1812 ж. Отан соғысындағы партизан қозғалысы – Ресей халық бұқарасының негізінен орыс шаруалары мен әскери отрядтарының Наполеон әскерінің тылы мен коммуникацияларында жүргізілген қарулы күресі. Партизан қозғалысының кең өріс алуы 1812 ж. Отан соғысының әділеттік сипатын көрсетеді, Литва мен Беларуссия шаруаларының француз басқыншыларына қарсы күресі орыс армиясы шегініп кетісімен, стихиялы түрде басталды. Олар француз солдаттарын жабдықтаудан бас тартты, кейінірек үйлерін тастап, азық-түліктерін жасырып немесе өртеп, өздері орманға жасырынды, партизан соғысын жүргізуге кірісті. Партизан қозғалысы тамыздың басында Смоленск, кейін Мәскеу мен Калуга губернияларында кең өрістеді. Г.М.Курин, С.Емельянов, В.Половцев, В.Кожина, Е.В.Четвертаков т.б. басқарған партизан отрядтары көпке белгілі болды. Жауға қарсы жалпы ұлттық патриоттық сезім күші кейбір помещиктердің өздерін шаруалардан партизан отрядтарын құруға мәжбүр етті. Советтік Ресейдегі 1918-22 ж. Азамат соғысы кезіндегі партизан қозғалысы – еңбекшілердің Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңістерін қорғау үшін ақ гвардияшылар мен интервенттердің тылында жүргізген қарулы күресі. Ақ гвардияшылар мен интервенттердің өздері басып алған территорияларында антисоветтік, террироистік тәртіп орнатуы және революцияға дейінгі тәртіпті қалпына келтіруі партизандық күресті бастаған еңбекшілердің қалың бұқарасының қарулы қарсылығын туғызды. В.И.Ленин бастаған РК(б)П ОК жау тылындағы партизан қозғалысына зор маңыз берді және Украина, Дон, Солтүстік Кавказ, Сібір, Қиыр Шығыс т.б. аудандарда оның кең өрістеуіне басшылық етті. Астыртын партия ұйымдары ОК басшылығымен партизан отрядтарын құрды және өз бетімен пайда болған партизандық күресті Қызыл Армияның соғыс қимылдарымен бір тұтас мақсатқа бағындыруға ұмтылды. Бұл қозғалыс Орта Азия республикалары мен Қазақстанның да бірқатар аудандарында өріс алды.
Достарыңызбен бөлісу: |