Субъект қасиеттері. Әлемнің аңғал бейнесінде физикалық субъект– эмоцияның иесі, бірбүтін тұтастық ретінде көрініс табады. Оның белгілі бір мүшесі ауырса да , эмоция оны тұтастай қамтиды.
Эмоционалды күй субъектінің еркінен тәуелсіз болады және де ішкі себептер не субъектіден тыс болып жатқан оқиғалар әсерінен пайда болады.
Эмоционалдық күйдің сипаттау моделіне эмоционалдық күй әрқашан да кейбір әсерлер салдарынан туындағандықтан оған негізгі элемент ретінде эксплицитті не имплицитті себеп енеді. Эмоционалды күйдің себебі – осы айтылған ойдың шегінде немесе одан тыс кездерде әр түрлі әдістер арқылы таңбаланатын оқиға. Әлемнің құндылықтар бейнесінде түрлі орынды иеленетін себептер түрлі эмоцияларды туындататыны сөзсіз. М., Әжесінің өлімі оны қайғыға батырды (М.Ә.Жетім). Осындағы өлім құбылысы әлемдік деңгейде «-» таңбаға ие, сондықтан осындай жағымсыз эмоцияларды туғызады.
Осылайша, қуану, қайғыру сияқты етістіктер сыртқы әсерлер арқылы болған адамның немесе сыртқы ортаның күйін білдіреді. Сондықтан да қуаныш пен қайғының зат есім ретіндегі екі түрлі мағынасы бар: біріншіден, қуаныш пен қайғы – «сезімнің өзі болса, екіншіден, олар сол сезімді тудыратын себеп болып табылады» [41, 225б].
1- мысал: 1. Қазір жүрегін аттай тулатып, соншалық қуантып, еркін алған көрінісі (М.Ә.Абай жолы). 2. Абай бұл күнді күні бойы және осы түнді де оңашада жапа- жалғыз, қайғыда, ауыр қасірет тебіренткен күйде толас таппай өткізді (М.Ә.Абай жолы). Көрсетілген 1- мысалдағы сөйлемдерде қуаныш пен қайғы эмоциялық күй ретінде көрініп отыр, яғни белгілі бір қуанышты немесе қайғылы жағдай себебінің салдары.
2- мысал: 1. Қуаныш әкелгендей, ем болар дауаны айтқандай Абай жүзіне қарай беріп еді (М.Ә.Абай жолы). 2. Қасымға бұдан соңғы қайғы болып – малды қаратыру, қозы бағу шықты (М.Ә. Жетім). Көрсетілген 2- мысалдағы сөйлемдерде қуаныш пен қайғы осыдан соң болатын эмоциялық күйдің себебіретінде беріліп отыр.
Дәл осылай сын есім түрінде де кездесетін қуаныш пен қайғының екі жақты мағынасы бар: бір жағынан, қуанышты , қайғылы көңіл-күй; қуанышты, қайғылы сезім; ол сондай қуанышты, қайғылы; екінші жағынан, қуанышты, қайғылы күн; қуанышты, қайғылы оқиға; қуанышты, қайғылы себеп. «Бұл екі жақтылық біздің алдымызда – материалды объект, орта және адамның ішкі күйі арасындағы; олардың «салдары» ретіндегі ішкі күй және «себебі» сияқты осы объект пен орта арасындағы; субъективті әрекет «уәжі, мақсаты» ретіндегі объект және субъективті әрекет «себебі» ретінде қоздырылған күй немесе дәл осы объект арасында бөліп таратылған құбылыс концепті» [29, 448б]. Бұлар екі субъектінің «қарым-қатынас шеңберіне» енетін әрекеттерге және субъектпен (адам) қатар оны қоршаған сыртқы ортаның күйіне тән. Мысалы: қайғылы «қайғыда болу»: қайғылы көңіл-күй, қайғылы бас (Бұйра шашты қайғылы басын қос тізесіне басып, өзінің сорын шағып жылайды), қайғылы ел (Қалың сордың қайғылы елі ұлардай шулап тұр екен), қайғылы ой (Кейінгі әңгімеде сол жөнінде, өзінің көп өлеңінде көптен араласқан ел жайындағы қайғылы ойларын таратып айтты), қайғылы ата (Қайғылы атаны енді өз ойымен, өз дертімен оңаша қалдыру қажет сияқты), қайғылы қабақ (Сендердей жандар жұбату айта келгенде , Әбішті жоқтай келгенде, мен алғыс айтпасам, астарыңды бірге ішіп, қайғылы қабағымды ашпасам аруақ ырза болмас еді), қайғылы жүз, қайғылы жүрек, қайғылы кеуде, сонымен қатар қуанышқа байланысты, мысалы: қуанышты көңіл-күй, қуанышты жүз/бет- ажар/шырай/өң, қуанышты көздер, қуанышты ана, қуанышты сезім т.б. Мұнда қайғы – адамның күйі ретінде көрінеді.
Ал егер қайғылы/қуанышты күндер, қайғылы/қуанышты уақыт, қайғылы/қуанышты хабар, қайғылы/қуанышты оқиға десек, бұл жерде қайғы мен қуаныш ортаның күйі ретінде көрінеді.
Эмоционалды күй өзге ішкі күйлер сияқты субъект арқылы бақылана алмайды. Сондықтан мынадай императивтер туындауы мүмкін емес: қуан, қайғылан(кейде дәл осылай жанама сөйлеу актісінде айтылады: мұндағы сөздер эмоционалды күй емес, субъект өзі бақылай алатын эмоционалды қатынас).
Эмоционалдық күйдің кей түрлері бақылана алады. Субъект-каузатор болатын каузативті конструкцияларда «бақылау» белгісі бар. Себепті білдіруге кіретін бұл субъект актантпен бірігіп өз әрекеттерін бақылай алатын активті субъект болып табылады: Мен оны қуанту үшін өтірік алдадым. Мұнда эмоционалдық күй субъекті иноактивті [40, 64б].
Достарыңызбен бөлісу: |