31. Наркомания (анықтама, диагноздың негізгі критерийлері , есірткіге қатысты заттар) Алдың алу және терапия мәселелері.
Наркоманиялар мен токсикоманиялар – психоактивті заттарды, оның ішінде наркотикалық заттарды шектен тыс қолдану нәтижесінде пайда болатын созылмалы интоксикациялық аурулар. Олар осы заттарға патологиялық әуестікпен, психикалық және физикалық тәуелділікпен, нейротропты заттардың дозасын оларға толеранттылықтың жоғарылауымен байланысты біртіндеп көтерумен, және де тұлға деградациясына нақты тенденциямен психикалық бұзылыстардың пайда болуымен сипатталады.
Наркоманияларға наркотикалық заттар тізіміне енгізілген дәрілік немесе басқа заттарды шектен тыс қолдану нәтижесінде пайда болатын аурулар жатады
Наркотикалық заттарды бірнеше топқа біріктіруге болады: опий және оның препараттары (омнопон, пантопон), опий алкалоидтары және дериваттары (морфин, кодеин), морфин тәрізді әсері бар синтетикалық препараттар (промедол және т.б.). Осы топқа көкнәр сабағынан және басынан қолда жасалған препараттар және сора (конопля) препараттары (гашиш, анаша, план, және т.б), ОЖЖ-ң стимуляторлары (фенамин, центедрин және т.б), кокаин, галлюциогендер, ұйықтататын препараттар (ноксирон) жатады.
«Наркомания» диагнозын қою үшін аурудың клиникалық белгілері болуы керек: наркотикалық заттарды үнемі қолдану, толеранттылықтың айқын өсуі, түзілген психикалық тәуелділік және т.б..
Наркоманияның әлеуметтік маңызы өте зор, себебі ол қоғамға аса ауыр негативті әсер тигізеді, халық арасында тез тарауға бейім және халық денсаулығына залалды әсер көрсетеді.
Наркоманияның клиникалық көрінісі
Наркоманияның жеке түрлерінің клиникалық көріністері, олардың динамикасы аурудың түзілуіне алып келген шектен тыс қолданылған затпен тығыз байланысты. Наркоманияның әр түрін біріктіретін ортақ белгілері бар.
Наркотик қабылдағаннан кейін наркоманияның әртүрлі формаларында байқалатын наркотикалық мастану жағдайы пайда болады.
Наркотикалық мастанудың клиникалық көрінісі көтеріңкі көңіл-күймен, күлегештікпен, алаңғасарлықпен, зейін елітпелігімен, ойлау жылдамдауымен, қозғалыстық қозумен немесе, керісінше босаңсумен (обнубиляция), қозғалыс координациясының бұзылуымен, тұрақсыз жүріспен көрінеді. Кей жағдайларда ашушаңдық, тітіркенгіштік, агрессивтілік байқалады.
Тері жабындыларының гипермиясы немесе бозаруы, көздердің бұлыңғырлануы және олардың тынышсыз жылтыры, қарашықтардың тарылуы немесе кеңеюі болады. Ағза реактивтілігінің өзгеруі нәтижесінде түзілетін наркоманиялар мен токсимониялардың барлық түрлерінің ортақ белгілері дәрілік және басқа заттарға психикалық және физикалық тәуелділік, және де толерантылығының өзгеруі болып табылады.
Психикалық тәуелділік - препаратты наркотикалық әсер тудыру немесе психикалық дискомфорт синдромын жою мақсатында қолдануға дертті сипаттағы талпыныс (үнемі немесе кезеңмен пайда болатын).
Физикалық тәуелділік - наркотикалық препараттарды созылмалы қолдану нәтижесіндегі дертті жағдай, препаратты қолдануды тоқтатқаннан кейін пайда болатын айқын физикалық және психикалық бұзылыстармен көрін еді.
Бұл күй наркотикалық препараттың немесе оның антогонистінің кезекті дозасын енгізгенде басылады.
Толеранттылықтың өзгеруі наркотикалық препараттарға әдеттену синдромымен сипатталады, бұрынғы психофармакологиялық нәтижеге жету үшін наркотикалық заттардың мөлшері барған сайын ұлғайтылып отырады.
Наркомандар дәрілік наркотикалық препараттардың медициналық мақсатта қолданылатын мөлшерінен 5-10 рет жоғары мөлшерін қабылдай алады.
Наркомания түзілуінде шартты түрде 3 сатыны ажыратады.
Бастапқы саты, немесе адаптацияның І сатысы, ағза реактивтілігінің өзгеруі және психикалық тәуелділік пайда болуымен сипатталады.
Екінші, немесе созылмалы сатыда физикалық тәуелділік толық қалыптасады.
Кеш, немесе ІІІ сатысы ағзаның барлық жүйесінің қажуы, толеранттылықтың, жалпы реактивтіліктің төмендеуі, созылмалы ауыр абстиненциямен сипатталады.
Наркоманияның әр формасында абстиненцияның клиникалық көрінісінің арнайы ерекшеліктері болады, осыған сүйене отырып, клиникалық дифференциальды диагностика жасауға болады. Бұл, әдетте ауыр психикалық және физикалық бұзылыстар болып табылады. Наркоманияның алғашқы сатысының өзінде тұлға өзгеруі, олардың жүріс-тұрыстарының асоциальдылығы, наркотикалық препараттың созылмалы әсері нәтижесіндегі соматоневрологиялық асқынулар айқын көрініс береді.
Біздің елімізде негізінен көкнәр және жабайы өсетін сорадан қолда дайындалған наркотикалық препараттар кездеседі. Наркотикалық заттарды қабылдағанда бақыланатын психикалық және соматикалық бұзылыстарға апиындық наркомания мысал болып табылады.
Апиындық наркомания
Морфин - жансыздандыру кезінде қолданылатын опий дериваты. Морфин, промедол немесе героин тері астына немесе көктамыр ішіне енгізіледі, ал опийді ішке, көк тамыр ішіне енгізеді немесе шегу арқылы деммен тартады. Жансыздандырушы эффекті эйфориямен бірге жүреді. Науқастарда ойлау, сөйлеу екпіні жылдамдайды. Арманшылдық, рахаттану, қамсыздық сипатымен көңіл-күй көтерілуі бақыланады. Кейбір жағдайларда қозғалыс үрдісі жылдамдайды. Алайда бұл жағдай өнімді және мақсатты әрекеттерден, нәтижеліліктен айрылған. Бірақ шектелген бағыттылықтағы - наркотикалық заттың кезекті мөлшерін қабылдауға бағытталған әрекеттер сақталады. Бұл препаратты үнемі қабылдау психикалық және физикалық тәуелділік белгілерінің пайда болуына жылдам әкеледі. Наркотик қабылдауға деген қажеттілік барлық басқа қызығушылықтардан басым түседі. Морфинге толеранттылық қарқынды өседі, бірнеше аптадан кейін-ақ науқастар тәулігіне бастапқы мөлшерден едәуір жоғары мөлшерді пайдаланады .
Морфин немесе опийдің басқа дериваттарын созылмалы шектен тыс қолданғанда науқастарда еңбекке, қоршаған ортаға деген қызығушылық төмендейді немесе жоғалады. Қызығушылықтар шеңбері күрт тарылады. Науқастар өзімшіл, дөрекі болып кетеді. Мнестико-интеллектуальды құлдырау үдейді.
Науқастардың жүріс-тұрысы асоциальды сипат алады. Олар наркотиктің кезекті дозасына қол жеткізу үшін барлығына, кез-келген әрекетке, криминальды істерге (кісі өлтіруге дейін) дайын.
Абстинентті синдром бастапқыда жасаурағыштық, әлсіздік, дене қалтырауымен сипатталады. Кейін келе (15-20 сағ кейін) тремор, қарашықтың кеңеюі пайда болады. Науқаста тұмаурату, түшкіру, жөтелу, жас ағу, гипергидроз байқалады. Ішек перистальтикасы күшейеді. Апиынды наркомания кезінде абстиненцияның психикалық көріністері үрей, мазасыздық, генерализацияланған ауыру сезімі, ауыр ұйқысыздықпен сипатталады.
