Алаш зиялыларына қарсы қуғын-сүргін – қазақ ұлтын рухсыздандырудың және мәңгүрттендірудің бастауы. Мәдениетте большевиктік тұжырымдаманың үстемдік алуы және рухани қасіреті.
Ақпан революциясы нәтижесінде монархияның құлауы отарға айналдырылған елдер алдынан тамаша саяси мүмкіндіктер ашты. Империя халықтары тәрізді, қазақ халқына да өзінің жоғалтқан мемлекеттігін жаңғыртуға бастайтын жол ашылды. Революциялық ұйымдар құрылды, алғашқы жиындар, съездер өтті. Қазақтардан Жанша Досмұхамедов Ресей мұсылмандары одағының атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. Сол лауазымында ол Ресей Республикасының уақытша заң шығару органына, Предпарламентіне мүше болып, болашақ мемлекеттік құрылымды анықтайтын заң жасасуға қатысты. 1917 жылғы 25 қазан төңкерісіне тікелей куә болды. Петроградтағы төңкеріс талабымен Екінші Кеңестер съезі құрған Совет үкіметі мен оған қарсы ұйысқан әрекеттерді «орыстардың өзара ырылдасуы» деп бағалады. Анархиялық құбылысты көзімен көріп оралғандықтан, Орынборда 1917 жылғы 5–13 желтоқсанда өткен Екінші Жалпықазақ съезінде «орталықтан бермен лықсыған анархияға тосқауыл болу үшін» Қазақ автономиясын шұғыл жариялауды талап етушілердің басында тұрды. 1918 жылғы ақпанда Орал облысы қазақтары съезінің шешімімен «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі ретінде Мәскеуге облыстық земство басқармасының бастығы Халел Досмұхамедовпен бірге арнайы делегацияны бастап барды. Жаншаға бұл іссапарында, 1930 жылы тергеушіге берген көрсетуінде айтқанындай, «көрсетілген аумақтағы «Алаш-Орда» билігін мойындау туралы РСФСР Совнаркомымен келіссөздер жүргізу» тапсырылған еді. Делегацияның совет үкіметі басшыларымен тұңғыш келіссөзі біршама сәтті болды: Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Сталин төте желімен Семейдегі Алаш үкіметі басшыларымен сөйлесті, Орал облысындағы земство мекемелерінің жұмыстарын жалғастыра берулеріне рұқсат етілді, облыстағы Алаш құрылымын советтік платформаға ауыстыруға жұмсау үшін делегацияға қомақты қаражат берілді. Артынша Сталиннің советтік негіздегі автономия ғана тән алынатыны, сондықтан еңбекші бұқараның буржуазия қайраткерлерін мойындарынан түсіріп тастауға тиістігі тұжырымдалған циркуляры жарияланды да, Алаш-Орда ақтармен одақтасуға мәжбүр болды. Қызылдар азамат соғысында жеңіп келе жатқан шақта, Қазақ әскери ревкомы жүргізген келіссөздер нәтижесінде Батыс Алаш-Орда ұлттық әскерінің күшімен ақтардың әскери қосынын талқандады да, 1920 жылдың басында кеңес өкіметі жағына шықты. Алайда Алаш-Орда ұзамай «контрреволюциялық ұйым» деп танылып, күллі елімізде қызметін доғарды. Алашордашылар, олардың артынша, елі үшін еңбек еткен коммунистер де жаппай қуғын-сүргін кезінде репрессияға ұшыратылды. Бұлар жайында тоталитарлық билік тұсында айтылмайтын. Осы жабық тақырыптар билеуші партияның қайта құру саясаты жарияланғаннан кейін ғана қозғала бастады. 1988 жылғы қарашада «Алаш ісімен» 30-шы жылдары репрессияланғандар ақталды. Сол шақта, 1989 жылғы сәуірде, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының шаңырақ көтергені мәлім. Қоғам халықты жаппай саяси қуғын-сүргін мен алапат ашаршылықтарға ұшыратқан сталинизм қылмыстарын әшкере етуді, есімдері мен елге сіңірген еңбектері ұмыттырылған тұлғаларды қоғамдық өмірге қайта әкелуді, тарихтағы толып жатқан «ақтаңдақтарды» ашуды мақсат етті. Содан бергі ширек ғасырдан астам уақыт бойы «Әділетке» мүше ғалымдар, жазушылар, кинематографистер, журналистер және, әрине, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары өткенімізді бұрмалаулардан аршу және адамдарды тазартылған тарих арқылы тәрбиелеу ісіне белсене атсалысып, демократиялық құндылықтарды орнықтыруға елеулі үлес қосып келеді.
Еліміздің әуелі Ресей, одан Совет империялары құрамындағы тарихы ұлт қайраткерлеріне қарсы жасалған саяси қуғын-сүргіндер мен рухани да, тәни де жазалау деректеріне тұнып тұр. Дегенмен, саяси репрессиялар бірінші кезекте кеңес кезеңінің қиғаштықтарына қатысты түсініледі. Өйткені Он жетінші жылғы қазан төңкерісінен бері большевиктер арнайы органның жазалау машинасына таптық тұрғыдан төзбеушілік отынын үстемелеп салып тұрды. Осы құпия саяси мекеме алдымен, кеңес өкіметі орнағанға дейінгі, бүгіндері Алаш қозғалысы деп аталатын ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушыларды, Алаш қозғалысы алған биік шың – «Алаш-Орда» Халық Кеңесін құрушылар мен сол құрылымда қызмет істегендерді қуғынға ұшыратты. Сосын жасанды ашаршылықтарымен халқымызды әйгілі ұлттық апатқа ұрындырды, одан үлкен террор жылдары жұртты жаппай қуғын-сүргінге түсіріп, көл-көсір қайғы-қасіретке бөктірді.
Кеңестік қылмыстардың негізгілерін жүйелеп еске алар болсақ, ең алдымен Алаш қозғалысына қатысқан, кеңес билігі кезінде советтік платформада тұрып ұлт мүддесін күйттеген ұлттық интеллигенцияның қудаланғаны тілге оралады. 1930 және 1932 жылдары бүгіндері «Алаш ісі» деп аталатын сот үдерістері өтті. Кезінде ұлттың ар-ожданы атанған Ахмет Байтұрсыновпен бірге қырықтан астам адам репрессияның алғашқы толқынында сотталды. Бұлардың ішінде төртеуі – мәдениет қайраткері Дінмұхамед Әділов, жазушы Жүсіпбек Аймауытов, журналист Ахметсафа Юсупов, әдебиетші Әбдірахман Байділдин 1930 жылғы 21 сәуірде, пролетариат көсемі Лениннің туғанына алпыс жыл толу құрметіне шалынған құрбандық тәрізді, атып тасталды. Қоқан (Түркістан) автономиясының алғашқы үкіметбасы, кеңестік Түрксіб теміржол магистралін салушы инженер Мұхамеджан Тынышбаевпен бірге 1932 жылғы сәуірде жиырма шақты зиялы Алаш қайраткерлерін шарпыған репрессияның екінші толқынында жазаланды. Осы екі толқында да ұсталған алашордашылар деп аталатындардың дені кеңес мекемелерінде қызмет атқаратын. Алаш-Ордаға да, оған қатысқандарға да совет өкіметі амнистия жариялап, кешірім берген, алайда, соған қарамастан, аталған саяси қуғын-сүргіндерге ұшыратылып, сотталды. Оларды тұтқындау, тергеу мен соттау байларды тәркілеу науқанымен, қожалықтарды ұжымдастыру шараларымен және бұларға қарсы артынша көтерілген халық толқуларымен тұспа-тұс келді.
Зерттеушілердің айтуынша, 1929–1931 жылдары 372 көтеріліс ошағы болған. Өкіметтің терең ойластырылмаған, солақайландыра жүргізген реформаларына Созақ, Сарысу, Батпаққара, Бостандық, Абыралы, Ырғыз, Қармақшы, Шұбартау аймақтарында қарсылықтар көрсетілгені белгілі, олар азаттық үшін қозғалысқа, қарулы көтеріліске ұласты. Бәрі де әскер күшімен басып-жаншылды. Жазалаушы қызыл қосындар қанға бояған көтерілісшілер қатарында кем дегенде 80 мыңнан астам адам болған деп айтылады. Алашшылдар дем берген көтерілістер, «байлар басқарған контрреволюциялық баскөтерулер» деп бағаланған бұл қарсылықтардың табиғатын Абыралы көтерілісінің жетекшісі Ысқақ Кемпірбаев сөзі айқын танытады. Оны тәуелсіздіктің алғашқы жылдары зерттеуші-ғалым Қайдар Алдажұманов құпия мұрағаттан тауып, ғылыми айналымға қосқан еді.
Сол құжатқа қарағанда, 1931 жылы 32 жасар Ысқақ Кемпірбаев көтерілісшілер алдында: «Біздің алдымызда қиын да қасиетті парыз тұр, ол – тонаушылардың бірі Сталин басқарып отырған кеңес езгісін... құлату, – деген көрінеді. – Қазақстандағы кеңес өкіметінің тонаушылық саясатының мәні мен міндетін сіздерге айтып жатудың қажеті жоқ, – депті ол одан әрі. – Бұл саясатының шынайы бет-жүзін кеңес өкіметінің өзі сөз жүзінде емес, іспен дәлелдеп берді. Күні кешегі өткенімізге көз салса да жетеді: 1928 жылы бұл саясатын іс жүзіне асырудың алғашқы қадамы жасалды, оны кеңес өкіметі, оған дейін аса нығая қоймағандықтан, ертеректе бастай алмаған еді. «Ірі бай шаруашылықтары» дейтіндерді 1928 жылы тәркілеу арқылы Қазақстан экономикасына алғашқы елеулі соққы берілді, біздің озық ойлы кісілеріміз содан көп бұрын болжаған тонаушылықтарға осылай жол салынды. Бәріңіздің де естеріңізде болар, 1928 жылдың өзінде біздің ғалымдарымыз айтып еді ғой: «Алдымен «ірі байларды» тәркілейді, сосын «ұсақ байларды» да іздеп тауып, шаңырағын ортасына түсіреді, одан «орташаларды» қолға алады, сөйтіп, ақыры, «кедейлерге» де жетеді»... Кеңес өкіметінің саясатының мән-мағынасы осындай, ол бұдан өзгеше бола да алмайды, өйткені ол жеке меншікті жоюда. Жеке меншіктің тамырына балта шабу арқылы ол жұмыс істемей-ақ, басқалардың тапқан-таянғаны есебінен күн көру мүмкіндігін туғызуда. Мұндай саясатпен алысқа бара алмайтының – табиғи нәрсе, солай болды да... Кеңес өкіметі орташа және кедей шаруашылықтарды тәркіледі де, орнына бірқатар саяси-шаруашылық науқандар, дайындаулар делінетіндерін енгізді, олары сөз жүзінде – социализмге, іс жүзінде – бас-басыңды түк қалдырмай тоз-тоз қылуға бағытталды. Күллі кедей-кепшік, батырақтардың бас-басына салық салған ет дайындаулар мұны жеткілікті түрде айқын ашып тұрған жоқ па. Сәл-пәл наразылық білдірер болсаң – түрме, «контрреволюция», атып тастау, тағысын тағылар. Біз бұдан әрі бағынышты, әрекетсіздік жағдайда отыра аламыз ба? Оның үстіне, көтеріліс өрті бүткіл кеңес одағын шарпып барады. Бұдан әрі әрекетсіз отыра беру – Құдай алдында да, қазақ халқы алдында да қылмыс. Біздің борышымыз – жан аямай, шешімді түрде, соңына шейін күресу».
Міне, 30-шы жылдарғы солақай реформа туындатқан ұлт-азаттық көтерілістер басшыларының бірі кеңес билігінің жосықсыздықтары салдарынан сол кезгі қазақ халқының басына түскен жағдай жөнінде осылай пайымдады. Алаш оқығандарын «біздің озық ойлы кісілеріміз», «біздің ғалымдарымыз» деп іш тартты. Бұдан алашордалықтардың көтерілістерге тікелей атсалысуы көрінбесе де, ел болу хақындағы Алаш-Орда идеясының бұқара жүрегіне ұялағанын көреміз. Жосықсыз тәркілеу мен зорлықпен ұжымдастыру шаралары себеп болып, жұрт патша заманынан кейін қайтадан озбыр биліктен құтылу үшін көтерілді. Алайда ұлт азаттығын көксеген көтерілісшілердің аяусыз жазаланғаны өз алдына, күні бүгінге дейін сол баскөтерулер лайықты саяси бағасын алған жоқ. Ал ұлт зиялыларына қарсы бағытталған репрессияның алғашқы екі толқынында тұтылғандар, ол жолы істері ұлт-азаттық көтеріліске тікелей байланыстырылмағанмен, ең ауыр қылмыстық жазадан бәрібір құтыла алмады. Олар өздеріне 1930 және 1932 жылдары кесілген мерзімдерін өтеп оралғанмен, өздерін құрықтаған алғашқы қуғын-сүргін науқанынан аман қалған алаштықтармен, алаш идеясы жүрек түкпірлеріне ұялап, советтік негізде ұлт мүддесін күйттеп жүрген коммунист қайраткерлермен және басқа да мың-сан кеңестік адамдармен бірге 1937–1938 жылдары Үлкен террор аранына жұтылды.
Біз бүгін еш күмәнданбаймыз – патшалық тарих сахнасынан кеткеннен кейін ұлт қайраткерлерінің алдында қазақ мемлекеттігін жаңғырту міндеті тұрды. Мұны орындау үшін олар сол кездегі саяси ахуал салған екі жолмен жүрді. Бірі – ұлт тұтастығын сақтай отырып, қазақтың ұлттық мемлекетін құруды, екіншісі – бұрынғы империя орнына жұмысшы-шаруа-солдат депутаттары кеңестері билігін орнатуға келген большевиктер ұраны ауқымында, мемлекеттілікті таптық негізде құруды көздейтін жолдар. Екі жолға да жоғарыда аталған жылдарғы қуғын-сүргін үдерістері тыйым салды. Бірақ азаттықты аңсау сезімін біржола жоя алмады. Әділетсіздіктер жалғасып жатқанда бұл мүмкін емес еді. Мұстафа Шоқай атап көрсеткен «большевиктердің аштық саясаты» азамат соғысы мен одан кейінгі кезеңдерде де дәуірлеп тұрды. Ашаршылық 1917–1919 жылдары Түркістан Республикасы өңірін ғана емес, 1921–1923 жылдары Қазақ Республикасы облыстарын, 1931–1933 жылдары Үлкен Қазақстан аумағын қамтыды. Миллиондаған адам өмірін жалмаған ашаршылықтардың – ұлттық апаттың – қайғылы салдарлары қанды қылыш асынған көлгір демагогиямен бүркемеленіп келгені бүгінде баршамызға мәлім. Үлкен террор жылдары қазақ жерінде концлагерьлер ашылып, совет одағының түкпір-түкпірінен әкелінген «халық жаулары» казармалық социализм өндірістерін жандандырды. Бұған қосылып, соғысқа дейін корейлерді, поляктарды күштеп қоныс аударту, соғыс жылдары немістерді, қалмақтарды, чешендерді, ингуштарды, балқарларды, қарашайларды, қырым татарларын, месхет түріктерін көшіру, барлық арнайы қоныстандырылғандарды әскери комендатура тарапынан тұрақты түрде қадағалап, тексеріп тұру арқылы Қазақстан территориясы іс жүзінде Кеңес Одағы халықтарының түрмесіне айналдырылды. Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскендерді, Түркістан легионында қызмет етті деп айыпталатындарды, сондай-ақ қазақ ғалымдары мен әдебиет, өнер адамдарын қуғын-сүргінге ұшырату 40-жылдардың екінші жартысы мен 50-жылдардың басында да толассыз жүріп жатты. Совет Одағын құрайтын тәуелсіз мемлекеттердің бірі санатындағы Қазақстанда ұлт мүддесіне кереғар әділетсіздіктер орын алды. Кеңес өкіметінің жаңа отаршылдық іс-әрекеттері қазақтарды өз елінде ұлттық азшылыққа айналдырды, олардың сана-сезімдерін қырнап, бір арнаға түсірді, баршасынан коммунизм құрып жатқан бір ғана пікірлі совет азаматы қалыптастырылды. Бірақ сол стандартты заманда халық санасының ояну үдерісі де бой көтерді. Біржола тұншықтырылғандай болған Алаштың елдік идеясы әдебиет пен өнер туындылары арқылы санаға жаңа нәр құйып жатты. Жеріміздің ядролық сынақ алаңына айналдырылуы, табиғат байлықтарын жыртқыштықпен тонау, соның салдарынан экологиялық апатқа душар болу, қазақтың ұлттық мүдделерінің шектелуі, тілінің қолданылу аясының күрт тарылуы жұртты ойлантпай қоймады. Ақыры соның бәрі жастардың 1986 жылғы 17–18 желтоқсанда орын алған саяси көтерілісіне алып келді.
«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы осы кезеңдердегі тарихи әділетсіздіктер себебін билікті жайлаған неосталинизмде, демократиямен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын партиялық диктатурада деп санады. Репрессияға ұшыраған Алаш қайраткерлері мен кеңес өкіметі платформасында алаштық ел болу идеясымен еңбек еткен совет қызметкерлерінің ұрпақтары аталған мәселелерді қоғамда әлденеше мәрте талқылады. Тоталитаризм қылмыстарын әшкерелейтін мақалалар жазды, демократиялық құндылықтарды советтік қуғын-сүргіндердің қалай аяқ асты еткенін жұртшылықпен кездесулерінде әңгімелеп жүрді. Соңғы он шақты жылдағы ізденістер нәтижелері – Алаш қозғалысы құжаттарының жинақталып шығуы, Алаш-Орда жайында деректі фильм жасалуы, әйгілі қайраткердің бұрын жұртшылыққа, тіпті зерттеушілердің көбіне беймәлім болып келген құпия хаттарының толық мәтіні жария болуы «Әділет» мүшелерін қатты толғандырды. 1924 жылғы сәуірде Орталық Комитеттің Бас хатшысына, Орталық партиялық бақылау комитетіне және ГПУ-ге (Мемлекеттік саяси басқармаға) берілген, салдары қасіретті қуғын-сүргінге әкелген осы құпия хабарлар бойынша арнайы тыңдаулар өткізді. Алаш қайраткерлеріне жасалған репрессиялардың бастауы болған осы мәселені талқыға салғанда, ымыраға келе отырып түсінісу жолдарын қарастырды. Атақты қайраткер Тұрар Рысқұлов Сталинге және тергеу мекемелеріне берген «Алаш-Орда» туралы сол хаттарында Түркістан Республикасында қызмет атқарған жылдары «өзінің тура бір бүйірінде үш жыл жұмыс істеген», «өздерінің ойлары мен насихатын тіпті партиялық қазақ баспасөзі арқылы жүргізгеніне ұялмаған, өзінің идеясы бойынша екпінді және Совет билігіне қарсы», «шетелмен (Шоқаевпен) байланыс орнатқан ұйым» болғанын әшкерелеп, сол ұйымдағы «Алаш-Ордашылар» контрреволюциялық жұмыс жүргізуде, оларды Қожанов тобы қолдайды» деп көрсетті. Негізгі баяндама-хаттарына қосымша, «контрреволюциялық жұмыспен шұғылданатын» партияда жоқ Әлихан Бөкейханов пен Жанша Досмұхамедов (Алаш-Орданың басшылары) және партияда бар Сұлтанбек Қожанов (Түркістан Республикасы басшыларының бірі) бастаған көптеген қызметкерлердің аты-жөнін тізіп, олардың «контрреволюциялық істерін» көрсететін мінездеме берді. 1924 жылғы мамыр айында Түркістандағы үзеңгілесі Қабылбек Сармолдаевқа жазған хатында ол өзінің ГПУ басшысы Ян Петерсте болғанын, Петерстің өз аудармашысына «Ақ жолда» басылған, басқа да барлық материалды аударуға тапсырғанын, содан төрт ай бұрын Мағжанның жинағы Қазанда басылғанын, оны ГПУ тәркілеп, тыйым салғанын айтып, соған қарамастан оның Қожановтың алғысөзімен Түркістанда шығарылғанынан хабардар етті. Сосын ГПУ-де «қазір белгілі бір іс қозғалды... Петерс қатты қызықты», ...«Қазақ мәселесінен кейін өзбектер арасындағы Қоқан автономияшылары туралы мәселе кезекке қойылады» деген маңызды мәліметті хабарлай келе, өзі ашқан «контрреволюциялық топты» әшкерелейтін қосымша материалдар жинап, тиісті орындарға жөнелтіп отыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Чекистер ұлт қайраткерлерін совет өкіметі орнауы барысында үнемі қадағалап, қадамдарын аңдып жүретін-ді. Аталмыш құпия хабар олардың мақсаткерлікпен тіміскіленіп, ұлт мүддесін жоқтайтын ұйым құруға тырысқан Алаш қайраткерлеріне қарсы бұлтартпас айып тұжырымдауына жақсы ілік, жаңа мазмұн берді. Алайда патша заманында юстиция генералы дәрежесіне жеткен білікті заңгер, Батыс Алаш-Орда төрағасы Жанша Досмұхамедов 1930 жылғы 5 қарашадағы тергеуде «астыртын ұйым құрды» дейтін ондай әрекетті өзінің «мән-мағынасы жағынан қазақтың «еріккен сарт ...уқалайды» деген мақалымен сипаттауға болар еді» деп бағалайтынын аян етті. Сондықтан да алғашқы тергеулерде айтпай, тек бірқатар психологиялық, бәлкім физикалық қысым жасалғаннан кейін ғана, сондай ұмтылыстың болғанын мойындады. «1922 жылдың көктемінде ...үйіме қазақтардан 7-10 адам келді, олардың ішінде Халел Досмұхамедов, Дулатов, жаңылыспасам, Бірімжанов бары қазір есімде... Келгендер қазақ қайраткерлерінің ескі «Алаш» бағдарламасы еш жерде қабылданбаған, ол кезінде тиісті дәрежеде талқыланып-жасалмаған, бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің саяси мәселелер хақында қалыптасқан саяси пайымы болу үшін, соны жетілдіріп жөндеу керек дегенді айтты. Мұндай қайта жөндеу жүргізуге мен ашық қарсы сөйледім. Біріншіден, біз, алашордашылар, саясаттың жекелеген мәселелері бойынша мән-маңызы жағынан әртүрлі саяси иланымдамыз дедім. Бізді бұрын тек қана ұлттық белгіміз ғана біріктіретін, ал қазір біз саяси тұрғыдан нөлміз, сондықтан да айтып отырған мақсатсыз бағдарламаны құрастырып жазу бізге төтенше органдар тарапынан тек қана жағымсыз жәйттер тигізуі ықтимал екеніне нұсқадым. Алайда, саяси бет-бейнеміз болғаны жөн екендігі туралы өткен қызу айтыс-тартыстан кейін бағдарлама жобасы жасалды. Оны «Ақ жол» маңында істейтіндердің бірі өздерімен ала кетті, Орынборға «сонда жүрген бұрынғы Алаш-Орданың басқа да қайраткерлерінің келісімін алу мақсатымен» жіберу үшін...» – деді көрсетуінде. Ұлт мәселесінің дұрыс шешім табуына атсалысуды көздеген бұл жұмыс содан әріге бармаған. Ұйым құрылмаған. «Мен КСРО-да совет өкіметін құлата алатын күш бар деп ешқашан ойлап көрген емеспін, – деді Жанша, – қазір де ондай ойдан аулақпын». Алайда нақты іске айналмаса да, партияның негізгі бағытына көлеңке түсірерлік әлдебір ойдың болуының өзін қылмыс санау советтік басшылар үшін өте қажет еді. Сондықтан да ГПУ репрессияның алғашқы екі толқынында ұсталған «қылмыскерлерге» «кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық ұйым құрғандарын» «мойындатып», саяси тапсырманы мүлтіксіз орындап шықты. Үлгі жасалғаннан кейін, Үлкен террорда оны сол шақтағы талапқа сай қайталау, сөйтіп, тіпті, «халық жауларын» әшкерелеуде белсенді әрекет етіп, совет өкіметінің сеніміне әбден кіргендей болған қайраткерлердің өзін «халық жауы» ету еш қиындық туғызған жоқ...
Достарыңызбен бөлісу: |