ОҚУ ПӘНІ БОЙЫНША ГЛОССАРИЙ
Негізгі терминдік ұғымдар:
Архитектоника, әдеби қаһарман, әдеби мұра, әдеби процесс, әдеби сын, әдеби үрдіс, әдебиеттану, әдебиет теориясы, әңгіме, әпсана, библиография, драма, ғұмырнама, поэтика, историография, мәтінтану, фольклор, фольклортану, мәтін түсініктемесі.
Архитектоника (грекше – architecton) – әдеби шығарманың біртұтастығы, бүтіндігі, басты құрамдары мен жеке бөліктерінің сәйкестігі, үйлесімділігі.
Әдеби байланыс – ұлттық әдебиеттер арасындағы көркемдік дәстүрлер жалғастығы, ықпалдастығы. Әдеби байланыс нышандары жазушының қалыптасқан әдеби дәстүрлерге табан тіреуінің нәтижесінен, сондай-ақ тамырлас әдебиеттердің арасындағы типологиялық ұқсастықтардан туындайды.
Әдеби мұра – көркем әдебиеттің, сөз өнерінің өткен дәуірден қазіргі заманға жеткен туындылары. Әдеби мұра – халықтың әр түрлі тарихи кезеңдегі мәдени өресінің, әлеуметтік хал-жайының, тілдік, эстетикалық талғамының айғағы.
Әдеби процесс – бұл белгілі бір дәуірде, сонымен қатар, ұлттар мен елдердің, аймақтардың, әлемнің күллі тарихи кезеңдерінде өмір сүріп келе жатқан әдебиеттің тарихи-заңды қозғалысы.
Әдеби сын – көркем шығармаларды талдап, баға беріп, олардың идеялық-көркемдік мәнін, әдеби процестегі алатын орнын анықтайтын әдебиеттану ғылымының негізгі бір саласы.
Драма (грекше drama – қимыл-әрекет) – сахнаға арналған оқиғаны, оған қатысушы кейіпкерлердің іс-әрекетін, көңіл-күйін көрсету арқылы баяндайтын әдеби шығармалар.
Поэтика – әдеби шығармадағы бейнелеу құралдарының жүйесі мен тілдік құралдарды көркемдік тұрғысынан пайдалану жайын зерттейтін ғылым. Поэтика сөзінің түп-төркіні грек тілінде “шығармашылық өнер” деген мағына беретін “poietike techne” деген сөзде жатыр.
Фольклор – халық арасында туып, атадан балаға жетіп, ел аузында сақталып келген көркем сөз өнері, оның айтылу және орындалу ерекшеліктері.
Фольклортану - неміс ғалымы И.Ф.Кнафльдің анықтауынша (ағыл. folk – халық, lore – даналық) – халық даналығын зерттейтін ғылым.
Әдебиеттану – көркем әдебиетті, көркем әдебиеттің түп-төркінін, мән-маңызы мен даму үрдісін зерттейтін ғылым. Нақтылай айтқанда, әдебиеттану – көркем әдебиетті, оның пайда болуы мен әлеуметтік байланыстарын, сөздік-бейнелік ойлау ерекшеліктерін, көркем шығармашылықтың табиғаты мен қызметін, әдеби үрдістің жалпыға және нақты бір аймаққа тән даму заңдылықтарын қарастыратын ғылым.
Достарыңызбен бөлісу: |