Кешірек (2-3 тәуліктен кейін) аталған бастапқы симптомдардың күшеюі фонында шайнау кезінде бұлшықеттегі ауыру сезімі, жүрек соғысы мен тыныстың жиілеуі, бұлшық еттердің фибриллярлы дірілдері, қан қысымының жоғарылауы байқалады. Субъективті түрде науқас бүкіл денесінде күшейіп келе жатқан сырқыраған ауру сезімін, әсіресе буын, бел және іштің төменгі аймақтарында сезінеді.
Бұл симптомдар наркотик қабылдауды тоқтатқан соң 3 – 4 тәуіліктен кейін ең жоғарғы айқындылық дәрежесіне жетеді, өзін ауыр сезінеді, тәбеті жоғалады, құсу, профузды іш өтулер байқалады. 4 – 5-ші тәулікте айтылған белгілер ақырындап қайта бастайды, бірақ келесі 1 – 2 айлар ішінде буындарда ауыру сезімі және ұйқысыздық кезеңмен пайда болуы мүмкін.
Сора (конопля) препараттарын қолдану нәтижесінде дамитын наркомания
Гашиш (синонимдері: анаша, марихуана, план, бланк, харас, және т.б.) -сораның әртүрлі сорттарынан алынатын зат. Пайдалану әдісі – темекімен немесе таза түрде тарту, және де ішке қабылдау.
Сора препараттарының психоактивті әсері сора құрамындағы коннабиноид заттарының болуымен байланысты. Жедел гашиштік интоксикацияның клиникалық көрінісі сананың есеңгіреу дәрежесіндегі бұзылысымен көрініс береді, сонымен қатар эйфория байқалады, жүріс-тұрыстары алаңғасарлықпен, адекватсыз, ұстамсыз күлегештікпен, ассоциациялар жылдамдауымен көрінеді, агрессивті әрекеттер байқалуы мүмкін.
Соматикалық симптомдары тері жабындыларының гиперемиясы немесе керісінше бозаруы, склера инъецирленуі, гипергидроз, сілекей ағуымен көрінеді.Сора препараттарының айтарлықтай көп мөлшерін қабылдаған кезде жедел улану жағдайы бақыланады, клиникалық көрінісінде экзогенді психоздарға тән параноидты синдром, деперсонализация синдромы, есту және көру галлюцинациялары орын алады.
Сора препараттарын созылмалы қолданғанда тұйықталумен апатия жағдайы дамиды, тұлға деградациясы үдейді, тұлғаның моральды-этикалық сипаты жоғалады, жүріс-тұрысы ассоциальды. Гашишпен созылмалы улануының жеке сатыларында клиникалық көрініс шизофрения симптоматикасына ұқсас болып келеді.
Басқа наркоманиялар
ОЖЖ стимуляторларын (фенамин, первитин және т.б.) шектен тыс қолдану және оларға патологиялық әдеттену наркоманияға жатады. Бұл препараттар қажу сезімін басу үшін және еңбекке қабілеттілікті көтеру мақсатында қолданылады. Препараттарды қабылдаған соң эйфориямен қатар сергектік сезімі, белсенділік пайда болады, ойлау үрдісі жылдамдайды. Әдеттену жылдам пайда болып, толаранттылық өседі.
Фенаминді ұзақ уақыт бойы пайдаланғанда сандырақпен және көру галлюцинацияларымен психотикалық жағдай бақылануы мүмкін.
Біздің елімізді наркотиктерге адамға пайдалануға тыйым салынған лизергин қышқылының эпиламиді (ЛСД) жатқызылады. Батыс Европаның бірқатар елдерінде және АҚШ –да ЛСД наркотик есебінде кең таралған. Осы препаратпен жедел улану кезінде жүрек айну, құсу, қан қысымының төмендеуі, қозу, атаксия, спастикалық салданулар пайда болады. ЛСД әсері көзді жұмғанда күшейеді. ЛСД –ны қабылдаған кезде кеңістік пен уақытты қабылдау өзгерістері үнемі бақыланады. Тұлғалық өзгерістер қызығушылықтар шеңберінің тарылуы, ес әлсіреуі, эмоциональды дөрекіленумен көрінеді.
Бір уақытта екі немесе бірнеше наркотик түрлерін қолдану, осы заттарға наркотикалық тәуелділікке әкеліп соғатын жағдай полинаркомания деп аталады.
Бірқатар жағдайларда дәрігерлер ұзақ уақыт және негізсіз бір наркотикалық препаратты тағайындағанда наркотикалық тәуелділік дамиды және ятрогендік наркоманияға әкеп соғады.
Емі.
Наркоманиялар мен токсикоманиялар емі және профилактикасы
Наркоманиямен алғаш анықталған науқас арнайы психиатриялық бөлімшелерге немесе тексерулер мен сәйкес ем жүргізу үшін стационарға орналастырылуы керек. Денсаулық сақтау министрлігімен наркомандар емінің ұйымдастырулық әдістемелік принциптері анықталды.
Осы нұсқау бойынша стоционарлық емнің минимальды, 60 күннен кем болмауы тиіс (алғаш түскен және сол қайталап түскен науқастар үшін де) мерзімі қарастырылды.
Наркомания және токсикоманиямен науқастарды емдеуде 3 сатыны бөледі.
Емдеудің бірінші сатысы абстинентті синдромды басуға және жүйелер мен мүшелердің қызметін қалыптастыруға бағытталған. Интоксикация мен абстинентті синдром көріністерін басатын заманауи әдістер қатарының жеткіліктілігі наркотиктерді бір сәтте тоқтатуға мүмкіндік береді.
Наркотиктерден ажырату кезінде, және де ем жүргізу кезінде жедел реанимациялық шараларды қажет ететін ауыр бұзылыстар байқалады. Сол себепті ауруханада сәйкес реанимациялық бөлімше (палата) болуы керек.
Емнің бірінші сатысында холинолитиктер, кураре тәрізді препараттар, симптоматикалық терапия, белсенді витаминотерапия, массивті дезинтоксикациялық терапиямен бірге инсулиннің аз дозасы қолданылады. Соның ішінде психотерапияға аса көңіл бөлінеді.
Барбитурлық токсикоманияда абстинентті синдром өте ауыр түрде өтеді. Жиі өмірге қауіп төндіретін асқынулар туады (эпилепсиялық күйге дейін жететін эпилептиформды ұстамалар, сананың күрт күңгірттенуі). Сол себепті барбитураттарды біртіндеп 7- 15 күн ішінде алып тастау керек. Кейде, барбитураттардың мөлшері ең жоғарғы тәуліктік мөлшердің жартысынан аспаған жағдайда 2-3 күн ішінде алып тастауға болады.
Апиындық - морфиндік абстиненцияны қайтару өте ауыр, сондықтан бұл жағдайда кураре тәрізді және холинолитикалық дәрілер бірлестіріп тағайындалады. Ем жүрек–қантамыр жүйесі қызметін бақылауға алып, төсек тәртібінде арнайы схемамен жүргізеді.
Наркоманиямен және токсикоманиямен науқастардың бірқатары сенгіш болып келеді, сол себепті тұлғалық ерекшеліктерді ескере отырып реаблитациялық әдістермен бірге психотерапия жүргізу ұсынылады. Мұндай науқастар наркотик қолданудан толық бас тартудың 5 жылы өткенше диспансерлік есепте тұрады және рецидивке қарсын өтулері керек.
Наркомания профилактикасы әлеуметтік және медициналық іс-шаралардан тұрады.
Біздің елімізде халқымыздың мәдени және өмірлік дәрежесі үнемі артып келеді, санитарлық жағдай мен медициналық көмек деңгейі жақсаруда. Елімізде наркотиктер өндірілуі, сақталуы және шығарылуы қатаң бақылауда. Осының барлығы наркоманиямен күресудің ең тиімді жетістері болып табылады.
Наркомания жөнінде халықтың және дәрігерлердің білімін тереңдету, наркомандарды ерте анықтап, уақтылы және белсенді диспансерлік ем жүргізу, сондай-ақ қатаң түрде наркотиктерді есепке алып, сақтау наркоманияның алдын алудың сәттілігіне кепіл болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |