1 Қазіргі көркем прозадағы ішкі монологтың сипаттамасы 1 Көркем шығармадағы ішкі монологтың зерттеу нысандары


Қос үнді сөздің ішкі монологты қалыптастырудағы қызметі мен ерекшелігі



бет4/4
Дата09.06.2016
өлшемі410 Kb.
#125133
1   2   3   4

2.2 Қос үнді сөздің ішкі монологты қалыптастырудағы қызметі мен ерекшелігі

Жалпы көркем шығарманың тілі – сезімнің, толғаныстың, сөздің, ойдың бірыңғай ағыны әспеттес әсер қалдырады. Бірақ Бұл ағын көп үнді, көп дауысты. Сол әр түрлі дауыстардың ішінен автор бағытын айқындау - өте маңызды мәселелердің бірі.

Көркем шығарманың биік талап деңгейінен көрінуіне септігін тигізер фвктор өте көп. Қаһарманның дүниетанымын да, оның басқа кейіпкерлермен қарым – қатынасын да, сырт тұлғасын да оны қоршаған ортаның сипатын да және олардың шынайы көркем тілмен суреттелуін шығарманың көркемдік қуатын арттыратын компоненттерге немесе факторларға жатқызуға болады. Қандай туындының да негізгі тірегі, басты арқауы адам екені ежелден мәлім. Сондықтан адамның ой – түйсігі, мінез – құлқы, сөзі және солардың арасындағы үйлесімділік, сәйкестік әлгі аталған компоненттердің жетекшісі болса керек.(М.Серғалиев. Сөз сарасы. Алматы «Жазушы» 1989ж 121- бет. 196)

«Ортақ төл сөздің кәдімгі төл сөзден де, төлеу сөзден де өз алдына ерекшелігі: ол автор сөзінің түсінік сөзін қажет етпейді. Екіншіден, мұның интонациясы, өзіне тән сөздері және синтаксистік құрылысы төл сөзге ұқсағанымен, біреудің өз аузынан айтылған нақты төл сөз емес, оның атынан автордың топшылағаны түрінде болады. Бұл жағынан ортақ төл сөз төлеу сөзге жақындайды. Алайда мұнда төлеу сөзге тән байланыстырушы дәнекерлер және біреудің сөзі, ойы бар екенін көрсететін айтуға, ойлауға байланысты етістіктер қатыспайды» (А.Әбілқаев Қазақ тіліндегі төл сөз бен төлеу сөз. Алматы, 1956 ж 73-бет).

Ал ортақ төл сөз туралы басқа да ғалымдар сындарлы пікірлер айтты. Мәселен Б.Шалабаев: «Ортақ төл сөз суреттеліп отырған жайға автор көзқарасы мен кейіпкер көзқарасын біріктіріп, бір құрылым бойында беретін баяндау тәсілі»,- дейді (Б.Шалабаев. Көркем әдебиет тілі және оны мектепте оқыту. Алматы, 1982 ж 50- бет).

Осындай суреттеу кейін отақ төл сөздің өзіндік ерекшелігін ашып көрсетін тұжырымдар жасалды. Тілші ғалымдар ортақ төл сөздің автордың кейіпкерлерді ойлатар да және оның ішкі монологын берерде қажеттілігі аңғарылды. Ортақ төл сөзді көбіне ғалымдардың бірқатары көп үнді дауыстар деп те атап жүр. Дегенмен де осы тәсілдердің барлығы қосылып, автор баяндауының жемісін құрайды.

«Монолог, автор сөзі, ортақ төл сөз сияқты баяндау бөлшектері бірімен – бірі аралас келіп, бірінен – біріне білінбей ауысуы арқылы автор баяндауын кейіпкерлердің сөйлеу мәнеріне жақындату, ой – сезім дүниесін жан – жақты ашу көзделінеді» (Б.Шалабаев Көркем проза тілі. Алматы; «Білім», 1994. -81 бет).

Көркем туындыда автор баяндауы жетекші орын алады. Бірақ белгілі бір тұстарда кейіпкерлерінің ойлануына жол береді. Бұл процес тілдегі диалог, монолог, ішкі монолог, ортақ төл сөздерді арқылы орындалады.

Көркем шығарма автордың немесе кейіпкердің бірінші және үшінші жақтан баяндауынан көрініс береді. Екі жақтан баяндау тәсілінде де ішкі монолог тәсілісі қатысып отырады. Осы тұста автордың логикалық ойлауының парасаттылығын көрсету мақсатында жазушыға көмекке қос үнді сөз категориясы келеді.

Көркем шығармада автор атынан ІІІ жақта айтылғанның бәрі мазмұны мен модальдық – экспрессивтік мәні жағынан әрдайым бірдей бола бермейді. Баяндаудың кейбір жақтарында автормен қоса қаһарманның да үні анық сезіліп тұрады.

Қос үнді сөз – топ мен қаһарманның субьективтік көзқарастарын бірге салыстырып, үйлестіруге мүмкіндігі бар стильдік тәсіл. Оның маңызды белгісі – баяндаудың обьективті бағытына кейіпкердің субьективті бағытынығ қосылатындығында, баяндалған жайға кейіпкердің ортақтығында (двуплановость повестования). Әңгіме баяндаудың қос үнділігінді. Басқаша айтқанда, кейіпкер көзқарасын бейнелейтін сөз, тіркес, сөйлем, сөйлемдер тобының өзінен автордың жасырын бағасы байқалатындығында. Мұндай екі жақтылық, ең алдымен, баяндаудың сыртқы формасы жағынан автор атынан ІІІ – жақта айтылатындығынан, ал мазмұны, айтылғанның модальдық – экспрессивтік мәніне, қолданылған сөздердің лексикалық құрамына қарап, оны кейіпкеге тәндігін байқауға болатындығынан көрінеді.(Х.Кәрімов. Қагатты тіл. Алматы. Санат 1995ж 71-72 беттер 141)

Егер кейіпкер ойы, сезімі өз атынан берілсе, төл сөз түрі оқырман назарын кейіпкер ойының жалпы мазмұнынан гөрі қалай ойлағанына, сол мазмұнның көріну еркшелегіне көбірек аударған болар еді. Жазушы идеясы образ арқылы танылатын болса, шығарманың құндылығы анықтайтын белгінің бірі де образ. Қаһарманның жан дүниесіне терең бойлап, сол арқылы оның дүниетанымын, психологиясын, мінез – құлқын нанымды бейнелеу – шынайы образ жасаудың бірден – бір сара жол.

Міне, осындай образ жасаудың үйлесімді амалы - қос үнді сөз. Өйткені кейіпкердің ішкі сезім дүниесіне, ой әлеміне, тұңғиық сырларына тереңінен үңіліп, толық ашып көрсету қос үнді сөз көмегімен жүзеге асып отырады. Сөйтіп ол кейіпкер ойы мен сезімінің динамикасын, ойлағанының не айтқанының эмоциясын бейнелі түрде жеткізіп, кейіпкер мінезінің терең ашылуына жәрдемдеседі.

... «Әзәзіл неме қайда сіңіп жоғалды екен?» - деп ойлады Әбілқайыр. Көз алдында жолбарыс та, бөрі де қалмапты, тек түлкі қалыпты, оның жұлдыздай ағып бара жатып жалт бұрылып артына қарағаны қалыпты. Есіне енді түсті. Әлгі бір жұмбақ күлкіні, бақса, сол төрт аяқты хайуаннан көрген екен ғой. Құдыреті күшті құдай – ай десейші! Екі аяқты адам мен төрт аяқты аңның да арасында тап осындай ұқсастық бола береді екен. Сонда өткен – кеткен жолаушының көзін арбай кететін қырық бұлтақ түз тағысы мен біреудің әлпештеп алақанына салып отырған қырмызыдай құлпырған жас келінінің арасында қандай байланыс, қандай ұқсастық болмақшы? Манағы мұның көзін иектеген сиқыр күш енді мұның ақылын иектейін деп жүрмесе не етсін! Түсінсе не дейсің! Бұл осы қайдағыны қайдан шатып келеді. Жолбарыс... Бөрі... Түлкі... Құрт – құмырса... Енді кеп жаңа ғана өзі көріп кеткен Пәтшайым... Шынында да, манағы түлкі мен жаңағы келіншектің кісіге қарағанда бір адам арбалып қалатындай сиқыр күш бар ғой! Ол не күш болғаны?...Шынында да, солай екен ғой. Манағы таңы жарқылдаған қызыл түлкіден көрген жымысқы күлкі оның да мынау бүлк етпей жатар да қояр жапан түздей қоңырқай жүзіне тегіннен – тегін қонақтап жүр дейсің бе...(Әбіш Кекілбаев, Он екі томдық шығармалар жинағы, 3 том, Үркер романы, Тығырық бөлімі, Өлке баспасы 1999 ж, 251-253 беттер )

Қос үнді сөз – кең мағыналы, көп тармақты күрделі құбылыс. Қос үнді сөздің қолданылуы баяндауды жандандырады, әсер күшін молайтады, оны күрделілендіреді. Олай дейтініміз, қос үнді сөз қызметі шығарманың композициялық құрылымына, стильдік, көркемдік ерекшеліктеріне тікелей қатысты. Қос үнді сөз арқылы жазушының не кейіпкердің психологиялық жағдайы, көңіл – күйі ашылады; белгілі бір оқиғаны баяндау немесе кейіпкер образын бейнелеу жүзеге асады. Ондайда қос үнді сөз оқиғаның, автор көзқарасының, кейіпкер ойының жалпы ағымын ғана беріп қоймай, түрлі экспрессивтік – эмоциялық қырларын; модальдық реңктерін және сол арқылы туатын түрлі ассоциацияларды қоса білдіреді (Г.Т. Шоқым. Көркем проза тілінің стильдік ерекшеліктері (Оқу құралы) Алматы. Ғылым баспасы 2001 ж, 17 бет).

Қос үнді сөз автор мен кейіпкердің ішкі сезімін, ой ағысын берер тұста үлкен жүк атқарады. Шығармада кейіпкерінің қалай ойлап, қалай қызмет атқарары бір ғана авторға байланысты. Сол себепті автор мақсатының негізі ішкі сөздер ағымымен бейнеленіп тұрады. Ішкі сөздер адамның психологиялық тұрғыдан саралануына үлкен ықпал жасайды. Сонымен бірге ішкі монолог – психологиялық категория болғандықтан, адамның ішкі сезімі арқылы қалыптасады. Жұмысымызда атап өткендей, әдебиетші ғалым өз еңбегінде ішкі монологтың үш түрін атап көрсеткен. «Тегінде ішкі монологтың авторлық және персонаждық түрлері (формалары) де бар. Ішкі монологтың авторлық түрлері негізгі үш жағдайда байқалады. Атап айтсақ, ішкі монолог кейіпкердің ой – сезімін жеткізетін автор сөзі тұрғысында да беріледі. Екінші түрі – тура автордың өз атынан айтылатын ішкі монолог. Үшінші түрі – кейіпкер роліне көшкен автордың сөзі, ішкі монологы» (Г.Пірәлиева Ішкі монолог(Ішкі монологтың кейіпкер психологиясын ашудағы көркемдік қызметі). Алматы. Ер Даулет- Қазақстан, 1994 ж . 19 бет).

Ішкі монологты осылай бөліп қарастыра отырып, көркем шығармадағы автор кейіпкерлерінің іштей қалай ойлай алатынын байқай аламыз. Сонымен бірге автордың ішкі ой ағысыда сара жолда айқын көріне алады. Жалпы Г. Шоқым атап өткендей қос үнді сөз бен ішкі монолог арасында тепе – теңдік жоқ. Ішкі монолог психологиялық категориядан осы қос үнді сөздердің көмегі арқылы стилистикалық категорияға айналады.

... Енді, міне, Әбілқайыр сол құдайдан бір сұрап, адамнан екі сұрап алып қалған Тұяқтың басына өз қолынан зобалаң төндіргелі тұр. Бұған деген өшпестіктің бар қияпаты ақыры айналып соған тірелмек.

Әбілқайырдың бағын соңғы рет сынайтын жері жалпақ алаштың алдында айрандай төгіліп бара жатқан абыройын қайта жиып алса, бір жиып алатын жері, ала алмаса мәңгілікке біржола айырылатын жері осы. Осы жолдан қалса, баяғыдан бергі есек дәмесінің бәрі желге ұшып, мойынына қияметтің қыл арқаны тірідей байланып, ат құрығында кетеді. Мынау жанын талай шүберекке түйіп талай жаумен шайқасқа шыққан құба сахарада көзі де, аты да біржола өшеді. Енді ешкімнің жадына да, аузына да оралмастай боп жым – жылас құриды. Баяғыдан бері осының бағының жанбағанына тілектес боп сырттай көз сатып отырған талай қара жүректің құдайлары береді де қалады. Жұрт мұны талай қиында оқ өтіне шығарып, алға ұстағанын, ел басына күн туған қилы заманда екі рет ақ киізге мінгізіп төбелеріне көтергенін, атынан айналыпғ аруағына сиынғанын - бәрін – бәрін ұмытады. Күні кеше Қарақұмның қалың жықпалында, Ордабасының қара шоқысында күндей күркіреп қошамет айтқан жұрт енді ауызы – мұрындары қисаймай қарғыс атады. Сол кездегілеріндей бұл жолы да басын қатер мен қауіпке байлап, тек өзі үшін ғана емес, солар үшін де, өзінің абыройы, солардың игілігі үшін де нартәуекелге бел буғаны үшін лағнет естімек.Арғы – бергіде қазақтың талай ноқта ұстарының көкейін тескен, бірақ ешқайсысы соңына мықтап түсіп, іс қылып шығара алмаған шаруаға бас тіккені үшін сөз естіді. Ол қарғыстың қияпаты тек бұған ғана емес, айдаладағы кінәсіз сәбтге тимек. Бұның басындағы қырсықтан ешкімге ешқандай жазығы жоқ бейкүнә адамдар зардап шекпек. Бұның дүниедегі ең бір іші жылып еміренетін адамының талай өткенен соң қайта бой көтеріп келе жатқан жас терегін мына жарық жалғаннан қармап қалған жалғыз талын жасыл боп түсіп жайратып кетпек. Жоқ, жоқ... Беті аулақ... Үрім – бұтағыме қарғысқа ұшырап кетсе де, Тайланның жалғызын антқа ұстамайды. Мынау қорқау жұрт не істесе де, бұның өзімен болсын (Ә. Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы 4 том. Үркер романы. Айқас бөлімі. Алматы. Өлке баспасы. 1999 ж, 433-434 беттер).

Қос үнді сөз ьүрінде берілген бұл ішкі монологтар кейіпкер болмысының кез – келген оқырманға беймәлім ішкі сырын нанымды жеткізген. Үлкен шеберліктің нышаны болған осы тәсіл образ табиғатын жан – жақты, толық көлемде ашу мақсатына мол мүмкіндік жасаған.

Жоғарыдағы мысалдан байқағанымыздай автор қос үнді сөзді кейіпкердің ішкі монологын, яғни ішкі ойын беруде ұтымды пайдаланған. Ғалым Х.Кәрімов айтқандай қос үнді сөздің ішкі монологты берудегі тәсілдердің ең тиімдісі екені байқалып тұр.

Қос үнді сөз - әдеби шығармадағы автор сөзі, кейіпкер сөзі деген ұғымдармен тектес, солармен бір қатардағы құбылыс. Ол – авторлық баяндау мен қатысушылар сөзі. Қос үнді сөзде кейіпкердің де автордың да сөздері соның ішінде қаһарманын психологиялық тұрғыда ойлата білетін ішкі монологта да бар.

Белгілі бір сюжет желісімен байланысты немесе ондағы қатысушы адам жөнінде, сондай – ақ тіпті бір эпизод жайлы айтылатын автор сөзінен, авторлық ремаркадан кейіпкердің оқиғаға қатысы кейде қоса сезіліп тұрады. Кейбір оқиға үзігін, шығарма кейіпкерлерінің арасындағы қарым – қатынасты автор әр кез өзінің геройының атынан баяндап тұрған сияқты болады. Мұндай баяндау өзінің сөйлемдік құрылысы және мазмұны тұрғысынан таза авторлық ремаркадан аздап болса да ерекшеленіп тұрады. Бұл ретте кәдімгі ауыз екі сөйлеу тілінің ерекшелігі, сонымен бірге кейіпкердің көңіл күйі, ой арманы сияқты жеке бастың сыры ара – тұра көрінбей тысқары қалып жатады. Ортақ төл сөз табиғатының өзі тіл құралдарын кейде қарапайым етіп құруға, авторлық ремарканы керек жерінде кейіпкердің жалпы жеке басының сырына қарай бұра отыруға автордв еріксіз жетелейді. Бірақ, бұған қарап кейіпкердің көзқарасы тұрғысынан баяндалатын мұндай ситуацияда, авторлық ремаркада стиль обьективтігі сақталмайды екен деп қорытынды жасауға болмайды. Әрине, стильдің обьективтік тұрғыдан ерекшеленбеуі автордың суреткерлік дәрежесімен, творчестволық шеберлігімен байланысты.

Қос үнді сөз - әдеби шығармадағы автор сөзі, кейіпкер сөзі деген ұғымдармен тектес, солармен бір қатардағы құбылыс. Ал – авторлық баяндау мен қатысушылар сөзі.

Көркем шығармада авторлық баяндау арқылы жүзеге асатын ішкі монологтың жай – жапсары түптеп келгенде автордың өзінің ішкі сезімі екені айдан анық. Автор өз ойының желісін көркем шығарма бойында береді. Қос үнді сөзді автор мен кейіпкер сөздерімен салыстыруға және сондай салыстырудан олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көруге болады. Мысалы; кейіпкер сөзі – ол мазмұны жағынан да, грамматикалық пішіні жағынан да кейіпкердің өз сөзі. Кейіпкер сөзінің мазмұнына байланысты автор бағасы кейіпкер сөзіне қосақтала айтылатын ремарка, немесе сол маңайдағы авторлық баяндау арқылы білдіріледі. Ал қос үнді сөзде сол екеуін біріктіру, бірден білдіру мүмкіндігі пайда болады. Қос үнді сөзде әрі кейіпкер көзқарасы, әрі соған қатысты автор бағасы беріледі. Сонымен бірге қос үнді сөздің таза авторлық баяндаудан да айырмашылығы бар. Әдетте автор сөзінде субьективтік екі жақтылық жоқ, оқырман одан тек автор үнін, сөзін, оқиғаны баяндауын, автордың бағасын көреді. Ол мазмұн жағынан болсын, түгелімен автордікі. Ал қос үнді сөзден кейіпкердің, не автордың мұндай айқын иелігі, дербес меншіктілігі байқалмайды. Ол грамматикалық пішіні жағынан авторға тән болғанымен, кейде тең түсіп қабысып жатады. Өйткені мұнда қаһарманның да үлесі бар.

... Әбілқайырдың құдайы беріп отыр. Жан – жанындағы қауқылдасқан мақтау әңгімеге бір ауыз сөз қыстырмай, масаттанып мұртынан күліп отыр. Мынау ажырықты жерге тап болған аш жылқыдай естері кете қаужаңдасып жатқан қазақтарға: «Қап, бәлем, қалай екен!» - дегендей көзінің астымен қыдырта қарап қояды. Ара – арасында елші жаққа көзін тастап, оның екі езуі екі құлағына жетіп мәз болып отырғанын көріп: «Бұлар дегенің, міне, осындай ғой. Баяғыдан бері неге қақсап жүр дейсің», - дегендей белін жазып, иығын тіктеп, «а құдая» деп алақанымен бет – аузын сипап қояды. Тәуба, тәуба... Тек осы бағытыңнан жазба! Мына дастарқанды қазір отырған отыз ауыз отыз есе асыра мақтап, отыз есе асыра сырлап, аңыз қылып айта кетеді ғой. Қазақтың тізгіні қашан да қаңқу сөздің қолында емес пе! Баяғыдан бері қабағың осылай жазылып, қолың осылай ашылғанда ғой, ендігі мына отырған май тымақтардың талай жүзі алдыңнан өткен болар еді. (Ә.Кекілбаев. Он екі томдық шығармалар жинағы. 4 том. Үркер. Айқас бөлімі Алматы. Өлке баспасы 1999ж. 236 бет)

Осындай кейіпкердің ішкі ойы арқылы бүкіл халықтың бар болмысын суреттейді. Қос үнді сөзді қолданудың нәтижесінде психологиялық суреттеу жасап, кейіпкердің сезімін білдіреді.

Қос үнді сөзі кейіпкер ойы, сезімінің мен күдігінің өз атынан берілгендігі емес, қаһарман атынан автордың топшылауы ғана. Сол себепті қос үнді сөз көркем шығарамадағы монолог тәсілінің түзіліміне зор ықпал ететіні белгілі.

Авторлық даралықтың, жазушының өз қолтаңбасын танытатын стильдік амалдардың бірі – кейіпкерлерді іштей сөйлету, ойлату тұстары. Әбіш Кекілбаевтың біз қарастырған туындыларында көп сөйлеп, көп ойланатын кейіпкері - Әбілқайыр хан. Әбілқайыр шығарманың өн бойында оқырманға өз ойлауымен және ішкі монологымен жақын болып тұрады. Әбілқайырдың қалай ойлап, қалай болашаққа бағдар жасайтынын оқып отырып - ақ түсінуге болады.

... Мына хабар Әбілқайырдың қабырғасына қатты батты. Оның осы кезге дейін көкірегінде көмбедей қымтап, ешкімге тіс жармай келген бір ойының күлі көкке ұшпаса қайтсын. Атақты батыр құдыққа түсіп кеткендей зымқайым жоқ. Бір күн тосады – ешқандай хабар жоқ. Екі күн тосады – ешқандай хабар жоқ. Енді хан өз ойының орындала қоймасына көзі жетіп, күйзеле бастады. Қап, мына күпілдек арғындарға құдайдың берудей – ақ беруін – ай. Әлгі он екі би ертең Сарыарқаны бір өздері жаңғырықтырып даурығатын болды – ау тағы да! Оларды енді бұдан әрі тосқызып қойса, іргелес жатқан ағайын жұртпен елдіктен қалар. Бұл он екі биді аңды сылтауратып біраз күткізе тұрмақ еді. Сол екі ортада жалындаған жас батыр қашанғы шыдар дейсің, желпініп өзі де атқа қонатын шығар.Бұған да керегі сол еді. Алдынан шығып, орта жолдан құшақ жайып қарсы алып, төбеге көтеріп, қонақ қылып, бұйымтайын өз азынан естіп, оны сол бойда орындатып, әбден риза қып шығарып салар еді. Сонда, қашан дегенмен, жас қой, арғынның пәлен жылдан тізгінін ұстап, ауыздарымен орақ орып жүрген он екі биі, ең болмаса, ханның алдын көре алмай апталап жатқанда, өзі екі ел атысып – шабысып кетердей айқай шаруаны ернін қимылдатып үлгермей жатып, жайғастыра салғанына масаттанбас дейсің бе? Ағайын – жұрт алдында беделін осынша аспандатып берген Әбілқайырға да қатты риза болатын шығар. Сонда Жәнібек желпінгенмен қалың арғын желпіне алмас еді. Жел жаққа ұстаған он екі билері мына оқиғаға қуанарын да, қуанбасын да біле алмай, желкелерін қасып қайтар еді. Азуы алты қарыс қалың арғын баяғыдан бергі бұйда ұстарларына емес, енді ғана ат жалынан тартып мінген жас перендеріне қарыздар боп қалар еді, ал Жәнібек мұның алдында борыштар болар еді. Сөйтіп екі жақтың да мерейі өсіп шыға келер еді. Міне соның бәрі сорпаның көбігіндей көзді ашып – жұмғанша желге ұшпақшы...(Әбіш Кекілбаев. Он екі томдық шығармалар жинағы. 3 том. Үркер романы. Тығырық. Алматы. Өлке баспасы 1999 ж 331-332 беттер).

Осы мысал арқылы автордың кейіпкерлері қай тұрғыда ойлап, қандай шешімдер жасай алатындығына көзіміз жетеді. Кейіпкер өз ойының жетегімен жүре отырып, бүкіл халықының намысын ойлайды. Сонымен бірге кейіпкердің ішкі монологы автор баяндауының бірінші жағында баяндалады. Автордың өзі кейіпкер бейнесіне еніп, ішкі сезімін жарқын бейнелей алған.

Көркем шығармада баяндау көп ретте кейіпкерлердің көзімен, ойымен беріледі. Сондықтан бұл баяндауда тосын сипаттар, астарлы атаулар аз кездеспейді. Автор кейіпкердің ішкі ойын берерде небір тілдік құралдарды қолданғаны белгілі. Кейіпкер бейнесін жасау немесе белгілі оқиғаны суреттеуде автордың сөзді қолданудағы шеберлігін көруге болады.

... Мынау қарғыс атқан даланың шегі мен шетінің, қапелімде, жеткізе қояр түрі көрінбейді. Зығырданың қайнағанда кімді боқтарыңды да білмейсің. Үйде қалған қатыныңды боқтайын десең, ол жазғанның да шұлғауыңды жуып бергеннен басқа жазығы шамалы. Астыңдағы атыңды боқтайын десең, о да ақ тер – көк тер боп барын салып келеді. Патша апайға тіл тигізу құдайдың атына күнә. Оның үстіне ол жарықтықтың бір рота сыйып кететіндей айлапат төсегінен қайдағы бір тілін шайнап шүлдіреген немістерге болмаса, арақ ұрттап, қияр қажаған орыс адамына орын тие қоймайды деседі. Мынау құла түздегі қайдағы бір бар – жоғы белгісіз қаңғырма халықтың қайдағы бір бар – жоғы белгісіз қаймана ханына жер түбінен елші шаптырып отырғанда да сол немістер емес дейсің бе! Әкесінің ауызына ит сарығыр әлгі Бирон найсаптың мынау құла далада несін жоғалтып алып жүргенін кім білсін!?...(Әбіш Кекілбаев. Он екі томдық шығармалар жинағы. 4 том. Үркер романы. Елшілік. Алматы. Өлке баспасы 1999 ж 7 бет).

Бұл үзінді де Уфадан шыққан елшілердің бастаушысының ішкі ойы. Берілген ішкі ой авторлық баяндау арқылы жасалған кейіпкер Тевкелевтің сөзі.

Қос үнді сөз – авторлық баяндау мен кейіпкер сөзіне қарағанда, қай елдің болмасын көркем әдебиетінде әлдеқайда кейін пайда болған, жаңа сапалы құбылыс.Оның пайда болуы әрбір ұлттық әдебиеттің даму тарихының елеулі кезеңдерімен тығыз байланысты. Қай халықта болмасын баяндау стилімен жазылған көркем әдебиетінің дамуының алғашқы кезеңдерінде автордың не баяндаушының сөзі мен кейіпкер сөзінің ара – жігінің ашықтығы тән болған. Әдеби шығармада әркім өз атынан ғана сөйлеген. Автор қаһарманның ішкі жан дүниесіне барлау жасағанда да, өз атынан, өз сезімін суреттеген. Тек кейінірек әдебиетте адамның ішкі сезім дүниесін жан – жақты және тереңірек суреттеу қажеттілігінің біртіндеп артуымен байланысты, екінші жағынан, кейіпкерге тілдік мінездеме беру амалдарының молаюымен, баюымен қатар, әдеби шығармаларда қос үнді сөзде қолданыла бастаған. Олай болса қос үнді сөздің кең көлемді қолданылуы – қай халықтың болмасын әдебиетінің күрделенгендігінің, есейгендігінің, жаңа белеске көтерілгендігінің бір белгісі сипатты.(Х.Кәрім. Қанатты тіл. Алматы, Санат баспасы 1995ж 93 бет)

Прозадағы ішкі монолог тәсілі біздің ұлттық әдебиетімізгі ХХ ғасырдың басында проза жанрында көрініс таба білді. Ж.Аймауытовтың тілінен бастау алған ішкі монолог көбіне кейіпкердің ішкі ойын немесе сөйлеу мәнерін білдіру үшін қолданып келген дәстүрлі монологтан бөлініп шығып, дәрбес тәсілге айналды. Авторлық ойлау мен кейіпкердің ішкі ойын білдіретін сөзден саналы түрде бөлінген ішкі монологта бір ойды бір ой тірсектеп, логикалық байланысы үзіліп, қайта оралып, жалғасып, көп жағдайда сезім құбылысының тұтастығы сақталмайды. Ойлау қабілетіндегі және адам психологиясындағы осынау жарым – жартылай саналы, ерікті және еріксіз сәттегі сезімдік құбылыстар ішкі монологтың көркемдік ойлау жүйесіндегі табиғатын ашып береді.

...Ол күні Әбілқайырдың мойынынан да бір ауыр жүк түскендей болды. Басында ақ патшаның елшісі кешегі қылығыма өкпелеп қалды ма деп, ренішін басқалы шақырып еді. Сол үшін де дастарқанын Бопай ханымның отауында жайдырған – ды. Біраздан бері жат жерде, от басының қызуын көрмей, қоңторғайсып жүрген немеге дәм татырып, пейіо көрсетіп, көңілінің құрыс – тырысын жазып жіберейін деп ойлаған – ды. Тевкелевтің бұл келісі Әбілқайырдың ойлағанынан гөрі де орындырақ болып шықты. Оны хан елшінің дәм үстіндегі қылығынан байқады. «Осының өзі бірдеңеден сескеніп отырған жоқ па!» - деп ойлап еді, келе – келе көзі айқын жете түсті.Ет пен сорпаның тұсында елшінің көгілдір көзі қараптан – қарап лайытып қоя берді. Ал қымыздың тұсында: «Біткен жерім осы екен!» деп зәре құты қалмағаны бірден белгілі болды... .(Ә. Кекілбаев. Он екі томдық шығармалар жинағы. 4 том Үркер. Айқас бөлімі. Алматы Өлке баспасы 1999 ж 230 бет)

Автор Әбілқайыр мен елші Тевкелевтің ішкі ойларын қатар бере отырып, қос үнді сөздің ішкі монологты жасаудағы ең тиімді тәсіл екенін аңғартты.


Бүгінгі таңда тіл білімінде жазушы шығармаларының тілдік табиғатын толық тану үшін жазушы шеберлігін бір ғана стилистикалық тұрғыдан емес, оның кейіпкерлерін танытуда қажетті тілдік тәсілдерді қолдану ерекшеліктерінен де байқауға болады. Көркем шығарма тілі – қыры да, сыры да мол дүние. Әрбір қалам қайраткерлерінің табиғи талантын, дүниетанымын, қабілетін, білім дәрежесін былай қойғанда, сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасы, сөз қолданыс тәсілі, сөз сраптау мәнері бар. Көркем сөздің жан дүниемізге руғани нәр беріп, әсерлі де әсем сезім ұялататын сиқырлы сыр оның эстетикалық қызметіне байланысты. Сөз қолданыстың сан алуан тәсілдері мен шынайы шеберліктің өнегесін біз, міне осы тұста айқын көреміз. Басқаша айтқанда, әрбір жазушының әр қырынан көрінер, өзгеден дараланар өзіндік сөз өнері, топ жарған таланты сарапқа салынар кезі тілдің осы қызметіне байланысты.

Автордың алған кейіпкерлері үнемі бір ой қақтығысында жүреді. Өзімен - өзі сөйлесуі арқылы үлкен қоғамдық мәселелерді шешуге ұсыныс білдіреді.

Кейіпкердің ішкі әлеміне жіті үңіліп, оның мінез – құлық, іс - әрекеттерін психологиялық талдау негізінде көрсетуді мақсат еткен жазушының қай шығармасында болмасын кейіпкерлер көбіне бір – бірімен бетпе – бет келіп нақты қақтығыс немесе іс үстінде көрінбейді. Қайта бұған керісінше оның кейіпкерлері ішкі толғаныс, ой үстінде жүреді. Сондықтан да Жазушы шығармаларының кейіпкерлері бір – бірін толықтырып, бір – бірінің мінезін нақты әрекет, қимыл үстінде тырыспайды. Осы қалыптасқан машық «Үркер» мен «Елең - алаңда» өзінің шырқау биігіне көтерілгендей. Жазушы шығармасында тек қазақ тарихы емес Ресей және Орта Азия мен Еуропаның сол кезеңдегі хал – ахуалына, әлеуметтік – экономикалық даму барысына үңіледі. Әбілқайырдың ұзақ сонар ой – толғанысы арқылы берілетін тұстары оның ел ұстаған, білім – тәжірибесін, білік – парасатын өте сәтті көрсеткен. Екі романда да кейіпкерлердің бәрі бір ғана Әбілқайырдың көзқарасы арқылы беріледі. Бұл тәсіл белгілі дәрежеде артықшылығы болғанымен қиыншылығы да аз емес. Бірақ талантты жазушы негізгі айтпақ идеяны қалың ой ағысының қатпар – қатпар қалтарыстарында қалдырмай жіті назарда ұстады. Көрке шығарма таза психологиялық талдау негізінде жазылған. Сонымен бірге бұл романдар хронологиялық қасаң жүйе – шеңберге бой алдырмай, көркемдік сипат ұстаған.

... Әбілқайырдың бұл сапардан бір сезгені – ақ патшаның ұлықтары күштеріміз жетеді деп күдірейе кетер көпек төбеттерден гөрі аңысыңды аңдап абайсызда тап берер тәсілқой тазыларға келіңкірейді екен. Олармен үнсіз аңдысудың өзі жоңғармен сарт – сұрт салғыласудан оңайға түсе қояйын деп тұрған түрі шамалы. Бірақ, қайтеді... Шыдайды – дағы... Іргеден басып, күнара төкпектеген қара сойылдың астында қансырап жатып жан тапсырғаннан гөрі іргеден сығалап өзіңді баққан сұқты көзбен аңдысып отырып бала өсіріп, мал баққан әлдеқайда дұрыстау шығар... Жер бетінен көзін жойғысы келмейтін ілгері тілеулі қауымға түптеп келгенде, қызыл қарын жас баланың қамынан артық мұрат болмаса керек. Ол жолда қамқор әке, қамқор ана неге пейіл болмаушы еді?!Міне бұл да, өз балапанын өзі тұзаққа апарып түсірген торғайдай, бір баласын тағы да білегінен ұстатып шырылдатып жат қолына тастап кетіп келе жатқан жоқ па! .(Ә. Кекілбаев. Он екі томдық шығармалар жинағы. 5 том Елең - алаң. екінші бөлім. Алматы Өлке баспасы 1999 ж 400-401 беттер)

Жазушы кейіпкердің ішкі жан күзелісін қос үнді сөздер арқылы ұтымды бейнелеген. Аманатқа апарып берген баласының болашақ қамын ойлаған әке, өз оитбасымен бірге халық қамын ойлаған кейіпкер тұлғасын көрсетеді.

Автор Әбілқайырды қазақ халқының жаңа үлгідегі ханы етіп көрсетуге ұмтылады. Әрине, бұл құптарлық ниет, жақсы нышан. Дегенмен, тарихи шындық пен халықтың ақиқаттан сыртқары тұруы қиын. Автор осы шындықты өз шығармасында жүйелеп сөз етеді. Әбілқайыр тағдыры – оңай тағдыр емес. Ол бар болғаны кіші жүздің ғана ханы. Сондықтан оған бүкіл елдің басын қоспадың деп кінә артуға болмайды. Ол бар қазақты билеп Ресейдің қол астына тұтастай енуді арман етеді. Іс жүзіне келгенде, бірақ оған бет – бетіне түйе айдаған хандар мен сұлтандар ырық бермейді. Қайта семсерін білеп қарсы шығады. Әбілқайырдың оларды күшпен көндіруге дәті жеткенімен, дәрмені жоқ. Сондықтанда ол ой – жады болып пұшайман күй кешеді. Жазушы Әбілқайырдың өзімен - өзі тұйықталып, тығырыққа тіреліп, тегеурінді іс әрекетке көше алмай сергелдеңге түсіп, санамен сарғайған сәттерін сары майдай қылшық суырғандай бипаздап жеткізеді.

... Хан ол әңгімеге араласқан жоқ. Мұртынан күліп үнсіз келеді. Назары сонау көз ұшындағы оқшау төбеде. Маңтөбе десе Маңтөбе... Ойы – орыс елшісімен мәмлесі көңілдегідей шығып жатса, мынау домалақ төбенің бауырайының бәрін жер ошаққа толтырып, төбесіне кілем жайып, күллі ұлыстың ауызынан ақ май ағызып, Маңтөбенің атын Майтөбеге аудару, жер түбінен келген шаруасы діттеген жерінен шығып, дені жайылған құрметті қрнақпен айлап саят құрып, Аманкөлдің айдыны толы құсы мен жынысы толы қабанын атқызу.

Енді, міне сол тоқтамына бүгін өзі риза боп келеді. Көкжиектен шұбарытып шыға келген шұбалаңқы көштердің қайсысының қайда қонатынын ойлап қояды. Хан орда сол Қарақоғаға қонады. Маңтөбенің ығы мен шуағы мол күнгей бауырына, хан ордадан қарасын көріп отыратындай жерге ақ патшаның елшілігі жайғасады. Маңтөбенің өз бауырына сол сый қосыннан басқа ештеңе жолатпайды. Қалған ауылдар айдаладан көзіңді шұқып тұрған айқай төбені шыр айнала қоршап сонау төменге, тегістікке орналасады. Сонда елшілікті тек төбенің ұшар басында күні – түні көз ілмей қарауыл қарап тұратын сақшылар ғана емес, бүкіл ауыл түгел күзетіп отырады.

Өйтпей бола ма!... жұрт арасынан не шықпайды дейсің! Қымыздың буы мен қыздырма әңгіменің желіне ылығып, ақ патшаның елшісіне қаралық ойлап жүрер әулекі біреулер табылып жатса, қапы қалмастай боп абай отырған жөн... (Ә. Кекілбаев. Он екі томдық шығармалар жинағы. Үркер романы. Тығырық бөлімі. Алматы, Өлке баспасы 1999 ж 353-354 беттер).

Жоғарыдағы мысалда автор атынан берілген шығарманың басты кейіпкері Әбілқайырдың елшіліктің келер алдындағы қамдалу үстіндегі ішкі ойы, сезімі. Автор кейіпкерін бәрін жіті ойлайтын, ойы мен ісі ұштасып жататын кемеңгер ретінде береді.

Көркем шығарма адам образы өмір шындығын обьективті дүние есебінде суреттеу мен жазушы қойған басты тіршілік мәселесіне қатысына қарай орын алатын характер, талғамы, түсінігі әр алуан кейіпкерлердің болмысқа көзқарасын таныту арқылы жасалатыны мәлім. Адамдардың сюжеттік – оқиғалық қақтығыстарынан өрістейтін тартыстар жекелеген фабулалық фактілерді сипаттағанмен толық ашылмайды. Шындықтың сан қилы қыртыс – қабаттарын, ұғымдық мол аспектілері бар.

Суреткер - әсемдік жыршысы. Сұлулықтан кемшілік іздейтіндер – ниеті бұзық адамдар, ал сол сұлцлықтан жан азығын іздеушілер – ақсүйек кісілер. Дүниеде ұятты, тәлімсіз кітап болмайды, жаман я жақсы жазылған болып бөлінеді. Адамның рухани тіршілігі – суреткер үшін шығармашылықтың бір ғана қыры. Суреткер – уағыз айтушы емес, егер әу дегеннен уағыз айта бастаса қаламының қасиетін жоғалтады. Суреткер үшін ой мен сөз өнерге апаратын құрал ғана. Күнә мен мінезділік – шығарманың шын азығы... (О.Уайльд. Избранное. Свердловск. Изд. Уральского ун\та. 1990 с.21). Бұл айтылғандар өткен ғасырдың аяғында өмір сүрген, өз шығармашылық отына өзі күйіп өлген ағылшын жазушысы Оскар Уайльдтың түйіндемесі.

Образ – мағыналық кезеңдермен бөлінбейтін сезңм бірлігін айқындайтын өнердегі шындықты сомдаудың тәсілі мен түрі. Адам санасында сурет болып елестейтін материалдық көріністер мен болмысты суреттеудің әсерлі әдісі дейді философтар. Дегенмен көркем әдебиеттегі образ көбіне мінездер жиынтығы мен типтік бейне дәрежесіне көтерілген кейіпкерді елестетеді. Әдебиетшілердің өнердегі шындық деп бірте – бірте көз алдыңызда қалыптасқан мінездер көрнісін айтады.

Сырты сыз, іші телегей теңіздей тынымсыз мағыналы мінез жиынтығы - Әбілқайыр.

Ә.Кекілбаев бас кейіпкерінің өзімен – ақ ұлттық мінездеме беріп тұрғандай. Баладай аңғал, кейде, жауар бұлттай түнерсе, тілін тапқанға күншуақтай жадырап жөнелетін, бір сөзге бола қаны басына шауып, бір уәдеге бола басының қайда қаларымен шаруасы болмай атқа қонатын бірбеткейдің, қас батырдың өзі.

Ә.Кекілбаев шығармаларында әр кейіпкер өз бетінше ойланады және оларда автордың бақылауы болмайды. Мұнда ішкі монологтан гөрі ой ағыны тәсілі басым түсіп жатады. Сондай – ақ жазушы кейіпкерлерінің ішкі ойы, қабылдау жүйесі бейне бір бақылаусыз, адам еркінен тыс, ойлау қабілеті өз еркінен босаңсып қалғандай сезілетіні байқалады, бірақ ой мен образдар ағыны автор құрған ойдан қалай дегенмен алыс кете алмасы анық.

... Бұл жолы зеңбірек тоғыз рет күркіреді. Жұрт тоғыз рет аспанды шатынатып айқас салды. Оның әр қайсысы ханның өзіне жылдай ұзақ көрінді. Шіркін, осыны сонау Ертіс бойындағы Әбілмәмбет пен Әбілмансұр естір ме еді, Торғай бойындағы Барақ, Сарысу бойындағы Күшік, Шалқар бойындағы Батыр сұлтандар естір ме еді! Іштері қыж – қыж қайнар – еді – ау! Шіркін, мұны өзінің ауылы, Бопай, Злиха, балалары естір ме еді! Төбелері көкке бір жетіп қалар еді! Шіркін, бұл жалпақ қазақ даласы түгел естір ме еді! Бұның аты бұдан былай ауыздарында жүрер еді! Мұны, міне, мынау жүз елу бт естіп тұр. Іштерінде не жатқанын білер ме еді? Ертеңіне елдеріне не айтып барғандарын естір ме еді...(Ә.Кекілбаев. Он екі томдық шығармалар жинағы. 5 том. Елең – Алаң. Екінші бөлім. Алматы Өлке баспасы 1999ж 384 бет)

Осы мысал арқылы кейіпкер мен автордың қоса қабат ойларын байқауға болады. Кейіпкерінің ішкі ойын автор өз атынан бере отырып, қос үнді сөздің ерекшелігін көрсетіп отыр.



Сонымен қос үнді сөз дегеніміз – автор мен қаһарманның субьективтік көзқарастарын бірге сыйыстырып, қиюластырып білдіретін стилистикалық тәсіл. Оның қажетті де маңызды белгісі – баяндаудың екі жақтылығында, қос үнділігінде, яғни қос үнді сөз арқылы әрі кейіпкер көзқарасы, әрі ол жөніндегі автор бағасы бірден бейнеленетіндігінде.


ҚОРЫТЫНДЫ





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет