2-мәтін
Қолда барды бағалайық
Тәуелсіздік – барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Еліміздің тәуелсіздігі – ең алдымен халқымыздың бақыты. Алғашқы жылдарда басым мақсаттардың қатарында егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикадағы қиыншылықтарды жеңу болды. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматына өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлу парыз. Келешекте Қазақстан әлемдегі ең дамыған, ең қуатты елдердің қатарына еніп гүлденуіне үлестерін қосу еңбектеген бала мен еңкейген қарттың да міндеті.
Экономикасы дамып, өркениетке қол жеткізіп, тарихи сахнада қарыштап кеткен елдермен тең дәрежедеміз десек артық айтқандық емес. Ата-бабамыздың аңсаған арманы орындалып, нұрлы аспанның астында өмір сүріп жатырмыз. Жеріміз кең, төл теңгеміз, айбынды Ата Заңымыз, қасиетті мекеніміз бар. Еңбек еткен адамға жарқын болашақ пен барлық жағдай да жасалған.
Қазақта асыл сөз бар: «Ақылшысы жоқ ел азады, иесі жоқ жер азады, қолдамаса ер азады» деген. Қазақстан халқы жұдырықтай жұмылу арқылы ғана дамыған 30 елдің қатарына қосыла алады. Ол үшін қолда барды бағалап, оның қадірін білудің маңызы зор.
Тапсырма.
Екі мәтінді сүйене отырып «Ата-бабаның асыл арманы» атты тақырыпта эссе жазыңыз. Көлемі 180-200 сөз.
1-мәтін
Жаһандану және ұлттық код
Қазіргі таңда заман ағымы көз ілестірмес жылдамдықпен өзгеріп, ілгері қарай жылжуда. Күн санап жаңа технологиялар, жаңаша көзқарастар артта қалған түрлі құндылықтарды алмастырып келеді.
Заман дамуымен қатар жүрудің ең қажетті факторы ол қоғамдық сананың жаһандануы, яғни ең алдымен адам санасы заман талаптарына, сұраныстарына сай икемделіп, тіпті одан озып отыруы қажет. Осы орайда Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында сананың жаңғыруы жайлы былай дейді “Қазақстанның мақсаты – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Осы мақсатқа жету үшін қазақстандықтардың санасы ісінен озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісі бүгінгі заманның болмысына сай келмейді. Өзгеру үшін заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру керек.” дей отырып қоғамдық сана жаһандануының маңызын атап көрсетті.
Алайда жаһандану тек сана-сезімнің жаңғыруымен ғана жүзеге аспайды . Ол халқымыздың байырдан бергі қалыптасқан тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, жалпы ұлттық құндылықтары негізінде де қалыптасады.
Жоғарыда айтып өткендей, ХХ ғасырдағы батыстық жаңғырудың көрінісі бүгінгі қазақ елінің дамуына үлгі бола алмайды дейді Елбасы, өйткені «жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу».
Достарыңызбен бөлісу: |