Дәріс курсының мазмұны
І-ДӘРІС: Кіріспе. Тіл біліміне кіріспе пәнінің мақсаты мен міндеттері және маңыздылығы. Тіл білімінің басқа ғылымдармен байланысы және алатын орны. Тіл білімінің методологиялық негіздері. Жалпы тіл білімінің даму жайы тұжырымдамалар. Тілдің мәдени философиясы жайлы көзқарастар. Тіл білімі және оның салалары. Тіл білімі немесе лингвистика немесе тіл ғылымы – тіл және оның даму заңдары туралы ілім. Тілді белгілі бір дәуірде өмір сүріп тұрған негізде қарастырып, сипаттама беретін тіл білімі бар да, оны шығуы мен тарих бойында даму тұрғысынан зерттейтін тіл білімі бар. Алдыңғы сипаттама тіл білімі немесе синхрониялық лингвистика, соңғысы тарихи тіл білімі немесе диахрониялық лингвистика деп аталады. Әрбір тілдің дыбыс жүйесі, сөздік құрамы және грамматикалық құрылысы болады. Тілдің осы аталған әр түрлі жақтары тіл білімінің тиісті салаларында, мысалы, тілдің дыбыс жүйесі тіл білімінің фонетика саласында, сөздік құрамы лексикология саласында, грамматикалық құрылысы грамматика саласында қарастырылады. Бүтіндей тіл және оның әртүрлі салалары (фонетика, лексикология, сөзжасам, морфология, синтаксис) даму, біртіндеп жетілу күйінде болады. Мәселен, осы тұрғыдан келгенде, қазіргі қазақ тіл білімі жаңа салалармен толықтырылды. Тіл мен ойлаудың бірлігі, логикалық және лингвистикалық бірліктердің қарым-қатынасы – ұғым мен сөз, пайымдау мен сөйлем, логикалық және грамматикалық категориялар т.б. мәселелер тіл білімін логикамен байланыстырады. Логика - ойлау формалары мен заңдары туралы ілім. Сондықтан ол тіл білімінің дамуына айрықша әсер етеді. Грамматика мен терминологияның көптеген қағидалары логика ілімінің әсері арқылы қалыптасты. Логиканың тіл білімімен байланысы ерте кезден-ақ белгілі. Бір кездерде грамматика саласында логикалық грамматика деген бағыт та болды. Бұл бағыт тілдік талдауларды логикалық тұрғыдан қарастыратын. Қазіргі тіл білімі логикалық және тілдік құбылыстардың ара-жігін қатаң түрде ескере отырып, логика жетістіктерін мол пайдаланады. Тіл білімі психологиямен байланысты. Өйткені психология адамның психикасын, адамның ойлау заңдарын тексереді. Психология адамның сөйлеу процесін, қабылдау, түсіну заңдылықтарын, сөз мағыналарын ауыстырып қолдану сияқты жайлардың мәнін, сөйлеу мақсатына қарай сөйлем түрлерінің мәнін т.б. түсінуді жеңілдетеді. Соңғы, кездерде адамның сөйлеу қызметін арнайы зерттейтін ілім – психолингвистика дамып келеді. Тілдің қазіргі жайын, оның даму заңдылықтарын тарихи тұрғыдан зерттегенде ғана дұрыс түсініп, танып-білуге болаады. Өйткені, тіл тарихы сол тілді жасаушы, қолданушы халық тарихымен тығыз байланысты. Сондықтан тіл білімі тарих ғылымымен, этнографиямен (гректің ethos + prapno – халық туралы жазамын деген сөздері). Археологиямен (гректің archailogia – ежелгі туралы әңгіме деген сөзі), антропологиямен (гректің anthropos – адам туралы ілім деген сөзі) қоян-қолтық ынтымақта болып келеді. Әдетте, ғылым атауы қоғамдық және жаратылыстану деп, үлкен екі топқа бөлінеді. Соның ішінде лингвистика - қоғамдық ғылымның бірі. Олай болатын себебі, лингвистика тілді зерттейді. Ал тіл қоғамға қызмет етеді. Тіл – қоғамның дамуы мен күресінің де құралы. Өзі қоғамдық болғандықтан, лингвистика басқа да қоғамдық ғылымдармен қоян-қолтық байланыста болады. Солардың ішінде ең бастысы – философия, маркстік диалектикалық және тарихи материализм. Бір ескертер жәйт, баяғы заманың өзінде-ақ, тіл мәселері басқа ғылымдармен қоян-қолтық байланыста болады. Солардың бөлімі деп есептеген. Шынында да, тіл туралы ғылымның философиямен тығыз байланысты екені қазірде әркімге аян. Өйткені философия – адамның рухани да, табиғи да көзін ашушы ұлы күш. Философия әр ғылымға жөн сілтеп, бағыт береді. Бұл – маркстік философия. Сондықтан да лингвистика ең озық ғылым, ең озық ой маркстік ілімге сүйенеді. Мәселен, тіл білімі шешетін көптеген проблемалар бар дедік. Олар – тілдің мәні туралы мәселе; тіл мен ойдың байланысы туралы мәселе; тілдегі мазмұн мен форма туралы мәселе; тілдің тарихи дамуы туралы мәселе т.б. Бұлар сияқты үлкен де проблемалық мәселелерді шешу бір ғана білімнің қолынан келмейді, ол философияға сүйеніп барып тұжырымдайды. Тіл білімі психологиямен де байланысты. Психология психикалық құбылыстарды, атап айтқанда, түйсік пен қабылдау, елес пен ой, сезім мен тілек, бейімділік пен қабілет, ерік сапалары мен мінез белгілерін зерттейді. Психология адамның сөйлеу процесін, қабылдау, түсіну заңдылықтарын, сөз мағыналарын ауыстырып қолдану сияқты жағдайлардың мәнін т.б. түсінуді жеңілдетеді. Соңғы кездерде адамның сөйлеу қызметін арнайы зерттейтін ілім – психолингвистика дамып келеді. Тілдегі дыбыстардың жасалу жолдарын білу, адамзаттың бірте-бірте дыбысқа бөліп сөйлей білу баспалдақтары, адамзаттың сөйлеу қызметін зерттеу мәселелері тіл білімін - физиологиямен, дыбыстарға тән белгі бір физикалық ерекшіліктерді (дыбыс күші, дыбыстың созыңқылығы, ұзақтығы т.б) білу физиканың бір саласы – акустикамен байланыстырып, солардың жетістіктеріне сүйенуге мәжбүр етеді. Соңғы кездерде сөйлеудің акустикалық ерекшіліктерін жақсы білу қажеттігі арта түсті. Мұның өзі техникалық құралдар көмегімен оқыту ісін де жақсы жолға қойып келеді.
Тіл – адам баласының қалыптасуымен қабаттаса қолға алынып келе жатқан мәселе. Әр тілдің бастауы белгілі ғалымдардың ой-тұжырымдары негізінде қалыптасса керек. Алғашқы пікірлер түрлі деңгейде дамыды. Сақ дәуіріндегі ғылыми ойлардың да бүгінгіге қажетті пайдалы жақтары бар. Сонымен қатар кез келген пікірлерге түбегейлі еліктей беруге болмайтындығы да үрдіске енді. Дегенмен кез-келген мәселені бастауда ұзақ тарихы бар тілдердің методологиясын алу да қажет сияқты. Тіл туралы ғылым ертедегі Үндістан, Грек, Араб елдерінен басталып, одан кейінгі уақытта дүние жүзі тілдерінің қалыптасуына үлкен септігі тиді. Ертедегі Үндістанда Панини, В.Катьяян, Хартхари, Грек-Римде Т.Лукрецкий Кар, Аристотель, Гераклит Эфесский, Августин, Платон, Араб елінде Халил аль-Фарахиди, Сибавеих зерттеулерімен аттары қалған. Тіл туралы мәселелер Еуропа, Азия елдерінде де өріс ала бастады. Түркі тілдерінің алғашқы зерттеушісі ретінде М.Қашқаридың есімі белгілі болды.
Қазақ тілі – түркі тілдерінің үлкен бір бөлімі. Ол – түркі тілі жүйесіндегі қыпшақ тобына жататын қазақ халқының тілі. Түркі тілдерінің бөлінуі ХҮІ ғасырмен шектелсе, соның бірінің иесі – қазақ халқы. Қазақ халқының бай фольклоры, ауыз әдебиеті бар. Оның орамдылығы мен тапқыр шешендігін көптеген орыс, тіпті шетел ғалымдарының өзі пікірлеріне түйін еткен. Осынша бай қазынасы бола тұрып, қазақ тілін лингвистикалық тұрғыдан зерттеу тек ХІХ ғасырдың басында ғана қолға алына бастады. Н.И.Ильминский, М.А.Терентьев, И.Лаптев, И.М.Мелиоранский, В.В.Радлов сияқты ғалымдар қазақ тілінің фонетика, лексика, грамматика салаларында өзіндік із қалдырды. Олардың еңбектері таза ғылыми дәрежеде болмағанымен, қазақ тілінің негізін салуға бағыт-бағдар бере алды.
Тіліміздің қазіргі аясы барынша кеңеюде десек артық айтпағандық болар еді. Ғылым, білім, саясат т.б. салалар бойынша тіл әлеуетін өз дәрежесіне көтеру нақты қолға алынғалы терминологиялық мәселе жан-жақты ұлттық бағытта қалыптасты. Игілікті істер бүтіндей биік дәрежеге жетпегенімен, басталу бағыты келешектен үлкен үміт күттіретіндігі айқын. Кең таралған тілдермен салыстыру барысындағы табыстарымыз қандай деген мәселе туындайды. Негізінде кең топтағы (немесе дүниежүзілік тілдердің бәрінде) тілдің фонетика, лексика, морфология мен синтаксис салалары қалыптасқан. Әрбір тілдің зерттелу тарихы бар. Жалпы түркі тілдері XVII ғасырдың аяғынан бастап зерттеле бастады. Бұл салада орыс және татарлардың өз үлесі бары белгілі. Қазақ тілінің зерттелуіне басқа тіл ғалымдарының үлес қосқаны айқын. Ол кездегі ғалымдар зерттеулерін екіге бөліп қарастыру орынды. Оның бірінші тобына қырғыз алфавиті, қырғыз аттары, жыл санау, сөздік атаулы жатады. Бұл бағытта Б.Бақтыгереев, М.Бекімов, А.Абдрахманов, Н.Жетпісбаев, Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, З.Кәрімов, А.Құмантаев есімдерін атауға болады. Бұл ғалымдар тілдің жекелеген мәселелерін сөз етсе, енді бір топ ғалымдар қазақ тілінің грамматикасын дамытуға тиімді ықпал жасады. Бұл қатарда Н.И.Ильминский «Материалы к изучению киргизского наречие» (1861); Н.Лаптев «Грамматика киргиз-кайсакского языка» (1898), «Материалы по казак-киргизскому языку» (1900), И.М.Мелиоранский «Краткая грамматика казак-киргизского языков. Фонетика и этимология» (1894), «Краткая грамматика казак-киргизского языка. Синтаксис» (1894), Н.Сазонтов «Записи о грамматике киргизского языка» (1912), М.Терентьев «Грамматика турецкая, персидская, киргизская и узбекская» (1875), Н.Ф.Катанов «Опыт исследования урянхайского языка с указателем главнейших родственных отношений его к другим языкам тюркского корня» (Казан, 1903), «Грамматика киргизского языка. Фонетика, этимология и синтаксис» (1898) еңбектері тұр. Аталған еңбектердің өзіндік ерекшеліктері де бар. Орыс миссионерлері еңбектерінде әр түрлі пікір орын алып отырды. Біріншіден, ол кездегі қазақ ғалымдарының том-томдап шығарған зерттеулері оларға теориялық жағынан үлгі бола алмады. Олар әрі кеткенде, оның өзінде ара-арасында сол кездегі бар сөздіктерді ғана пайдаланды. Екіншіден, бұл еңбектердің көбі қазақ-қырғыз тілдері туралы жазылғанымен, онда кейде түбі түрік, парсы, өзбек, урянхай тілдері туралы да мәліметтер кездесіп отырады. Бір еңбектерде қазақ-қырғыз деген атау қолданылса, енді біреулерінде қазақ тілі деп беріледі. Ғалымдар белгілі бір тілдің ерекшелігін жазуда сол елдің бай ауыз әдебиетін тілдік дерек ретінде қолданған. Кейде олардың жай сөйлемге құрмалас, керісінше құрмалас сөйлемге жай сөйлем деп берулері де орын алған. Оның өзі бір тілден екінші тілдің құрылымдық ерекшеліктерін ескере бермеуден туындаса керек. Үшіншіден, осы еңбектердің бәрі де негізінен тілдің фонетика, этимология (морфология) және синтаксис салаларына арналған. Дегенмен фонетика мәселесі басым қарастырылыған.
Қазақ тіл білімінің ұлт лингвистерімен зерттеле бастауы Қазан революциясына дейін қозғалып, әсіресе одан кейін түбегейлі қолға алынғаны белгілі. Біз көп уақытқа дейін қазақ тіл білімінің зерттелуін Қазақ революциясынан кейінгі уақытпен есептеп келдік. 1990 жылдарға дейінгі тұжырымдар осындай бағытта өрбігендігі рас. Мұның өзі қазақ ғалымдарының 1932-1937 жылдар аясындағы тарихи қыспағының көрінісі деп білу керек. А.Байтұрсыновтың бір ғана «Тіл – құрал» еңбегі қазақ тіл білімі зерттелуінің (фонетика, лексика, морфология, синтаксис) Қазан революциясынан бұрын екендігін көрсетті. Осы кез өкілдері Н.С.Жетпісбаев, М.Бегімов, М.Н.Бектеміров, Т.Шонанов, М.Жұмабаев, Т.Ахметов, Ж.Барықұлы, Н.Төреқұлов, К.Төлебаев, Д.Арыстанұлы, Н.Залиұлы, К.Әлімұлы, Қ.Кемеңгеров сынды ғалымдардың ақталуы олардың еңбектерінің жарық көруіне себеп болды. Бұл зерттеушілер еңбектерінің қазақ тіл білімі үшін белгісіз жылдар мерзімін нақты толықтыратын және қазіргі зерттеушілерімізге басшылық болатыны айқын. 1930 жылдар шамасында қазақ тіл білімінің әрбір саласының дербес зерттелуіне Ж.Досқараев, Г.Б.Бегалиев, Х.Басымов, Ә.Ермеков, І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, С.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, И.Маманов сынды ғалымдар үлкен еңбек етті. Аталған ғалымдар есімі қазақ тілінің әр саласынан оқулықтар жазылуына мүмкіншіліктер туғызды. Осы негізде жоғары оқу орындарының ғылыми-шығармашылық деңгейі өсті. Бұл ғалымдардың бағыты арқасында тілімізге жаңа буын өкілдері енді. Атап айтқанда, Ә.Қайдари, Р.Сыздық, В.А.Исенғалиева, К.Аханов, Ш.Сарыбаев, Ә.Әбдірахманов, Ә.Құрышжанов, А.Қалыбаева, Ж.Аралбаев, Ә.Нұрмаханова, Р.Әмір, Қ.Есенов, К.Мұсаев, Н.Оралбаева, А.Жанұзақов, М.Томанов, Ә.Болғанбаев, Ә.Хасенов, А.Төлеуов, О.Төлегенов, А.Әбілқаев. Одан кейінгі уақытта А.Аманжолов, Ө.Айтбаев, М.Серғалиев, Н.Демесінова, Ә.Ибатов, Б.Хасанов, Ә.Әбілақов, М.Оразов, Б.Сағындықов, Ә.Нұрмағанбетов, С.Омарбеков, Б.Қалиев, Е.Жанпейісов, Т.Қоңыров, Ш.Бектұров, Б.Әбілқасымов, Т.Сайрамбаев, С.Исаев, Х.Арғынов, Ғ.Айдаров т.б. ғалымдарымыз өз үлестерін қосты. Әлі де қосып келеді. Қазақ тіл білімі өкілдері қатарында Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, Ә.Қайдари, Р.Сыздық, Ө.Айтбаев, Ш.Сарыбаев, М.Серғалиев сияқты академиктер, С.Аманжолов, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, К.Аханов сияқты корреспондент мүшелері бар. Соңғы кезде қазақ тілінде 60-қа тарта ғылым докторы мен 300-ден астам ғылым кандидаттары қорғалды.
1946 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясы құрылды. Онда Әдебиет және Тіл институты, 1961 жылдан бастап Тіл білімі институты шаңырақ көтеріп, қазақ тіл білімінің қалыптасуына орасан зор мүмкіншіліктер жолы ашылды. Сол сияқты әрбір жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен кадрлар дайындау жолға қойылды. Мәселен, ҚазМУ, ҚазПИ, ҚызПИ және облыс орталықтарындағы жоғары оқу орындарының қызметтері ерекше болды. Еліміздің егемендік алуы қазақ тілінің аясын кеңейтті. Қазіргі кезде қазақ тілі туралы барлық техникалық та, гуманитарлық жоғары оқу орындары, тіпті кәсіптік мамандандырудағы колледждер кафедра ашып, оқытушылар саны молая түсті.
Қазіргі уақытта қазақ тілі ғалымдары қазақ тілінің әрбір саласына сәйкес мәселелерді шешуге зор қабілеттілік танытуда. Сондықтан да тілдің жалпы мәселелері, фонетика, лексикология, лексикография, сөзжасам, тіл тарихы, диалектология, стилистика, түрлі тілдердің бір-біріне әсері, морфология, синтаксис сияқты толып жатқан мәселелері бойынша қыруар жұмыстар атқарылды. Бұл жағынан қазақ ғалымдарының басқа түркі тілдері зерттеушілеріне қарағанда өзіндік ерекшеліктері баршылық. Түркі тілдерінің грамматикасын құрастыруда сол ұлтқа қатысы жоқ ғалымдар (өзбек тілі туралы А.Н.Кононов, Решетов; қырғыз тілі туралы Батманов, Юдахин; қарақалпақ тілі туралы Н.А.Баскаков, якут тілі туралы Е.И.Убрятова, башқұрт тілі туралы Н.К.Дмитриев) қалам тартса, қазақ тілінде тек өз ұлтымыздың ғалымдары ғана тілімізді жан-жақты зерттеуде алғы шепке шықты.
Фонетика саласы бойынша түркі тілдік алғашқы мағлұматтарды Н.И.Ильминский, М.Тереньтев, В.В.Радлов, И.Лаптев, И.М.Мелиоранский, В.Катаринский сияқты ресейлік болып аталынған ғалымдардың еңбектерінен табамыз. Олар, әрине, практикалық жақтан өз дәрежесінде пікір айта білді. Еңбектерде дауысты, дауыссыз дыбыстар, буын, екпін, үндестік заңдары туралы сөз қозғалды. В.В.Радлов түркі тілдерінде сингармонизмнің ерін, езу түрі бар екенін дәлелдесе, ал И.М.Мелиоранский 9 дауысты, 21 дауыссыз бар екенін, енді бір топ ғалымдар қазақ тілінің дыбыстарын басқа тілдердің дыбыстарымен салыстыру мәселесіне орын берді. Қазақ тілі фонетикасы туралы да жазылды, бірақ ғылыми тұрғыдан жан-жақты баяндай алмады.
Қазақ фонетикасында өнімді еңбек еткен ғалым – А.Байтұрсынов. Ол алғаш рет қазақ тілі фонетикасынан жеке оқулық жазып, оның дыбыстық ерекшеліктерін жүйелі түрде зерттеген ғалым. Автор дауысты, дауыссыз дыбыстар, олардың жігі, жасалуы сияқты мәселелерді көрсетті. Ал Қ.Жұбанов тіл дыбыстарының фонологиясы мен жіктелуі, дыбыстардың өзгеру құбылысы, үндестік заңы мен буындық қасиеттерін таразылады.
Қазақ тілінің фонетика саласының түбегейлі шешімін табуда академик І.Кеңесбаевтың қызметі ерекше. Осы күнгі пайдаланудағы оқулық пен көптеген жеке еңбектер арқылы І.Кеңесбаев вокализмнің 11, консонантизмнің 25 дыбыстан тұратындығын айтып, олардың іштей классификациясын көрсете білді. Сол сияқты ғалым қазақ тілінің транскрипциясын жасаушылардың бірі болып есептеледі. Автор қазақ фонетикасының фактілерін өзге түркі тілдері деректерімен байланыстыра білген. І.Кеңесбаев қазақ тілінің дыбыстық құрылысын тәжірибе фонетикасы әдістері арқылы тексеруді алғаш бастаушы болды. Бұл әдіс оның шәкірттері Ә.Жүнісбеков, С.Татубаев, А.Қошқаров, С.Мырзабеков еңбектерінен орын алды. Әсіресе екпін, оның қазақ тіліндегі орны туралы Ә.Жүнісбеков бастаған қазіргі фонетистердің І.Кеңесбаев мектебінен шыққандығы айқын.
Қазақ лексикологиясы да соңғы кезде қалыптасқан жаңа сала. Бұл салаға І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, К.Аханов, Ә.Ермеков, Р.Барлыбаев, Ә.Болғанбаев, Б.Хасанов т.б елеулі үлес қосты. Лексика саласында тіліміздің сөздік қоры мен сөздік құрамы мәселесінде, түрлі сөздіктер шығаруда қазақ лексикологтары айтарлықтай жұмыс атқарды. «Абай тілі сөздігі», «Этимологиялық сөздік», 10 томды түсіндірме сөздіктер ойдағыдай жасалып, бүкіл түркологияда елеулі табыстарға, мемлекеттік марапаттарға ие болды. Әсіресе, қазақ тілінің лексикалық байлығы, ондағы араб, иран (Н.Оңдасынов, Л.Рүстемов), орыс тілдерінен енген сөздер тарихы, этимологиясы, екі тілділік (орысша-қазақша және қазақша-орысша) мәселелеріне байланысты көп жұмыстар орындалды. Сол сияқты сөз мағынасына қатысты (антоним, синоним, омоним), сөздің айтылу-жазылуына қатысты (орфографиялық, орфоэпиялық), әр ғылым саласына сай мамандандырылған сөздіктер мен диалектологиялық сөздіктер жарық көрді. Ономастика, топонимика салаларыныың да жеке-жеке зерттеу объектілері болғаны айқын. Бұл бағытта Ш.Ш.Сарыбаев, Ә.Әбдірахманов, Ә.Болғанбаев, Ә.Нұрмағанбетов, Т.Жанұзақовтар елеулі үлес қосты.
Тілдік салалар ішіндегі ең күрделісі – грамматика мәселесі. Бұл салада Қазан революциясынан осы кезге дейінгі аралықта орыс және қазақ ғалымдары ат салысты. Морфология мен синтаксистік тұрғыдан И.М.Мелиоранскийдің еңбегі ерекше. Автор қазақ тілі туралы екі еңбек жазған, оның біріншісі фонетика, этимологияға (морфология) арналса, екіншісі синтаксиске бағытталған. Қазақ тілінде морфология мәселесі де А.Байтұрсынов есімімен тығыз байланысты. Ол қазақ тіліндегі сөз таптарын жүйелі түрде бере келе, оның әрқайсысының ішкі ерекшелігіне жан-жақты тоқталған. Бұл автордың еңбектері көбіне өзінің ғылыми дәрежесімен дәлелденді.
1930 жылдары морфология саласы мектеп грамматикаларына енгізіліп, жеке-жеке мақалалар көлемінде берілсе, алғаш рет 1932 жылы бастауыш мектепке арналған оқулық шықты. Қ.Жұбановтың «Қазақ тілі грамматикасы» (1936) мен С.Аманжоловтың «Қазақ тілі грамматикасы» (1938) алғашқы мектеп оқулықтары болып саналады. І.Кеңесбаев, А.Ысқақов, К.Ахановтардың «Қазақ тілі грамматикасын» алғашқылардың қатарына жатқызуға болады. 1940 жылдардағы М.Балақаевтың «Қазақ тілі грамматикасының кейбір мәселелері», 1941 жылы қазақ тіліндегі көмекші сөздер, олардың түрлері, көмекші сөздерге айналу процестері, оларға қатысты көптеген мәселелер теориялық мәселелер ретінде санала алады. Дәл осы кезде академик Н.Сауранбаевтың енді мектеп үшін ғана емес педучилищеге де арналған «Қазақ тілі» (1948) оқулығы шықты. Бұл оқулық сөз таптарының табиғаты, әрбір сөз табының ішкі ерекшеліктері туралы сол кездегі ең құнды еңбек болып табылды. Қосымшалардың өзі сөз тудырушы, сөз түрлендіруші және сөз бен сөзді байланыстырушы деп бөлінетіндігі, олардың тарихи эволюциясы да жан-жақты сөз болды. Қазіргі кезде қосымшалардың да аясының кеңеюі тіліміздің дамуындағы күрделі процесс екені байқалады. Үстеу сөздер әдетте морфологиялық жағынан өзгермейді делініп келсе, кейінгі кезде әдеби тілдің дамуына, аударма әсеріне байланысты олардың түрленуі, яғни септелу, көптелу, тәуелдену дәрежесі пайда болды. Тіпті, осы сияқты құбылыстың көмекші сөздер деп аталатын модаль, шылау сөздерде көрініс тапқанын аңғаруға болады. Әрине, сөздердің көптелуі, септелуі, тәуелденуі сын есім, сан есім, есімшелердің заттануына әкеліп соғатыны белгілі. Ал үстеулер қаншалықты септеліп, көптеліп келгенімен, бәрібір олар заттық мағынаға ие болмайды, тек тәуелденген кезде ғана заттанатындығы бар. Сол сияқты түрлі жұрнақтардың да аясының кеңейгендігін, тіпті бір жұрнақты сөздердің бірнеше сөз табына жалғанатындығы сияқты өзгерістер баршылық.
1950 жылдардан бастап қазақ тілі морфологтары мектеп, педучилище үшін ғана емес тіпті әрбір сөз таптарына байланысты жеке монографияларды қазақ тілінде де, орыс тілінде де шығара бастады. Мәселен, А.Ысқақовтың «Қазақ тіліндегі үстеулер» (1950), Ғ.Мұсабаевтың «Сын есімнің шырайлары» (1950), Ә.Хасеновтың «Қазақ тіліндегі сан есімдер» (1951), Р.Әміровтың «Қазақ тіліндегі шылаулар» (1959), Ш.Сарыбаевтың «Қазақ тіліндегі одағайлар» (1959). Қазақ тілінің академиялық «Қазіргі қазақ тілі» (1954) оқулығының жарық көруі қазақ оқырмандары үшін үлкен табыс болды. Өйткені бұл кезге дейін қазақ тілінің барлық саласын қамтитын ғылыми еңбек жоқ-тын. Бұл зерттеу ғылыми түрде тіліміздің фонетика, лексика, морфология, синтаксис салаларының жеке-жеке оқулық болып шығуының алғашқы баспалдағы болды. 1960 жылдары Ш.Сарыбаевтың «Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер», Ж.Шәкеновтың «Қазақ тіліндегі сын есімдер», А.Ибатовтың «Қазақ тіліндегі есімдіктер», Ә.Төлеуовтың «Қазақ тіліндегі есім категориясы», А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі» морфологиясы, ал 70 жылдары А.Қалыбаева мен Н.Оралбаеваның еңбектері жарық көрді.
Морфология саласында негізгі түбір, қосымша, сөз таптары, олардың өзіндік категориялары қаралуы тиіс. Әсіресе, түбір мәселесі негізінде негізгі түбір, туынды түбір, қос сөз, қысқарған сөз, біріккен сөздер, олардың тарихы, жасалуы сөз болуы керек. Осылардың ішінде түбір сөздер, олардың шегі дейтін мәселе күрделі болып табылады. Кейінгі кезде көп уақытқа дейін сөздің түбірі осы делініп келген сөздер Қ.Жұбанов, Ә.Қайдари зерттеулерінен кейін әлі де болса бөлшектеуге болады қағидасын тудырды. Морфология саласында үлкен бір айтарлық мәселе – әрбір категориялардың тарихи жағы. Яғни, Орхон-Енесей, онан кейінгі түркі жазба ескерткіштер тілімен, басқа түркі деректерімен салыстырылып, айырмашылықтарының ашылуын айтарлықтай табыс деп білген жөн.
Қазақ тіліндегі зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, шылау, одағай, еліктеуіш сөздердің өзі кейде үлкен екі топқа дербес мағынасы бар сөздер, дербес мағынасы жоқ (көмекші есім, көмекші етістік, шылау, модаль сөздер, көмекші сөздердің) болып берілуі немесе жоғарғыдай сөз таптары түрінде берілуі орын алған. Әрбір сөз табы жеке-жеке зерттелумен бірге оның әрбір категориясы, яғни көптік категориясы, септік категориясы, жіктік жалғаулары, сын есімнің шырайлары, шақ, жақ т.б етістіктердің түрлері жеке-жеке кандидаттық та, докторлық та диссертациялар негізінде зерттелініп, олардың өздері жеке монографиялар болып шығуда. Әрине, сөз таптарының әрбір категорияларының бұлайша жеке зерттелуі оның табиғатын тануда үлкен көмегі бар.
Грамматиканың күрделі саласының бірі – синтаксис. Синтаксис саласының да зерттелуі Қазан революциясынан бұрын басталған. Ол туралы ең алғаш сөз еткен де – А.Байтұрсынов. Автор «Тіл құрал» (ІІІ кітап) сөйлем синтаксисі, оның ішінде сөйлемнің түрлерін нағыз тілдік факт ретінде көрсете білді. Автордың зерттеулері қазақ тілі ғана емес, бүкіл түркі халықтары үшін үлкен бастама болды. Басқа тілдегі зерттеулер А.Байтұрсыновтың ғылыми ойларын басшылық алып отырды.
Қазір сөйлем мүшелерінің жасалуында сөйлемнің де сөйлем мүшесі болудың негізін А.Байтұрсынов бір мысал арқылы бергені таңқаларлық білімділіктің көрінісі деу керек. Ғалымның синтаксистегі жай, құрмалас сөйлемдер туралы ойлары 1917 жылдан бұрын қалыптасқанына дәлел. Ол мақтануға боларлық жайт. Сол сияқты С.Аманжоловтың сөйлем мүшелерін жаңаша, ескіше топтаудағы әртүрлі пікірлерін енді ғана түсінудеміз. Міне, тарихта 1900-1939 жылдар аралығындағы кейбір синтаксист ғалымдар танылды. Мәселен, 1929 жылғы латын алфавитіне көшу туралы жиында 17 тілші сөйлеген екен. Соның 12-сі А.Байтұрсынов еншісінде. Басқа ғалымдар мен олардың еңбектері қайда? Ол еңбектердің жан-жақтылығы, зерттеу тақырыптарының молдығы, осынша еңбектердің тілші қауымға жетпеуі аз тарихымыз үшін көп жоғалған мұра іспетті саналуы қажет. Армян, грузин сияқты ерте дамыған тілдерде әр ғасырдағы синтаксис жаңа авторымен белгілі, ал біз бір ғасырға жетпейтін уақытымыздағы жетістіктеріміздің бәрін талан-таражға салып отырғандаймыз.
Қ.Жұбанов – синтаксис туралы біраз еңбек еткен ғалым. Автор «Из проядка слов в казакском предложении», «О построении речи в казахском языке», «О формах сочетаний слов в казахском языке» еңбектері арқылы едәуір еңбек сіңірді. Сондай-ақ, С.Аманжолов 1932 жылдардан бастап елеулі еңбек етті деуге болады. Автор ең алдымен мектеп грамматикасын (1939), онан кейін жоғарғы оқу орындарына «Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсын» (1940) жазды. Автор сөз тіркесі мен сөйлем синтаксисі туралы сөз қозғады. Академик Н.Сауранбаев жай сөйлем туралы ойлармен бірге құрмалас сөйлемдерге тоқталса, С.Жиенбаевтың құрмалас сөйлем, тыныс белгілері туралы ойлары әлі күнге дейін құнын жоймағанын білеміз. Профессор М.Балақаев зерттеулерінің алатын орны ерекше. Автор 1949 жылы мектеп грамматикасы, 1954 жылы академиялық грамматикада сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі жайлы жүйелі түрде жазып кетті. Ол бүкіл түркологияның сөз тіркесі синтаксисінің негізін қалады. Ш.Сарыбаевтың библиографиялық көрсеткішінің 6-томы жарық көрді. Бұл еңбекте тілші-ғалымдар Т.Шонанов, М.Жұмабаев, Т.Ахметов, Ж.Барқыұлы, Н.Төреқұлов, К.Төлебаев, Н.Залиұлы, К.Әлімұлы, Қ.Кемеңгеров есімдері орын алған. Ғалымдар еңбектерінің қазақ тіл білімі үшін белгісіз жылдар мерзімін нақты толықтыратын және қазіргі зерттеулерімізге басшылық болатыны айдан анық. Аталған ғалымдардың ішінде синтаксис, оның теориясы туралы Е.Омаров қолтаңбасы анық. Әзірше ғалымның 1935 жылғы «Сөйлемдегі сөздің орын тәртібі», «Есімдіктерге қатысты приставка» деген екі мақаласы ғана белгілі болып отыр. Бұл сияқты еңбектер әлі де жарық көретін болса, біздің ғылымымызға қосылған үлкен үлес болар еді.
Қазақ тіл білімінде синтаксис, оның объектілері туралы да әр түрлі пікірлер орын алып келді. 1940 жылға дейінгі еңбектерде синтаксистің объектісі ретінде тек сөйлем ғана алынса, 1950 жылдар шамасында сөз тіркесі синтаксисі, ал 1980 жылдардан кейін күрделенген сөйлемдер мен күрделі синтаксистік тұтастық, тіпті функционалдылық мәселесі енгізілді. Т.Қордабаев, Қ.Есеновтің құрмалас сөйлем мәселесіне, Х.Арғынов, Р.Әмір, Ә.Хасенов, А.Әбілқаев, О.Төлегенов, М.Томанов, Ә.Әбілақов, Н.Демесінова, Р.Әміров, Т.Сайрамбаев, М.Серғалиев сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисіне кеңінен назар аударды. Бұл еңбектер қазақ тілінің 1970-80 жылдар ішінде жан-жақты зерделеніп, жанрлық түрленуі мен қоғамдық қызметінің өскенін көрсетті.
Жалпы қазан революциясына дейін қазақ тілін зерттеушілер оны түркі-татар тілінің бір наречиесі ғана деп санады да, оның тарихын зерттеуге көңіл бөлген жоқ. Ол кездегі түкологтардың айналысқан негізгі мәселелерінің бірі-түркі тілдерінің, солардың ішіңде қазақ тілінің де генеологиялық, типологиялық сипаттарын айқындау, әр жеке тілдің отбасы ішіндегі орнын көрсету болды. Тіл тарихына да қатысты осындай аздаған істер істелгенімен, тілдің түпкі төркінін, қайдан, қалай пайда болғанын ашуда мәнді ештене істелмеді. Оның обьективтік себептері де жоқ емес. Тіл тарихыныңоның иесі болып табылатын халық тарихымен бірлігі-ғылымда баяғыда айтылған және айтылып та жүрген қағида. Қазақ тілінің қашан, қалай пайда болғанын сөз ету үшін, алдымен, оны қолданған халықтың, этногенезін айқындау қажет, оны айқындамай тұрып, оның тілінің қалай қалыптасқанын ашу мүмкін емес. XIX ғасырдағы кейбір Шығыс зерттеушілері мен түркологтарының қазақ халқының бір негізден тараған бір тұтастығы жоққа шығарылып, оны белгілі бір қолбасшы төңірегіне кездейсоқ келіп топтасқан тобырлардан құралған деушілерде болған. Мұндай пікір сымақтын терістігін айқындап, қазақ халқының ол баста бір негізден өрбіген қауымның өсе келе бөлінген әр түрлі тайпалық бірліктерінің топтасуынан қалыптасқанын дәлелдеушілер сол өткен ғасырдын өзінде де болды. Олар, әсіресе, А.Левшин, Н.Аристов, А.Харузин, Ш.Уалиханов, тағы басқалар қазақ халқының ол баста бір негізден тараған тайпалардын бірігуінен пайда болғанынайта отыра, қазақ халқын құраған сол тайпалар тарихын айқындауға көп көңіл бөлген. Бірақ, бұл мәселеде дебірізді көз қарас болмады: кейбір зерттеушілер қазақ халқы құрамына енген тайпалар ішінде тек қаңылар мен қыпшақтар ғана болмаса басқалары тіпті түркі нәсілдес емес дегенге дейін барды. Қазақ халқы құрамына енген тайпалардың қазақ деген атпен бір тұтас халық болып бірігуінде, олардың тайпалық тілдерінің қазақ тілі деген бір тілге айналуында қай тайпа жетекшілік рөл атқарды, ұйтқы болды деген сұрауға да бірізді жауап жоқ. Бұл түйінді шешуге кеңестік құрылыстын алғашқы үш он жыл бойына дейін ешкім кірісе қоймады. Айтылғандар үстіне, өткен тарихынан сақталған өзіндік жазба нұсқасы жоққа тән тілдің қандай негізде,қалай қалыптасқанын сөз етуде оңай болмаса керек. 1941 жылы С.Е.Маловтың «Истори казахского языка» деген мақаласы жарияланды. Мұны қазақ тілі тарихына байланысты жазылған бірінші еңбек демегенімізбен, алғашқылардын бірі деуге болады. Мақалада қазақ тілінің тарихына тікелей қатысы бар және оны зерттеуде тілдік материал бола алатын бір неше көне жазба нұсқаларды атап, олардың қазақ тіліне жақындығын мысалдар арқылы көрсетеді. Автор көрсеткен жазба-нұсқалар-көне қыпшақ тіліне тән материалдар. С.Е.Малов еңбегінің мәні-тіліміз тарихын зерттеуге түрткі, бастама болуында. Содан беріқарайғы уақыт ішінде қазақ тілі тарихына байланысты бірсыпыра зерттеулер жарық көрді. Мазмұнына қарай оларды екі салаға бөлуге болады: бірі-қазақ тілінің қалыптасу төркінін айқындау да, екіншісі-көне жазбалар тілі, олардың қазіргі тілімізге қатысы жөнінде. Тарихи шындыққа жүгінсек, Қыпшақ бірлестігі ешқашан да бір тұтас халықтық бірлік болған емес, оның құрамында бір отбасыға жататын туыстас тілде сөйлейтін әр түрлі тайпалар, рулар болған. Қазақ тілінің шығу төркінің айқындау ісімен Ғ.Мұсабаевта біраз айналысты. 1951 жылы жарияланған «Об изучения истории казахского языка» деп аталатын мақаласында бұл автор қазақ тілін Үйсін диалектісі дегеннен өрбіте салады. Ол былай деп жазады: «Алғашқыда өзіндік ерекшелігі болған қазіргі қазақ тілінің Үйсін тайпасы тілі негізінде шыққаны күмәнсіз». Бұлай деуге қандай дәлел бар? Оған дәлел ретінде автор Талас өзені бойынан табылған көне жазбада кездесетін ат, отыз, ұғлан, ұлаю, алмыш, -тұл, ер, сіз деген сөздер қазіргі қазақ тіліне де жат емес, олай болса, осы жазба тілінде сөйлеген V ғасырдағы үйсіндер тілі қазіргі қазақ тілінің арғы атасы дегенді айтады. Бұл тұжырымның ұшқарлығы мынада: Орхон-Енисей, Талас жазуы деп аталатынның көне замандағы үйсіндерге тәндігін дәлелдеу қажет, екіншіден, оны дәлелдеу үшін айтып отырған дәуірдегі үйсіндердің тілі қандай болғанын айқындаған жөн, үшіншіден, автор келтірген 7-8 сөз бүкіл қазақтарда, қазақтар ғана емес, басқа да түркі туыстас тілдерде сөйлейтін халықтар да кездеседі, олай болса, оларды тек үйсіндердің меншігі етудің себебі ашылуы қажет, төртіншіден, жоғарыда келтірілген тәрізді өте шағын тілдік материалға сүйеніп, тілдің грамматикалық құрлысы мен негізі сөздік қорының қандай болғандығы туралы мәнді бірдеме айтам деу-тым тәуекелшілік. Осы себептерден де Ғ.Мұсабаев пікірі өз кезінде «жорамалға негізделген дәлелсіз, тым ұшқары байымдау» деп сыналған болатын. Қазақ тілі тарихын ойлы да орнықты зерттеген ғалым-С.Аманжолов. Ол өзінің «История и диалектология казахского языка» атты көлемді зерттеуінде қазақ халқы құрамына енген тайпалар тарихы мәселесі мен айналысқан Шығыс зерттеушілері мен түркологтары пікірлерне талдау жасай келіп, ол тайпалардың әрқайсысының тарихына, тілдік ерекшелігіне тоқталады. Қазақ халқы дәуірінде үш жүзге бөлінген тайпалардың бірігуінен қалыптасқаның айта келіп, оның тілі де сол жүздің тілдерінің қосылуынан қалыптасты дейді. Сонымен қатар «Қазіргі қазақ тілі үш түрлі жергілікті диалект негізіне қалыптасты. Ол диалектілерде сөйлеушілер барлық тайпаларды да қамтитын үш тайпалар одағы болды» дегенді айтады. Бұдан әрі ғалым қазақтардың дербес халық болып, өз хандығын құруда Арғын тайпасы шешуші роль атқарды, өйткені Орта жүз қазақтары айтатынындай, қазақтардын бір кезде өзі қол астында болған Әбілқайыр ханның билігінен шығып, бөлініп кетулеріне Арғынның әйгілі ұлдарының бірі Дайыр қожаның Қара қыпшақ Қобыландының қолынан қаза табуы, Әбілқайыр ханның Қобыландыны қорғап, арғындардың одан кек алуына жол бермеуі себеп болды, өкпелеген Жәнібек пен Керей хан елді бастап бөлініп кетті. Кейініректе солтүстік-шығыс обылыстарына тараған Орта жүздегі тайпалар тілі қазақтың қазіргі әдеби тілінің қалыптасуына негіз болды деп түйіндейді. Руникалық жазбалар іздеу, бұрыннан белгілі жазбалардың тілдік жеке мәселелерін зерттеу істерімен Ғ.Мұсабаев, А.Махмудов, А.Есенғұлов, А.Аманжолов тағы басқалар да біраз айналысты. Тіліміз тарихына қатысты зерттеудегі тағы бір бағыт-қазақ тіліне жанама немесе тікелей қатысы бар жазба тілін зерттеу, соның негінде тіліміздің тарихи грамматикасын жазу жұмыстары. Қазақ тіліне тікелей қатысы болмағанымен, оның тарихын зерттеуде елеулі септігін тигізетін біраз жазба нұсқалар тілі зерттелді және зерттеліп те келеді. Осылармен қатар, жеке сөз таптарының, кейбір қосымшалардың, сөздердін тарихын ашуға арналған бірді-екілі болса да зерттеулер бар. Олардын қатарына С. Аманжоловтың қазақ тілінің «Тарихи курсына арналған материалдар» деп аталатын кітапшасы (мұнда жеке сөз табының, кейбір қосымшалардың тарихы сөз болады), А.Ибатовтың «Қазақ тіліндегі өсімдіктердің тарихынан» т.б. Қазақ ССР-інің негізгі тұрғынының, байырғы халқының ұлттық, этникалық атауы, оның этникалық атау ретінде қолданылуы XIV-XV ғасырлардан басталады. Халқымыздың қазіргі құрамындағы тайпалардың бас қосып, өз алдына жеке хандық болып құралуын тарих ғылымы XV ғасырдан бастайды. Оған дейін әр тайпа Найман, Керей, Жалайыр, Арғын дегендер тәрізді өздерінің тайпалық аттарымен аталып келген. Бірақ бұдан қазақ халқыныңда, оның тілінің де тарихы тек XV ғасырдан ғана басталады деген ұғым тумасқа керек. Қазақ халқының қазіргі құрамында бар көптеген ру-тайпалық атаулар біздің заманнанкөп бұрын да қолданылғаны белгілі. «Қазақ ССР тарихында» Қазақстанның байтақ далаларынжайлаған алуан түрлі тайпалар көне тас дәуірінде-ақкөріне бастаған. Олардын ең ірілерінің бірі-сақтар. Сақтардын негізінде қалыптасып, өз дәуірінде мәдениетті, күшті мемлекеттер болғандары да аз емес. Олардын қатарына ғұндар мен үйсін, қаңлы, қыпшақ бірлестіктері де жатады. Қазақтардын шығу тегі осылардан басталады дегенді айтады. Тарихшы ғалымдардың айтуларына қарағанда, сөз басына келетін и орнына ж дыбысын қолданып сөйлейтін қауым көне замандарда да болған. Ол туралы мәлімет Махмуд Қашқаридің «Диуанында» да, араб, грек, парсы жиһанкездерінің, оқымыстыларының жазып кеткен ескерткіш материалдарында да бар көрінеді. Сөз басында ж дыбысын қолдану-қазақ тілінің ең негізгі белгілерінің бірі екенің ескерсек, қазақ халқының да, оның тілінің де көне халықтардың, көне тілдердің бірі екндігі байқалады. Бұл мәселеде халықтын да, оның тілінің де бір мезгіл ішінде, бірден, кенеттен пайда бола қалмайтынын да естен шығармау жөн. Халқымыздың не себептен «қазақ» деп аталатындығы күні бүгінге дейін дәлелді шешімін таба алмай келеді. Бұл мәселеге байланысты айтылған да, айтылып та, жазылып та жүрген аңыздар да, ғылыми болжамдар да аз емес. Ең алдымен есте ұсталуға тиісті бір жайт-этникалық бірлікпен оған ату болған сөздің,терминнің бір дәуірде бірге пайда болмайтыны. Сөз, яғни атау, белгілі бір этникалық бірліктен бұрын да тілде немесе тілдерде бола беруі мүмкін. Мұны біз «қазақ» сөзінің тарихынан да байқаймыз. Бұл сөздін тарихын, этимологиясын зерттеген ғалымдар «қазақ» сөзі «қасағ-қасоғ», «қаз ақ» түрінде ерте заман да сонау VIII ғасырдын өзінде болған, ол VIIIғасырда өмір сүрген монах Эпифонидың еңбегінде кездеседі. Монахтың айтуына қарағанда, «касог» сөзі қабарды-балқар тілінде «үй-күйсіз қаңғып жүрген адамдар» деген мағынада қолданылған дейді (Лавров Л. И.). Венгер Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі түрколог А. Вамбери «Түркі халықтарының этнографиясы мен этнологиясы» атты еңбегінде қазақ сөзі IX ғасырда бүкіл әлемге белгілі болған атау дегенді айтады. Түрколог А. И. Левшин В. Радловтың мәлімдемесіне сүйене отырып, атақты Фердаусидың «Шахнама» атты туындысында қазақ ханы туралымәлімет бар дегенді айтады. «Қазақ» деген сөздің халық атауы ретінде қолданылуы X ғасырда жазылған орыс жылнамаларында да кездеседі. «Қазақ» сөзін әйгілі «сақ», «қас сақ» деп аталатын тайпалар бірлестігі атынан өрбітетін ғалымдар да бар. Қазақтың тегін арнайы зерттеген Мұсатай Ақынжанов қазақ сөзі «сақ, қас сақ» (нағыз сақ деген мағынада) сөзінен пайда болған. «Қазақ халқының өз алдында жеке халық болып құрала бастауы VIII ғасырда қалыптасқан Қарлұқ ұлыстық одағынан басталатынын архелогиялық деректерде растайды» дейді. Қалай болған күнде де «қазақ» сөзінің этнонимдік атау мәніңде шығуы қазақ халқының өз алдында жеке халық болып бірігуінен, яғни XV ғасырдан көп бұрын пайда болғаны ақиқат. Қазан социалистік революциясына дейін орыс және европалық тілдерде жарияланған әр түрлі еңбектерде халқымыздың аты да, оның тілі де «қырғыз» деген атаумен аталып келді. Халқымыз да, тіліміз де жазбада өзінің атына халқымыздың даңқты ұлдарының бірі А.Байтұрсыновтың ұсынысы бойынша тек совет дәуірінде ғана ие болды. Қазақ тілі - Қазақ Советтік Социалистік Республикасының байырғы тұрғындары қазақтардың ұлттық, мемлекеттік, әдеби тілі. Қазақ тілі түркі тілінің «Қыпшақ-ноғай тілдері» деп аталатын тобына жатады. Типологиялық белгілері жағынан басқа түркі тілдері сияқты қазақ тілі де жалғамалы тіл деп есептеледі. Қазақ тілі - ауыз әдебиетіне аса бай, бөтен тілдерден енген қоспалары онша көп емес, таза, образды тіл. Қазақ ауыз әдебиетіне жататын алуан түрлі тұрмыстық, әдет-ғұрыптық салт өлеңдері, батырлық, ғашықтық жырлары, мақал-мәтел, жаңылтпаш, жұмбақ, ертегілері сияқты фольклорлық туындылардың негізгі арғы, көне замандардан басталады және жалпы түркі тіліі ауыз әдебиеттерімен сабақтасып жатады. Жазба тілдің жоқ және дамымаған кезінде, халықтың басым көпшілігі сауатсыз замандарда ауыз әдебиеті қазақ халқының ғасырдан ғасырға жалғасып келген көркем ойының, рухани өмірінің байлығын, сөз маржанын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырды, ұлттық жазба әдеби тілінің, көркем әдебиеттің тууына, қалыптасып, дамуына негіз, ұйтқы болды. Ауыз әдебиеті материалдарын жинау, бастыру жұмыстарын XIX ғасырдан басталады. Бұл салада Ш. Уәлиханов, Әбубәкір Диваев, В.Радлов еңбектері ерекше орын алады. Қазақ тілі туыстық сипаты жағынан да, типологиялық белгілері жағынан да «түркі тілдері» деп аталатын топқа қосылады. Қазақ халқы өзінің сан ғасырлық тарихы бойында басқа түркі халықтарымен қонысы, саяси-шаруашылық жағдайы жағынан да тығыз байланыста болып келгені сияқты, оның тілі де сол халықтар тілімен өте жақын қарым-қатынаста болды. Тарихтан белгілі ертеректе өмір сүрген Батыс түрік қағанаты, Қарахан мемлекеті, Қыпшақ бірлестігі, Алтын орда хандығы, т.б. бірлестіктер, тайпалық одақтар түркі халықтары тарихында болған интеграциялық процестерді білдірсе, одан кейінгі замандардағы жеке тайпаларға, этникалық топтарға жіктелулері-дифференциялық процестің көрсеткіштері. Бір тілдік отбасыға, бір топқа жатандықтарына қарамастан, түркі тілдерінің әрқайсысының өздеріне тән фонетикалық та, лексикалық та, грамматикалық та, тіпті паралингвистикалық та өзгешіліктері болады.
Достарыңызбен бөлісу: |