1.Адамның философиялық ұғымы
Философия тарихы адамның мәні жайындағы түрліше ой-пікірге толы. Бір нәрсенің сырын ашып, білу үшін алдымен адам бұл туралы ештеңе білмейтінін түсініп, соны іштей де болса мойындауы қажет. Философияның мәселесі- бұл сананың, рухтың табиғатқа, материяға, субъективтік ішкі дүниесінің объективтікке қатынасы. Бұдан 25 ғасыр бұрын өмір сүрген Қытай философы Конфуций өз ілімінің түп қазығы етіп «адамсүйгіштік- жэнь» проблемасын алды. Оның түсінуінше, тек «адамсүйгіштік» қасиет қана адамды басқаларды сыйлайтын, ешкімнің алдынан кесіп өтпейтін, шындықтан басқаға мойын бұрмайтын, батыл да байсалды, ілтипатты да достыққы берік, сөзге ұстамды, көмекке дайын етіп қалыптастыра алады. Бұл қасиеттердің бәрін біріктіріп, әрқайсысын қамти алатын моральдық-философиялық ой түйінің Конфуций: «Өзіне жасалғанын қаламайтын қылықтарды сен де басқаларға жасама»- деп қорытты.
Адам проблемаларына Аристотель де ерекше қөніл бөлген. Әсіресе, ол философияның «Этика» бөлімінде түгелдей сол проблемаларды қарастырып, оларға тиісті талдау жасады. Аристотельдің айтуынша, мемлекет басындағы заң шығарушының міндеті- азаматтарды жақсы қылықтарға, ізгі ниеттілікке үйретіп, оларды тек игілікті істерден ғана ләззат алатындай дәрежеге жеткізу. Оның «алтын аралық» деп аталатын моральдық доктринасы адамның жандүниесінің сырын ашуға бағытталған. Жоғары мінез-қылық қасиеттерінің әрқайсысы біріне-бірі қарсы екі түрлі ұшқары қылықтың аралығы болып табылады. Бұлардың екеуі де теріс қылықтар. Аристотельдің ұғымы бойынша, ең жақсы адам- ұлылық дәрежесіне жеткен кең пейілді, қайырымды адам, ол өзін мақтағанды, басқа біреуді жамандағанды сүймейді. Өзінің күштілігін әлсіздердің арасында көрсетуге тырысады. Тек күштілердің алдында ғана өзін жоғары үстайды. Қайрымды, ақ пейілді кісінің жүрегі жайлы, дауысы төмен, сөзі мазмұнды болуға тиісті.
Сонымен ғылыми философияның түсінуінде дүниедегі ең бағалы асыл байлық- адам. Ол барлық әлеуметтік көзғалыстар мен қимыл-әрекеттердің негізі- өлшемі және мақсаты. Жер шарындағы небір ғаламат табыстардың қайнар көзі, ақыл –ой туындыларының құдіретті иесі.
Адамның ақыл-ойы аса күрделі ұйымдасқан биопсихоәлеуметтік құбылыс: оның материалдық негізі – субстраты- әрине биологиялық құбылыс-ми-болып табылады, ал мазмұны психикалық құбылыстар мен әлеуметтік құбылыстардың өзара араласуы екені сөзсіз: мұнда әлеуметтік құбылыс сезімдік-ақыл-ой-ерік процестері арқылы психикалық процесс түрінде көрініс табады.
Адам бойында айырғысыз бірлікте болатын әлеуметтік және биологиялық жақтары адамның алуан түрлі қасиеттері мен іс-әрекеттерінің тек екі жағын ғана абстрактілі ұғым түрінде бейнелендіреді. Мәселен, егер адамның биологиялық қасиеттерін ғана талдау жолына түссек, онда оның тірі организмдік заңдылықтарын ғана мойындау дәрежесіне түсеміз. Бұл тұрғыдан қарағанда, адам материя көзғалысының тек биологиялық формасының ғана иесі болып көрінеді. Алайда адам тек тірі организм ғана, биологиялық түр ғана емес, ол ең алдымен қоғамдық қатынастардың субъектісі. Ал егер адамның морфологиялық және физиологиялық деңгейінен бастап талдап оның психофизиологиялық және рухани құрылымын талдауға көшсек, онда оның әлеуметтік психологиялық жан, яғни адамдық тұлға екенін ұғынамыз. Организм мен тұлға – адамның айырғысыз екі жүйесіне жатады да табиғат зандылықтарына бағынады, ал тұлға ретінде әлеуметтік болмысқа, қоғамға, адамзат тарихы мен мәдениет саласына жатады.
Адамның әлеуметтік табиғатын талдап, оның тұлға екендігі жайында сөз еткенде, біз оның биологиялық жан екендігін естен шығармаймыз, тек антропологиялық ерекшеліктеріне ғана дене құрылысы, қарапайым инстинктері зерттеу жағына т.б. көңіл аудармаймыз.
Адамды биологиялық және әлеуметтік құбылыстардың бірлігі ретінде қарастыру оны тұлға ретінде түсіндірудің философиялық ұғымына жатады.
Адам жалпы тектік ұғым ретінде нақты индивидтерден тұрады. Адам жер бетіндегі тірі организмдердің дамуының ең жоғарғы түрі, еңбек процесінің субъекті, ой-санасы және сөйлеу тілі бар биопсихоәлеуметтік жан ретінде жалпылама анықталса, индивид қоғамның мүшесі - жеке адамды, жеке «атомын» білдіреді. Одан басқа тағы да «личность» ұғым бар. Тұлға- белгілі бір қоғамдық қатынастар тұсында өмір сүретін адамның негізгі үш жағының: биогентикалық нышандарының, әлеуметтік қатынастар әсерінің және психоәлеуметтік қасиеттерінің тұтаса бірігуінің нәтижесі.
Қазіргі кезде тұлғаның мәні жайында екі негізгі көзқарас бар:
1. тұлғаның адамның функциялық сипаттамасы;
2. тұлғаның әлеуметтік мәніне қарай сипаттамасы.
Тұлға- адамның қоғамдық қатынастары мен қызметінің жеке адам бойында шоғырлануының көрінісі, дүниені танып білудің және өзгертудің, құқығы мен міндеттерінің, эстетикалық, этикалық және басқа әлеуметтік нормалардың шоғырланған бірлігі. Тұлға- әрдайым әлеуметтік тұрғыда жетілген адам болып табылады.
1. 2 Адам болмысы философиядағы басты проблемалардың бірі болып табылады. Адамның табиғаты, мәні, бағыт-бағдары философиядағы антропологиялық мәселелердің өзектілігін және ерекшелігін анықтайды. Адамның философиялық концепциясы ғылымдардың жалпы философияның негізі ретінде көрініс бере отырып, еңбек, сана, ұжымдылық деген сияқты адамның тектік мәнінің негізгі формаларын талдайды. Мұнда антропосоциогенез процесінде сананы, сонымен бірге заттық- практикалық қызметті қалыптастыратын негізгі факторлар болып табылатын тіл мен еңбектің роліне көп көңіл бөлінеді. Адамның тіршілігін үйлестіруге, оның құндылығы мен мәнін анықтауға деген ұмтылыстар идеалды адам концепцияларында жүзеге асырылып, философияда гуманистік дәстүрді тудырды. Адамның индивидуалды тіршілігінің ақыры, өмірі, өлім және өміршеңдік /бессмертия/ мәселелері, «өлуге құқылы» / Эвтаназия/ мәселесі, адам өмірінің әлеуметтік және биологиялық және әлеуметтік жалғастығы сияқты философиялық гуманизмнің классикалық мәселелері қазіргі заманымызда да актуальды.
Бірыңғай әлемдік қауымдастықты қалыптастырып, дамыту сияқты интеграциялық процестер қазіргі заманда адамзат тағдырын ғаламдық тұрғыдан қарастыруды біргейлі идеясын адам мен адамзаттың бір-біріне өзара қарым-қатынасының философиялық негіз етіп алады.
Адам туралы алғашқы идеялар философия пайда болғаннан көп уақыт бұрын айтыла бастады. Бұл туралы біздің заманымызға жеткен мифтер мен алғашқы қауымдық діни түсініктер мәлімет берді. Адамды философиялық тұрғыда түсінудің іргетасы осы қалыптасқан түсініктер, идеялар, образдар мен ұғымдар негізінде және қалыптаса бастаған философия мен мифология арасындағы сұхбат нәтижесінде қаланды. Дәл осылайша адам туралы алғашқы ілімдер ежелгі Шығыс мемлекеттерінде пайда болды.
Ежелгі Үнді философиясында адам әлемдік жанның бөлігі ретінде пайымдалды. Жанның көшуі туралы ілімде тірі жандар мен құдайлар арасындағы шекара шартты және өтпелі. Алайда өзінің эмпирикалық болмысындағы құмарлықтардан азат болып, еркіндікке ұмтылу тек адамға ғана тән. Упанишад бүкіл Үндістанда адам философиясы дамуына орасан зор ықпал етті. Әсіресе, ол джайнизм, буддизм, индуизм, санкхья, йога ілімдеріне мол әсерін тигізді.
Ежелгі Қытай философиясы да адам туралы өзіндік ілім қалыптастырды. Оның ең көрнекті өкілдерінің бірі Конфуций болып табылады. Оның түпкі тұжырымы ретінде “аспан” концепциясын алуға болады, өйткені ол әлем мен адам дамуын анықтайтын тек табиғат бөлігі ғана емес, жоғарғы рухани күшті де білдіреді. Бірақ оның философиясы негізін аспан, немесе жалпы табиғи әлем емес, адам, оның жердегі өмірі мен тіршілігі құрайды, яғни антропоцентристік сипат алады. Конфуций ең алдымен адамның адамгершілік әрекетіне назар аударады. Ол аспан мархабатымен белгілі бір этикалық қасиеттерге ие болған адам мораль заңына - даоға сәйкес қылық жасауы тиіс және бұл қасиеттерді оқу үдерісінде жетілдіру тиіс деп жазады. Оқытудың мақсаты Конфуций концепциясына сай “идеалды адам”, “қайырымды ер” деңгейіне жету болып табылады. Ол деңгейге жақындау үшін әрбір адам бірқатар этикалық принциптерді сақтауы керек. Олардың ішіндегі негізгісі “өзіңе қаламағанды өзгеге жасама” деген ережеге сай отбасы мен мемлекеттегі адамдар арасындағы идеалды қатынастар заңын білдіретін өмір концепциясы болып табылады. Келтірілген ереже адамгершілік императив ретінде кейінірек әр түрлі нұсқаларда Ежелгі Грекияда, Інжілде, Кантта кездеседі.
Ежелгі Шығыстың адам философиясын сипаттай отырып, оның маңызды бөлігі жеке тұлғаның әлеуметтік әлемге де бірдей өте құрметті және гуманды қатынас жасайтын бағдары екендігі атап өтуге болады. Сонымен бірге бұл философиялық дәстүр адамның ішкі әлемін жетілдіруге бағытталған.
Ежелгі грек философиясында адам бастапқыда өз-өзінен өмір сүрмейді, тек абсолюттік тәртіп және ғарыш ретінде қабылданатын белгілі бір қатынастар жүйесінде өмір сүреді. Өзінің барлық табиғи және әлеуметтік ортасымен, көршілерімен, полиспен, жанды және жансыз заттармен, жануарлармен, құдайлармен бірге ол біртұтас, ажырамас әлемде өмір сүреді. Ғарыш түсінігінің өзі мұнда адамдық мәнге ие болады, сонымен қатар адам тірі ағза ретінде, макрокосмос ретінде, ғарыштың бір бөлігі ретінде пайымдалады.
Тікелей антропологиялық проблематикаға өту софистердің сыншыл, ағартушылық әрекетімен және философиялық этиканың негізін қалаған Сократтың еңбегімен байланысты болады. Сократ үшін негізгі мәселе адамның ішкі әлемі, оның жаны мен қасиеттері болып табылады. Ол “игілік - білім” деп тұжырымдай отырып, алғаш рет этикалық рационализм принципін негіздейді. Сондықтан да қайырымдылық пен әділеттілікті таныған адам жаман және әділетсіз қылық жасамайды.
Демокрит – адам туралы ілімдегі материалистік монизмнің өкілі. Оның ойынша, адам – табиғаттың бөлігі, табиғат сияқты ол да атомдардан тұрады. Адамның жаны да атомдардан құралады. Тәннің өлуімен бірге жан да жойылады. Оның айтуынша өмірдің мақсаты – бақыт, бірақ ол тәннің ләззат алуы мен өзімшілдік емес. Бақыт – бұл ең алдымен рухтың қуанышты және жақсы көңіл күйде болуы. Оның маңызды алғышары – ақыл-ой.
Аристотельдің концепциясында адам қоғамдық, мемлекеттік, саяси деп қарастырылады. Және адамның бұл әлеуметтік табиғаты оны жануарлардан да, “адамгершілік тұрғыда жетілмегендерден” де, “жоғарғы адамнан” да ерекшелендіреді. Сондықтан ол былай деп жазады: “егер кімде-кім өзіне өзін жеткілікті санап, ешқандай қарым-қатынасқа түсуге қабілетті болмай, оған деген қажеттілікті де сезінбесе, онда ол мемлекет элементін құрамайтын не жануар, не құдай болғаны”. Адамның тағы бір ерекше белгісі – оның ақылдылығы, “адам – бұл ең алдымен ақыл-ой”. Сонымен Аристотельдің пікірінше, адам – ақылға ие қоғамдық жануар.
Ерте грек философиялық антропологиясы да Ежелгі Шығыс философиясы сияқты мифология мен дін таңбасын өзімен бірге ала жүреді және олармен тікелей сұхбаттаса дамиды. Оның шығыстық философиядан басты ерекшелігінің бірі, мұнда адамның әлемге қатынасы ашық және қоғам мен оны өзгертуге қатысты белсенді позиция ұстанылады.
Ортағасырларда адам ең алдымен құдай бекіткен әлемдік тәртібінің бөлігі ретінде қарастырылады. Ал ол туралы көзқарас христиан дінінде көрсетілгендей, адам “құдайдың бейнесі және соған ұқсастығы” түсінігіне саяды. Әлеуметтік тұрғыда ортағасырларда адам құдіретті тәртіптің бей-жай қатысушысы деп жарияланды және құдайға қатынасында ол төмен әрі бейшара жан болып табылады.
Жаңа заманның философиялық антропологиясы пайда болып келе жатқан капиталистік қатынастардың, гуманизм деп аталатын жаңа мәдениет пен ғылыми білімнің ықпалымен қалыптасты. Жаңғырту дәуірінің философиясы адамды жерге түсіріп, оның мәселесін осы түбірде шешуге тырысады. Адамның әуел бастағы күнәкарлығы туралы ілімге қарсы, ол адамның қайырымдылыққа, бағытқа және үйлесімділікке табиғи ұмтылысын бекітеді. Бұл философияға гуманизм мен антропоцентризм тұтастай тән.
И.Канттан бастап немістің классикалық философиясы адамды философиялық зерттеулердің негізгі объектісіне айналдырады. Канттың пікірінше, адам бір жағынан табиги қажеттілікке жатса, екінші жағынан адамгершілік еркіндік пен абсолюттік құндылықтарға жатады. Сезімдік әлемнің құрамдас бөлігі ретінде ол қажеттілікке бағынса, ал руханилықтың тасымалдаушысы ретінде ол ерікті. Кант адамды автономды және тәуелсіз бастау ретінде, өзінің теориялық, практикалық әрекетінің қожайыны ретінде айқындауға ұмтылады. Адам әрекеті мен қылығының түпкі принципі категориялық императив болуы тиіс. Категориялық императив – кез келген тұлғаның өзіндік мақсаты өзіндік жетілу болғандықтан, ол ешқашан да, қандайда бір міндеттердің, тіпті игілікті міндеттердің де жүзеге асу құралы ретінде қарастырылмауы тиіс деген тұжырымға негізделген формальды ішкі талап.
Гегельдің антропологиялық концепциясы, оның бүкіл философиясы сияқты рационализмнен тұнып тұр. Адамның жануардан артықшылығының өзі, ең алдымен адамзатқа оның адамдығы туралы хабар беретін ойлауында. Ол адамды рухани әрекет субъектісі және жалпы маңызды рух мен ақыл-ойдың тасымалдаушысы ретіндегі жағдайын аса зор күш-жігермен дәлелдеп берді. Тұлға индивидпен салыстырғанда адам өзінің “шексіз, жалпы және еркін” жан екендігін сезінгенде ғана басталады. Әлеуметтік тұрғыда оның ілімі индивидтен әлеуметтік бүтіндіктің басымдылығы принципін айшықты түрде көрсетеді.
2. Маркс адамды түсінуде ең алдымен еңбек әрекетін алға тартады. Қоғамдық болмыс қоғамдық сананы анықтайды. Қоғам тұлғаның қасиеттерін детерминациялайды.
Өмір философиясы (Дильтей, Ницше) адам ерекшелігін бірде органикалыққа, биологиялыққа жақындайтын, бірде мәдени-тарихи мәнде түсіндірілетін өмір феноменінен көреді. Өмір философиясы алдыңғы орынға ақыл-ойдан тыс қабілеттері шығады: сезім, ерік, интуиция. Көбіне санаға адам қылығының терең қайнар көзі болып саналатын бейсаналық қарсы қойылады.
Экзистенциализм, ең біріншіден, индивидуалды адам өмір сүруінің шынайылығына мазасызданады. Ол еркіндікті табиғилықтан да, барлық тұлғасыз күштерден де іздейді. Алдыңғы орынға сезім, бірақ жай ғана сезім емес, сезіну, алаңдау, мазасыздану үдерісі шығады. Бір мезеттік сезімдер орнына ұзақ уақыттарға созылатын сезімдік көңіл-күй келеді.
Гуссерль феноменологиясы тұлға тұйықтығын игеруге ұмтылады. Көңіл-күй әуел бастан сыртқы әлемге бағытталғандықтан, ол интенционалды деп есептеледі.
Өмір философиясы мен Гуссерль феноменологиясында негізгі қаланған үрдістерді дамыта отырып, ХХ ғасырдың 30 – жылдары Германияда Шелер мен Плеснер жұмыстары арқасында адам проблематикасымен айналысатын ерекше философиялық пән – философиялық антропология қалыптасты.
3. Тұлға мәселесі философияда және жаңа заманғы қоғамдық практикада маңызды мәселе болып табылады. Тұлғаның даму деңгейіне көбінесе олардың жалпы адамзаттық мақсаттарын түсіну мен өздерінің қоғамдық функцияларын атқарудағы жауапкершілік қатынастары әсер етеді.
Тұлға ұғымының мазмұны «адам», «индивид» деген ұғымдармен тығыз байланысты, бірақ олармен тең емес. «Адам» жалпы тектік статусты бейнелесе, «индивид» текке индивидуальдық тұрғыдан қатыстылықыты бейнелейді. Тұлға ұғымы өте терең және күрделі, сондықтан адамның өмірлік қызметіндегі қоғамдық көрсеткіштердің байлығын, яғни оның әлеуметтік мәнін бейнелейді. Сондықтан тұлғаның қалыптасуында әлеуметтік ортаның маңызы зор. Сонымен бірге тұлғаның қоғамнан салыстырмалы тәуелсіздігін ескеру керек,өйткені бұл тұлғаның қалыптасуындағы қажетті шарт болып табылады.
Тұлға қоғамдық өмірдің объектісі және субъектісі ретінде көрініс беруі мүмкін. Тарихтың барысында тұлғаның ролі көбінесе қоғамдық еңбек бөлінісіне байланысты болып, адамның ерекше белгісі ескерілмеді. Тұлғаның жан-жақты дамуы гуманистік идеал және адамзат тарихының мән-маңызын құрайтын бастама ретінде көрініс береді. Сондықтан, қоғамдық дамудағы тұлғаның еркіндігі мен тарихи қажеттіліктің диалектикасын ескерту өте маңызды. Қоғамдық өмірдегі еркіндік пен қажеттіліктің диалектикасы адамның еркіндігі мен жауапкершілігінің диалектикасында көрініс береді. Тұлға мәселесін, оның сыртқы және ішкі еркіндігін қарастыру кезінде жатсыну мәселесін, оның себебін, мәні мен тарихи формаларын философиялық тұрғыдан талдау өте маңызды. Осы мағынада тұлғаның еркіндігін жатсынуды болдырмау, жою проесі ретінде қарастыру керек,
Достарыңызбен бөлісу: |