1-дәріс. Кіріспе. Климатология гидрология негіздерімен пәнінің география ғылымдары жүйесіндегі орны



бет2/38
Дата14.03.2024
өлшемі2.52 Mb.
#495515
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   38
Дәрістер жинағы

Интеграция (лат. іnteger – тұтас, бүтін, Іntegratіo - қалпына келтіру, толықтыру) – белгілі бір ғылым салалары бойынша білім жүйесінің жинақталып, бірігіп, топтасуы. География ғылымы бойынша табиғат және қоғам туралы білімнің бірігуі. Қазіргі кезде география ғылымдар жүйесі зерттеу нысанына қарай бір-бірімен байланысты:
- жаратылыстану-ғылыми;
- әлеуметтік-экономикалық;
- табиғи-қоғамдық деген үш блокқа бөлінеді.
Жаратылыстану-ғылыми блок. Бұл блокты іргелі және қолданбалы физико-географиялық ғылымдар жүйесі құрайды. Физикалық географияның негізгі зерттеу объектісі – географиялық қабық. Ол географиялық қабықтан тұтастай, яғни жалпылама және жеке табиғат құрамбөліктері мен табиғат кешендері негізінде зерттейді.
Жалпы физикалық география ғылыми-зерттеу жұмысы барысында жинақталған материалдары негізінде ортақ ғылыми тұжырым жасап, жаңалықтарын басқа ғылым салалары пайдаланылатын іргелі ғылым. Оның жердегі жүріп жатқан табиғи үдерістер заңдылықтарын ашудағы маңызы ерекше. Ол бірнеше бөліктерге бөлінеді.
Палеогеография – жердің географиялық қабығы мен оны құраушы ландшафтарының тарихи даму заңдылықтарын зерттейді. Оның басты мақсаты – жердің өткен геологиялық дәуірлердегі табиғи жағдайларының өзгеру динамикасын зерттеп, зерделеу. Палеогеография көптеген тарихи әдістерді пайдалана отырып, жердің қазіргі табиғаты көрінісін өткен дәуірлермен байланыстырады.
Жалпы физикалық география мен ландшафтану тобында географиялық қабықтың жеке құрамбөліктерін (жер бедері, климат және т.б.) зерттейтін құрамбөліктік физикалық география ғылымы ажыратылады. Бірақ барлық табиғат құрамбөліктері географиялық қабықтың бір бөлігі ретінде, бір-бірімен тығыз байланысты.
Ландшафтану – ландшафт қабығы туралы ғылым, яғни жекелеген табиғат кешендерін зерттейді. Ландшафт (неміс: Lancl-жер, аймақ) – табиғат құрамбөліктері – тау жыныстары, ауа, су, топырақ, өсімдік және жануарлар дүниесі бір-біріне тәуелді және өзара тығыз байланысты болып келетін аумақтық кешен. Ландшафты екінші сөзбен, аумақтық табиғат кешені деп те атайды. Жер бетіндегі жаратылыс жағдайы әр түрлі аумақтық табиғат кешендерінің ерекшеліктерін, олардың құрамын, байланысын, бір-біріне тигізетін әсерін, құрамдас бөліктерінің өзара орналасу заңдылықтарын ландшафтану ғылымы зерттейді.
Геоморфология – жер бедерін (рельеф) зерттейді. Жер бедері жердің эндогендік (ішкі, мысалы, тектоникалық) және экзогендік (сыртқы, климат, су) күштері әрекеті нәтижесінде қалыптасып, дамиды. Бұл ғылым саласы физико-географиялық және геологиялық ғылымдардың бірігуі нәтижесінде қалыптасты.
Жер бедері жер климатының қалыптасып, топырақ, өсімдік және жануарлар дүниесінің таралуына ерекше әсер ететін ландшафттың ерекше негізгі құрамбөліктерінің бірі. Геоморфологияның қазіргі кезде практикалық маңызы артуда, әсіресе, пайдалы қазбаларды іздестіру мен құрлыс жұмыстарын жүргізуде. Соңғы жылдары теңіз геоморфологиясы кеңінен дамуда.
Географиялық қабықтың маңызды құрамбөліктерінің бірі – климат, жер шарының климаттық ерекшеліктерімен климатология ғылымы айналысады.
Климатология (гр: klimat және logos–ілім) – климат және климат құрушы факторлар, оның типтері, жер шары бойынша таралуы туралы ғылым, география ғылымдары жүйесіне кіреді. Жер шары климатына ғылыми талдау, сипаттама беру, оның даму заңдылықтары мен таралуын және классификациялау климатологияның басты мақсаты.
Қазіргі климатология іргелі және қолданбалы ғылым ретінде қалыптасты. Олар:
Жалпы немесе генетикалық климатология – климаттың жер шары және жекелеген аймақтар бойынша қалыптасу заңдылықтарын, күн радиациясының таралуын, атмосфера циркуляциясы және тағы да басқа климат құрушы факторлар ерекшеліктерін қарастырады.
Климатография – метеорологиялық станциялар мен метеоспутниктер мәліметтері негізінде жекелеген аумақтар климатына сипаттама береді.
Палеоклиматология (гр: palaios-ертедегі, ежелгі) – өткен геологиялық дәуірлерге тән жер шары климатын зерттейтін, палеогеографиямен тығыз байланысты ғылым саласы. Жер бетінің ертедегі климат жағдайы шөгінді тау жыныстарының заттық құрамы мен қатпарлык белгілері, организмдердің қазба қалдықтары және өзге де көптеген геологиялық көрсеткіштер арқылы қайта анықталады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   38




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет