9 Тақырыбы: Физикалық географияның құрылымы мен мазмұны
1. Физикалық география курсының мазмұны.
2. Оқушылардың пән бойынша білім деңгейіне қойылатын талаптар.
3. Тараулар бойынша істелінетін жұмыстар.
Физикалық географияның бастапқы курсында Жердің географиялық қабығы мен оның жеке бөліктері қарастырылады. Географиялық қабық - литосфера, гидросфера, атмосфера және биосфералардың өзара байланысымен сипатталатын, біртұтас ауқымды әрі күрделі табиғат кешені.
Физикалық географияның бастапқы курсы «План және карта», «Жер қабықтары», «Табиғат компоненттерінің байланысы», «Жер және адамзат», «Жергілікті халық пен табиғат» тарауларын оқытуды қарастырады. «План және карта» тарауы - «масштаб», «азимут», «абсолюттік биіктік», «салыстырмалы биіктік» түсініктері, жер бетінің обьектілерін планшетте және картада көрсету географиялық обьектілер мен құбылыстарды картаға түсіру тәсілдері. Адам өміріндегі картаның маңызы.
«Жер қабықтары» тақырыбын оқу кезінде оқушылар литосфера, гидросфера, атмосфера және түрлі организмдер (биосфера) өзара кіріккен сфералардан тұратын географиялық қабық туралы қарапайым түсініктер алады.
«Гидросфера» тақырыбы дүниежүзілік мұхит пен құрылық суларынан (жер асты және жер үсті) тұратын әрі күрделі, бірақ тұтас, қабықты қамтиды. Дүние бөліктерінің аса ірі өзендері мен көлдері өзен алаптары, суайрық, өзендердің қоректенуі мен режимі, адам өмірінде су ресурстарын пайдалану.
Дүниежүзілік мұхит пен оның бөліктері, аса ірі теңіздер, бұғаздар мен шығанақтар. Дүниежүзілік мұхиттың суының қасиеттері. Ағыстар. Теңіздер мен мұхиттардың шаруашылықтағы маңызы.
Литосфера, жер қыртысының құрылымы, жер қыртысын қалыптастырушы ішкі және сыртқы күштер. Литосфераның - жер қыртысының орнықты және қозғалыстағы телімдері. Пайдалы қазбалардың таралуындағы негізгі заңдылықтар.
Жер бетінің формалыры, нысандары. Ойпаттар, жазықтар, үстірттер, ойыстар, таулар.
Аса ірі таулар, ойпаттар, дүниежүзі бөліктерінің жазықтары. Адам өміріндегі жер бедерінің маңызы.
«Атмосфера» тақырыбы жердің ауа қабығы туралы білімді, ауа райының құбылыстары мен элементтерін, жер климатының көп жылдық орташа сипаттамаларын және жергілікті климатты, сонымен бірге климат қалыптастырушы факторларды қамтиды. Атмосфера туралы түсінік, жел және оның қалыптасуы. Атмосфералық жауын-шашын, жер климаты, негізгі климат түзуші факторлар, климат белдеулерінің сипаттамасы.
«Биосфера» тақырыбы тірі организмдер географиялық қабықтың бір бөлігі екендігі туралы түсінікке негізделген. Жер және адамзат тақырыбына адам табиғаттың бір бөлігі, нәсілдер, сыртқы белгілеріне байланысты нәсілдік өзгешеліктер туралы мәліметтер кіреді. Жер бетін-дегі халықтардың орналасуы мен саны, этностар, қазіргі заманғы дүниежүзілік саяси карта.
Жергілікті халық және табиғат тақырыбы айтарлықтай дәрежеде келесі құрылықтар мен мұхиттар географиясына кіріспе болып табылады.
Оқушылардың пән бойынша білім деңгейіне қойылатын талаптар.
Оқушы білуі керек:
- план, масштаб, географиялық карта, абсолюттік және салыстырмалы биіктік, географиялық координаттар туралы түсініктердің мазмұнын;
- географиялық обьектілер мен құбылыстарды план мен картада бейнелеу тәсілдерін;
- градустың негізгі элементтерін;
- тұрақты бейнелеу түрлерінің ерекшеліктері, план мен географиялық картаның өзгешеліктері мен ұқсастығын;
Литосфера:
- жердің сыртқы қабығы туралы қарапайым түсініктер қалыптастыру;
- жер қыртысын құрайтын тау жыныстарының негізгі түрлері;
- жер қыртысының қозғалыс түрлері; жанартаулық көріністер;
- құрылық бедерінің негізгі нысандары, таулар, жазықтар;
- жердің ішкі құрылымының ерекшеліктері;
Гидросфера:
- гидросфераның құрамы, дүниежүзілік су айналымы негізінде;
- дүниежүзілік мұхиттың құрамды бөліктері теңіздер; шығанақтар; бұғаздар;
- құрылық суының құрамы;
- құрылықтардың, дүние бөліктерінің, мұхиттар мен теңіздердің, аса ірі таулардың, жазықтардың, өзендердің, көлдердің географиялық картадағы орны;
- дүние жүзілік мұхиттың табан бедерінің ерекшеліктері;
- өзендердің, көлдердің, жерасты суларының, мұздықтардың ерекшеліктері;
- бағдарламада аталған көлдердің, көл шұңқырларының типтері;
- каналдар мен бөгендер туралы түсінік;
- судың шаруашылықтағы маңызы, оны ұқыпты пайдалану және қорғау шаралары;
Атмосфера:
- атмосфера, ауа райы, климат, жел, атмосфералық жауын-шашын түсініктерінің мазмұны;
- температура, жел, қысым, ауа ылғалдылығы, атмосфералық жауын – шашын тәрізді ауа-райының сипаттамалары;
- бриздер мен муссондар туралы түсінік;
- жыл мезгілдерінің жергілікті ерекшеліктері;
- атмосфералық ауаны қорғаудың негізгі шаралары;
- атмосфера құрылымы (құбылыстардың сипаты, өзге қабықтармен байланыстары);
- «жел кестесі» бойынша желдің басым бағытын анықтау;
- жердің тәуліктік және жылдық айналымының ерекшеліктері, оның салдары;
Биосфера:
- биосфераның құрамы;
- жер шары халқының саны;
- негізгі адам нәсілдері, олардың сыртқы белгілерін, нәсілдер теңдігі;
- литосфера, гидросфера, атмосфера және биосфера тәрізді жер қабықтарының өзара байланыс мысалдары;
Істей білу керек:
- планмен, географиялық картамен және глобуспен жұмыс істеу;
- нүктені оның географиялық координатталары арқылы анықтау;
- глобустан, жарты шарлар картасынан, Қазақстанның физикалық картасынан географиялық координатталарды анықтау;
- көкжиек жақтары бойынша бағыттарды анықтау;
- картадан жеке шыңдарды (Кавказ таулары, Орал тауы, Гималай, Тәңіртауы және т.б. ) көрсету;
- картадан тауларды, құрылықтағы жазықтарды, құрылықтар мен мұхиттарды көрсетуді және анықтау;
- картадан Дүние жүзілік мұхит бөліктерін көрсету, оларды кескін картада белгілеу;
- кескін картада географиялық обьектілерді белгілеу және жазу;
- план және карта бойынша ағын және тұйық көлдерді анықтап, картадан көрсету;
- каналдар мен бөгендердің географиялық орнын анықтау;
- жергілікті климат ерекшеліктерінің жазбасын құрастыру;
- саяси карталарды оқу, ондағы мемлекеттер мен олардың астаналарын көрсету;
- шартты белгілерді көрсете отырып обьектілерді анықтау;
- жер обьектілерін, бағыттарды, қашықтықтарды, нүкте биіктіктерін, планда және картада анықтауды көрсету;
- жеке аймақтар мен обьектілердің абсолюттік биіктігін, тереңдігін анықтау, обьектілердің ұзақтығын градуспен және километрмен анықтау;
- шөгінді және магмалық жыныстарды сыртқы белгілері бойынша анықтау;
- физикалық карта бойынша ірі жазықтар мен тау жүйелерінің сипаттамасын құрастыру;
- гидросфералық обьектілердің географиялық орнын анықтау;
- карта бойынша теңіздер мен мұхиттардың тереңдігін анықтау;
- өзен ағысының бағыты сипаты мен бағытының жер бедеріне тәуелділігін анықтау;
- көл шұңқырының пайда болуын анықтау;
- температура жүрісінің кестесін, жел кестесін, жауын-шашын диаграммасын тұрғызу және оларды талдау;
- ауаның орташа температурасын, температура ауытқуларын есептеу;
- жарықтану белдеулеріне қарай обьектілерінің орнын анықтау;
- өз жерінің табиғат кешенінің сипаттамасын құрастыру;
Достарыңызбен бөлісу: |