Клиникасы:
Алкоголизмнің клиникалық көріністеріъ+
Алкоголизмді 3 сатыға бөлу кең тараған: бастапқы, ортаңғы және соңғы. Әрбір сатысы өзіне тән белгілермен – симптомдармен және синдромдармен сипатталады.
Бастапқы (неврастениялық) сатысы.Алкоголизмнің бастапқы сатысының белгілері алкоголизмді тұрмыстық маскүнемдікпен ажыратады. Сондықтан алкоголизмді ерте анықтауда олардың маңызы зор.
Алкоголизмнің алғашқы сатысының ерте және маңызды белгілерінің бірі жабысқақ сипаттағы алкогольге патологиялық әуестік, қолданылатын алкогольдің мөлшерін бақылау қабілетінің төмендеуі белгісі, және артынан мүлде мөлшерін бақылауды жоғалту болып табылады.
Алкоголизмнің алғашқы симптомы қорғаныстық құсу рефлексінің жоғалуы - спиртік ішімдікті артық мөлшерде қабылдағанда құсу болмайды. Алкогольге толеранттылық өзгереді - оның жоғарылауы бақыланады, қолданылатын спиртті ішімдік мөлшері жоғарылай түседі.
Алкоголизмнің алғашқы сатысында-ақ палимпсесттер – алкогольді мастану жағдайында болған кейбір оқиғаларды есіне мүлдем түсіре алмаумен көрінетін ес бұзылысы симптомы орын алады.
Науқастардың кейбірінде алкогольді мастану сипаты өзгереді: олар ызалы, жабысқақ, ренжігіш, жиі күдікшіл бола түседі.
Алкоголизмнің бастапқы сатысының психопатологиялық бұзылыстарының симптомдары үдемелі және күшейген астениялық синдром фонында пайда болады және көрініс береді. Оның негізгі көріністері сылбырлық, әлсіздік, тез шаршағыштық, зейін бұзылуы, интеллектуальды үрдістің зорығуы және бас ауыруы болып табылады. Осылардың барлығы науқастың еңбек сапасының төмендеуіне әкеліп соқтырады. Оларда ұйқы бұзылысы ерте пайда болып, үдей түседі. Олар ұзақ уақыт ұйықтай алмайды, ұйқысы беткей, үзілісті, жиі түстер көреді, басым қорқынышты сипатта болып келеді. Ұйқыдан кейін сергектік сезімі жоқ. Тітіркенгіштік және себепсіз ашушаңдық, айналадағылармен конфликттер үнемі сипат алады.
Науқастар алкогольді жиі қолданады, тәуліктік мөлшері 1 литр күшті шарап немесе 400-500 мл арақ деңгейіне жетеді.
Алкоголизмнің бірінші сатысының ұзақтығы алкогольді қолданудың интенсивтілігіне байланысты орта есеппен бір жылдан алты жылға дейін. Алкоголизмнің алғашқы сатысында-ақ функциональды соматоневрологиялық бұзылыстар пайда болады: вегетотамырлық дистония, эзофагиттер, гастриттер, колиттер, бауыр қызметінің бұзылуы, гепатиттің алғашқы көріністері, панкреатиттер.
Ортаңғы сатысы (абстинентті). Алкоголизмнің бұл сатысы алкогольге патологиялық әуестіктің күшеюімен сипатталады, ол мәжбүрлік сипатын алады. Науқас ішуге деген пайда болған әуестікпен күреспейді, оған пассивті бағынады.
Бұл сатыға абстинентті синдромның (бас жазу) дамуы ерекше тән. Бұл синдром ұзақ уақыттық, массивті алкогольді интоксикация аяқталған соң бірнеше сағат немесе тәуліктен кейін дамиды.
Абстинентті синдром психикалық, неврологиялық, соматикалық бұзылыстар түрінде көрінеді, бұл бұзылыстар алкогольдің жаңа дозасын қабылдаған соң жеңілдейді немесе жойылады.
Абстинентті синдром кезінде айқын психикалық бұзылыстар тізімі бақыланады. Көңіл-күйі төмендейді, мұңлы күйге түседі. Науқастар тітіркенгіш, кейде ашуланшақ, күдікшіл, мотивсіз қорқыныш, өзін-өзі кінәлау идеяларын сезінеді. Алкоголиктерде абстиненция жағдайында көру және есту галлюцинациялары пайда болуы мүмкін. Ұйқысы үрейшіл, үзілісті, оянғанда тынығу сезімі болмайды. Абстинентті синдром вазовегетативті және неврологиялық бұзылыстармен көрінед: тахикардия, гипертензия, аяқ-қолдың және бүкіл дене треморы, ауыз қуысының құрғауы, бас айналуы, тәбеттің жоғалуы, айқын әлсіздік.
Абстинентті синдромға айқын неврологиялық синдромдар тән, олардың ішінде жиі кездесетіні және көзге түсетіні аяқ қол, бас, тіл треморы болып табылады. Әсіресе қол саусақтарының треморы, Ромберг позасында тұра алмау айқын көрініс береді. Бет және қаңқа бұлшық еттерінің фибриллиярлары дірілдері бақылануы мүмкін. Екі жақты сiңipлiк рефлекстердің тепе-тең жоғарылауы бақыланады; вегетативті регуляция бұзылысы бет және алақан гипергидрозымен, тері мәрмәрлығымен, бет гиперемиясымен, әсіресе мұрынның, склералар иктериялығы және олардың тамырларының кеңеюімен көрінеді.
Жүрек-қантамыр жүйeci жағынан артериялық қан қысымының көтерілуге бейімділікпен тербелістері, кардиалгиялық синдром байқалады. Абстинентті синдром жүрек айнуымен, лоқсулармен, эпигастрий аймағындағы ауру сезімдерімен, диареямен көрініс береді.
Алкогольдық абстенцияның aуыp түрінде балтыр бұлшық eттерiнiң құрысулық ұстамасы, сирек тырысулық ұстамалар (күрделі немесе абортивті) бақылануы мүмкін.
Ортаңғы сатысында алкогольге толеранттылық жоғарылап, өзінің шырқау шегіне шетеді және жылдар бойы өзгермеуі мүмкін. Iшімдіктi қабылдаудың тәуліктік дозасы 1,5-2 л арақ мөлшеріне жетеді. Алкогольді мастанудың клиникасы ары қарай өзгеріске ұшырайды. Мастану жағдайындағы көңіл-күй айналадағыларға агрессия танытумен басым тітіркенген-ызалы сипат алады. Қабылданған алкоголь мөлшерін бақылау қабілетін жоғалту спиртті ішімдіктің аз ғана мөлшерін қабылдаған соң пайда болады.
Бұл сатыда науқастар жиі алкогольді күн сайын айқын мастану шақыратын дозаларда қолданады, немесе бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін мерзіммен арасына бірнеше апта салып, салынып ішеді.
Алкоголизмнің ортаңғы сатысында ауру ағымының ерекше көpiнiсi жалған салынып ішу (псевдозапой) болып табылады (бірнеше күннен 2-3 аптаға дейін созылады) – науқас әлеуметтік мотивтерге байланысты (жанұялық, қызметтік, ақшаға қатысты және т.б.) ішуін тоқтатады. Салынып ішу аралықтарында науқастар ішімдікті пайдаланбайды.
Әрбір мастану жағдайы оның соңғы этапының амнезиялануымен аяқталады.
Осы аталған бұзылыстар тұлға өзгерісі, деградациясы фонында жүреді. Алғашқы сатыдағы науқас мінез-құлқындағы өзгерістер дөрекілене түседі, эгоизм ұлғаяды. Ішімдікке қаражат табу жолында жанұя, қызметтік, қоғамдық жағдайларды елемейді. Мнестико-интеллектуальды бұзылыстар ұлғайып, цинизм, орынсыз (алкогольді) әзіл пайда болады. Зейін, ес бұзылысы тереңдей түседі. Ойлау біртекті, нақты, алкогольді тематикаға келіп тірелетін беткей ассоцациялармен жүреді.
Ерік үрдісі терең бұзылысқа ұшырайды: маскүнемдікті тоқтатамын деген ант берулері, уәдесі бірден ұмытылады. Айналасындағылардың алдында кінәлілік сезімі болмайды. Бұрынғы қызығушылытары жоғалады, басты қажеттілігі спиртті ішімдік болып табылады.
Алкогоглизмнің бұл сатысында жиі жедел алкогольді психоздар дамиды.
Бұл сатының ұзақтығы орта есеппен 3-5 жылды құрайды.
Соңғы (энцефалопатиялық) сатысы. Бұл саты алкоголизмнің алдағы сатылары симптомдарының түр өзгертулерімен және олардың ауырлай түсуімен, сондай-ақ жаңа симптоматиканың пайда болуымен сипатталады.
Алкогольге толеранттылық төмендейді, яғни мастану күйі бастапқы және ортаңғы сатылармен салыстырғанда өте аз дозадан дамиды.
Бұл кезеңде науқас бірқабылдағанда 150-200 мл. арақ ішеді, осыдан кейін айқын және ұзаққа созылатын мастану пайда болады. Спиртті ішімдікті үлкен дозада қабылдаса есеңгіреу және сопор жағдайы байқалады.
Алкоголизмнің бұл сатысында абстинентті синдром өзінің ұзақтығымен, айқын вегето-қантамырлық және соматикалық компоненттермен, неврологиялық бұзылыстармен ерекшеленеді. Науқаста брадикардияға, коллапсқа бейімділік байқалады.
Алкоголизмнің энцефалопатиялық сатысына ішімдікті күнде дробты дозалармен ішу(бірнеше сағат сайын 150 мл-ге дейін) немесе науқастар бipнeше күн бойы ішетін, нағыз салынып ішу тән. Бұл кезде салынып ішудің ұзақтығына байланысты науқастың ішімдікке деген толеранттылығы үдемелі түрде төмендейді. Егер салынып ішудің алғашқы күндерінде доза тәулігіне 1 литрге дейін жетсе, аяғында күніне 100-I50 мл-ге дейін төмендейді. Мұндай салынып ішу алкогольді физикалық көтере алмаушылық нәтижесінде құсу немесе коллаптоидты жағдай пайда болуымен байланысты аяқталады. Салынып ішулер арасындағы ашық кезеңдер бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін созылады.
Алкоголизмнің бұл сатысында тұлғаның алкогольдік деградациясы көріністері басым байқалады. Алкоголизммен науқастар жүріс-тұрыстың моральді-этикалық нормаларын жоғалтады. Оларда қоршаған ортаға деген қызығушылық жоғалады, олардың бар зейіні «ішкілікке» жинақталады. Алкоголизмнің ортаңғы сатысында түзілген мнестико-интеллектуальдық бұзылыстар үдейді және тереңдей түседі. Психикалық қызметтің барлық түрінің кедейленуі бақыланады. Еңбекке қабілеттілік төмендейді, науқас тек квалификакацияны қажет етпейтін жұмыстарды атқаруға қабілетті, өзінің сыртқы көрінісін бақыламайды, ұқыпсыз киініп, лас болып жүреді.
Бұл сатыда дертті сипаттағы қызғаныш идеялары жиі пaйда болады. Мастану кезеңінде бұл идеялар науқас ойын түгелдей қамтып алатыны соншалық, олар агрессивті әрекеттер жасаумен әлеуметтік қayiп тудыруы мүмкін. Науқастар жиі қорғансыз жағдайға түсіп, нашар тамақтанып, айтарлықтай дене салмағын жоғалтады. Алкоголизмнің соңғы сатысына созылмалы алкогольды психоздар тән.
Алкоголизм кезіндегі жастық және жыныстық факторлардың рөлі
Жастық фактордың алкоголизм дебютi және дамуында маңызы бар. Алкоголизм неғұрлым ерте жаста (жасөспірімдік, жастық шақта) басталса, соғұрлым қатерлі өтеді: сатылардың ауысуы мен ауырлауы жылдам жүреді, ал алкоголизм көріністері айқын сипатта өтеді. Жас кезде түзілген алкоголизм тұлғаға айрықша теріс әсер көрсетеді, энцефалопатиялық синдромның жылдам үдеуіне, психоздардың ерте дамуына ықпал етеді.
Картаю алдындағы кезеңде пайда болған алкоголизм токсикалық энцефалопатияның жылдам дамуына және өpшуіне алып келеді: және де ауру сатылары тез алмасады. Бұл кезеңде алкоголизм жедел психоздармен сирек, ал созылмалы психоздармен жиірек асқынады. Соматикалық бұзылыстар ерте анықталады.
Соңғы уақытта әйелдер арасындағы алкоголизм кең таралып кетті. Әйелдер алкоголизмінің бірқатар ерекшеліктері болады.
Әйелдерде алкоголизм жылдам қарқынмен дамып, және клиникалық көpiнiстepi бойынша ерлермен салыстырғанда ауыр өтеді. Ерлерден айырмашылығы әйелдерде ішімдікке патологиялық әyecтік алкогольді шектен тыс қолданудың алғашқы 1-2-ші жылдарында түзіледі, және осы уақыт аралығында спирттік ішімдіктерге физикалық тәуелділік, яғни абстинентті синдром анықталады. Әйелдерде тұлғаның алкогольдік өзгерісі сексуальды азғындықпен және әлеуметтік деградациямен көріне отырып, жылдам қарқынмен дамиды.
Емі
Алкоголизммен науқастардың емі олардың реадаптациясымен және реабилитациясымен тығыз байланысты.
Алкоголизм – науқастың өзі, оның туыстары, жақындары және қоғам зардап шегетін ауру. Алкоголизммен зардап шегетіндерді емдеу психиканың алкогольдік өзгерістерін, деградацияны ескере отырып (сын көзқарастың төмендеуі және т.б.) науқаста емделуге талпыныс болмаған жағдайда да жүргізілуі керек. Дәрігер науқасқа өз еркімен емделудің қажеттігін науқас санасына жеткізу үшін көп күш жұмсап, психотерапиялық әсер көрсетуі қажет және емделгеннен кейін алкогольді қолданудан абсолютті түрде бас тартуына ықпал етуі керек. Қажет жағдайда дәрігер науқастың туыстары, достары және қызыметтестерінің көмегін іздеуі керек. Емді мүмкіндігінше ерте бастау қажет.
Кейде науқасқа күштеу, мәжбүрлеу қолданған дұрыс, ем барысын қатаң сақтау қажеттігін айту керек және ем қабылдаудан бас тартқан жағдайда қоғамдық жаза қолдану мүмкіндігімен қорқыту да қажет. Барлық шараларды микросоциальды ортаны сауықтырумен қатар жүргізу керек.
Науқастың өз жағдайына сын көзқарасы төмендегенде немесе болмағанда, ал алкоголизация және асоциальды жүріс-тұрыс аса айқын болса күштеп емдеу қолдануға қажеттілік туады.
Созылмалы алкоголизммен науқастар тұрғылықты жері бойынша денсаулық сақтау жүйесінің емдік- профилактикалық мекемелерінде арнайы емнің толық курсын өтулері керек. Емдеуден бас тартатындарға, қоғамдық тәртіпті бұзғандарға ішкі істер Министрлігі жүйесіндегі емдік-еңбектік профилакторияларында күштеп емдеу және еңбектік тәрбие жүргізіледі.
Алкоголизммен науқастарды емдеу кешенді (қолданылатын емдеу әдістерін ескере отырып), индивидуальды (тұлғалық ерекшеліктерді, алкоголизм сатысын және соматоневтрологиялық статусын есепке ала отырып), ұзақ және үздіксіз (аурудың патогенетикалық механизмдерін есепке ала отырып) болуы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |