1.2. Әдебиетке шолу
Жануардың сыртқы пішіні дегеніміз – малдың түр-тұлғасы, яғни дене бітімінің сыртқы көрінісі, экстерьері. «Экстерьер» атауын тұңғыш рет зоотехнияға 1768 жылы француз ғалымы К.Буржель енгізген. Оның пікірі бойынша, бастың көлемі мен пішіні арқылы жануардың дене бітімінің пропорционалдығы туралы қорытынды жасауға болады.
Жылқының мықтылығы мен шаруашылыққа жарамдылығын бағалауда дене бітімінің сыртқы көрінісін пайдалану К.Буржельге дейін де көптеген халықтарда кездескен. Ертедегі Римде Варрон (біздің заманымызға дейінгі І ғасыр) «Шаруа ісі туралы» деген кітабында жануарларды экстерьері бойынша бағалау жөніндегі ұсыныстар жасаған. Жануарлардың түсіне де айрықша көңіл бөлген. Арабтың мал дәрігері Абу-Бекра (ХІҮ ғасыр) жылқының экстерьері жөнінде кітап жазған. 1717 жылы Ресейде шыққан «Конска» деген кітапта Ю.М.Долгоруков экстерьерді бағалау әдістерін сипаттаған.
Сыздықов А.Ә. өз еңбегінде Қазақстанда өсірілетін жылқы тұқымдарына, олардың негізгі ерекшеліктеріне, тұқымдық қасиеттеріне сипаттама беріп, жылқының халық шаруашылығындағы маңызын, тұқым асылдандыру, малды азықтандыру, сауу, семірту, таңбалау, басқа да жұмыстар жөнінде толық ақыл-кеңес береді.
Жануарлардың дене бітімі яғни конституциясы деп нені түсіну керек? Ғалымдар бұл терминге әр түрлі түсінік береді. Мәселен, Е.А.Богданов жануарлардың дене бітімін ұлпалар мен мүшелердің дамуына тән арақатынас деп анықтайды. Е.Ф.Лискун жануарлардың дене бітімі деп оларды біртұтас организм ретінде сипаттайтын биологиялық және шаруашылық қасиеттер мен белгілердің жиынтығы ретінде түсінді. Н.А.Кравченко жануарлардың дене бітімі деп олардың жеке ерекшеліктерін, тіршілік жағдайларына бейімделгіштігін және шаруашылыққа пайдалы өнімділігін анықтайтын, тұқым қуалайтын қасиеттерінің жиынтығынан келіп туындайтын, сол организмнің ұлпалары мен ағзаларының, мүшелерінің құрылысы мен атқаратын қызметіндегі өзара біртұтас байланысты түсінеді.
Жануарлардың дене бітімінің әр түрлі типтерінде қан құрамын зерттеудің зор маңызы бар. У.Дюрст жануарлардың дене бітімінің типтерін жіктеуді тотығу процестерінің дәрежесіндегі айырмашылықтарға негіздеп алған. Тыныс алу типінде тотығу процестері едәуір қарқынды өтеді, ас қорыту типімен салыстырғанда газ алмасу күшті өтеді. Х.Ф.Кушнер, И.С.Токарь және Е.Я.Борисенко жалпақ денелі жануарлардың қанында эритроциттердің, гемоглобиннің, лейкоциттердің, құрғақ заттардың денесі жіңішке жануарлардың қанындағыға қарағанда көп болатынын анықтады. Тыныс алу типіне жататын жылқылардың қанында құрғақ заттар мол болады, гемоглобин, темір де көп кездеседі.
Бахметьевтің (1870), Великосельцевтің (1871), Вогактың (1871), Гардердің (1875), Вилькинстің (1875) т.б. еңбектерінде қазақ жылқысының тұрпаты (ғылыми тілде экстерьері), шыдамдылығы, бағылуы туралы тамаша пікірлер айтылады. Осы зерттеулерден «орыс армиясының қажеттілігін кез келген уақытта қанағаттандыратын таусылмас көз – дала жылқы шаруашылығына» мемлекет тарапынан назар аударыла бастады. Оның үстіне Россияның оңтүстігіндегі атап айтқанда, Дон аймағындағы жылқы шаруашылығы егіншіліктің дамуына байланысты дамымай қалды. Армияны атпен жабдықтау жолы біреу-ақ болады, ол – Орта Азия мен қазақ даласындағы жылқыны меңгеру. 1884 жылы мемлекеттік жылқы зауыттары басқармасының бастығы граф Воронцев-Дашковтың бұйрығымен Торғай, Орал облыстарына, Ішкі Бөкей ордасына мамандар жіберіле бастайды. Кейіннен мамандар Қазақстанның басқа жерлеріне де жіберіледі (Журнал «Коневодство и коннезаводство», Спб,1890, №35, стр.555.)
Экстерьер мен өнімділіктің арасындағы байланысты дұрыс түсіну жолындағы ізденістер орыс зоотехния мектебіне де тән болды. В.И.Всеволодовтың (1832) «Үй жануарларын, әсіресе жылқыларды сырттай қарап бағалау (экстерьер)» атты кітабы Ресейдегі экстерьер жөніндегі тұнғыш оқу құралы еді. Орыс ғалымдары Е.А.Богданов, Е.Ф.Лискун организмнің көрінісі мен атқаратын қызметінің байланысы туралы ілімді жетілдірді.
Қазақтың жылқысын жақсарту үшін орыс ауыр жүк тартатын жылқы тұқымымен қан араластыру арқылы қазақ жылқысының сапасын жақсартуға болатындығын Ю.Н.Барминцевтің деректерінен көруге болады. Осы әдіспен алынған будандардың тірідей салмағы артып және жергілікті қазақ жылқысының тұқымына тән ерекшеліктері (ауа райына төзімді келу, шыдамдылық, жұмысқа қабілеттілік) сақталынады.
Ғалымдар тәжірибелерінен белгілі болғандай, құлынның бірінші жылғы өсімі өтке мамандандырылған ірі қара малдың бұзауларына ұқсас өте жоғары деңгейде өрбиді екен. Қазақ және якут жылқыларының құлындары туғаннан кейінгі 1-ші айында өзінің алғашқы салмағынан 1,7-2 есе өссе, 3 айда 3,2 есе, 6 айда 4,2, 12 айда 5,2-6,2 есе өседі екен. Сондықтан сондай уақытта ауыр жүқ тартатын жылқы құлындары бұдан да тез өсіп, үлкен жылқының 70 пайыздық салмағына жетеді. Сонда туғандағы салмағы 42-45 кг болса, олар 6 айда 200-217 кг, 12 айда 250-257 кг жетеді. Ал ауыр жүк тартатын жылқы тұқымы тиісінше 57-70 кг; 280-370; 375-500 кг болады.
Х.Дүйсембиннің бақылауы бойынша, С витаминінің мөлшеріне табиғи жағдайлар (жайылым, жарық, ауа т.б.) әсер етеді екен. Сүттен қымыз ашытқанда А витаминінің мөлшері өзгермейді, ал С витамині біршама азая түседі, мұның өзі қымызды піскен кезде аудағы оттегінің әсерінен болуы мүмкін.
Көптеген зерттеушілер қымыздың дәрілік қасиетін, онда С витаминінің көп болуымен байланыстырады.
Достарыңызбен бөлісу: |