2-деңгей
1. Жоспарлау процесінде оқушылар ұжымын қатыстыру тәсілдері.
Жұмысты жоспарлау тәрбиелеу процесін табысты ұйымдастырудың қажетті шарты. Жоспар жасай отырып, сынып жетекшісі сынып ұйымының және жекелеген оқушылардың дамуын жобалайды. Ол тәрбиелеу міндеттерін белгілеп қана қоймай, оқушылардың тәрбиелік деңгейін арттыру жолдары мен түрлерін де көрсетеді.
Жоспарсыз сыныптағы тәрбиелік жұмыстың мазмұны, түрлері мен әдістері кездейсоқ факторлармен анықталып, стихиялық сипатта болады.
Сынып жетекшінің тәрбиелік жұмыс жоспары-міндетті педагогтік құжат.
Оқушылар ұжымы 3 кезеңнен тұрады. Ұжымның даму кезеңдерін ұлы педагог А.С.Макаренко айқындаған. Ол балалар ұжымының даму мақсатына, іс-әрекетінің мазмұнына, тәртібіне, балалардың арақатынасы тәуелдігіне байланысты жіктеді.
1. кезеңде оқушылар ұжымы жеткіліксіз ұйымдасқан топ. Сондықтан мұғалім сынып өмірін ұйымдастыру үшін жұмысты талап қоюдан бастайды. Талап іс-әрекет барысында орындалуға тиісті нақты міндеттер. Талап қою –балаларды мінез-құлық нормасына үйрету, әлеуметті тәжірибеге тарту. Мұндай жағдай бастауыш сыныптарда және әр мектептен біріктірілген оқушылардың жоғары сыныптарында болуы мүмкін. Бұл кезеңде ұжым әрекетін белсенді ынталы оқушыларға сүйеніп орындау керек. Мұндай тәсіл белсенді жұмыс істейтін оқушылар тобын көбейтуге және балалар мен мұғалімдерді жұмысты бірлесіп істеуіне әсер етуі мүмкін. Бірінші кезең барысында мынадай мәселелері ескерген жөн.
- Ұжымды нығайтуға бағытталған мақсаттарды анықтау.
- Ұжым іс-әрекетінің дамуы.
- Жеке адам арасындағы қарым-қатынас іскерлік және гуманистікқатынастың пайда болуы.
- Барлық ұжым мүшелері қолдайтын белсенділердің іріктелуі.
Бұл кезеңде мұғалімнің негізгі қызметі –оқушылардың ұжымдық іс-әрекетін ұйымдастыру, оларды әртүрлі іс-шараларға қатыстыру, ұжымды балаға педагогикалық ықпал жасайтын ортаға айналдыру.
2. кезеңде ұжым өзін-өзі басқаруға, дағдыланады, яғни сыныпжетекшісінің ұйымдастырушылық қызметі тұрақты ұжым органдарына көшеді. Сондықтан бұл кезеңде белсенді топпен жұмыс істеудің маңызы зор. Мысалы: жұмысты бірігіп жоспарлау, әртүрлі оқу-тәрбие, қоғамдық еңбек тапсырмаларын орындау, әрбір ұжым мүшелеріне көмектесу, іс-әрекетін бақылау.
Мұғалімнің қызметі – коммуникативтік қызмет, яғни балалармен байланыс жасау, оқушылардың ынтасын арттыру, жалпы міндеттерді орындауда барлық оқушылардың күш-қуатын нығайту.
Ұжымның бұл даму кезінде қос ықпал жасау принципі қолданылады, яғни тұлғаға талап қою ұжым арқылы жүзеге асырылады.
3. кезең белсенді топтың және ұжым іс-әрекетінің дамуымен сипатталады. Онда қоғамдық өмірдегі деректерді, құбылыстарды бағалауда қоғамдық пікір пайдаланылады.
Бұл саты – ұжымның өрлеу кезеңі. Ұжым өміріндегі іс-шараларды бірлесіп орындаудың арқасында ұжымдық гуманистік қатынастар дамиды. Демек, ұжымда бір – біріне ілтипатты болу, жолдатарының қуанышына, мұқтаждығына тіл қатуға дайын тұру, мінез-құлық нормасын сақтау, нормаға бағыну сияқты қасиеттер пайда болады. Ұжым қоғамдық пікірмен сипатталады. Қоғамдық пікір – бұл ұжым мүшелерінің талаптар мен пікірлерді бағалаудағы бірлігі. Бұл бірілікті ұжым одан әрі дамытып кейбір ұғымдар мен құбылыстар жайындағы пікірлерді мақұлдайды немесе кінәлайды, демек, ұжымдық талқылау, бағалау, жариялылық әрекеттілігі –қоғамдық пікірдің негізгі ерекшелігі.
Оқушылар ұжымын қалыптастыру мен нығайтудағы аса маңызды мәселелердің бірі –ұжымның даму болашағын жоспарлау перспективасы. Осыған орай А.С.макаренконың теориялық мұрасына сүйеніп, оның жақын, орта және алыс перспективаларын еске түсірген жөн.
Жақын болашақ (перспектива) – бұл күнделікті өмірде жүзеге асатын, жеке адамды әртүрлі іс-әрекетке ынталандыру, қызықтыру. «Егер балалар алдынан қуанышты, қызықты істер күтпеген болса онда олар өмір сүре алмайды. Адам өмірін шын ыталандыру– ертеңгі қуаныш» - дейді А.С.Макакренко.
Орта болашақ (перспектива) – бұған балалар лагеріне бару, жыл сайын өткізілетін ән, сурет сайыстарына қатысу, әдебиет, эстетикалық және этикалық тақырыптарға пікірталас өткізу, т.б. шаралар жатады.
Алыс болашақ – бұл ұжымның немесе жеке адамның бір істі ұзақ мерзімде орындауға талаптану мақсаты. Алыс болашаққа мамандықты таңдау, білім алу мектеп бітіргеннен кейін халық шаруашылығында жұмыс істеуге тілек білдіру немесе орта және жоғары арнайы оқу орындарына түсу сияқты мақсаттар жатады.
Адамдар алыс болашақ арқылы мүмкіндігінше ұжымға, Отанға пайда келтіру тиіс. Ол перспетива жақын және орта болашақпен мызғымас байланыста жүзеге асады.
Даму болашағын оқу және тәрбие барысында тиімді пайдалануда әрбір мұғалімнің міндеттері: біріншіден, дамуды баланың, сыныптың, мектептің пайдасы үшін таңдап ала білу, екіншіден, оқушылардың жас ерекшеліктері және жалпы дайындық дәрежесін ескеру.
Ұжым өмірінде дәстүрдің тәрбиелік маңызы зор. Дәстүр ұжым қызметін нығайтады, оны тұрақты, ықпалды және тартымды етеді. Ұжымның жалпы өмірінде дәстүрдің көптеген түрлерін байқауға болады, мысалы, мектеп мерекесі, сайыстар, олипиядалар, соңғы қоңырау, аға ұрпақтың мұрасын ұқыптылықпен күтуге үйрену, ұжым абыройы үшін күресу.
Достарыңызбен бөлісу: |