Прогрессивтік (қажетті) адаптациялар (бейімделулер)
- кейбір эктопаразиттердің дене кескінінің өзгеруі (биттер, қандалалар және т.б.) – иесінің денесіне жақын және тығыз жанасуына, оған сенімдірек бекінуіне, жүні мен шаштары арасында еркін орын ауыстыруына мүмкіндік береді, аяқтарындағы жабысқақ ілгектері де сол мақсат үшін қызмет етеді;
- қансорғыш жәндіктерде жақсы дамыған тескіш–кескіш–сорғыш тұмсық пайда болуы және сілекей бездерінің қанның ұюына кедергі келтіретін антикоагулянт бөлуі.
- паразиттердің дене өлшемдері үлкенірек, себебі олар игеруге оңай және дайын қоректік заттарды пайдаланады. Мысалы: еркін тіршілік етуші нематодтардың ұзындығы 1-10мм аралығында болса, паразиттік нематодтар – аскаридалардың ұзындығы 30-35см жетеді;
- ішек гельминттерінің сыртқы қабығында (тегумент) иесінің қоректік заттарын игеру қабілетінің пайда болуы. Осы гельминттер, сонымен қатар антиферменттер бөліп шығарып, өз денесі иесінің асқазан сөлімен қорыты-луына жол бермейді және интрамолекулярлық тыныс алу арқылы анаэробтық жағдайда өмір сүреді;
- аса жетік қоректену тәсіліне байланысты жылдам өсу қабілеттілігінің пайда болуы. Мысалы: кейбір цестодтар тәулік ішінде 10 см астам өседі;
- қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына паразит төзімділігінің жоғары болуы. Мысалы: делафондияның инвазиялық сатыдағы балаңқұрттары топырақта 6 жыл бойы тіршілігін сақтайды, эктопаразиттер – аргас кенелері қоректенбесе де, бірнеше жыл бойы тірі қалады;
- эндопаразиттерде мығым бекіну мүшелер пайда болуы (сорғыштар, ботриялар, сколексіндегі ілгектер);
- кейбір гельминттердің балаңқұрт сатысында иесінің организмінде өзінің тұрақты тіршілік ететін орнына қарай миграциялық қозғалыс арқылы жету қабілеті пайда болуы (аскаридаттар, диктиокаулидтер және т.б.) және сыртқы ортадағы миграциялық қозғалыс қабілеті пайда болуы (стронгилят-тар балаңқұрттары);
- эктопаразит немесе эндопаразиттің болсын ұрық шашу қабілетінің жоғары болуы;
Регрессивтік (қажетсіз) адаптациялар (бейімделулер)
- эндопаразиттердің көпшілігінде аяқтарының кішірейіп, немесе құрып кетуі (мысалы, қышыма - қотыр қоздырушыларының аяқтары мен аяқ бұлшық еттерінің редукцияға ұшырауы);
- таспа құрттар иесінің ішек қуысында дайын қоректік заттарды денесінің сыртқы қабығы арқылы соруына байланысты асқорыту мүшелерінің мүлдем атрофияға ұшыраған, сөйтіп олар эндоосмостық тәсілмен қорек алады;
- эктопаразиттерді – биттер, мамық–қауырсын жегіштер, жүн, шаш жегіштер ұдайы ие денесінде тіршілік ететіндіктен ұшуды қажет етпейді, сол себептен қанаттарынан айырылған.
Паразиттер жануар организмінде тіршілік етіп қана қоймай, иесіне төмендегі әсерлерді білдіреді: трофикалық (иесінің есебінен қоректену); механикалық (іштегі ұлпаларды жарақаттау, оларға қысым көрсету); токсика-лық (токсиндерімен организмді улау); инокуляторлық (бөгде зардапты микрофлораның енуіне жол беруі) және аллергиялық (токсиндердің әсерінен организмде сезімталдылықтың күшеюі: анафилактикалық естен тану, ісіну, бөрту, қышыну, лимфа түйіндеріндегі, өт жолдарындағы гранулема мен қабынулар, фагоцитоз, эозинофилия).
Бақылау сұрақтары
1 Паразит түрлері және олардың пайда болуы туралы не білесіз.
2 Паразитологияның дамуына айтарлықтай үлес қосқан ғалымдарды атаңыз.
3 Паразитологияның жетістіктерін атаңыз.
4. Табиғатта қандай қарым-қатынас түрлері кездеседі?
5. Паразитизм түрлері, оның пайда болуы мен таралуы.
6. Паразиттердің жануар организміндегі мекендеу орындарын атаңыз.
7. Паразиттердің түрлерін атаңыз?
8. Паразит иелерін атаңыз?
9. Биологиялық тұғырығы паразиттің морфологиясы мен биологиясына қандай әсер тигізеді?
10. Паразит жануар организміне қандай ықпал тигізеді?
ИНВАЗИЯЛЫҚ АУРУЛАР ЖӨНІНДЕГІ ІЛІМ
1 Инвазиялық аурулардың систематикасы мен номенклатурасы.
2 Инвазиялық аурулардың географиялық таралуы. Инвазиялық аурулардың эпизоотологиясы.
3 Паразитоценоз және ассоциативтік аурулар.
4 Е.Н.Павловскийдің трансмиссивтік аурулардың табиғи ошақтылығы жөніндегі ілімі.
5 Инвазиялық аурулардың экономикалық және әлеуметтік зияны.
1 Систематика (грекше Sistematos бөлшектерден құралған мағынада) объектілердің, фактілердің, құбылыстардың бөлігі принцип бойынша белгілері мен қасиеттерін анықтап, топтарға жүйелеп бөлумен (жіктеу) шұғылданатын ғылым. Паразиттерді жүйелеп топтарға бөлу олардың шығу тегіне, мекендейтін орнына, көбею жолына, ауру қоздырушының қасиеттеріне негізделеді.
Таксономия − (грекше taxis – қатар, рет, тәртіп; nomos заң, есім) табиғаттағы тірі организмдерді, соның ішінде паразиттерді жүйелеп бөлу принциптері туралы ілім. Паразитологияда міндетті түрде қолданылатын негізгі систематикалық категориялардың немесе таксондардың жалпыға бірдей қабылданған атаулары бар.
Сонымен бірге, Superclassis - класс үсті, Subclassis - класс асты.
Немесе: Subspecies түр (түр асты, түрше), varietas - вариант, aberratio аберрация, morhpa - морфа, forma – форма атаулары қолданылады.
Паразитарлық аурулардың аталуы туыс атауына ёз немесе оз жалғауларын жалғау арқылы жүргізіледі. Мысалы, Fasciola туыс атауына фасциол+ёз, Moniezia - мониези+оз қосу арқылы іске асырылады.
2 Паразитарлық аурулардың географиялық таралуын ескере қоздырушының жергілікті жердің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне бейімделгендігін көреміз. Сондықтан, кез келген аурудың таралу шекарасын анықтаумен нозогеография ілімі айналысады. Ал, аурулардың пайда болуын, таралуы мен өшуін, әртүрлі жағдайлардағы ағымын, күрес және дауалау шараларының жалпы принциптерін зерделеумен эпизоотология шұғылданады. Эпизоотологиялық тұрғыдан ауруға баға беру үшін екі критерий (ЭИ, ИИ) пайдаланылады.
- экстенсивті инвазивтілігі (ЭИ) – ауырған мал санының жалпы бейім жануарлар санына арақатынасын білдіріп, пайыз түрінде есептелінеді.
- интенсивті инвазивтілігі (ИИ) – зерттелінген жануарларда анықталған паразиттердің сандық көрсеткіші (минимум-максимум).
3 Паразитоценоз және ассоциативтік аурулар
Паразитоценоз – әртүрлі зоологиялық таксондарға жататын (инвазия, бактерия, вирус, саңырауқұлақ тудырған) организмдердің бір уақытта жануар (адам) организмінде (мүшесінде) тоғышарлық күн кешуі.
Осы паразитоценоз мүшелерінің тудырған ауруларын ассоциативтік немесе аралас инвазия деп атайды.
4 Е.Н.Павловскийдің трансимиссивтік аурулардың табиғи ошақтылығы жөніндегі ілімі.
Трансмиссивтік аурулар деп қоздырушылары әртүрлі буынаяқты-лардың көмегімен (кенелер, қан сорғыш жәндіктер) берілетін ауруларды атайды.
Облигатты-трансмиссивтік ауруларда – қоздырушылар тек қана арнайы тасымалдаушы буынаяқтылардың көмегімен таралады.
Факультативті-трансмиссивтік аурулар – тасымалдаушылармен және азық, су, тікелей жанасқанда беріледі. Сондықтан, тасымал механикалық және арнайы болуы мүмкін.
Табиғи ошақтылық трансмиссивтік аурулар болғандықтан, табиғатта адамның қатысуынсыз үздіксіз тасымалдаушы буынаяқтылар арқылы ұзақ уақыт (ұрпақтан ұрпаққа) беріліп отырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |