47.Қазақ хандығы дәуіріндегі би-шешендердің дүниетанымында елдік, бірлік, ынтымақ мәселелерінің алатын орны мен маңызы. Қазақ билерінің үкімдері мен кесімдеріне ханның жарлығы жүрмеген. Қазақ қоғамындағы Хандық биліктің өзіне тән ерекшелігі тұрақты әскері мен тармақты жүйеленген күштеу құрылымы болмаған. Ал сахарадағы демократиялық үрдістер билер институтына берілген еркіндік арқылы айшықталады. Билер болса қоғамдық өмірдің әр саласында, сол кездегі әлеуметтікэкономикалық жағдайлардың мүмкіншілігіне қарай әділ шешімін кесіп отырған әрі дана, әрі шешен, әрі төрешінің рөлін атқарған.
Қазақ даласында билер төреші болған жаугершілік замандарда ұлтымыздың өресін жауларына мойындатқан кездері аз болмаған. Қабанбай, Бөгембай сынды батырларымыз білек күші сыналған жерде ержүректіліктің үлгісін көрсетсе, Төле би, Әйтеке би, Қазбек билер мәмлегерлік институтының тетіктерін жетілдірді.
Билер институты жас-ұрпақ тәрбиелеуде қазіргі заманда бірнеше сатыға бөлінетін мектеп, жоғарғы оқу орындарының міндетін де атқарды. Жастардың жүректеріне имандылықты ұялата білу шешендік өнермен қатар тәлімгерлік тәжірибенің де арқасында мүмкін еді. Қоғам дамуының әр кезеңі адам болмысының дамуы арқылы болады. Адам өзін өзі жетілдіре отырып қоғамды жетілдіреді. Адамдар өздерінің іс-әрекеті арқылы қоғамның алға жылжуына тікелей қатынасады. Сондықтан қазақ хандығы тұсындағы билер атқарған ұлы істер адамды рухани жетілдіруге бағытталғандығымен де құнды.
Би мен шешен халық ұғымында бірінен-бірі ажырағысыз тең түсінік. Бисіз – тапқыр шешендікпен айтылатын көркем төрелік сөз болмақ емес, шешен сөйлей алмайтын адам – би болмақ емес. Екеуіне де бірдей тән қасиет – белгілі бір үрдіс, дәстүрлі рухи принциптерге бағынушылық. Сондықтан елдің бүкіл би-шешендері оны тек өнер деп қарамай, әлеуметтік –саяси феномен ретінде мойындап, дала демократиясын қалыптастырып, әлеуметтік-саяси тұтастықты барынша орнықтыруға атсалысқан.
Хандық билік жүйесінде бидің ерекше беделді тұлға болғандығын айғақтайтын жазба деректер де, ауыз әдебиетінің нұсқалары да жетерлік. Қазақтың алғашқы заңгерлерінің бірі Д.Сұлтанғазин “Бұрынғы замандағы қазақтардың билік қылуы” атты мақаласында: “... бағзы билер болыпты, бек білімді, атақты һәм ақылды, әділетті, көпті көрген және іс бітіргенде әдет рәсімдерін тегіс біліп, әр жұмысты қара қылды қақ жарып орнына келтіреді екен..., һәм солардың бітірген жұмыстарын ұлы хандары да әрқашан бұзбайды екен... Билердің батыр, бай, т.б. әлеуметтік жіктерден ерекше құрметтелуінің бірнеше тарихи себептері бар.
Біріншіден, би мемлекет басқару жүйесінде кейбір айрықша құқылар иеленді: «Жеті Жарғы» қағидаларына сай ол өзіне бағынышты ру-тайпа шегінде сот және әкімшілік билік (ханмен қатар) жүргізді.
Екіншіден, би ру-тайпаның басшысы ретінде әкімшілік қызметті де қоса атқарып, өз қауымының тұрмыс-тіршілігін қадағалап, тәртіп-талабына жауапты болды. Осылайша олар билеуші хандардың халық арасындағы сенімді тіректеріне айналып, саяси бедел иеленді, сұлтандармен тең құқылы дәрежеде мемлекеттің мәселелерді талқылауға қатысты.
Үшіншіден, ел тағдыры сынға түскен жаугершілік замандарда билер батыр-баһадүрлермен қатар атқа қонып, қарамағындағы тайпаластарынан жасақ құрып, мемлекет тұтастығын, ұрпақтар азаттығын қорғауға ұйытқы болған, қолбасшылық қызмет атқарған.
Төртіншіден, би атағы мұрагерлік заңымен берілетін лауазым емес. Көшпелілер мәдениетінің ерекше қыры — шешендік өнерді меңгермейінше, тек әдет жосындарын жетік біліп, әділет принципін ұстану арқылы ғана би атану, ел сенімін иелену мүмкін болмаған.