Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі қазіргі жазба айтыстыр
Зерттеушілердің айтуына қарағанда жазба айтыстың қазақ әдебиетіндегі ең алғаш туын тіккен жері – Оңтүстік өңірі. Орта ғасырлардан бермен қарай бұл өңірде жазба айтыстың неше алуан үлгісі жасалды. Сол үлгілердің жарқырап көрінген тұсы – кеңестік дәуір. Оңтүстік өлкесіндегі жазба айтыстың үлкен бір кезеңі жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысы екенін де жақсы білеміз. Олай болатыны жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында суырыпсалма ақындық дәстүрдің үлкен өкілдері өмір сүрді. Олар айтыс өнерін өздері өмір сүріп отырған аймақ көлемінде қарқынды түрде дамытты. Осы аталған ғасырдың екінші жартысындағы жазба айтыстың жаңадан қосылған өкілдерінің саны жүзден асып жығылады. Солардың бірқатарын атап өткеніміз жөн болар. Олар: Қадыр Әмзеев, Бағдат Мәмбетов, Қуаныш Баймағамбетұлы, Жарқынбек Наушабаев, Орынбасар Сүттібаев, Баян Тіленшина, Құдайберген Өтемов, Әбдібек Аралбайұлы, Рүстем Бекзат, Мақсат Қорғабай, Мұхтар Маханов, Фарида Абжал, Зияда Исатайқызы, Гүлнұр Нұрғалиқызы, Айгүл Төребекова, Елтай Дәуменов, Амангелді Тұрмаханбет, Бегаман Сұлтаев, Темірхан Әбдіков, Қырықбай Аралбаев, Құдайберген Төлешов т.б.
Біз аты-жөнін атаған ақындар – “Оңтүстік Қазақстан” газеті бетінде кейінгі жылдары жарияланған жазба айтыс өкілдерінің бір тобы ғана. Бұлардың көпшілігі жас шамасы жағынан жиырма мен отыздың арасындағы жастар. Сонымен бірге олар аталмыш облыстың Төлеби, Ордабасы, Сайрам, Отырар, Сарыағаш, Созақ, Бәйдібек аудандарында тұрады. Бұдан шығатын қорытынды – жоғарыда атап өткендей жазба айтыстың өкілдері жергілікті жерлерден шығып отыр.
Жазба айтыс Оңтүстік Қазақстан өңірінде бүгінгі күннің өзінде де дәстүрлі түрде дамып келеді. Қайта құру кезеңінің орта тұстарында өзінің бұрынғы даму ырғағынан айрылып қалғандай болып еді. Соңғы 3-4 жылдың ішінде қайтадан белең алып, оның жанрлық түрлері де молая түсті. Бұған әсер еткен осыдан он бес-жиырма жыл бұрынғы суырып салма ақындардың жұмбақ айтысқа барынша ден қоюы еді. Оңтүстік Қазақстандағы қазіргі кезеңдегі жазба айтысқа қатысушылардың барлығы дерлік жергілікті өңірден шыққандар. Әрі олардың көбісі ақпарат құралдары мен жергілікті мәдениет, ағарту саласында жұмыс істейтіндер. Олардың арасында еңбек демалысында отырған қарт кісілер де бар. Мұндай кісілер көбінесе жұмбақ айтысқа қатысуда. Соған қарағанда жұмбақ түріндегі жазба айтыс қарапайым адамдардың өмір жайындағы философиялық толғаныстарын жеткізудің көркемдік тәсіліне айнала бастағандай.
Ал, жазба айтысқа Қызылорда облысының жұртшылығы қалыпты мән беріп отыр. Осындағы облыстық “Сыр бойы” газетінде жазба айтыстардың өте қызықты түрлерінің жарияланып жатқанын айтуымыз керек. Жазба айтыстың ежелден қалыптасқан жанрлық белгілері сол күйінде қайталанып отыратын айтыстар әсіресе, қызылордалық ақындар арасында жиі кездеседі. Тағы бір айта кететін нәрсе шымкенттік ақындар мен қызылордалық ақындардың айтысында өзіндік ерекшеліктер бар. Біріншіден айтысқа қатысушылардың құрамына қарасақ, қызылордалық ақындардың көпшілігі кешегі кеңестік дәуірде де аралас жазба айтыстың “дәмін” татып көргендер. Әрі өмірден көргені де, көкейге тоқығаны да мол адамдар. Ал, шымкенттік жазба айтыс ақындары ішінен жұмбақ айтысқа көбіне егде тартқан адамдар қатысып отырған. Сондықтан жазба айтыс негізінен жұмбақ түріндегі жазба айтысқа мойнын көбірек бұрып тұр дей аламыз. Осыдан-ақ жазба айтыстың табиғаты суырыпсалма ақындар айтысы табиғатынан мүлдем бөлек екені сезіледі. “Сыр бойы” газетінде жарияланған жазба айтыстардың философиялық мәні тереңірек. Үлкен әлеуметтік мәселелер сөз болады. Мұнда да белгілі бір заңдылық бар. Сыр өңірінде Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, тағы басқа ақындар қалыптастырған жазба айтыс дәстүрі бар екені белгілі. Оған кеңестік дәуірде де аса көп нұқсан келе қойған жоқ. Бұл дәстүр жалпақ республика жұртшылығына кеңінен тарамағанымен сол ақындар өмір сүрген аймақтарда сақталып отырды. Ал Оңтүстік Қазақстанда жазба айтыстың ертеден қалыптасқан дәстүрлі мектебінің аса көп болмағаны шындық.
Торғай өңіріндегі айтыскерлер
Қазақ жерiнiң түрлi аймақтарында өзiндiк дәстүр ерекшелiктерiмен дараланған ақындық мектептердiң болғандығы белгiлi. Бұл орайда Сырдың сүлейлерiн, батыс өңiрiнiң қайқыларын, Қаратаудың шайырларын, Арқаның сал-серiлерiн, Жетiсудағы Сүйiнбай бастаған ақындық мектептi айта кеткен жөн. Торғай өңiрiндегi айтыс өнерiн сөз еткенде, жұрттың есiне тек Нұрқан Ахметбеков пен Омар Шипин ғана түседi. Олардың арғы жағында тұтас бiр ақындық мектеп тұрғандығын екiнiң бiрi бiле бермейдi. Көрнектi Ғалым Е.Ысмайылов ‘‘Ақындар’’ атты зерттеуiнде атап көрсеткен бұл ақындық мектептiң бiр саласы – айтыс өнерi. Алаш ардагерлерi Ахмет Байтұрсынұлы мен Мiржақып Дулатұлын түлеткен бұл ақындық мектеп өкiлдерiнiң шығармашылығы кеңестiк дәуiрде назардан тыс қалып келген болатын. Сол себептi де ел аузында жүрген әдеби мұраны жинақтау iсi қолға алынбай, аталған мектеп өкiлдерiнiң асыл қазынасы шежiрешi, әңгiмешi қарттардың жадында кеттi.
Торғайдағы айтыс өнерiнiң дамуы 40-жылдардан көрiне бастады. 1943 жылы өткен I Республикалық ақындар айтысында халық ақындары Нұрқан Ахметбеков пен Омар Шипин есiмдерi республика жұртына кеңiнен танылды. Осы жылдары колхозаралық, ауданаралық, облыстық айтыстар жиi өткiзiлiп тұрды. Бұл шаралар айтыскер ақындардың көптеп шығуына әсерiн тигiздi. 1944 жылы Амангелдi Имановтың қайтыс болғанына 25 жыл толуына орай өткiзiлген жиында Торғайлық Сәт Есенбаев пен Ақмолалық Қарсақ Қопабаевтың жекпе-жек айтысы өтедi. Бұл айтыста Аменгелдiнiң ерлiк iстерiн Ұлы Отан соғысындағы ерлердiң ерлiктерiмен байланыстыра жырлаған ақындар ел рухын көтерiп, жеңiске деген сенiмiн оятуға септiгiн тигiзедi. Халық ақындары Нұрқан мен Омар өздерiнен кейiнгi айтыс ақындарын тәрбиелеуде мол еңбек сiңiрдi. Соның нәтижесiнде Сәт Есенбаев, Құтжан Қанжығалин, Байдақ Молдашев, Ғаббас Тұралин, Таңатқан Сәтбаев, Төлеутай Құтжанова т.б. ақындар танылды.
1958 жылы Қостанай қаласында өткен облыстық ақындар айтысын халық ақыны Омар Шипин өлеңмен ашып, айтыскер ақындарды таныстырады. Бiр қызығы, айтыстың төрелiгiн де өлеңмен айтып отырған. Төрелiк айтқанда айтыс өлеңiнiң көркемдiк сапасын, замана талабына берер жауабын, ақындардың айтқыштық, әншiлiк шеберлiгiн талдай отырып, олардың кемшiлiктерiне де сын айтқан. Қазiргi айтыстарда қазылар алқасының төрелiгi көп даудың тууына себепкер болып жүр. Қазылар алқасының құрамы сан жағынан 30-ға дейiн барғаны да, 2 адамнан құрылған қазылардың болғаны да бүгiнгi көрерменге белгiлi. Баллдық жүйенi дауысқа салумен ауыстыру да оң нәтиже бермедi. Бұрынғы айтыстарға ақсақалдар билiк айтатын болғандығын тарихтан бiлемiз. Мысалы Есенбай мен Қожабайдың айтысына Абай төрелiк еткен. Бұл кiсiлер айтысты жан-жақты талдап, сөзден тосылған жерi болса, тоқтамға шақырып, әдiл бағасын берiп отырған.
1945 жылы Қостанай облыстық ‘‘Большевиктiк жол’’ газетiнде Омар Шипин мен Өтемiс Қалабаевтың жазба айтысы өтедi. Бұл жазба айтыста екi ақын екi ауданның атынан айтысқа түсiп, шаруашылықтардағы олқылықтар мен кемшiлiктердi сынайды. Газет бетiндегi айтыс дәстүрi кеңес өкiметi құлағанға дейiн, яғни 80 – жылдардың аяғына дейiн жалғасып келдi. Омар Шипин, Нұрқан Ахметбеков, Сәт Есенбаевтардан кейiнгi буын өкiлдерi: Құтжан Қанжығалин, Байдақ Молдашев, Назарбек Бектемiсов, Таңатқан Сәтбаев, Төлеутай Құтжанова, Қарабек Гакашин, Жұмадiл Қалиевтардың талантын шыңдауға жоғарыда аталған газет бетiндегi айтыстың игi әсерi болды. Олардың ақындық шеберлiгiн дамытуда әсiресе Омар мен Нұрқанның еңбегi зор. Қазiргi айтыстың жаңа сапаға көтерiлiп, жандануы 80 – жылдардан басталған телевизиялық айтыспен тығыз байланысты. Осы жылдары айтыстың көркемдiк жағынан өсiп, жаңарып, жалпы халықтық сүйiктi өнерге айналуы Торғай өңiрiнде айтыс ақындарының жаңа буынын туғызды. Бұл буын өкiлдерi тек Торғайдағы айтыс өнерiн дамытып қана қоймай, жалпы қазақ айтысында жаңаша сипат әкелгенi айқын. Аталмыш айтыскер ақындар телевизиялық айтыс арқылы республика көлемiне танылып, барша көрерменнiң сүйiктi ақындарына айналды. Олар: Әсия Беркенова, Қонысбай Әбiлев, Отар Нұрманғалиев, Игiлiк Бейсенбаев, Бүркiт Бекетов, Әлфия Орманшина, Жадыра Құтжанова. Бұл ақындар қазiргi айтыстың ардагерлерiне айналып бәйгеге өз шәкiрттерiн қоса бастады. 1943 жылы өткен I Республикалық айтыста Нұрқан Ахметбековтың бас бәйгенi жеңiп алып, Омар Шипин екеуiнiң халық ақыны атануы, 1990 жылы көрнектi қоғам қайраткерi М. Жолдасбековтың ат салысуымен халық ақыны атағын алған үш ақынның екеуi – Әсия Беркенова мен Қонысбай Әбiлевтiң Қостанай, Торғай өңiрiндегi ақындық мектеп өкiлдерi болуы, кеңес заманында айтысға тiгiлген ең алғашқы ақ боз атты Жадыра Құтжанованың, ақ аруананы Әлфия Орманшинаның жеңiп алуы, олардың айтыс өнерiне қосқан үлесi торғай өңiрiндегi айтыс дәстүрiнiң жалпы қазақ айтысының белдi мектептерiнiң бiрi екендiгiн айғақтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |