1. Географияны оқыту методикасы


Тақырыбы: Материктер мен мұхиттардың физикалық географиясы курсының құрылымы мен мазмұны



бет8/13
Дата20.05.2022
өлшемі106.72 Kb.
#458334
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
1.география

10 Тақырыбы: Материктер мен мұхиттардың физикалық географиясы курсының құрылымы мен мазмұны.
1. Материктер мен мұхиттардың физикалық географиясы курсының мазмұны.
2. Оқушылардың пән бойынша білім деңгейіне қойылатын талаптар.
3. Тараулар бойынша істелінетін жұмыстар.

Материктер мен мұхиттардың физикалық географиясы курсы – мектептегі аймақтық елтанудың алғашқы курсы. Оқушылардың бастапқы сыныптарда география сабағынан алған біліміне сүйене отырып, құрылықтардың халқы, саяси картасы мен физикалық географиялық ерекшеліктері туралы білім қалыптасады. Бұл курсты оқыту нәтижесінде оқушылар табиғат байлықтарының алуан түрлілігі, жер шарының барлық бөліктеріндегі халықтардың тіршілік жағдайларындағы өзгешіліктерінің себептері туралы білім алады. Сонымен қатар, материктер мен мұхиттардың физикалық географиясы курсы – оқушыларды түрлі арнайы жалпы географиялық карталармен толықтырады, олармен жұмыс істей білу қабілеттілігін қалыптастырады және арттырады.
Жер бедері, құрылықтағы пайдалы қазбалар және жер қыртысының құрылымы туралы түсініктер жүйесі. Оқушылар әрбір жеке құрылық бетінің жалпы және оның ірі аймақтарының құрылымы, жер шарындағы негізгі бедер нысандарының және материктер мен мұхиттардың бедерінің даму заңдылықтары туралы түсінік болуы керек. 
Материктер мен мұхиттар географиясы пәні жер табиғатының жалпы сипаттамасы: мұхиттар, құрылықтар атты тараудан тұрады. Құрылықтар географиясы туралы білім оқушыларға әр алуан елдердің халықтарының өмір сүру ерекшеліктерін, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды түсінуге, білуге көмектеседі. Мысалы, оқушылар Африка материгінің жер бедері туралы өтіп жатқанда, оның Оңтүстік Америка жер бедерінен ерек-шеленуін салыстырмалы ретінде білуіне көмегін көрсетер еді. Материктер мен мұхиттар географиясы курсы – физикалық-географиялық бастауыш курсының логикалық жалғасы болып табылады, Қазақстанның физикалық географиясы курсына табиғи түрде өтеді қамтамасыз етеді. 
Жер табиғатының жалпы сипаттамасы. Литосфера жер бедері. Атмосфера және климат. Адам мен табиғат арасындағы өзара ықпал. 
1. Табиғаттың адам өмірі мен шаруашылық әрекетіндегі маңызы.
2. Адамның шаруашылық әрекетіне байланысты табиғаттың өзгеруі.
3. Табиғатта адамның өмір сүру жағдайына әсері.
4. Жер табиғатын игеру мен қорғауда халықаралық ынтымақтастықтың қажеттілігі.
5. Жер табиғат кешендері.
6. Географиялық қабықтың құрылымы мен қасиеттері. 
Мұхиттар.
Аттары, шекаралары, өлшемдері. Мұхитты зерттеудің тарихы. Географиялық орны, жағалаулар, теңіздер, аралдар және олардың пайда болуы. Мұхиттың іргелес жатқан құрылық бөліктерімен өзара ықпалы. Мұхит табиғатының өзге де ерекшеліктері. Шаруашылық игерілуі, Мұхиттың минералды байлықтары. Мұхит суын ластаудан қорғау. Келешекте мұхит суын игеру.
Материктер.
Материктердің физикалық-географиялық орнына сипаттама. Еуразия, Солтүстік және Онтүстік Америка, Африка, Австралия, Антарктида.
- материктердің ашылуы, зерттелу тарихы;
- материктік жер бедерінің қалыптасуы, құрылымы пайдалы қазбалары;
- материктің климат ерекшеліктері , климат түзуші факторлар;
- материктің ішкі сулары; басты өзен және көл жүйелері;
- материктің табиғат зоналары, органикалық әлемі. Материктің ендік зоналылығы және биіктік белдеулігі;
- табиғат қорғау проблемалары;
- халық шаруашылық әрекеті;
1. Материктік және мұхиттық жер қыртысының қасиеттері.
2. Жер бедерінің жер қыртысының құрамына тәуелділігі.
3. Материктегі табиғат зоналарының орналасуы.
4. Табиғат кешендерінің қалыптасуындағы климат пен жер бедерінің ролі.
5. Табиғат кешені, табиғат зонасы, ендік және биіктік зоналығы туралы мәліметтер.
6. Материктің ашылу және зерттелу тарихының негізгі мәліметтері.
7. Ірі өзендер мен олардың климат пен жер бедеріне тәуелділігі.
8. Материктің органикалық дүниесінің өзгешелігі.
9. Халықтың этникалық құрамы және орналасуы.
10. Материктің негізгі климат қалыптастырушы факторлары.
11. Климаттың жер бедері мен ауа массаларының қозғалысы мен байланысты ерекшеліктері.
12. Материктегі ендік зоналық пен биіктік белдеулігінің көрініс ерекшеліктері.
13. Материкті мекендейтін халықтар мен тұрғылықты халықтардың жағдайы.
14. Адам тіршілігі нәтижесі дәрежесіндегі материктегі табиғаттың өзгеруі.
15. Мұхиттардың физикалық – географиялық орнының олардың табиғатына әсері.
16. Мұхиттардың зерттелу тарихы.
17. Әлемдік су айналымы.
18. Дүние жүзілік мұхиттың органикалық әлемінің ерекшеліктері.
19. Дүние жүзі мұхит суының температурасы, тұздылығы, таралу ерекшелігі.
20. Дүние жүзілік мұхит суын қорғаудың қажеттілігі. 
Материктер мен мұхиттардың физикалық географиясынан ұғымдарды қалыптастыру.
Оқып үйренудің тиімділігін арттырудың аса маңызды шарты терең де тиянақты білім беруге, оқушыларды дамыту және тәрбиелеуге – ұғымдарды қалыптастыруға назар аударылуына жету. Ұғымдар кез келген ғылым білімінің, оның ішінде география ғылымы білімнің негізгі бөлігін құрайды. Физикалық география негізін игеру дегеніміз - ең алдымен осы ғылымның ұғымдарын игеру деген сөз. Ұғымдарды білмейінше, обьективті шындықта орын алып отырған байланыстарды, географиялық қабықтың, ірі территориялық табиғат комплекстерінің пайда болуы және даму заңдылықтарын ашуға болмайды, ғылыми көзқарасты қалыптастыруға, оқушылардың курстың негізгі идеясын түсінуіне жетуге болмайды.
Оқу процесін барынша тиімді ұйымдастыру үшін қандай ұғымды, қандай жүйемен ұйымдастыру керектігін және олардың арасында қандай байланыстар және өзара тәуелділіктер болатынын айқын білу керек. Материктер географиясы курсы беретін білім құрамы сан қилы. Негізгі мектепте оқып үйренілетін физикалық географияның жеке салаларына сәйкес, оған жалпы жертану, дербес физикалық-географиялық (геоморфологиялық, климатологиялық және басқалар), физикалық – географиялық елтану, картографиялық ұғымдар системасы енгізілген. Жеке-дара алынып отырған білім системаларының әрқайсысының ұғымдарды түсіндіруінде өзіне тән жолы бар.
Ұғымдар осы системалардың қайсысына жатсын, бір-бірімен белгілі бір қатынаста болады. Сондай-ақ түрлі жүйеге жататын ұғымдар да өзара байланыста болады. Сондықтан да, ұғымдардың меңгерілуіне қарай топтарға бөлінетіндігін ескеру маңызды іс. Ұғымдарды тектік – жетекші меңгеруші ұғымдар; түрлік – бағынышты ұғымдар деп ажыратуға болады. Сондай-ақ мысалы, климатологиялық ұғымдар жүйесінде жетекші ұғымға климатты түзуші факторлар және климат типтері жатады. «Климат түзуші факторлар» ұғымына «Күн радиациясы», «Атмосфера циркуляциясы», «Жер беті төсеніші», «Рельеф» ұғымдары бағынышты болады.
Сонымен қатар, климат түзетін факторлардың әрқайсысына жататын ұғымдарды екінші қатардағы бағынышты ұғымдарға бөлуге болады. Мәселен «Атмосфера циркуляциясы» ұғымы «Атмосфералық қысым белдеуі», «Ауа массалары», «Үстем (аймақтық) желдер» ұғымдарын қоса қамтиды. Екінші қатардағы ұғымды үшінші қатардағы ұғымға да бөлшектеуге болады, мысалы, «Үстем желдер» ұғымы «Пассаттар», «Батыс қоңыржай ендік желдері», «Биік белдеулердің шығыс бағыттағы желдері» дегендерге бөлінеді. Аймақтық желдер турасындағы бұл ұғымдар бағынышты ұғымдарға жатады, өйткені оларды «Үстем желдер» деген бір ұғым біріктіріп тұр. Білімде көрініс тапқан объектілер мен құбылыстарды қамту арқылы ұғымдар жалпы (мысалы, тау) және жеке – регионалды (мысалы, Килиманджаро тауы) ұғымдарға бөлінеді.
Сөйтіп, ұғымдарды мазмұнына, тәуелділігіне және қамтыған объектілеріне, сондай-ақ басқа да белгілеріне қарай, мысалы, қалыптасу дәрежесіне, күрделілігіне қарай бөлуге болады. Осы топтардың бәрін бірдей ескерудің ұғымдарды қалыптастырудың неғұрлым тиімді жолын анықтау – көрнекі құралдарды іріктеу, баяндау үшін зор маңызы бар. 
Оқу танымында сезіну мен қабылдау ғылымдағы сияқты бастапқы форма болып саналады, олардың негізінде түсінік болып қалыптасады. Географиялық елес – бұл бір кезде қабылданғанымен қазіргі сәтте сезім мүшелеріне әсер етпейтін географиялық объектілер мен құбылыстардың бейнесін көз алдына елестету. Елестер есте сақталатын және қиялдау елесі болып бөлінеді. Көбін оқушылар өз көзімен көре алмайтын географиялық объектілер мен құбылыстарды оқып үйрететін материктер географиясы курсы үшін қиялдаудың маңызы зор, оқыту процесінде оған ерекше назар аударған жөн.
Материктер географиясы курсындағы елес системасы географиялық қабықта болып жататын объектілер мен процестерді білдіретін жетекші ұғымдармен айқындалады. Ондай жетекші ұғымдар болып: географиялық қабық, табиғат компоненттері, түрлі дәрежедегі территориялық – табиғат кешендері саналады. Жеке материктердің географиялық қабығының түзілуі және даму ерекшеліктерін түсіну үшін оқушылар жинақталған және жеке елесті алуы керек. 
Мектеп географиясында негізінен географиялық объектілер мен құбылыстардың орналасу мәселелеріне көңіл аударатын картографиялық елестің маңызы зор. Сондай ақ, уақыт пен мөлшер жөніндегі елестің де маңызы үлкен. 
Жаңа географиялық объектіні немесе құбылыстарды елестету үшін оны сол қалпында немесе картадан, диапозитивтен, кескіннен, кинофильмнен т.б. көрсету керек. Географиялық бейнені әсерлі сөз, тартымды әңгіме, географиялық объектілерді суреттеп сипаттау арқылы жасауға болады. Өзінің сезіну тәжірибесін келтірудің, қабылданатын объектіні оқушылардың бұдан бұрын алған түсінігімен, өмір тәжірибесімен салыстырудың маңызы зор. 
Картографиялық елестерді қалыптастыру кезінде оқушылардың ақыл қабілетінің барлық түрін – есту, көру, қозғалыс, сөйлеу-ойлау қабілеттеріне сүйенудің маңызы зор және сонымен бірге бұл тәсілдерді түрлі байланыста пайдалану керек, мысалы, объектіні картадан және глобустан көрсету, дидактикалық материалдарды қолдану: картаға шартты белгілерді шаншып қою, бағдармен, сызықшамен көрсету, картинада бейнеленген объектінің картадағы орнын анықтау, кескін картамен жұмыс істеу, объектілердің өзара орналасуын көрсететін кескіндер жасау, объектінің географиялық орны сипатын көз алдына елестету және дауыстап айтып беру, мәселен, мұғалім материктің жер бедерін оқыту кезінде картаға теріс қарап тұрған оқушыға материкте қандай тау, жазық, таулы үстірт бар және олардың материкке қарағандағы орнын, өзара орналасуын айтып беруді ұсынады. Географиялық диктант өткізгенде объектілердің өзара орналасуын түсіндіретіндей сұрақтарды, мәселен, мынадай сұрақтарды көбірек қойған жөн: Бразилия таулы үстірті материктің қай бөлігінде орналасқан? Оңтүстік Америкада экватор қай ойпатты кесіп өтеді? Гвиан таулы үстірті экватордан қай бағытта орналасқан? Елестету көбіне географиялық объектілердің және құбылыстардың сыртқы көрінісі туралы білім береді де, олардың мәнін әрдайым көрсете бермейді. Географиялық заттар мен құбылыстардың елеулі белгілерін немесе тән сипаттарын айқындау ұғымды қалыптастырудың және тұтастай алғандағы оқу процесінің негізгі мақсаты. Ұғымның елеулі белгілерін айқындау және оларды елеусіз белгілерден ажырату, сондай ақ олардың ұғым ретіндегі анықтамасын белгілеу, оқушылардың белсенді ойлау әрекеті арқылы жүзеге асырылады да, логикалық таным құрайды. Ұғымның жасалуы кезінде сезім мүшелері арқылы алынған мәліметтерді, сондай-ақ бұрын қалыптасқан тірек ұғымдарды өңдеу жүзеге асырылады. Осыған орай, ойлау құбылыстардың жалпы елеулі қасиеттерін ажыратуға және оларды абстракциялауға, ішкі байланыстарын айқындауға, географиялық процестердің өзгерістері мен дамуын ашуға бағытталады. Алайда, логикалық таным әрқашан нақты сезім танымымен ұштаса отырып, жүзеге асырылады. Ол оқушылардың ойлаудың күрделі операцияларын – талдауды, синтездеуді, абстракциялауды талап етеді. 
Материктер географиясы курсында оқытудың мақсаттарына қарай жеке ұғымдармен қатар көптеген жалпы ұғымдар да қалыптасады. Жалпы және жеке ұғымдар біртұтас байланыста қалыптасады. Жалпы ұғымдарды қалыптастыру кезінде жеке ұғымдар жинақталған елестерді қалыптастыру және ұғымның елеулі белгілерін ажырату үшін нақты сезім негізі ретінде пайдаланылады. Оқушылардың ұғымының елеулі белгілерін жақсы меңгеретінін, ал ажыратып түсіндіргенде – елеусіз белгілерін де меңгеретінін психологтар дәлелдеп берді. Мәселен, «тропиктік шөлдер және шөлейттер» ұғымы үшін елеулі белгілерге: температураның жоғарылығы, әсіресе жазда, ауаның тым құрғақтығы, соның салдарынан тұтас өсімдік жамылғысының болмауы, осыған орай өсімдіктер мен жануарлардың шөл климатына бейімделуі, топырағының нашар дамуы, физикалық үгілудің басым болуы жатады. Осы ұғымның елеусіз белгілеріне өсімдік және жануарлар дүниесінің өкілдері: финик пальмасы, кенгуру, түйе, оазистер және басқалар жатады. Елеулі және елеусіз белгілерді ажырату тәсілін алғашқы рет Е.Н. Кабанова-Меллер енгізді және ол бөлшектеуіш абстракция тәсілі деп аталынды. Елеулі және елеусіз белгілерді жинақтау мұның алғашқысын жақсы меңгеруге және елеуліні елеусізбен шатастырмауға мүмкіндік берді. 
Ұғымды қалыптастырудың негізгі жолы – индуктивті (жалқыдан жалпыға көшу) және дедуктивті (жалпыдан жалқыға көшу). Мектеп практикасында индукция мен дедукция таза күйінде сирек қолданылады. Көбіне бұл екі тәсіл қатар қолданылады да, оқу материалының мазмұны және педагогикалық жағдайларға байланысты, индукция не дедукция басым түсіп отырады. 
Ұғымды қалыптастыру – бұл ұзақ та күрделі жол, ол мұғалімнің басшылығы және оқушылардың өздерінің зор ынтасы арқылы іске асады. Ғылыми таным процесі тәрізді оқушылардың білімді меңгеруі білмеуден білуге қарайғы дәл емес, толық емес білімнен дәл де толық білімге қарайғы қозғалыс болып табылады.
Жалпы ұғымдарды қалыптастыру процесін бірнеше кезеңге бөлуге болады. Материктер географиясы курсы үшін ұғымдарды қалыптастырудың үш кезеңі қарастырылған. Кезеңдерді белгілегенде ұғымдардың сырын ашу дәрежесі, мұғалімнің және оқушылардың іс-әрекеті, қайсы бір оқу жұмыстары тәсілдерінің басым болу жағы, ұғымдарды қалыптастыру жолдары, сондай-ақ ойлау қызметінің тәсілдері ескеріледі. 
Бірінші кезең – жаңа ұғымды енгізу, яғни оның елеулі белгілерін ашу. Оқушылардың іс-әрекеті ұғымдардың елеулі белгілерін саналы түсінуі және оны соған ұқсас келетін жағдайда қолдана білу арқылы сипатталады. Мәселен, Африка табиғат зоналарын оқыту кезінде айқындалған тропиктік шөлдер ұғымының елеулі белгілері материктің табиғат аймақтарын қарастыру кезінде қайталанып, пысықталады. Бірінші кезеңде қалыптасқан ұғымды алғашқы ұғым деп есептеуге болады, өйткені қорытынды бір материктің шөлдері жөнінде ғана жасалады және оның белгілері әлі де болса, елеулі және елеусіз деп бөлуге келмейді. 
Екінші кезең – ұғымының аумағын кеңейту және ұғымның мазмұнын тереңдете түсу. Бұл кезең келесі материктерді оқып үйренгенде жүзеге асырылады. Бұл бірінші кезеңге қарағанда ұғымдарды ұқсас жағдайларда және жаңа жағдайларда әлдеқайда кең және саналы түрде қолдану арқылы сипатталады. 
Әдетте ұғымды қалыптастыру кезінде дедуктивті жол басым болады. Басқа материктердің шөлдерін оқып үйренгенде жүзеге асырылады. Топырақтың ерекшеліктерін және өсімдіктер мен жануарлар дүниесінде орын алған маусымдық өзгерістерді оқушылардың өздері сипаттайтын болады. Өсімдіктер мен жануарлардың түр құрамы жөнінде мұғалім өзі айтып береді. Әрбір материк шөлдерінің ортақ белгілерімен қатар, өзіне ғана тән белгілері болатынына өсімдік пен жануарлардың түрлері басқа, олардың таралу шекарасы өзгеше болатынына оқушылардың көзі жетеді. Бүкіл жер шары шөлдерін салыстыра отырып, оқушылар елеулі және елеусіз белгілерін ажыратады және талдап қорытады. Осыған орай олар жалпы ұғымның елеусіз белгілері жеке ұғымдар үшін елеулі белгілері болатынына көзін жеткізеді. Екінші кезеңде әрқайсысы өткендегіге қарағанда, әлдеқайда жоғары ғылыми дәрежеде бірнеше жалпы қорытынды жасайды, бұл жалпы ұғымның байи түсуіне себін тигізеді. 
Үшінші кезең – ұғымның мәнін түсіну үшін басты белгілерді және ұғымның анықтамасын меңгеру тіпті жеткіліксіз, алайда мектеп практикасында ұғымдарды қалыптастыру көбіне осымен аяқталады. Жалпы ұғымды дамытудың келесі кезеңі – оны белгілі бір жүйеге жеткізу осы жүйенің ұғымдары арасындағы байланыстарды, сондай ақ қаралып отырған ұғымдардың қатынасы бар жеке жүйелер арасындағы байланыстарды ашу. Мәселен, курстың соңғы бөлімінде табиғат зоналарымен географиялық белдеулер арасындағы байланыстар, зоналардың материктерде орналасу заңдылықтары айқындалады. 
Меңгерілген ұғымдардың түрлі ұғымдармен жаңа қатынасын анықтау оған басқаша ыңғайда қарау, жаңа бағыттарын байқауға, орналасу заңдылығын ашуға мүмкіндік береді. Мәселен, климаттық белдеулердің жалпы шолуы әр белдеуде климаттық аймақтардың орналасу ерекшеліктерін көруге жағдай жасайды. Абстрактты білімді меңгеру оны нақты сезім мазмұнымен толықтыра түсу арқылы жүргізіледі. Алғашқы қорытынды абстрактты болған сайын, бұл курста болған жалпы географиялық заңдылықтар ұғымы жатады, оны меңгеру нақтылай түсуді көбірек талап етеді. Міне сондықтан, жалпы географиялық заңдылықтарды ашып білгеннен кейін олардың ірі территориялық-табиғат кешендерінде – географиялық белдеулерде қандай көрініс алатынын қарастырудың маңызы аса зор. Сезімдік таным, ойлау және практика - өз бетімен істейтін практикалық жұмыстар – ұғымды қалыптастырудың бүкіл барысында өзара тығыз байланыста болады. 
Курстың құрылымдық өзгеріске ұшырауы – геоморфологиялық және климатологиялық білім системалары жөніндегі жетекші ұғымдарды курстың соңынан алдына шығару – осы ұғымдарды қалыптастырудағы дедукция ролін күшейте түседі.
Бұл үшін бастапқы шарт жеке ұғымдарды түсіндіру емес, карталарға талдау жасау негізінде бүкіл жер бетінде байқалатын жалпы елеулі байланыстарды анықтау болады.
Егер белгілі шарттар орындалып отырса, ұғымдарды қалыптастыру әлдеқайда табысты болады. Ұғымдарды қалыптастырудың табысты болуы шартына мыналарды жатқызуға болады:
• Күрделі ұғымдарды құрамдас ұғымдарға ажырату және олардың арасындағы байланыстарды айқындау;
• Тірек ұғымдары мен елестерді анықтау, пән аралық, курс аралық және курстың ішкі байланыстарын анықтау;
• Ұғымдардың ерекшеліктерін және олардың қалыптасу кезеңдерін ескере отырып, көрнекі құралдарды іріктеу;
• Оқушыларда күрделі физикалық-географиялық процестерді меңгеру үшін қажетті оқу жұмысының тәсілдерін, әуелі түрлі тақырыптық карталармен жұмыс істеу тәсілін, сондай-ақ ойлау қызметі тәсілдерін қалыптастыру;
• Курсты оқыту кезінде проблемалық тәсілді пайдаланған жөн, өйткені ұғымды қалыптастыру оқушылардан көп ойлануды және шығармашылық жұмысты талап етеді;
• Оқушыларды өздігінен жұмыс істеуге тарту;
• Мұғалімнің дер кезінде оқушылардың оқу материалын меңгеруі ерекшеліктері туралы хабардар болуы;
• Оқу процесін дұрыс жоспарлау;
Материктер географиясы курсындағы ұғымдарды қалыптастырудың негізгі жолдары мен тәсілдері оқулықта көрсетілген. Ұғымды қалыптастыру мүмкіндіктерін білу үшін, мұғалімге оқулықты – алғашқы ғылыми кітапты – оқу процесінде толық және тиімді пайдалануына жағдай жасайды. Соларға қысқаша тоқталып өтейік:
1. Курста жаңадан қалыптасатын жалпы географиялық ұғымдардың бәрі шрифтпен ерекшеленіп берілген. Бұдан бұрынғы басылымдарында оқулықтың соңында оқушылар меңгеруге тиісті ұғымдардың тізімі берілген болатын.
2. Жаңа ұғымдарды енгізгенде оның елеулі белгілеріне, сондай-ақ осы белгілердің пайда болуына себін тигізген себеп-салдар байланыстарын ашуға ерекше назар аударылады. Оқушылардың елеулі белгілерді жақсы меңгеруі үшін оқулықта тиісті абзацты оқып шығу және ұғымның басты белгілерін атап көрсету жөнінде тапсырма беріледі.
3. Алда өтілген курстарда енгізілген физикалық –географиялық процестер тұрғысынан маңызды ұғымдар 7 сынып оқулығында толық ашылмайды. Тек тірек білім ретінде ғана пайдаланылады. Оларды оқушылардың есіне түсіру үшін параграф алдында сұрақтар қойылады. Сабақтас пәндер жөніндегі білімдер де дәл солай ескеріледі. 
4. Жаңадан сыры ашылған ұғымдардың елеулі белгілерін пысықтау үшін параграфтың соңында тапсырмалар берілген.
5. Оқулықта жетекші ұғымдарды қалыптастыру кезеңін көрсетуге қадам жасалған. Мәселен, алғашқы материкті оқып үйренген кезде бағдарлама бойынша: материктің географиялық орны, ылғалды экваторлық орман және басқа ұғымдар сыры қайтадан ашылмайды, материктердің ерекшеліктерін сипаттау үшін бұрыннан белгілі материал ретінде пайдаланылады. Мысалы, Австралияның және басқа материктердің географиялық орнын қарастырғанда оқулықта сұрақ жүйелері келтірілген, оны пайдалана отырып, оқушылардың өздері материктердің географиялық орындарының ерекшеліктерін айқындайды, тап сол сияқты Австралияның, Оңтүстік Американың және Евразияның ылғалды экваторлық ормандар зонасын сипаттау кезінде осы зонаның елеулі белгілері ашылмайды, тек оның жеке материктердегі ерекшеліктері ғана қарастырылады. Жалпы географиялық зандылықтар бөлімінде ылғалды экваторлық ормандардың бәрі тұтас экваторлық географиялық белдеуге біріктірілген. Бұл ұғымдарды ұқсас жағдайларда осы ұғымдар қолданылған сол материктердің аймақтарын қарағанда да қолдануға болатынын атап көрсеткен жөн. “Жалпы географиялық заңдылықтар” бөлімінде бұрын қаралған ұғымдар системаға келтіріледі, жаңа байланыстар белгіленеді және соның негізінде оқушылар жалпы географиялық заңдылықтарды түсінетін болады.
6. Курс аралық және пән аралық байланыстарға қоса курс ішіндегі байланыстарға үлкен назар аударылады. 5-ші – пунктте көрсетілген тәсілдермен қатар басқа тәсілдер де, мысалы, салыстыру тәсілдері, бұрын оқып үйренген материктерге сілтеме жасалады немесе мынадай нұсқаулар: “егер жауап беруге қиналсаңдар, мына ... параграфты қара” беріледі. Бұл ұғымды жақсы меңгеруге ғана себін тигізіп қоймайды, сонымен қатар оқушыларды көп ойлап толғануға, соның үстінде ақыл -ой әрекетінің кейбір тәсілдерін пайдалануға дағдыландырады, ал мұның өзі олардың дамуына әсер етеді.
7. Ұғымдардың елеулі белгілерін ашып көрсетуге географиялық объектілер сипаттамасының жоспарын білу себін тигізеді. Көбіне жоспар осы белгілерді көрсетеді, мысалы, материктің географиялық орны сипаттамасының жоспары. Сондықтан оқулықта барлық табиғат компоненттері мен теориялық-табиғат кешендері сипаттамаларының жоспары берілген, ал қойылған сұрақтар оқушылардың осы жоспармен жұмыс істеуін бағытқа салады.
8. Географиялық елестерді қалыптастыру мақсатын көздеп оқулыққа түрлі қызмет атқаратын иллюстрациялар енгізілген: схемалар күрделі физикалық-географиялық процестер туралы елестерді қалыптастыруға, фотографиялар – жергілікті орын немесе басқа да географиялық объектілердің бейнелі елесін жасауға көмектеседі. Текстке жарқын географиялық суреттемелер енгізілген, бірақ оқулықтың көлеміне байланысты олардың саны аз. Елестерді қалыптастыру және қиялдау қабілетін дамыту үшін мынадай тапсырмалардың да маңызы болады: географиялық сипаттама беру, белгілі параллельдер және меридиандар бойынша саяхат жасау. Мұндай тапсырмаларды да оқулықтың көлеміне қарай шектеуге тұра келеді, мұғалімнің творчестволық жұмысына кең мүмкіндік жасалады.
9. Ұғымды қалыптастырудың құрамды бөлегі – себеп-салдар байланыстарын ашу. Оқулықта жаңа ұғымдарды енгізу кезінде олардың байланыстарын ашу үшін қажетті тапсырмалар беріледі, сондай-ақ белгілі бір жүйемен себептері көрсетіледі.
10. Оқулықта ұғымдарды енгізу кезінде, яғни оларды қалыптастырудың алғашқы кезеңінде «Жердің рельефі және оның климаты» бөлімінен басқа бөлімдерде индуктивті жол басым болады. Мәселен, оқушылар ыстық белдеудің климат типтерін Африка климатын талдау арқылы түсінеді. Ұғымды қалыптастырудың келесі кезеңдерінде, керісінше ұғымды ашудың дедуктивті жолы басым болады, бұл мәліметтердің бір бөлігін текстте түсіндірмей, оларды түрлі білім көздерін, әсіресе карталарды пайдаланып, оқушылардың өз бетімен жұмыс істеп білуіне қалдыруға мүмкіндік береді. Мысалы, Австралияның климатын оқып үйренгенде төмендегі ендіктер климатының типтері ғана аталады, ал олардың сипаттамасын түрлі білім көздерін пайдалана отырып, оқушылардың өздері жасайды.
11. Ұғымды қалыптастыру және оқушылардың ойлау қабілетін дамыту өзара байланысты процесс. Осы бағытта мақсатқа жеткізетін жұмыс жүргізілсе, ол неғұрлым табысты болады. Осыған орай оқулыққа арнайы сұрақтар, себеп-салдар байланыстарын ашуға, ұғымдарды жүйелеуге, салыстыру тәсілдеріне, қорытындылауға, талдауға, синтездеуге және т.б. үйрету тапсырмалары енгізлген.
12. Ұғымдарды қалыптастыру оқушылардың оқу жұмысы тәсілдерін меңгеруіне тікелей байланысты болады. Оқулықта картамен, климаттық диаграммалармен және цифрлық материалдармен жұмыс істеу тәсілдерін қалыптастыруға елеулі көңіл аударылған. Жұмыс тәсілдеріне үйрету үшін арнайы параграфтар мен параграф тармақшалары белгіленген, сондай-ақ өз бетімен істейтін жұмыстар үшін тапсырмалар берілген. 
13. Оқулықта оқушылардың білім алуға ынтасын арттыруға айтарлықтай назар аударылған, онсыз ұғымды қалыптастырудың табысты болуы мүмкін емес. Өз бетімен шығармашылық жұмыс істеуге бағытталған арнайы сұрақтардан басқа оқулыққа проблемалық жағдайлар, өлкетану материалдарын пайдалану үшін тапсырмалар және басқалар енгізілген.
Оқушылардың оқу жұмыстары тәсілдерін қалыптастыру.
Географияның әрбір курсында мұғалімнің жүргізетін жұмысының құрамды бөлігі – оқушылардың оқу жұмысы тәсілдері системасын қалыптастыру. Тәсілдерге үйрету «Адамды өз білімін дербес толықтыра білуге, ғылыми және саяси ақпараттың үдеген тасқынында бағдар таба білуге баулу» - міндетін шешудегі басты бағыт деп қаралуы керек.
Тәсілдер жүйесі материктер географиясы курсының білімдік және тәрбиелік мақсаттарына жетуді қамтамасыз етеді. Бұл курс көптеген тәсілдерді қамтиды, олар географиялық мазмұнына, білім көздеріне, ақыл-ой әрекеттерінің мазмұнына және оларды орындау формаларына қарай ерекшеленеді.
Оқу жұмысын географиялық мазмұнына қарай негізгі үш топқа біріктіруге болады: 
1. Көлеміне қарай түрлі территориялардың табиғаты мен халқы жөнінде кешенді суреттеме жасау тәсілдері. Оларды әрдайым карта бойынша орындау ұсынылғанымен, бірнеше білім көздерін пайдалануға тура келетіндіктен, бұл тәсілдер аса күрделі болады. Оның үстіне кешенді суреттемелерде сипаттамалардың элементтері – объектілер мен құбылыстар арасында себеп байланыстарын табу, салыстыру және т.б. бар. Бағдарламада Оңтүстік Америка территориясының, Солтүстік Америка және Евразия мемлекеттерінің кешенді суреттемесін беру қарастырылған.
2. Территорияның географиялық орнын және табиғат кешендерінің әрқайсысының жеке-жеке – жер бедерін, климатын, ішкі суларын, топырағын, табиғат зоналарын суреттеу тәсілдері. Халқын суреттеу де осыған жатады. Мұндай тапсырмалар оқулықта біршама көп, олар бағдарламада көрсетілген практикалық жұмыстарды орындауға көмектеседі.
3. Материктердің табиғат кешендері компоненттерінің құрамды бөліктерін суреттеу. Мәселен, климатты суреттеу үшін төмендегідей тәсілдерді білген жөн. Климаттық карталар бойынша температураны – изотермалар мен сандық мәліметтерге қарай, желдің бағытын және маусымдылығын – стрелкаларға және олардың бояуларына қарай климат типін – осы көрсеткіштердің бәрінің жиынтығы бойынша суреттеу. Бұл ең көп және құрамы мейлінше алуан түрлі болып келетін тәсілдер тобы. Географиялық білімдер мазмұнының күрделілене түсуі оқулық мәтінімен алуан түрлі жұмыс істеуді талап етеді. 
Оқушылардың ақыл-ой әрекетіне қарай да тәсілдер белгілеуге болады. Солардың ішінде әсіресе маңыздылары мыналар: салыстыру, себеп-салдар байланыстарын табу, талдау (табиғаттың түрлі сипаттарын, географиялық орны ерекшеліктерін атап көрсету, сандық мәліметтерді табу және басқалар), жинақтау т.б. Тәсілдердің бұл тобы пән аралық топ болады да, мектеп пәндерінің бірқатарына ортақ саналады.
Оқу жұмысы тәсілдерінің формасы алуан түрлі: карта бойынша көптеген сипаттамалар, өлшеулер орындалады, оқулық мәтіні бойынша іріктеп оқыту, жоспар жасау, мәтінді бөлікке ажырату т. б. қолданылады. 
Материктер географиясы курсында оқу жұмысы тәсілдерінің көпшілігін қалыптастыру тиісті ұғымдарды қалыптастырумен бір кезде басталады немесе солардың негізінде қалыптасады. Мысалы, материк рельефтерінің ерекшеліктерін меңгеру физикалық және тектоникалық карталар бойынша рельефті оқыту тәсіліне үйретуді көздейді.
Материктер географиясы жөніндегі оқу тәсілдерінің тұтас алғандағы жүйесі негізгі ұғымдар мазмұнына, курстың білімдік және тәрбиелік мақсаттарына лайық келеді. Тәсілдер әрбір білім көзі бойынша әсіресе, карта мен оқулық мәтіні бойынша байланысты болуы қажет.
Тәсілдерге үйретудің негізгі бағыттары. Оқушылардың өз бетімен істейтін жұмыстарының маңызды шарты олардың оқу жұмысы тәсілдерін меңгеруі болып табылады, ал осы тәсілдердің өзін өз бетімен істейтін жұмыстар және практикалық жұмыстар арқылы қалыптастыруға болады. Сондықтан сабақта практикалық және өз бетімен істейтін жұмыстарды өткізуді жоспарлағанда оқушылардың ұсынып отырған тапсырма арқылы оқу жұмысының қандай тәсілін меңгеретіндігін айқындаған жөн.
Әрбір оқу жұмысы тәсіліне үйретудің төмендегі сызбасын беруге болады: 
1. Оқылатын тақырыптың мәнін көрсету. Бұл үшін қажетті мәлімет оқулықта бар. Олардың көбі Африка бөлімінде берілген. Мысалы, материктің географиялық орнын оқып үйренудің неге қажет екендігі түсіндіріледі, жер бедерінің климатқа, өзендерге, табиғат зоналарының орналасуына тигізетін ықпалын айқындау кезінде жер бедері туралы білімнің мән-мақсаты ашылады т.б. Осындай мәліметтер материктің табиғат кешеніндегі табиғаттың әр компонентінің орнын оқушылардың дұрыс аңғара білуіне және тиісті оқу жұмысы тәсілдерін меңгеруіне көмектеседі. 
2. Жаңа материалды оқып үйренудің жүйесімен және бұл үшін қажет оқу жұмысы тәсілдерімен таныстыру. Мәселен, жер бедерін оқып үйренгенде физикалық карта бойынша ең алдымен жер бетінің жалпы белгілері айқындалады: оның жалпы сипаты жер бедерінің басым түсетін формалары ең жоғары және ең төмен биіктіктердің таралуы, жер бедерінің төмендеуі мен жоғарылауы бағыттары белгіленеді. 
3. Мектеп оқушылары меңгеруі тиісті тәсілдердің атауы. Бұларды үйрену кезінде оқушыларды тәсілді меңгеру сапасына қойылатын кейбір талаптарымен таныстырған дұрыс. Мәселен, карта бойынша берілетін суреттеменің толық, дұрыс және жүйелі болуы, картаның нақты деректеріне, соның ішінде сандық мәліметтеріне сілтеме берілуі керек. 
4. Тәсіл құрамын айтып беру және ақыл-ой әрі практикалық әрекеттердің орындалу жүйесін ұғыну. Оқытудың елеулі ерекшелігі үлгі жоспарлардың картаны оқу үшін де, географиялық білімдердің басқа көздерімен істелетін жұмыс үшін де – оқу мәтінімен қабырға картиналарымен жұмыс істегенде кеңінен пайдаланатындығы. Үлгі жоспарлар салыстыруға үйрету үшін де, себеп-салдар байланыстарын табу үшін де, қорытынды жасауға үйрету кезінде де керек. Оқушылар жоспарды сабақ үстінде ғана пайдалану үшін емес, үйге берілген тапсырмаларды орындау кезінде де пайдалану үшін дәптерлеріне жазып алады. Жоспардың мәтіні жазылған арнайы плакат жасап, оның меңгерілуін оқта-текте тексеріп отырған жөн. Оқулықтағы тапсырманың біразы картамен және мәтінмен жұмыс істеу жүйесінің меңгерілуін бақылауға бағытталған. Мұндай тапсырмалар санын көбейткен дұрыс, өйткені әрекеттер жүйесін, әсіресе ақыл-ой әрекетті жүйесін меңгеру қиынға түседі.
5. Мұғалімнің тәсілді қолданудың үлгісін көрсетуі. Оқытудың осы бір елеулі жағы іс жүзінде дұрыс бағаланбайды. Әдетте мұғалімдер тәсілдерді қалай пайдалану кректігін айтып береді де, оны қалай іске асыру керектігін көрсетпейді. Күні бұрын әзірленген жауап үлгілері де пайдалы болады. Кейбір жағдайда олар жұмыс тәртібімен біріктіріліп жіберілуі мүмкін. Сондай-ақ жіберілуі мүмкін қателер жөнінде де нұсқау беру керек, өйткені олардың қайталанып отыруы ықтимал. Мысалы: қашықтықты шамамен анықтау, объектінің кескін картадағы орны, келтірілген деректердің түсіндірілмеу қалулары және басқалар.
6. Оқу жұмысы тәсілдерін түгелдей, сондай-ақ мейлінше күрделі әрекеттерді меңгеру үшін машықтандыру жаттығулары. Бұл жаттығулар тәсілді үлгі дәрежесінде немесе мұғалім нұсқауы деңгейінде меңгеруді қамтамасыз етеді. Бұл үшін мазмұны алуан түрлі көп тапсырма қажет болады. Оқулықтың тапсырмалары географиялық білімдерді меңгеруді ғана емес, сонымен қатар көптеген оқу жұмысы тәсілдерін меңгеруді де көздейді. Тапсырманың бір бөлігі – курс бағдарламасында көрсетілген практикалық жұмыстар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет