«050205 Филология. Қазақ филологиясы» (мамандықтың/мамандандырудың шифры және атауы)



бет14/43
Дата22.02.2022
өлшемі0.8 Mb.
#455637
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   43
Айтыс-УМК

Дәріс мәтіні (тезис)
Айтыстың табиғи белгі-сипаттарын жинақтай келіп, оның мазмұндық жағынан төмендегіше жіктелетінін көреміз: 1. Әдет-ғұрып айтысы: а) “Жар-жар”, б) “Бәдік” үлгісіндегі айтыстар. 2. Қыз бен жігіт айтыстары. 3. Қағысулар. 4. Ақындар айтысы: а) Ру айтысы, б) Дін айтысы, в) Жұмбақ айтысы, г) Жазба айтыстар. Ал, сыртқы түр-құрылысы жағынан оларды: “Түре айтыс”, “Сүре айтыс” деп екі ірі топқа бөлуге болар еді.
Ақындар айтысы өлеңнің туу характерлеріне қарай өз ішінен екі түрлі ерекшелікке ие болады: бірінші, айтыс кейде дайын жаттанды немесе жартылай дайын формаға құрылады; екінші бүтіндей ой тапқырлығымен сөз тапқырлығын талап ететін суырып салма айтыстар. Жаттанды айтыстарда айтысушылар көбіне дайын өлеңді орындайды немесе алдын ала дайындап алған өлеңдерін айтады. Ондай айтыстың мазмұны көбінесе ұрақты болып келеді. Мұның көбі тұрмыс-салтқа байланысты болатындықтан, М.Әуезов осындай көбінше дайын нұсқада айтылатын салт айтыстарын ақындар айтысынан бөліп “ әдет, салт айтысы” деп қараған. Айтыстың бұл түрін С.Мұқанов “әдет-ғұрып” айтысы десе, Қ.Жұмалиев “салт айтысы”, М.Жармұхамедов “тұрмыс-салт айтысы” деп атаған. Әйткенмен мұндай жаттанды дайын фабулалық жүйеге құрылатын айтыстардың бәрі тұрмыс-салтқа байланысты болып келмейді. Оның онан басқа да түрлері көп. Мысалы: “ата өлең айтысы”, “тау өлең айтысы”, “жер-су өлең айтысы”, “балық өлең айтыстары” осындай жаттанды дайын немесе жартылай дайын айтысқа жатады. Әрине, мұндай айтыстарда айтысушылар тек жаттап алғанын айтумен ғана шектелмей, кейде қара өлеңді өз мақсатына қарай бұрып айтып та тапқырлық танытады. Бұл айтыстар жаттанды түрде айтылуға міндетті емес, егер айтысушылардың ақындық қуаты болса, ептеп жаңа жолдар қосып отыруына болады.
Айтыстың бұл түрі айтысқа енді-енді қатысып жүрген жас талап ақындарды тәрбиелейтін тамаша мектеп болғаны анық. Оны халық көбінше “қара өлең айтысы” дейді.
Тау өлең айтысушылар алдын ала өз жеріндегі биік тауларды, балық өлең айтатындар балықтың атын, ата өлең айтатындар ата-бабаларының аты-жөнін өлеңге айналдырып дайындап алып, сонан соң айтысқан кезде осы айтылған өлең түрлерінің қайсысын айтуды талдаса да екі айтыскердің бірі сұрайды, екіншісі жауап береді. Айтыстың мұндай түрі Шығыс Қазақстан, Жетісу Цинзиян өңірлерінде көбірек дамыған. Мұндай айтыстарда тұрақты форма сақталған. Онда сұраушы жақ
“Дегенде емен екен, емен екен,
Мен көрдім емен жолы төмен екен.
Көсілген көмекейің ақын болсаң”,-
деп келеді де соңына өзінің айтыстағы қолданған формасына қарай “Біреуі он бір балық немене екен”, “Балықтың ең үлкені немене екен” деген сияқты жолдарды қосып отырады. Ата өлең айтысында бастаушы жақ
“Ай қараңғы болғанда түн болады,
Жігітке жөнін білмеу мін болады.
Атадан ат сұраспақ парыз екен”
немесе (Алдыңнан ақын болсам сал айтайын), деген жолдардың бірін қайталайды да, соңына пәленше атаң аты кім болады? - деп сұрақ қояды.
Тұрмыс-салтқа байланысты айтыстардың ішінде ерекше бір түрі әрі суырып салма тапқырлықты қажет ететін түрі жоқтау (көріс). Бұл айтыстың ең көне түрі және халықтық сипат алған түрі. Айтыстың бұл түріне қатыспайтын қазақ әйелдері болмаған. Мұнда өлік шыққан әулеттің әйелдері қатар-қатар отырып алып, марқұмның тірі кезінде қандай адам болғанын айтады. Көбінде оның артықшылығы сөз болады. Бата қыла келген әйелдер де өз ауылынан жақында өлген адам болса, соның ерекшелігін айтады, болмаса өздері бата қыла келіп отырған адамның артықшылығын сөз етеді. Мұндайда қайсы әйелдің жоқтауы жан тебірентер әсерлі болғаны тыңдаушы жұрттың назарын аударады.
Атақты бай, текті адамдар өлгенде өз әулетінен ондай көрісші әйел шықпаса, елге танымал көрісші әйелдерді алдырып жоқтау айтқызатын болған. Тірі кезінде елге танымал болған кісіге өз лайығында жоқтау айтылмаса ұрпақтарына сын болып есептелген. Сондықтан атақты адамдар өзі туралы жоқтау айтатын келінін көзі тірісінде белгілеп кететін болған. Аңыздың айтуы бойынша Бұхар жырау ауырып өлер шағында келінін шақырып алып, мен өлгенде ел жұрт көп жиылар, Бұхар жырауды қалай жоқтар екен деп назарын саған да аударар, сонда айтар бірдемең бар ма, болмаса өзім айтып берейін, жаттап ал, - десе керек. Сонда келіні жоқ ата ондай жаман сөзді айтпаңыз әлі де дәм-тұзыңыз бар шығар құдай басқа салса кезі келгенде бірдеме айтармыз депті. Жырау сонда да алаңдап балам көңілім орнықсын қалай айтатыныңды айтшы, кәне, - депті дейді. Сонда келіні не айтушы едім, ата,
“Әуеде ұшқан лашын,
Лашын жаяр құлашын.
Атамды алған құдайдың ,
Келіні мендей жыласын”, -
демеймін бе депті. Ұлы жырау келінінің тапқырлығына разы болыпты деген сөз бар. Бұл аңыз болса да қазақ халқының жоқтауға қаншалықты мән беретіндігін көрсетеді. Жоқтау айтудың жолы жіңішке, онда өтірік айтуға болмайды, бірақ онда да айтысқа тән табиғат – айтыстың демократиясы сақталады. Жақын адам уағында бата қылып келмесе, терезесі тең тұстасы өз дәрежесінде бата оқыр жасамаса ондайды көрісшіл әйелдер шаршы топтың ортасында сара тіліп айтып тастайтын болған. Оған “Абай жолы” романындағы Бөжей өлгендегі Сара апаң мен Бөжейдің кемпірінің көрісі жақсы мысал бола алады.
Қазақтың ақындар айтысы тақырыбына арнаулы тоқталған М.Әуезов айтыстың қазақ өміріндегі орнына баса мән беріп, айтысты алғаш рет түрлі топтарға бөліп көрсеткен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   43




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет