2. Орта мектеп органикалық химия курсының орны, сабақтастығы және мазмұны.
Орта мектепте органикалық заттар немесе кӛміртегі қосылыстарының химиясы арнайы курс ретінде бекітіліп, бірқатар оқу-тәрбиелік міндеттерді шешеді. Органикалық химияда заттардың сан алуандығы және оның себептері жөнінде ұғым қалыптасады, органикалық және бейорганикалық қосылыстардың бірлігі мен айырмашылығы ашып көрсетіледі. Органикалық заттар саны жағынан көп, қазіргі кезде белгілі қосылыстардың төрттен үші органикалық заттарға жатады. Органикалық заттардың құрамына негізінен көміртегі, сутегі, оттегі, азот, күкірт және фосфор элементтері, яғни санаулы ғана элементтер кіреді. Органикалық химияда заттардың құрылымы мен қасиеттерінің арасындағы тәуелділікті нақтылауға көбірек назар аударылады. Бұл салада бейорганикалық химиядан алған білім тереңдеп, одан әрі дамытылады. Заттардың жіктелуі жөніндегі білім кеңейеді. Оқушылар органикалық қосылыстардың маңызды кластары туралы жаңа ұғым алады, олардың құрамының күрделенуі және генетикалық байланысымен танысады. Химияның халық шаруашылығында қолданылуы, ғылым мен өндірістің өзара шарттастығы жөніндегі білім дамытылады. Органикалық химияның теориялық көзқарастарын дамытуда және ғылыми жаңалықтарын ашуда ғалымдардың қосқан үлесіне баса назар аударылып, интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жүзеге асырылады. Оқушылардың теориялық білімі жаңа сатыға көтеріледі. Орта мектепте оқылатын органикалық химия курсының мазмұны мен құрылымы ұдайы жетілдіріліп келеді. Оның алғашқы тұрақты бағдарламасын, оқулығын, оқыту әдістемесін В.Н. Верховский, Л.М.Сморгонский жазды. 1950 жылдардан бастап орта мектептегі органикалық химияның мазмұны мен әдістемесін жетілдіруде Л.А. Цветков кӛрнекті еңбек сіңіріп келеді. Алғашқы бағдарламада оқу материалы құрамы қарапайым қосылыс-тардан басталып, құрылысы және атқаратын қызметі күрделі қосылыстарға дейін орналастырылады. Кейінгі бағдарламаларда осы негізгі әдістемелік негіз сақталып, оқутәрбиелік маңызы аз кейбір деректі материалдар қысқартылды, жаңа теориялық көзқарастармен толықтырылды. 1968 жылы жаңартылған бағдарламаға органикалық заттардың электрондық және кеңіс-тіктік құрылысы туралы ұғым, химиялық байланыстың табиғаты жөніндегі соңғы көзқарастар, орынбасу және қосып алу реакцияларының механизмі, атомдардың өзара әсері туралы түсініктер енгізілді. 1988 жылдан бастап бағдаламаға пәнаралық ұштастыруды, оқытудың өндіріспен және өмірмен байланысын күшейтетін өзгертулер жасалды. Бес мүшелі моносахарид пентоза, азоты бар гетероциклді қосылыстар, нуклеин қышқылдары туралы мәліметтер беріледі. Этил спиртінің орнына метил спиртін өндіру өтіледі. Синтездік үлкен молекулалы заттар және полимер материалдар курстың соңындағы жеке тақырыпта қарастырылады. Органикалық химия курсының құрылымын анықтағанда іс жүзінде сыналған дидактикалық және әдістемелік ұстанымдар жүзеге асырылады. Органикалық заттардың оқылатын кластарын іріктегенде организмнің құрамына кіретін және маңызды тіршілік процестерін жүзеге асыратын қосылыстарды таңдап алады. Оларға майлар, көмірсулар және ақуыздар жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |