13-дәріс. Батпақтар
Батпақ – гидросфераны құраушы құрлық суларының өзіне тән ерекшелігі бар ерекше түрі. Батпақтың пайда болуына бірнеше фактор әсер етеді, атап айтқанда, атмосферадан жер бетіне келіп түскен жауын-шашынның буланудан басымдылығы жағдайында, жер бетінің ылғалдану дәрежесінің артуы мен тау жыныстарының суды нашар өткізгіштігі болып табылады.
Батпақтың пайда болуы аймақтың геологиялық құрылысы мен жер бедеріне, климаттық ерекшелігі мен өсімдік жамылғысына да байланысты. Газ алмасудың нашар жүруінен батпақты жерде органикалық ашу пайда болып, өсімдік жамылғысының ерекше түрі дамиды. Олар ылғал сүйгіш болып келіп, шала шіріген өсімдік қалдықтарының батпақта тығыздалуы нәтижесінде шымтезек пайда болады.
Шымтезек – қоңыр түсті, жанғыш тау жынысы, оны жылу электр станцияларында отын, ауыл шаруашылығында тыңайтқыш, малға төсеніш және өнеркәсіпте химиялық шикізат ретінде пайдаланылады.
Батпақтардың әдетте 87-97%-ы су, қалған 13-3%-ы шымтезек болып келеді де, пайда болу жолдары түрліше. Батпақтардың пайда болуында өсімдіктер жамылғысының ролі ерекше, бірінші жағдайда, көл қазаншұңқырын өсімдік жамылғысы қаулап басып кеткенде пайда болады. Су өсімдіктерінің өсіп-өнуі өте жылдам, олар шіріндіге айналуы нәтижесінде, көл қазаншұңқырына шөге береді. Көл қазаншұңқырын өсімдік шірінділері жағалаудан бастап орталық терең бөлігіне қарай баса беріп, нәтижесінде батпақ пайда болады.
Екінші жағдайда, су асты жағалауы тік кемерлі терең көлдер батпаққа су бетін өсімдіктер қоспасының басуы нәтижесінде айналады.
Өсімдіктер қоспасы – көл бетін тірі және қураған өсімдіктердің жабуы. Өсімдіктер қоспасы негізі - тамыры су астында болып, сабағы ұзын, су бетіне төселе өсетін өсімдіктер. Оның үстіне мүк (гипнум мен сфагнум) және тағы да басқа өсімдіктер өседі. Өсімдіктер қоспасы қалыңдай келе, көл түбіне шөге беріп, қазаншұңқырды толтырады. Көл ауданы шағын болса, батпаққа соғұрлым тез айналады.
Құрлықтың батпаққа айналуы шамадан тыс мол ылғалдануымен байланысты. Ол жергілікті жердің климаттық жағдайымен тікелей байланысты болғандықтан, батпақтың таралуы зоналық заңдылыққа сәйкес келеді. Тундра зонасының 50%-ынан астамын батпақтар алып жатыр. Тундра батпақтары шымтезек қабатының жұқалығымен ерекшеленеді. Бұл төмен температура жағдайында органикалық заттардың нашар шіруінің салдарынан болады.
Батпақтардың ең кең тараған өңірі – қоңыржай белдеудің орман зонасы, әсіресе, тайгада кең алқапқа тараған. Бұл зона батпақтарында шымтезек қабаты қалың (8-10 м) болып келеді. Түскен ылғалдың булану мүмкіндігі жоғары болып келетін, орманды дала зонасының 3-5%-ы батпақ болып келеді. Дала зонасында батпақтар тек үлкен өзендер жайылмасында ғана таралған.
Қоректену жағдайларына қарай батпақтар: ойпат және дөңес батпағы болып екіге бөлінеді.
Ойпат батпағы – жер асты суларымен қоректеніп, жер бедерінің ойыс жерлерін алып, беті ойыс немесе тегіс болып келеді. Өсімдік жамылғысы алуан түрлі болып, ағаш тәрізділерден: қайың мен қандыағаш өседі. Сондай-ақ жасыл мүк, қияқ, қамыс, құрақ өседі.
Ойпат батпағы жыл сайын бет жағынан қалыңдай беруі нәтижесінде қалың шымтезек қабатын құрайды.
Дөңес батпағы – негізінен атмосфералық жауын-шашынмен қоректеніп, аз тілімделген су айырықтарында пайда болады. Негізгі өсімдік жамылғысы – ақ және сфагнум мүгі. Сондай-ақ ағаш тәрізділерден батпақ қарағайы өссе, шөптесіндерден – саз қазанағы, мүкжидек, шықшөп кең тараған.
Достарыңызбен бөлісу: |