16-бап. Стандарттау жөніндегі құжаттардың түрлері
1. Стандарттау жөніндегі құжаттарға:
1) халықаралық стандарттар, стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдардың техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары;
2) өңірлік стандарттар, стандарттау жөніндегі өңірлік ұйымдардың техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары, стандарттау жөніндегі қағидалары мен ұсынымдары;
3) ұлттық стандарттар мен ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары;
4) стандарттау жөніндегі ұсынымдар;
5) шет мемлекеттердің стандарттары, техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары, стандарттау жөніндегі қағидалары, нормалары мен ұсынымдары;
6) ұйымдардың стандарттары жатады.
2. Стандарттау объектілері Қазақстан Республикасының аумағында айналымға шығарылатын стандарттау жөніндегі құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмеуге тиіс.
17-бап. Ұлттық стандарттар
1. Ұлттық стандарттар осы Заңда көзделген стандарттау мақсаттары үшін әзірленеді.
2. Ұлттық стандарттар:
1) негізге алынатын ұлттық стандарттарға;
2) өнімдерге, процестерге және көрсетілетін қызметтерге, өнімдерді, процестерді және көрсетілетін қызметтерді бақылау әдістеріне арналған ұлттық стандарттарға;
3) әскери ұлттық стандарттарға бөлінеді.
3. Ұлттық стандарттарда:
1) өнімдерді, көрсетілетін қызметтерді сыныптау;
2) өнімнің бірдейлік, сәйкестік және өзара айырбасталу көрсеткіштері;
3) терминдер мен анықтамалар;
4) функционалдық мақсатының көрсеткіштерін қоса алғанда, өнімдер мен көрсетілетін қызметтер сапасының деңгейін айқындайтын олардың тұтынушылық қасиеттері мен сипаттамалары;
5) өнімді өндіру, қайта өңдеу, қабылдау, буып-түю, таңбалау, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және жою қағидалары;
6) өнімдердің және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін сынау әдістері;
7) барлық ресурс түрлерін сақтауға және ұтымды пайдалануға қойылатын талаптар;
8) менеджмент жүйелерін енгізуді қамтамасыз ететін өндірісті ұйымдастыруға қойылатын талаптар;
9) белгілі бір қызмет саласына арналған ұйымдастырушылық-әдістемелік сипаттағы ережелер, сондай-ақ жалпы техникалық нормалар мен қағидалар белгіленуі мүмкін.
18-бап. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары
1. Экономика салаларында пайдаланылатын және есепке алуды қажет ететін техникалық-экономикалық ақпарат техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын бекіту арқылы сыныптауға және кодтауға жатады.
2. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын әзірлеу бастамашылық тәртіппен не ұлттық стандарттау жоспарына сәйкес жүргізіледі.
19-бап. Ұйымдардың стандарттары
1. Ұйымдардың стандарттары өнімдерге, процестерге немесе көрсетілетін қызметтерге арналып әзірленеді және ұлттық стандарттау жүйесі тізілімінде есепке алуға және тіркеуге жатпайды.
Ұйымдардың стандарттары техникалық шарттар, оның ішінде өнімге қойылатын техникалық талаптарды қамтитын түрінде қабылдануы мүмкін.
2. Ұйымдардың стандарттарын:
1) бір ұйым;
2) салалық қауымдастық (үкіметтік емес);
3) консорциум;
4) өзін-өзі реттейтін ұйым қабылдайды.
3. Ұйымдардың стандарттары тиісті стандарттың төлнұсқасын ұстаушы ұйымның рұқсатымен ғана пайдалануға беріледі.
4. Ұйымдардың стандарттарын әзірлеу, қабылдау, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою, басып шығару, тарату, қолдану тәртібін ұйым айқындайды.
5. Ұйымдардың стандарттарын әзірлеуді республикалық немесе жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді.
20-бап. Стандарттау жөніндегі ұсынымдар
Стандарттау жөніндегі ұсынымдар қолданылуы ерікті, стандарттау, сондай-ақ өлшем бірлігін қамтамасыз ету және сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қатысты, тиісті ұлттық стандартты қолдануға ықпал ететін ұйымдастырушылық-әдістемелік ережелерді немесе ұлттық стандартта белгілегенге дейін практикада алдын ала тексеру орынды болатын ережелерді қамтиды.
Достарыңызбен бөлісу: |