Жұмыспен қамту қатынасы жұмыс орындарын құру және жұмысшыларды жұмыс орындарына тарату іске асырылатын жағдайларды білдіреді . Ол халықтың еңбекке жарамды тобын шаруашылық іс-қимылға таратудың амалдарын қалыптастырумен байланысты іс-әркеттер жиынтығы. Жұмыспен қамту саласы жалдаушылар мен жалданушылар әрекеттерінің соқтығысуы саласы ретінде көрінуі мүмкін. Жұмыспен қамту қатынасы мынадай элементтерді қамтиды:
- жұмыс пен жұмыс күшін іздеу;
- жұмысшыларды жалдау және босату тәртібі;
- еңбек мәні мен мазмұны;
- оның төлем деңгейін және тиісті жеңілдіктің формаларын бекіту;
- кадрларды өндірістен тыс жерде және жұмыс орындарында оқытып дайындау;
- тік және көлденең күйдегі кәсіби мобильділік (орын ауыстыруы және жылжуы).
Ақы төленетін жұмыспен қамту саласы “еңбек нарығы” түсінігімен сипатталады. Ол өзіне бүкіл жұмысшыларды және белгілі бір аумақ, сала немесе кәсіби топ шеңберінде жұмыс орнында үміттенушілерді қамтиды. Еңбек нарығы қоғамдық сұраныстар мен меншіктердің құрылымына сәйкес іс-әрекет түрлері мен формалары, шаруашылық салалары бойынша қоғамдық еңбекті тарату мен қайта тарату механизмі ретіндегі қызметін атқарады. Нарықтың экономикалық құрамдас бөлігі ретінде еңбек нарығы, жұмыс берушілер (еңбекке сұранысты білдірушілер) мен жалданушы жұмыс күшінің (жалданушы жұмыс күшін сатушылар) мүдделерін келістіру механизмін ойға салады.
Еңбек нарығында қатынастар субъектісі болып табылатындар: жұмыс берушілер, жалданбалы жұмысшылар, жұмыссыздар, еңбек нарығы инфрақұрлымының элементтері (жұмыспен қамту қызметтері, еңбек биржалары, фирмалардың кадрлар қызметі, нормативтік-құқықтық сала, кәсіподақтар). Жұмыс беруші жұмыс күшіне сұранысты қалыптастырушы жақты, жалданбалы жұмысшылар мен жұмыссыздар - жұмыс күшінің ұсынысын білдіреді, инфрақұрылым элементтері осы екі жақтың өзара әрекеттесуіне жол ашады. Еңбек нарығы инфрақұрылымының (кәсіподақтар, мемлекеттік жұмыспен қамту қызметі, т.б.) басты қызметі жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы жұмыс күшінің бағасын, еңбек жағдайын, әлеуметтік проблемаларды әлеуметтік қорғау, еңбек барысында келіспеушіліктерді реттеуді шешу жайында өзара қатынасты реттеуден тұрады.
Сонымен қоса социологтар еңбек нарығының дамуы мен қызмет етуінің әлеуметтік механизмдерін қарастырады, ол өз кезегінде жұмыс күшінің ішкі және сыртқы мобильділігінің өзара әрекеттесуінің жүйесін білдіреді. Ішкі әлеуметтік мобильділік жұмысшының нақты бір мекеме шеңберінде жіктелімінің жоғарылауы және мәртебесінің өзгеруімен сипатталады. Сыртқы әлеуметтік мобильділік жұмыс күшін сырттан басқа ұйымдардан әкелумен байланысты. Өндіріс құрылымының өзгеруімен және жұмысшыларды бір саладан екінші салаға ауыстыруға байланысты салалық мобильділік болуы мүмкін. Ол топтасып ауысуды білдіреді. Сонымен қатар, аумақтық мобильділік (еңбек миграциясы), еңбекке қабілетті халықтың жұмыс іздеуде немесе еңбек мәртебесін және жұмыс істеу жағдайын жақсарту мақсатында кеңістік бойымен жылжумен байланысты.
Еңбек нарығының жұмыспен қамту және оның қатысушыларының жүріс-тұрыс сипатының әр түрлілігіне байланысты айырмасы бар ашық және жасырын түрлерін бөліп көрсетуге болады. Ашық нарыққа экономикалық белсенді халықтың бәрін жатқызады, яғни шындығында жұмыс іздеп жүргендер және дайындық пен қайта даярлауды кәсіби бағыттауды қажет ететіндер. Сонымен қоса экономиканың барлық секторларындағы бос жұмыс және оқыту орындары. Нарықтың жасырын бөлігі (немесе “жасырын” жұмыссыздар) - олар, формальді түрде мекемелерде және ұйымдарда жұмыс істейді, алайда өндірістің қысқаруына немесе оның құрылымының өзгеруіне байланысты өндіріске зиянсыз жұмыстан босатылған болуы мүмкін. Қазақстанда және басқа да посткеңестік елдердегі жасырын еңбек нарығының қалыптан тыс ұлғаюы (шектен тыс көбейіп кетуі) - нарықтық қатынастардың орнығу кезеңінің ерекше белгісі болып саналады. Ол кездерде мекемеде қысқару болғанда, мұндай жолмен мамандарды сақтап қалуға тырысты.
Жалпы 70-ші жылға дейін жасалып келген еңбек нарығының үлгілері еңбек нарығын біртекті деген көзқарасқа және мекемелер, салалар мен аймақтар арасында жұмысшылардың ашық еркін ауысып отыруына негізделген еді. Институционалдық бағыттың өкілдері еңбек нарығының біркелкі еместігін атап көрсетті. Олардың көзқарасы бойынша ішкі және фирмалық құрылымдар - біртекті емес жұмыс орындары мен өзіндік жалақы деңгейі бар кластерлер болады. Олар әлеуметтік институттардың жұмыспен қамту саласындағы индивидтердің жүріс-тұрысына әсер етуіне басты назар аударды. Айталық, мысалы, мемлекет пайдалы тапсырыстарды (әскери) орналастыру арқылы немесе еңбек заңына өзгеріс енгізу арқылы тікелей немесе жанама түрде жұмыс орындарының ашылуын немесе жұмыспен қамтутың ерекше түрлерінің қалыптасуын (әйелдер үшін толық емес жұмыспен қамту) ынталандырады. Жұмыс күштерінің еркін жылжуы және еңбекке біркелкі ақы төлеу бар ортақ нарығы жоқ деген болжам ұсынылған болатын. Мамандықтар, мекемелер, салалар мен аймақтар арасындағы шекаралары мен кедергілері бар, оларда еңбек ақы төлеуде, еңбек жағдайлары мен мазмұнының, кәсіподақ пен мемлекеттің ықпал ету деңгейінің тұрақты айырмашылықтары қайта пайда болады. Бұл жағдай екі жақты нарық пен еңбек нарығының сигментациясы тұжырымдамаларының пайда болуына негіз болды.
70-ші жылдардың басында П.Дерингер және М.Пиоре “еңбектің ішкі нарықтары мен жұмыс күшін талдау” атты кітапта (1971) еңбектің сыртқы нарықтарымен қатар ірі мекемелер өзінің ішкі нарықтарын құрады деген ойды алға тартты. Ішкі нарықтар көп деңгейде сыртқы бәсекелестік нарықтан оқшауланған және оның бақылаусыз түрде болатын теңселулеріне ұрынбайды. Онда еңбек жағдайы мен еңбек ақы төлеу әкімшілік ережелермен реттеліп отырады. Бұл жерде жалдау мен жұмыстан босатудың, еңбекке ақы төлеудің және қызмет бабымен жылжудың өзіндік стандарттары белгіленеді. Мысалы, жылжу жұмысшының еңбек өнімділігімен тікелей байланыстырылуы мүмкін емес, ол мекемеде істеу стажына тәуелді (жапон мекемелеріндегі “өмірлік жалдану” тәжірибесі).
Жекелеген ішкі нарықтардың пайда болуы жіктелімінің ерекшелігімен және тікелей жұмыс орнында кәсіби дайындықтан өткізу қажеттілігінен туындайды. Сонымен қоса, ол формальді емес фирма ішндегі байланыстардың болуымен және ұйымдастырушылық мәдениеттің ерекшеліктерімен байланысты (қалыптасып қалған дәстүр мен ережелер).
Сыртқы еңбек нарығында жұмысшылар мекемелер арасында ауысып отырады, ішкі нарықта олардың тік және көлденең түрдегі мобильділігі сол мекеменің ішінде іске асырылады. Кроссмәдени зерттеулер АҚШ пен Ұлыбританияда еңбек нарығы жоғары сипаттағы аумақтық және фирма аралық мобильділік бағытына ие екендігін, ал Франция мен Жапонияда ішкі еңбек нарығының дамығанын көрсетті.
П.Дерингер және М.Пиоренің жасаған келесі қадамы “екі жақты еңбек нарығы” тұжырымдамасы болды, бұл жерде нарық екі бөлікке бөлінеді: алғашқы және қосымша.
Достарыңызбен бөлісу: |