10) Қазақ халқының танымында қайғы сұйықтық ретінде ұғынылуы мен елестетілуі орын алған.
1) ҚАН. Қайғымен қан жұту; қасіретпен қан жұту; қан жұту (фраз.). Мысалы: Бетінен осылар үшін қан ағып, жүзіне таңба түскенде « қаным да бұлардың қайғысына араласты, текке кетпесін!..» деп бекіген (М.Ә. Абай жолы). Ал Абай қайғысы үшін қан жылауға бар (М.Ә. Абай жолы).
2) Осы топқа енген «қайғыға» қатысы бар етістіктер көбінесе сұйық заттарды білдіретін сөздермен бірге айтылғандықтан, «қайғының» бойында сұйықтыққа тән қасиет барын көреміз. Мысалы: Көкірегі шерге толу; шер жұту (фраз.). Кемпір бәрін айтып жылап, қызы мен келіні ішінен тынып, қайғы жұтып отырған күйін ойлағанда, азырақ сілкінгендей болды (М.Ә.Қорғансыздың күні).
3) «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» – деп Абай атамыз айтқан. Шыныменен -ақ, қатты қайғырған адам зарлап, аңырап, ағылып кеп жылайды. Оның бәрі көзден жас болып ағады. (Ол туралы жоғарыда айтылды).
11) Сананың қуанышқа, қайғығы реакциясы – «есі кету» (көп мағыналы фразеологизм) ретінде көрінеді. Адамның қуаныштан да, қайғыдан да есі кетеді. Осыған байланысты орыс тіліндегі фразеологизмдер: обезуметь от радости, обалдеть от радости, не помнить себя от радости, потерять рассудок, потерять голову (ср. головокружительная радость). «Санамен сарғаю» деген де фразеологизм бар.
12) Жүрек – эмоциялар орын табатын орган. Қайғырған адамның «жүрегі қарс айырылады», «жүрегіне ине шаншылады», «жүрегі қысылады». Қуанған адамның «жүрегі атша тулайды», «қуаныштан жүрегі жарыла жаздайды» (орыс тілінде: сердце затрепетало, сердце готово выскочить из груди, сердце вырывается из груди, сердце бьется / стучит / колотится, сердце подпрыгивает). Субъектінің барлық эмоцияларының жиынтығы сондықтан да жүрек пен жан ішіне орналасады. Мысалы, жүрегі от болып жанды, жүрегіне ине шаншылды, жүрегі атша тулады, жанына батты, жаны қалмады т.б. (мысал жаз-идиома)
Қуанған кезде қуаныш адамның жүрегінде паналайды: Мысалы: Жүрегін толтырған қуаныш та, назды мұң мен толқынды ыстық ой да – барлық пердесіз, қалтқысыз шынын осы әнге табыс еткен (М.Ә. Абай жолы).
13) Қайғы да, қуаныш та аудиалды (вербалды) тәсілмен беріледі. Себебі адам өзінің физикалық кейіпі мен ішкі сезімін, қайғысы мен қуаныш сезімін тіл арқылы жеткізе алады. Қазақ халқы ертеден- ақ «қуанышты бөліссе – көбееді, қайғыны бөліссе азаяды» деп сенген. Өйткені жеке- дара табиғат аясында жүріп көрген, болмысына сіңірген әр түрлі жағымды, жағымсыз әсерлер қалайда сыртқа шығуы керектігін қазіргі медицинаның өзі дәлелдеп отыр. Елге, қауымға жетсе ғана, шаттанған, мұңайған жеке тұлғаның жан дүниесі босайды, жеңілденеді, еркіндікке сүйсінеді. Сондықтан да адам «қуанышы қойнына сыймай», «қуанышын ішіне сыйғыза алмай», «қуанышын жасыра алмай» жақсы хабарды елге жаяды. Мысалы: Енді өзім білген жақсатымды айтайын, Абай аға! – деп алып, ол Абай мен Дәрменді анық көңілдендіріп, қуантарлық хабарды бастады (М.Ә.Абай жолы).
Адам басына төнген қайғысын да өзгеге айтып босату – қайғымен қош айтысудың жалғыз және қажетті тәсілі. Мысалы: Шұбар бұған келгенде: «Қиыны осы болар- ау», «Қайғысын көпке паш қып еді» (М.Ә.Абай жолы). Кейінгі әңгімеде сол жөнде, өзінің көп өлеңіне көптен араласқан ел жайындағы қайғылы ойларын таратып айтты (М.Ә.Абай жолы). Ғазиза да екі шешесімен қосылып, жүректерін жеген қайғыларын сыртына шығарып сөйлескенде, бұрынғы өткен күндерін сағынушы еді (М.Ә.Қорғансыздың күні). Осындаймен қайғыны айтам деп, қайдағыны кезетін қаңғыма сөздер көбейген (М.Ә.Абай жолы).
Вербалды түрде жеткізілетін хабардың өзі қуанышты хабар және қайғылы хабар болады. Жер бетінде өз қуанышыңды жаһанға жар салып, сүйінші сұрау сезімі тек түркі тілдес халықтардың біразына ғана тән болған. Мысалы: Айтпақшы, шүйінші, осы бір жұмадан бері біздің ауылдардың барлығы жағалай той жасап, құнан шаптырып, қуаныш етіп жатыр (М.Ә. Абай жолы).
Қайғылы хабар көбіне елді күйзелткен жағдай, кісі өлімі, ауру- індет тарағаны туралы болады. Мысалы: Абай Ақшоқыдан «Оспан ауру» деген хабармен Жидебайға асығып жете бергенде, алдарынан қос атпен шыққан шапқыншы, қаза болған, қайғылы хабарын да білдірген (М.Ә.Абай жолы). Міне дәл осындай өзгеше өнімі бар, жемісі мол қоңыр күзде, тағы бір шаңқай түсте, ойда жоқ, өзгеше суық хабар жетті (М.Ә.Абай жолы)..
14) Дегенмен кез- келген адам өз басындағы қайғысымен бөлісе қоймайды. Оның өзі өзгеге айтпас сыр, үлкен жұмбақ іспетті.
Мысалы: Қайғылы бір сыр көрге бір- ақ кетсін дегендей болып, тысқа шықты (М.Ә.Қорғансыздың күні). Көңіліндегі кешегі күдігі, өзіне ғана мәлім, жасырын қайғылы сыры тағы да тас түйіндей төңкеріліп өтті (М.Ә. Абай жолы). Өйткені қайратты жас, еркек басымен өз ішіндегі уайым- қайғының жайын таратып айтып, көп сөз етуді лайық көрмеді (М.Ә. Абай жолы). Жан- жақта жүдеу тартып, жұмырланған боз төбелер қайғылы сырымен, дүние шерімен сазарғандай (М.Ә. Жетім). Қазір Мағрипаның уыздай сау жүзін, ыстық толқынмен көз алдына елестетіп келе жатқанда, өзінің жаңағы жасырын қайғысы есіне түсті (М.Ә. Абай жолы).
Қуаныш көпшілікке тән. Ел арасында мейрам, мереке тудырады. Мысалы: Қазір жәрмеңке басындағы Абайға тілеулес барлық халық өз бетімен қуаныш мәз- мереке жасап жатыр екен (М.Ә. Абай жолы) . Иә, халайық, бұл бір асыл мереке болды, шын қуаныш, қалтқысы жоқ халық қуанышы (М.Ә. Абай жолы). Бар кедей тобы жамырап қуанысты.
Қайғы көбіне жалғыз адам басына тән болады.
Мысалы: Абай бұл күнді күні бойы және осы түнді де оңашадан жапа-жалғыз, қайғыда, ауыр қасірет тебіренткен күйде толас таппай өткізді(М.Ә. Абай жолы). Қайғы жалғыздықта, әсіресе, жанға батады(М.Ә. Абай жолы).
Қуаныш және қайғы концептілерінің түрлі қырларын ашатын қосымша мысалдар: Қуаныш та шашылмаған лайық қой. Барлық көрісу-кездесудегі, ұзынды-қысқалы, қуанышты-зарлы барша сөзі жүрегімде, өз қаныммен жазылған өсиет хаттай. Екі шал қуаныштарын қойындарына сыйғыза алмай, қайта-қайта тамсанып, тамашалай береді. Осының бәрінің қатарында Әбіштен келген сәл ғана емеурінді иланғыш көңілмен, барынша қуанып қабылдаған. Қуаныштымын, екеуіңе де барынша ырзамын! Әбіш айтқан сөзден шошынарын да қуанарын да білмегендей. Сол ретте Әбіш пен Мағаш арасындағы ойда жоқ күйден туып ұлғайған мол махаббат жайын Дәрмен көп қуаныш етіп тамашалайтын. Ол екі жастың өздері де Дәрменнің бұларға деген тілеулестік достығын қатар қуаныш ететін. Үй ішіндегі барлық жан Абайдың айтқанынан қуаныш, сенім, жақсы бір елес сезгендей болса, мынаның үні сәл мысқыл, ажуа аңғарын танытқандай. Қуаныш пен жұбаныш, жақсылық пен жаманшылық, күн мен түн айырмасы жоқ боп тұтасып, мұнарға айналып барады. Әкенің өзі айтып білдірмесе, Абай мынау аналардың қуанышпен қарсы алған күндерін мұңайтқысы келмеді. Ол қуанышы – өмірінде ең алғаш татқан әйелдік махабаттың қуанышы болатын.
Балалар да ояна жылап, шешелерінің етегінен ұстап, қайғыны сезіп қарбаласа, қақтыға зарлап жүр. Сендер бос жылап шұбырғанды, қайғы шаққанды қойыңдар. Оқу емес, ол ауыр қайғыда жатыр. Бірақ қайғыны шерте бермеу керек. Бірақ онысы қабақ шытқан, қан жұтқан қайғылының өлімін тілеуі емес. Әсіресе малшы-жалшының қайғы-қасіретін, қам-қамырығын ойлап, қиналып көрген кісі Ділдә емес. Ал Абай қайғысы үшін қан жылауға бар. Сол күйге, Абай қайғысына соңғы күндерде шұбырып келіп зар-наласын қосып жатқан жаяу-жалпы, аш-арық, көп жылаулар, дос-жар халық қайғысын тағы да қосады. Әңгімесін аузымен тоқтаса да, көңілінше соның аяғын тағы да созып, түкпірлеп ойлап, қайғының қабат-қабат шыңына ақылымен кіріп отыр. Бишаралық, иесіздіктің таңбасы басылған ескі лашықтың ішінде Ғазизаның балалығы, еркелігі және қайғысы, қасіреті қалған. Жалғыз баласы– Мақсұттан басқа сүйеніші, тілеуі жоқ әлсіз сорлы шешесі көкірегі қайғы-шерге толып, көздері мөлтілдеген улы жасқа толып, жаутандап, қуат-көмек сұрағандай болып, Мейірханға қарай береді. Жолдастарының көбі қайғыланып мұңайды. Ол бұл күнде сарылып отыратын ұзақ қайғыдан арылған. Төсекке жатқан сайын аунап, қызып ұйықтай алмай жатқанда, ойын қайғы билемей, көмескі үмітпен қызу билейтін әдет болды. Қайғы шеккен, дертті күйін ғана айтушы еді. Тағы бір күндер Мамыр, Еңліктей қыздардың қайғыларын да айтып берді. Абай ыза менен азаптан, жанашыр мен қайғыдан қалтырап кеткендей. Бұнда және анау Қорық бойында бүгін жылап отырған ана Қаражан шерінің қайғылы жоқтаудай ауыр ырғағы бар. Қам-қайғы ойлаған кісідей ме!
(Барлық мысалдар М.Әуезовтың шығармаларынан алынған) .
2.4 Қуаныш және қайғы концептілерінің лексико-семантикалық өрісі
Жеке сөздің концепті толықтай анығырақ түрде оның семантикалық және (немесе) ассоциативтік өрісі арқылы ашылады. «Сөздің семантикалық немесе ассоциативтік өрісінде жатқан ақпарат өзінің құрамында когнитивті және прагматикалық білімдердің элементтерін бейнелейді. Мысалы, сөздің ассоциативті өрісінде бар «семантикалық контекст» өз қатарында концептінің иерархиялық ұйымдастырылуындағы түрлі қатынастарды береді» [47, 5б].
Кең мағынада концепт құрылымын шеңбер ретінде елестетуге болады, оның орталығында негізгі ұғым, концепт ядросы болады да, ал перифериясында мәдениет, дәстүр, халықтық пен жекелік тәжірибе арқылы танылғандар болады.
Ядро – осы не өзге лексеманың сөздіктегі мағыналары. Периферия – субъективті тәжірибе, коннотациялар, ассоциациялар, лексеманы құрайтын түрлі прагматикалық құрамдастар.
З.Е.Сүлейменова «Қуан мағынасындағы етістіктің семантикалық құрылымы» деген зерттеуінде қазақ тіліндегі қуан – өрісін анықтап береді. Қуан лексико-семантикалық өрісінің ядросына мына етістіктер жатады: алақайла, арсаңда, дарди, дәсерле, жадыра, жайра/жайраңда, көңілден, қуан, қуанышта, масаттан/насаттан, мәзден/мәзсін, табала, шаттан және идиоматизацияланған етістікті сөз тіркестері жатады: мәз бол, мәз-мейрам бол, мәре-сәре бол, төбесі көкке жет, жерден жеті қоян тапқандай қуан, әйелі ұл тапқандай қуан, әкесі базардан келгендей қуан, балаша мәз бол, бөркін аспанға (көкке) лақтыр/ат, шат бол, жүрегі жарыла жазда, қуанышы қойнына сыйма. Ядроға жақын аймаққа мына сөздер жатады: дели, пейілден, жайтаңда, мазатсы, майсаңда, масайра, мазаттан және идиоматизацияланған сөз тіркестері жатады: бір жаса, далиып сала бер, көңілге нұр құйыл, көңілі желдей ес, танауы желбіре, мұраты таулап отыр, мейманасы ас, мастық кір, құдайды құлағына ұста, қиын қуан, өлгені тіріліп, өшкені жан.
Периферияға жататын етістіктер: арсақта, арсалаңда, арсалақта, жайдарылан, жайма-шуақтан, жадыраңқыра, күптен, жарқыра, жетіс, ләзаттан, мастан, райлан, рақаттан, сүйсін, тойл, хоштан, мейрамда, мерекеле, мажыра, күл және идиоматизацияланған етістікті сөз тіркестері: дәулетке мас бол, жүрегі лүп ет, жыларын да, күлерін де білме, шала байы, мейірі қан, ләззат ал, қарық бол, ақ түйенің қарны жарыл, жыртылып айрыл, көтені шелектей бол, сыртынан семір, көңілі шалқ, көңілі көтеріл, көңілі тасы, көңілі сергі, көңілі судай тасы, жадырап сала бер, соңынан күл шаш, көңілі жадыра, асыр [48, 11б].
Қайғыр лексико-семантикалық өрісінің ядросына мына етістіктер жатады: уайымда, мұңай, қайғыр, қайғылан, күйзел, қамық, жабығу және идиоматизацияланған етістікті сөз тіркестері жатады: көкірегі қайғылы, көзі жасты; қайғыдан улану, у жұтқандай болу; қайғымен қан жұту; қасіретпен қан жұту; шер жұту; іш құса болу; сары уайымға түсу/салыну; қайғы басу; қайғы жеу; қайғы тарту; қайғы шегу; жүрегі от/өрт боп жану; жүрегіне ине шаншу; көкірегі шерге толу. Ядроға жақын аймаққа мына сөздер жатады: қобалжы, қапалан, түңіл, машақаттан, әурелен, сарыл, сарғай және идиоматизацияланған сөз тіркестері жатады: әкесі өлгендей, белі бүгілу, жер бауырлап жатып алу, жер таяну, қабырғасы сөгілу/қайысу/қақырау т.б.
Периферияға жататын етістіктер: аз, тоз, арықта, бозар және идиоматизацияланған етістікті сөз тіркестері: Асан қайғыға салынды; өлгені тіріліп, өшкені жану; көңілі болмау т.б.
2.5 Қуаныш және қайғы концептілерінің сөйлеу әрекетіндегі көрінісі
Осы зерттелетін концептілер әрекет (действие), ментальді әрекет (ментальное действие), сөйлеу әрекеті (речевое действие) сияқты үш түрлі түсінікпен байланысты.
Әрекет – адам мен әлем арасындағы қарым-қатынасты реттеу орталығы болып табылады. Сол арқылы адам шындықпен қатынасқа түседі. Психология тұрғысынан: «Әрекет дегеніміз түрлі қажеттерді өтеуге байланысты белгілі мақсатқа жетуге бағытталған процесс. Адамды түрлі іс- әрекетке итермелейтін оның түрлі қажеттері. Әрекет іс- әрекеттің шағын бөлігі. Ол жеке мақсатты орындауға бағытталады, әрекетті орындау тәсілдері операция деп аталады» (49, 56б) – деген анықтама беріледі. Қуану да, қайғыру да – эмоционалды әрекеттер.
Қуаныштың сыртқы көрінісі: билеу, күлу, жылау, қолды былғау, мақтану, қол соғу, секіру, жымию, қапылу, ұшып тұру, жүгіру, құшақтау, арқадан соғу, қолдау, менменсіну, қуану, жасару, семіру, ән салу, қатты айқайлау, әңгімелесу, қалжыңдау (соңғы төрт әрекет сөйлеу әрекетіне жақын).
Қайғының сыртқы көрінісі: жылау, бетін басу, мұңаю, қартаю, азу/жүдеу, қуару/солу, аһ ұру, күрсіну, аңырау, тынысы тарылу, шашы ағару, қабағы түсу, көзі қызарады, сілкінеді, жығылу, басын жерден көтермеу, жалғызсырау, ашулану, зарлау, дауыс шығарады, жоқтау айту (соңғы үш әрекет сөйлеу әрекетіне жақын).
Сөйлеу әрекеті. Әрекеттен сөйлеу әрекетіне өту әрі табиғи, әрі оңай түрде жүзеге асады. Оларды сәйкестендіру 1960 жылы Дж. Остин негізін салған перформативтер (лат «перфомо» – әрекеттенемін, істеймін) теориясынан бастама алады. Дж.Остин сөйлеу актісіне тең келетін амалдарды атады, олар ант беру, приговор, атақ беру т.б. Перформатив рәсімдеу, ритуалға жақын. Сөйлеу актісінің құрылымының өзі негізгі белгілерінде әрекет моделін қайта жасайды: онда ниет (пиғыл), мақсат пен жасалынатын әсер (нәтиже) бар.
«Сөйлеу – адамдардың материалдық өзгертуші іс-әрекеті процесінде тарихи тұрғыда қалыптасқан, тіл арқылы болатын қарым-қатынас нысаны. Психология үшін , ең алдымен, адамның жоғарғы психикалық функциялары жүйесіндегі орны, оның ойлаумен, санамен, жадпен, эмоциялармен байланысы назар аудартады; бұл орайда, оның тұлғаның және іс-әрекеттің құрылымын бейнелейтін ерекшеліктері ерекше маңызды. Сөйлеу іс-әрекеттің тұтас актісі (егер оның іс- әрекеттің басқа түрлерімен жүзеге аспайтындай арнайы мотивациясы болса) немесе сөйлеушілік емес қарекетке қамтылған сөздік қимылдар түріндегі көрінетін сөйлеу қызметі қарастырылады. Сөйлеу қарекетінің не сөздік қимылдың құрылымы принципінде кез келген әрекеттің құрылымымен үйлеседі, яғни бағдарлану, жоспарлану (іштей бағдарламалану нысанында), жүзеге асу және бақылану сатыларын қамтиды. Сөйлеу әр жолы жаңадан құрылатын белсенді және динамикалық сөздік стереотиптер тізбегі болып табылатын реактивті болуы мүмкін» [38, 204-205б].
Вербалды және вербалды емес әрекеттер уақыт арқылы көрініп, олардың басы мен аяғы болады. Сөз істі туғызса, әрекет сөзді туғыза алады.
Сөйлеу әрекетінің ерекшелігі – оның арнулылығы (адресованность). Сөйлеу әрекеті екінші біреуге бағытталыды. Олар: әлеуметтік қабылдаушы, таныс не жат, дос не қас, замандас не ұрпақ, аруақ, Құдай не әулие, тіпті әрекеттенушінің өзі болуы мүмкін.
Сөйлеу әрекетінің вербалды емес әрекеттен келесі айырмашылығы онда әрекеттің жүзеге асуында қатысатын толық не редуцияланған пайымдау (пропозиционалды мазмұн) болады.
Халқымыз қайғысын да, қуанышын да өзгеге сөз арқылы жеткізе білген. Жақын адамның о дүниеге атттануы, жазылмас дертке ұшырауы, ел басына түскен ауыр хал, қасірет, ауру- індет үлкен қайғыға батырады. Осы кезде туатын мұң-шер өлеңдері (қоштасу, жоқтау, естірту, көңіл айту) – ел басына түскен зарлы күйзелісті, қазаға ұшыраған жеке адамның, жеке үй ішінің мұң-шерін шертеді, көңілдің қайғылы, қаралы сезімдерін білдіреді. Қуанышқа кенелген жұртшылық той-думан жасайды. Сүйінші сұралып, құтты болсын айтылады. Халқымыз үшін сәбидің дүниеге келуі, оны қырқынан шығару, бесікке бөлеу, тұсауын кесу, сүндетке отырғызу, сол балаларының ер жетіп отбасын құруы т.б. үлкен қуаныш. Осындай қуанышты тойларда айтылатын беташар, жар-жар, той бастар т.б. әндер айтылады. Осылайша ел өз қуанышын сөйлеу әрекеті арқылы білдіреді.
Халқымыз өз батасында да қуаныш пен қайғы туралы айтады:
Балаларың қуаныш әкелсін,
Немерелер жұбаныш әкелсін.
Орындарың төр болсын,
Дастархандарың мол болсын
Қатарларын көп болсын,
Уайым-қайғыларың жоқ болсын
* * * *
Қарындарың тоқ болсын,
Қайғыларың жоқ болсын!
* * * *
Қуаныштан, шаттықтан,
Айырмасын құдайым.
Осы мысалдардан көретініміз халық танымында қуаныш жағымды, ал қайғы жағымсыз құбылыс. Сондықтан да айтылатын өсиет пен баталарда қуаныш көптеп тіленіп, қайғы, керісінше, балмауы тіленеді.
Сөйлеу актінің бір жағынан вербалды емес актілермен, екінші жағынан ментальді актілермен ортақ белгілері бар. Біріншісімен оларды мақсатты бағытталуы жақындастырса, екіншісімен пропозиционалды мазмұнның болуы жақындастырады. Сөйлеу әрекеті адамның ментальді және реалды қызметі арасында аралық рөлін атқарып, олармен бірге ортақ кешен құрайды.
Сөйлеу әрекеті сөйлеу актісін мезгіл категориясынан алыстататын ментальді әрекетке барынша жақындайды. Себебі пікір уақытқа қатыссыз (атемпоральді) деп саналады. Пропозиционалдық мазмұнның қатысуымен сөйлеу әрекеті этикалық, утилитарлы бағалаумен бірге ақиқаттық бағаға да ие болады. Сөйлеу әрекеті сөзге қатыссыз әрекеттермен оларды жақындататын ең алдымен мақсатты бағытталушылық, ал ментальді әрекетпен жақындататын пропозиционалды мазмұн. Сөйлеу әрекеті – ментальді әрекет пен адам әрекеті кезінде аралық рөл атқарады да өзара біртұтас кешен құрайды.
Қорытынды
Ұлттық дүниетанымда орын алған қуаныш пен қайғы сезімдерінің орны ауқымды. Себебі адамзат өмірі екеуіне де ортақ үрдіс ретінде танылады. Ал өмірдің ащысы мен тұщысы сияқты қуаныш пен қайғы өмір бойы араласып жүріп отырады.
Осы зерттеу жұмысында әлем бейнесінің түрлері ажыратылып, ерекшеліктері көсетіліп, осыған байланысты мынадай ойлар айтылды: «әлем бейнесі» – өмір шындығының нақты ақиқат құбылыстары, оның санадағы, адамдар ұғымындағы оймен жасалған бейнесі; «әлемнің тілдік бейнесі» – белгілі бір тілдік ұжымның күнделікті санасында тарихи түрде қалыптасқан және тілде бейнеленген әлем туралы түсініктердің жиынтығы, шындықты концептуализациялаудың белгілі бір тәсілі; «әлемнің ұлттық тілдік бейнесі» – әлем туралы кейбір түсініктердің ортақтығына қарамастан, оларға әр ұлт өзінше ерекше бір реңк үстеуі арқылы танылатын, көбіне ұлттық таным арқылы анықталатын әлем бейнесі; «әлемнің концептуалды бейнесі» – адам санасында жинақталған, белгілі бір тәртіпке түскен әрдайым жаңарып тұратын әлем туралы білімнің жүйесі болып табылады.
Концептінің ғылыми түсініктерін талдау барысында оның сөзбен, ұғыммен байланысы көрсетілді. Көптеген ғалымдардың пікірлерін келтіре отырып концептінің құрылымы күрделі екеніне көзіміз жетті.
Қуаныш және қайғы эмоцияларының адам өмірінде алатын орны зор, үлкен болғандықтан оларды концепт ретінде қарастырдық.
Қуаныш және қайғы концептілерін талдауға кіріспес бұрын осы сөздердің сөздіктегі мағынасы берілген және ол сөздердің қандай етістіктермен, сын есімдерден т.б. байланысатыны анықталған.
Әлемнің тілдік бейнесінің бір бөлшегі болатын концептілердің адам танымында алатын орны зор. Негізінен осы күнге дейін концептілер ретінде адамзат өмірінде үлкен рөл атқаратын ұғымдар алынды. Осындай адамның терең эмоционалдық күйін білдіретін қуаныш пен қайғы сияқты сөздер тілде де өз көрінісін тапқан. Олар жан-жақты түрде адамның жүрегінде, кеудесінде, басында, ойында орын табады. Ол сөз (жақсы хабар, жағымсыз хабар, сүйінші сұрау, көңіл айту ) арқылы, адамның сыртқы келбеті (көзі, қабағы, маңдайы, еріні, беті, шашы) арқылы, іс-әрекеті (шашу шашу, секіру, бет жырту, жылау, айқайлау, жер қазу, жалғыздыққа шалыну, асыр салу, билеу, алақайлау, қол былғау т.б.) арқылы көрініс табады.
Сонымен қатар осы зерттеу жұмысында қуаныш пен қайғы оппозиция ретінде алынып, олардың эмоцияларының, физикалық күйлерінің , белгілі бір жас мөлшеріне тәндігінің, өмірдегі ұстанымының, жыл мезгілі және ауа райына тәндігінің т.б. ерекшеліктері ашылады
Қуаныш және қайғы эмоциялары біріншіден әрекет болып табылады. Сонымен қатар олар сөйлеу әрекеті арқылы жүзеге асады, яғни адам баласы өз басына түскен қайғысы мен қуанышқа кенелген сезімдерін вербалды әрекет арқылы сыртқа шығарады. Қуаныш және қайғы әр халықтың танымындағы ментальді әрекетпен де байланысы болады.
Осы зерттеу жұмысында қолдданылған семантикалық әдіс арқылы қуан және қайғыр сөздерінің семантикалық өрісі анықталған.
Қорыта айтқанда, қазақ тіліндегі «қуаныш» пен «қайғы» концептілері түрлі аспектіден қарастыруды қажет ететін – тақырыптық аясы кең, этномәдени мазмұны терең, қамтитын мәселелері өте маңызды, концептуалдық өрісі ауқымды концепт болып табылады. «Қуаныш» пен «қайғы» концептілері қазақ дүниетанымының қалыптасу жолдарын көрсете алатын, өзіндік даму тарихы мен күрделі құрылымы бар мәдени концептілер деп айта аламыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Сүлейменова Э.Д, Мәдиева Т., Шаймердеонова Н. Және т.б: жалпы ред. бастқ, Сүлейменова Э.Д. Тіл білімі сөздігі. –Алматы: Ғылым, 1998. –540б.
-
Сергеев В.М. Когнитивные методы в социальных исследованиях // Языки и моделирование социального взаимодействия –Москва: Прогресс , 1987
-
Сулейменова Э.Д. Понятие смысла в современной лингвистике –Алма-Ата., 1989. –160б.
4 Тұманова А.Б. О соотношений «картина мира», «языковая картина мира» и «концептуальная картина мира»// ҚазҰУ хабаршысы №9., 2004
5 Серебреников Б.А., Кубрякова Е.С., Постовалова В.И., и др. Роль человеческого фактора в языке: Язык и картина мира. –Москва: Наука, 1988. –242б.
6 Бабушкин А.П., Жукова М.Г. Перевод в свете проблем когнитивной семантики // Проблемы культурной адаптаций текста. –Воронеж, 1999
7 Аитова Н.Н. Ғалам бейнесі және ғаламның тілдік бейнесі // ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. №7., 2004\
8 Вежбицкая А. Язык. Культура. Познание. Москва: Русские словари, 1996
9 Стернин И.А. Лексическое значение слова в речи. –Воронеж, 1985
10 Абақан Е.М. Тілдің мәдени философиясы. –Алматы: Айкос, 2002
11 Брутян Г.А. Языковая картина мира и ее роль в познании// Методологические проблемы анализа языка. –Ереван: Издательство Ереванского университета, 1976
-
Салқынбай А.Б. Тарихи сөзжасам (Семантикалық аспект). Монография –Алматы: Қазақ университеті. 1999.–309 б.
-
Гадамер Х.-Г. Истина и метод –Москва, 1988
-
Апресян Ю.Д. Избранные труды. –Москва,1995.–767б
-
Гумбольд В. Избранные труды по языкознанию. –Москва: Прогресс, 1984. 396б
-
Баранов А.Н., Добровольский Д.О. Лео Вайсгербер в когнитивной перспективе // СЛЯ. Том 49. №5 1990
-
Маслова В.А. Языковая картина мира и культура / В.А.Маслова // Когнитивная лингвистика конца ХХ века. Материалы международной научной конференции (в трех частях).- Ч.1. –Минск, 1997
-
Гиздатов Г.Г. Когнитивные модели в речевой деятельности –Алматы.: Ғылым, 1997
-
Беляевская Е.Г. Семантическая структура слова в номинативном и коммуникативном аспектах // Когнитивные основания формирования и функционирования семантической структуры слова // Автореф. дисс. д-р ф.н. –Москва, 1992
-
Телия В.Н. Русская фразеология. –Москва: Языки русской культуры, 1996. –288б.
-
Дворецкий И.Х. Латинско- русский словарь. –Москва.: Русский язык, 1976. –1069б.
-
Телия В.Н. Номинация // ЛЭС. –Москва, 1990
-
Языковая номинация. Виды наименований. –Москва: Наука, 1977
-
Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. – Алматы: Қазақстан, 1993. –110б.
-
Копыленко М.М. Основы этнолингвистики. –Алматы: Евразия, 1995. –178б.
-
Диброва Е.И. Коммуникативно-когнитивная модель текстопорождения //Семантика языковых единиц / Доклады V межд.конф. т 2. –Москва, 1996
-
Никитина М.В. Лексическое значение в слове и словосочетании. –Владимир.: Владимирский государственный институт, 1974. –222б.
-
Аскольдов-Алексеев С.А. Концепт и слово // Русская речь. Новая серия. Выпуск 2. – Ленингшрад, 1928
-
Степанов Ю.С. Константы. Словарь русской культуры. Опыт исследования. –Москва: Школа Языки русской культуры, 1997. –824б.
-
Воркачев С.Г. Лингвоконцептология и межкультурная коммуникация: Истоки и цели // Филологические науки №4 2005
-
Неретина С.С. Концепт и концептология // Тропы и концепты// http: //www.Krotov. info/ index. һtm
-
Л.А.Грузберг Концепт как культурно – ментально – языковое образование. Пермский университет // http: // language. рsu.ru
-
Воркачев С.Г. Концепт счастья: понятийный и образный компоненты. Известия АН.Серия литературы и языка. 2001, т.60. №6
-
Лихачев Д.С. Концептосфера русского языка// Известия АН.Серия литературы и языка. 1993 г. т.52.№1
-
Хамитова Г.А. Культурная концептосфера в языке и принципы ее вычленения // ҚазҰУ хабаршысы. Филолоия сериясы. 2004 . №2
-
Вежбицкая Семантические универсалии и описание языков. –Москва.: Школа «Языки русской культуры», 1999
-
Бабушкин А.П. Типы концептов в лексико- фразеологической семантике языка. –Воронеж: Издательство Воронежского университета, 1996
-
Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Педагогика және психология. –Алматы, 2002
-
Антипенко Л.А. опыт концептуального анализа имен негативных эмоции в русском языке. Автореферат дис.канд. –Харьков, 1995. –20б.
-
Вольф Е.М. Эмоциональные состояния и их представление в языке // Логический анализ языка. Проблемы интенсиональных и прагматических контекстов. –Москва, 1989 ред. Арутюнова Н.Д.
-
Покровский М.М. Семасиологическая история имен прилагательных с основным значением «принадлежащий, относящийся к чем» // Избран. работы по языкознанию. –Москва, 1959
-
Сүгірбекова С.Р. Концепты контраста в романе Ф.М.Достоевского «Преступление и наказание». Фил. ғылым. канд. дисс. –Алматы, 2000
-
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. –Алматы: Ғылым,1980. 5-том. –– 639б. ред. Ысқақов А.Ы.
-
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. –Алматы: Ғылым. 1982. 6-том.–623б. ред. Ысқақов А.Ы.
-
Ильин Е. П. Эмоции и чувства. –Санкт-Питербург: Питер, 2001
-
Изард Кэррол Э. Психология эмоции / Пер. с англ. А. Татлыбаевой. – Санкт-Питербург: Питер, 2000 (оригинальное издание – Izard Carrol E. The Psychology of Emotions. N.-Y., 1991)
-
Гиздатов Г.Г. , Шеляховская Л.А. О соотношении концептуальных и языковых структур // Функционирование единиц языка и речи. –Караганда, 1994
-
Сулейменова З.Е. Семантическая структура глаголов со значением радоваться (на материале казахского, русского и английского языков). Автореферат диссертации на соиск.уч.степени к.ф.н. РК. –Алматы, 2001
-
Жарықбаев Қ. Психология. –Алматы: 1993.–265б.
ТІЛДІК ДЕРЕК РЕТІНДЕ ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1 Әуезов М.О. Абай жолы: Роман-эпопея. –Алматы:Жазушы, 1990. – Бірінші кітап. Абай жолы. –608б.
2 Әуезов М.О. Абай жолы: Роман-эпопея. –Алматы: Жазушы, 1990. Екінші кітап. Абай жолы. –616б.
3 Әуезов М.О. Әңгімелер. –Алматы: Жалын, 1987. –176б.
Достарыңызбен бөлісу: |