай сөз қолданыстары айтыс тілін тартымды да, құдіретті етпек.
Айтыс тіліндегі сөздердің соншалықты жіктесіп жатуының бірі, ақынның синонимдерді қыбын тауып орнымен үйлестіріп жұмсай білуінде. Соңғы кездері сахнаға шығып жүрген айтыскер ақындарымыздың арасында халықтың көңілінен шығып, жұртының жүрегіне жол тауып жүрген саңлақтарымыз аз емес. Ақындар мәндес сөздердің нәзік мағыналық ерекшеліктерін дұрыс аңғарып, керекті жерінде лайықтап қолдана білгендіктен олардың сөзі соншама мәнерлі де тартымды болып шығады.
Мысалы, шөкелету – тұралату – жапыру синонимдерін өз орнымен қолдана алуы – Бекарыс тілінің өзіне тән ерекшелігі. Ол синонимдерді ойнақы қолдануымен тілінің дәмділігін арттыра отырып, тыңдарман жүрегіне жол салады.
Бірнеше синонимдер белгілі бір ұғымды толық қамтып көрсету мақсатымен қатар-қатар қолданылуы да айтыс тілінде бар. Мысалы:
Өр түрік, алты алаш, елім менің,
Сарыарқа ата-қоныс жерім менің.
Сәкендей сұңқар ұлын есіне алған,
Ассалаумағалейкум, елім менің.
(Аманжол)

Талайды тас қаптырғам тас тіліммен,


Тай едім жас күнінен бас білінген.
Абайдың айтысында шапқан ұлмын,
Тіресіп талай арлан, қасқырыңмен.
(Мұхамеджан)
Қатар қолданылған синонимдер бір-бірінің мағыналарын толықтырып, алғашқысында кездеспеген реңк кейінгісінен табылып, бүтін бір ұғымның әр түрлі белгілерін жан-жақты қамтып көрсетеді. Қасқыр, арлан мағыналас сөздер қатар келіп, алдыңғысы соңғысын анықтап, мағынасын күшейтіп тұр. Мұндай сөзді тіл білімінде плеоназм дейді.
Сол сияқты, қазіргі айтыс ақындарының ішіндегі шоқтығы бөлек ақындардың бірі – Мұхамеджан Тазабеков. Ол туралы ғалым апамыз Р.Сыздықова: “Мұхамеджан қазақ сөзінің көркін танытуға, небір айшықты, әсерлі, тосын сөз образдарын жұмсауға күш салады” – дей келе, “Қой күзеткен төбеттердің үйден шыққан мысықтың мұртын жалап тойған заман екенін”, “көш бастар көсемдерден гөрі бүгінде көсеулер көбейгендей болып тұрғандығын”, “аяғы сау, басы аман кейбіреудің кең кебісін кие алмай жүретіндігін” Мұхамеджанның аузынан естіп сүйсінгендігін айтады. Айтыс ақыны көбіміздің жүрегімізде жатқан, ойымызда жүрген сөздерді басқаға теңеу арқылы өте жақсы түсінік береді. Мысалы:
Уықты қазымен майлау – сіңіп кету,
Жуас атты жусанға майлау – қозғалмау,
Асау атқа байланған торсық – тыныш тұрмау,
Тұмсыққа соққы тиген борсық – есеңгіреу,
Компасынан жаңылу – адасу,
Балға тойған қонжық – риза болу,
Тау бөктерлеп тәуір үй соғу – баю, мағынасында қолданылып тұр. Мұхамеджан нағыз қазақи, табиғи иісі аңқып тұратын сөз образдарын жиі жұмсайтындығымен тыңдарманның мейірін қандырады. Ақынның тілі – аз сөзбен көп ойдың түйінін беретіндігімен, өзіне тән ырғақ пен ұйқасқа құралатындығымен ерекшеленеді. Сондықтан да, айтыс тіліндегі теңеу жан-жақты, терең, арнайы зерттеуді қажет етеді.
Тіл білімінің үлкен бір саласы этнолингвистика ғылымының объектісі болып табылатын табу, эвфемизм, дисфемизмдердің де қазіргі айтыс тілінде алатын орны ерекше. Табу мен эвфемизм қазақ тілінде әдет-ғұрыпқа байланысты қолданылады.
Мысалы:
Мен көптің еркелеткен елігімін,
Торғайдай дархан елдің келінімін.
Әні бар “Үш қарадай” - орта жүзде,
Аттеріс атамыздың келінімін.
Жалынды жүрегіңе бап болайын,
Астыңа жақсылап бір тақ қояйын.
Бұрынғы абысындар салтыменен,
Өзіңе кербезім деп ат қояйын.
(Жадыра-Аманжол)
Мұндағы “аттеріс- кербезім” қазақтың ат тергеу салтына байланысты қайнатасының, қайнысының атын атауға болмайтын тыйым салынған табу сөздер.
Бақытты болашақтан күткен едім,
Қомданып қанатымды сіліккен едім.
Қазақтың қасиетті дәстүрімен,
Ол рас отауымды тіккен едім.
(Аманжол-Айтақын)
“Рас үйленген едім” дегеннен гөрі “отауымды тіктім” – деу, дөрекі айтуды жұмсартып, құлаққа жағымды жасап тұрған эвфемизм.
Сөзіңнің болғандай ма елге себі,
Ойларың ақиқатпен үндеседі.
Сәкенім, Әлиханым аман болса,
Тұғырға келімсектер мінбес еді.
(Аманжол-Қуаныш)
“Келімсектер” – сөзі көзге қораш, құлаққа жағымсыз естіліп тұрған дисфемизм. “Айтпаса сөздің атасы өледі” – демекші, табан астында қарсыласына жауап қайыру, кейде ащы шындық ақын тілін дисфемистік сөздерді қолдануға жетелейді.
Айтыс тілінде қолданылған табу да, эвфемизм мен дисфемизм де тілімізде синонимдік қатарлардың кеңінен түзілуіне көп ықпалын тигізеді. Бұлар тек айтыс тілін ғана емес, жалпыхалықтық тілді де, әдеби тілді де лексикалық, семантикалық жағынан байытатын өнімді тәсілдер.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   43




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет