1. Дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесінің жалпы негіздері пәні, оның маңызы



бет13/29
Дата18.12.2022
өлшемі120.61 Kb.
#467436
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29
дене лекция

Қимыл шеберлігін жетілдіру. Бұл бөлімде қимыл-әрекетін орындау техникасы меңгеріледі және бірталай дағды белгілері пайда бола бастайды. Бірақ жаттығуды орындау тұрақсыздығы сақталады, жаттығу техникасын әр түрлі себептер жеңіл бұза алады. Жаттығуды орындау барысында жіберілген қателерді дер кезінде түзетудің маңызы зор, өйткені ол жаттығушының жаттығуды үйренуіне жақсы нәтижеге қол жеткізуіне септігін тигізеді. Қимыл-әрекетті меңгерудің бастапқы кезеңдерінде қателер көп кездеседі. Сондықтан оқу әдістемесін дұрыс қолдана отырып, оларды болдырмауға ұмтылу қажет.

21.Дене қуаты қасиеттерін дамыту әдістері.
Дене қасиеттерін дамытуға бағытталған қатаң шектелген жаттығулар әдістері әр түрлі формадағы жүктеме мен тынығудың түрлерін ұштастыру мүмкіндігіне байланысты қолданылады. Жүктеме дегеніміз – дене тәрбиесі жаттығуларымен адам ағзасына әр түрлі көлемде әсер ету. Жүктеменің шамасы оның қарқындылығы мен көлеміне байланысты. Жүктеменің көлемі – орындалған дене қуаты жұмысының саны (мысалы, 10 минөттық жүгіру, жаттығуды қайталау саны т.б.).
Жүктеме қарқындылығы - ол белгілі бір уақытта дене тәрбиесі жаттығуларын қарқынды, тездете орындау. Жүктеменің ішкі және сыртқы қарқынды көрсеткіштері болады. Сыртқы көрсеткіш – қозғалыс жылдамдығы (жүгіру, шаңғы жарысы, суда жүзу т.с.с.), спорт ойындарындағы ойын қарқыны т.б. Қарқындылықтың ішкі көрсеткіштері – жүректің соғу жиілігі, белгілі бір уақытта күш жұмсау өлшемі. Адам ағзасына әсер ету көлеміне байланысты жүктеме:
- кіші (жүректің минөтына 130 ретке дейін соғуы);
- орта (жүректің минөтына 131-155 рет соғуы);
- үлкен (жүректің минөтына 156-175 рет соғуы);
- жоғары (жүректің минөтына 176-190 рет соғуы);
- өте жоғары (жүректің минөтына 190-нан көп рет соғуы) болып бөлінеді.
Спортшының жаттығуларды орындау, жұмыс істеу қарқынына байланысты жүктеме бірқалыпты және ауыспалы болып келеді. Бірқалыпты жүктеме – ол спортшының белгілі бір уақытта жаттығуды орындаудағы қарқындылығының өзгеруі (ол жоғары немесе төмен болып өзгеруі мүмкін). Жүктеме әрқашан да тынығумен кезектесіп отыру керек.
Тынығу аралықтарының үш түрі бар. Олар: қарпайым, қатаң шектеулі және төтенше.
1. Қарапайым немесе толық тынығу аралығы деп бір жаттығуды орындап болып келесі қайталанар жүктеменің алдында ағзаның жұмыс қабілетінің толық бастапқы қалыпқа келуін айтамыз. Толық қалпына келуін тамыр соғысын есептеу арқылы анықтаймыз. Мысалы, жаттығу орындағаннан кейін ЖСЖ 180 соғу / мин, толық қалпына келуі 60 соғу/мин.
2. Қатаң тынығу аралығы дегеніміз - бір жаттығуды орындап болып, келесі қайталанар жүктеме жаттығушының ағзасының жұмыс қабілетінің толық бастапқы қалпына келмеген кезде қайталануы.
3. Төтенше тынығу аралығы дегеніміз – келесі жүктеме ағзаның жұмыс қабілетінің көтерілген кезіне, жаттығушының өзіндік дайындық ниетінің толық көрінген кезіне тап келуі. Мазмұны жағынан тынығу бәсең (қозғалмай жату, бұлшық еттердің белсенді қызмет етпеуі) және белсенді болып екіге бөлінеді. Белсенді тынығу – спортшының алдыңғы жаттығуға қарағанда қарқыны аз түріне көшуі (мысалы, жүгіруден соң ақырын жүру).
Дене қасиеттерін дамыту үшін мынандай әдістер қолданылады:
Бірқалыпты орындау (стандартты) әдісі. Бұл әдіс жаттығуларды үзбей, ұзақ уақытта, бір қарқында орындауды талап етеді (мысалы, ұзақ уақыт бірқалыпты жүгіру, жүзу, ескек есу және т.б.). Жүктеме бұл кезде жоғары деңгейдің 70 пайызынан аспауы керек, жүрек соғуының жиілігі минөтына 130-150 рет). Ұзақ уақыт бірқалыпты істелген жұмыс жүрек-қан тамыры және тыныс алу жүйелерін нығайтып, ағзаның жалпы төзімділігін дамытады.
Өзгермелі орындау әдісі. Бұл әдісте жүктеме қарқыны жаттығуды орындау кезінде өзгеріп отырады (мысалы, 400 метр қашықтыққа жүгіруде жылдамдық - бірінші 100 метр жүгірген кезде 1/2 жартылай күшпен, екінші, 100 метрде қатты қарқында, үшінші 100 метрде – еркін, төртінші 100 метрде 3/4 күшпен орындалып отырылады). Жүктеме бұл жүгіру кездерінде кіші жүктемеден үлкенге және керісінше өзгеріп отырады. Өзгермелі орындау әдісінің көмегімен біз жалпы төзімділікті және жылдамдық төзімділігін дамытамыз, спортшыларды жігерлілікке тәрбиелейміз.
Қайталап орындау әдісі. Бұл әдіс кезінде жаттығу көп қайталанады, аралықтағы тынығуда ағза толық бастапқы қалпына келуі қажет (мысалы, қысқа қашықтыққа өте жоғары жылдамдықпен қайталап жүгірген кезде, аралық тынығу толық болуы қажет). Қайталап орындау әдісі күшті, жылдамдықты және күш жылдамдығын, жылдамдық төзімділігін дамытады.
Дене тәрбиесі тәжірибесінде қайталап орындау әдісінің түрлері кездеседі. Мысалы, циклді жаттығуларды орындау кезінде мынадай түрлер жиі кездеседі:
- тұрақты бірдей қашықтықтарға жүгіру (7 х 100 м);
- біртіндеп ұзартылып отырылған қашықтыққа жүгіру (200х400х600х800);
- біртіндеп қысқартылған қашықтыққа жүгіру (800х600х400х200);
- біртіндеп ұзартылған, сонан соң біртіндеп қысқартылған қашықтыққа жүгіру (200х400х600х800х600х400х200).
Аралық орындау әдісі. Бұл әдістің мәнісі көп рет қайталанған жаттығудың орындау қарқыны жоғары (минөтына 160-180 рет жүрек соғу жиілігі) және тынығу аралығы қатаң болуында. Жаттығуды орындаған соң тынығу кезінде жүрек соғысы минөтына 120-140 ретке жеткенге дейін созылады да, сонан соң жаттығу қайталанады. Әрбір жаңа жүктеме ағза толық бастапқы қалпына келмеген кезде беріледі. Тынығу белсенді немесе бәсең болуы мүмкін, жаттығу тізбекпен орындалады (мысалы, 7х200). Бұл әдістің көмегімен аз мерзімде жалпы және арнайы төзімділік қасиетін дамытуға болады.
Жоғарыда аталған әдістер дене тәрбиесі тәжірибесінде жеке ғана емес, топтастырыла, жіктестіріле қолданылады (мысалы, бірқалыпты аралық жаттығулар әдісі, өзгермелі-аралық жаттығулар әдісі т.б.). Осындай әдістерді топтастыру тәсілдері ағзаның функционалды мүмкіндіктерінің өсуіне тиімді әсер етеді және кең көлемде дене қасиеттерін дамытады.
Айналмалы орындау әдісі. Спорт зал мен спорт алаңдарында шеңбер бойынша орналасқан «бекеттерде» жаттығуларды шеңбер бойымен айналып жүріп орындау айналмалы орындау әдісі деп аталады.
«Бекеттерде» (саны 6-10 болуы мүмкін) қарапайым, үйренген бір жаттығу орындалады (мысалы, штанганы иықта ұстап отырып, тұру, белтемірде тартылу және т.б.). Жаттығуды орындау саны әрбір «бекетте» жеке белгіленеді. Бір сабақта «шеңберді» бір реттен үш ретке дейін тынықпай немесе тынығу аралығымен өтуге болады. Бір айналып жаттығуды орындау уақытын, тынығудың аралық уақытын, жаттығуды қайталау санын мөлшерлеп белгілеу қажет. Шеңберлі орындау әдісінің бірнеше түрі бар:
1. Жаттығуларды ұзақ, үзбей орындау. Сабақ тынығусыз, шеңбер бойынша бірден үш ретке дейін қайталана орындалады. Сабақ міндеті – жалпы және арнайы төзімділікті дамытады.
2. Аралық орындау әдісі бойынша. Жаттығуларды орындау аралығында тынығу қатаң аралықты сақтауға, күш және жылдамдық, күш төзімділігін тәрбиелеуге қолданылады.
3. Бірқалыпты орындау әдісі бойынша. Тынығу аралығы толық. Күшті және жылдамдықты тәрбиелеуге қолданылады.
Шеңберлі жаттығу әдісін қолданар алдында жаттығуларды топтап, жүйелеп алады, «бекеттердің» орындары, жаттығуларды орындау мөлшері белгіленеді.
Дене тәрбиесінің жалпы әдістері
Сөзді қолдану әдісі. Қозғалысқа үйрету үрдісінде, дене қасиеттерін тәрбиелеуде сөзді қолдану әдісінсіз табысқа жету мүмкін емес. Сөзді қолдану әдісі үш топқа бөлінеді:
1. Баяндау, әңгімелесу, түсіндіру әдістері. Бұл әдістерді қолдану кезінде сөз оқушыларға білім беру мақсатында пайдаланылады.
2. Бұйрық беру, тапсырма, нұсқау беру әдістері. Бұл әдістер жаттығушылардың әрекеттерін басқаруға пайдаланылады.
3. Талдау, бағалау әдістері. Бұл әдістер жаттығушылардың әрекетін талдауға, баға беруге арналған.
Енді осы әдістердің маңызына және оларды қолдану ерекшеліктеріне тоқталайық.
Баяндау теориялық бір түсінікті айтуға, ойын кезіндегі қозғалыс әрекетін түсіндіруге, спорттық жаңалықтарды хабарлауға пайданылады. Оқушыларды жаттығуды орындау техникасымен таныстыруға түсіндіру әдісі қолданылады. Оқушылардың білімін, бір нәрсеге құштарлығын білу, ойлау қабілетін дамыту, белсенділігін артыру үшін әңгімелеу әдісі қолданылады.
Қысқа, бұйрықты раймен белгілі бір істің, қимылдың бұлжытпай орындалуын талап ете сөйлеу түрін бұйрық беру әдісі дейміз. Бұйрық саптық (әскери) және төрешілдік (сөреден жүгіру кезіндегі бұйрықтар, төрешілердің бұйрық сөздері) болып бөлінеді. Бұйрық көп адамдар қатысатын әрекеттерді ұйымдастыруда қолданылады. Мысалы, жаттығуды орындауға берілетін бұйрықтар, жаттығушылардың саптағы әр түрлі қозғалыстарын басқаруға берілетін бұйрықтар т.б.
Сабақ алдында немесе сабақ кезінде кейбір жеке міндеттер қою тапсырма әдісінің қызметіне жатады.
Қысқаша айтылып, бұлжытпай орындауды талап ететін сөз әсерін нұсқау беру деп атаймыз. Бұл әдіс көбінесе қозғалысты үйретуде қолданылады. «Жылдамдат», «тездет», «асықпа», «еркін жүр», «тізені бүкпе», «шынтақты түсірме» т.с.с. нұсқаулармен мұғалім қимыл-қозғалысты басқарып отырады. Белгілі бір тапсырма орындалған соң (сынаманы, ойын) талдау жасалады. Талдау әдісінің көмегімен қателер, оларды түзету жолдары көрсетіледі, келешектегі оқу-дайындық әрекетінің сипаты, бағыты белгіленеді. Қимыл-әрекет орындалып болғаннан соң, оған «жақсы», «орташа», «жаман» деген ауызша баға беріледі. Сабақ аяғында оқушылардың жаттығулар техникасын, сынақ жаттығуларын орындағаны бағаланады, баға қойылады. Осы жұмыстар бағалау әдістері көмегімен орындалады.
Көрнекі ықпал ету әдісі. Бұл әдістер жиынтығы көру, есту және үйренетін жаттығудың қимылын қабылдауды қамтамасыз етеді де, үш топқа бөлінеді:
1. Көру көрнекілігі әдістері.
2. Есту көрнекілігі.
3. Қимыл көрнекілігі әдістері.
Көру көрнекілігі әдістеріне жататындар:
Үйренетін қозғалысты мұғалімнің немесе мұғалімнің тапсырмасымен оқушының көрсетуі. Көрсету кезінде мұғалім мынандай әдістемелік талаптарды басшылыққа алу керек:
- көрсетудің мазмұны сөзді қолдану әдісімен қатар жүруі тиіс;
- көрсетудің мазмұны, үйретудің мақсатына сәйкес келуі қажет;
а) бірінші рет жаттығу тәсілін көрсеткенде ол стандартты түрде, оқушыларға түсінікті деңгейде толық орындалуы керек; ә) үйрету кезінде оқушылар қиын элементтерді жақсы игеру үшін қозғалыс толық немесе бөлшектеліп, ақырын өз қарқынында немесе баяу қарқында көрсетіледі;
б) жетілдіру кезеңінде оқытушы жаттығуды жоғары дәрежедегі спорт шеберлері орындағандай көрсетуі керек, ол оқушыларды ынталандырады, сол деңгейде орындауға ұмтылдырады;
- жаттықтырушы жаттығуды көрсеткенде спорт залдың, алаңның ең қолайлы, оқушылардың бәріне көрінетін, өзі де жаттығудың орындалуын бақылай алатын жерді таңдап алуы керек;
- қарапайым, жалпы жетілдіру жаттығуларын көрсеткенде «айнадан көру тәсілін» қолданған жөн;
- оқытушы көрсетуді өзі орындай алмайтын жағдайда: а) денсаулығына байланысты; ә) көрсету кезінде дененің қалпы жаттығуды түсіндіруге ыңғайсыз болса (мысалы, баспен төмен қарап тұрса), б) жаттығуды орындағанда мүмкін болатын қателіктерді оқушының өзі арқылы көрсету керек болса, көрсетуді жақсы дайындығы бар оқушыға тапсыруға болады.
Көрнекі құралдарды көрсету. Жаттығуларды бөлшектеп қарауда оның орындалу тәсілін түсіндіруде көрнекі құралдар, суреттер, плакаттар, фото, кино, бейне көріністер үлкен рөл атқарады (дене қалпы, статикалық дене тұрысы, т.с.с).
Суреттеме-тақтаға немесе қағазға жаттығудың орындалу схемасын оқушының түсіруі. Оқытушы сол суреттеме арқылы оқушының жаттығуды орындауды қалай түсінгенін біледі. Сонымен қатар кино және бейне магнитофон таспаларында жазып алынған жаттығуды көрсету арқылы үлкен жетістікке қол жеткізуге болады, өйткені ол қозғалысты әр қырынан көрсетіп, тәсілдің барлық бөлшектерін анықтап түсінуге мүмкіндік береді.
Дыбыс және жарық белгілері. Жаттығудың басталуы мен аяқталуын есту және көру (сөрелік тапаншамен ату, мәреден жүгіріп өткен спортшыларды фотоға түсіру т.с.с.), ырғақ, амплитуда, қарқын, жаттығуға жұмсаған күш мөлшері уақытын метроном көмегімен өлшеу, суда жүзу жолдарын көрсететін түрлі-түсті жарық белгілері, жалаулар осылардың бәрі жаттығуды дұрыс, ынталы орындауға көмектеседі.
Қимыл-көрнекілігі әдісі екі түрде орындалады: 1) Қозғалыс туғызатын дене мүшелерінің ықпалы арқылы оқушыларға сезіндіру (мысалы, конькимен жүгірушінің жартылай отыруын орындауды сезіну); 2) Қозғалысты еріксіз орындату (мысалы, допты немесе гранатты лақтыру кезіндегі қолдың атқаратын жұмысын оқытушы ұстап, орындатып көрсетеді), тренажерларды қолдану, олар арқылы керек қозғалысты орындатып сезіну, жаттығуды дұрыс орындау.
Тез хабарлау әдісі. Бұл әдіс кезінде техникалық құрал-жабдықтар (бейне таспа, дыбыс лидері) және көмекші құралдар (мысалы, айна арқылы оқытушы мен оқушы қозғалысты орындау сипаттамасы туралы тез мағлұмат алады және қателерін жылдам түзетіп отырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет