2-9 Тарау–I. 1926-1928 жылдардағы қазақ ауылындағы салық саясаты



бет1/7
Дата30.06.2016
өлшемі0.71 Mb.
#168054
  1   2   3   4   5   6   7


Мазмұны
Кіріспе.................................................................................................................2-9
Тарау–I. 1926-1928 жылдардағы қазақ ауылындағы салық саясаты....

    1. Жаңа экономикалық саясат тұсындағы салық және қазақ шаруашылықтары ...........................................................................................10-15

    1. Қазақ ауылында әлеуметтік-экономикалық шараларды қаржыландыру.......................................................................................16-24

    2. 1927-1928 жылдардағы астық дағдарысы кезіндегі салық пен әлеуметтік-экономикалық жағдай .................................................................25-36


Тарау- I I. Жаппай ұжымдастыру мен күштеп отырықшыландыру тұсындағы Қазақстан ауыл шаруашылығындағы салық пен қаржыландыру.


    1. Салық саясаты 1929-1933 жылдардағы жеке меншікті жою мен зорлап коллективтендіру құралы.................................................................................37-47

    2. Астық және ет дайындау -әкімшіл-әміршіл экономиканың алғы шартты................................................................................................................48-56

    3. Ауыл шаруашылық өнімдерін дайындаудың рыноктық механизмінен әміршіл-әкімшіл әдістеріне өту.......................................................................57-61


Қорытынды......................................................................................................62-65

Қысқартулар тізімі...............................................................................................66

Пайдаланылған деректер мен әдебиеттер тізімі.......................................67-69


КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Егеменді еліміз тарихыңдағы аумалы-төкпелі 20-30 жылдар соңғы кезде жарық көрген жаңа зерттеулерге қарамастан, әлі де тарихшылар назарын өзіне аударып отыр. Себебі, қалыпты жағдайда ғасырдан артық уақытты кажет ететін саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің казақ даласында "Кіші Октябрь" ұранымен 2-3жылда жүргізілуі; осы жылдарда Қазақстанда жартылай феодалдық, қауымдық кұрылыстан социализмге өтуге негіз жасалды деген үстірт тұжырым толық зерттеліп болған жоқ.

Тарих - адамзат қоғамы өмірінің айнасы, ендеше тарихи зерттеулер жан-жақтылықты, ымырасыз шындықгы көрсетуді талап етеді.

Тарихи зерттеулерге ғылыми түрғыдан баға беру, оның адами мазмұнын көрсете білу, яғни оны халықгың, ұлттың өміріне, дәстүрі мен дүниетанымдық көзқарасына катынасы тұрғысынан көрсете білу -соңғы кезде тарих ғылымдарына қойылған басты талаптардың бірі./1/.

Осы тұрғыдан карағанда Кеңес өкіметінің 20-30 жылдардағы Қазақстанда жүргізілген волюнтаристік саясаты халыққа жасалған қиянат, дүниені өзгертудің зорлықка негізделген концепциясының жарқьн бір көрінісі іспетті. Республикамыздың беделді тарихшылары М.Қозыбаевтың, К.Нүрпейісовтың, М.Қойгелдиев пен Т.Омарбеков, Ж.Әбілхожиндердің және т.б. аталған кезендегі қазақ халқының басына түскен касірет туралы еңбектері кейінгі толқын тарихшыларға ой салары сөзсіз.

Баршамызға белгілі, большевиктердің социализм кұру концепциясының негізгі бағыты - индустрияландыру болса, ал оны каржыландыру ауыл шаруашылығын коллективтеңдіру арқылы жүзеге асқан болатын. Осы екі шара: иңдустрияландыру және коллективтендіру тоталитарлық әкімшіл-әміршіл экономиканың калыптасуына негіз болды. Бұл шараларды қоғамның объективті дамуы дүниеге келтірген жоқ, керісінше, большевиктердің өмір-өзен арнасын кері бұру әрекетінен туған шаралар еді. Бұлай дейтініміз, социализм теориясының негізін салушы Маркстің өзі социализмге өту - экономикалық дамудың жоғары деңгейі жағдайыңда мүмкін екендігін айткан еді. Ал В.И.Ленин бастаған большевиктер экономикалық негізі жоқ, Россияда социализм орнатамыз деп қаншама әлек салды. Экономикасы Россиядан да төмен, феодалдық қатынастар дұрыс дамымаған Қазақстан үшін социализмге алғы шарт жасау тәжірибесі 2 миллионнан аса қазақтың өмірін әкеткен аштыққа ұласты.

Онымен қоймай, кеңестік бұл "тәжірибе" 2-дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО ыкпалына түскен Шығыс жөне Орталық Европа елдеріңде күшпен енгізіліп, өзінің жарамсыздығын 50-60жылдардағы экономикалық, саяси дағдарыстардан анық көрсетті. Кейіннен осы елдердегі 60-70 жылдардағы экономикалық реформалар әміршіл-әкімшіл сталиндік социализмнің өмірін ұзарта алмай, ақыры, 1989-1991 жылдары тоталитарлық жүйе кұрдымға кетті. Тарих мұндай қателіктерді кешірмейді, өйткені қиянатка негізделген нәрсе ешуақытта баянды болмақ емес.

Сталиндік социализм негіздерінің бірі болған - коллективтендіру туралы аз жазылған жоқ. Бұл кезінде Кеңес өкметінің "басты жегістігі" ретінде мадақталса, кейінгі жылдары күшпен коллективтендіру зардаптары туралы көптеген құнды еңбектер шықты. Олардың аграрлық саясат тарихыңда алар орны ерекше. Жаңа ғылыми тұжырымдар Қазақстанда казіргі заман міндеттерімен ұштасып, қоғамдық-саяси мәнге ие болуда.

Әйтсе де, 20-30 жылдары қазақ қоғамын аса зор формациялық өзгерістерге әкелген: қазақ шаруаларын жерге орналастыру; шабындық және егістік, жайылымдарды қайта бөлу; ірі бай-кулактарды тәркілеу; көшпелі қазақты отырықшыландыру сияқты саяси-әлеуметтік шаралар тарихына тереңірек үңіліп, олардың қалай, қаңдай жолдармен жүзеге асқаны; қазақ халқы үшін тарихи қажеттілігі және нәтижелері туралы жаңа зерттеулер ұлттық тарихты жаңғырту міндеттерінен туындайды.

20-30 жылдардағы аграрлық өзгерістерді объективті бағалауда Кеңес өкіметінің жаңа экономикалық саясат жағдайыңдағы ауыл шаруашылығын каржыландыру және жеке қожалықтарға салық салу саясатын зерттеу маңызды роль атқарады. Тақырьп өтпелі кезекте қазақ ауылындағы саяси-экономикалық, кұрылымдық өзгерістердің жүзеге асу механизмдерін саралауға, кеңестік тоталитарлық экономикалық жүйенің калыптасу эволюциясьн ашып көрсетуге ұмтылады.

Салық - мемлекеттің өмір сүру кепілі. Салықгың экономикалық және әлеуметтік катынастарды реттеушілік рөлін дәлелдеп жатудың кажеті жоқ. Меншік қатьнастарында түбегейлі төңкеріс жасауды мақсат тұтқан Кеңес өкіметі бастапқыда салықтан мүлде бас тартып, кейін жаңа экономикалық саясатка көшуге байланысты оны қайта енгізді.

Алайда Кеңес өкіметінің салық саясаты алдына өзгеше мақсаттар қойды. Салық әлеуметтік реттегіш рөлін жойып, әртүрлі топтардың мүдделерін бір-біріне карсы қою құралына айналды. Жұмысшы табын дәріптеу шаруалардың мүддесіне карама-қарсы қойылып, салықгық қысымдар жеке шаруашылықтарды индустрияландыруды каржыландыру көзіне айналдырды.

Салық ауыл шаруашылығында жеке шаруашылықтарды күйзелту; коллекгивтік, қоғамдық меншікті калыптастыру функциясын аткара бастады. 1926-1937 жылдарда қабылданған КОКП мен Кеңес өкіметінің ауыл шаруашылығын түбегейлі өзгертуге бағытталған каулы-қарарларын, салықтық ережелер мен мемлекеттік бюджеттерді талдау 20-30 жылдарда жүргізілген терең әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді нақты шындық тұрғысынан бағалауға ыкпал етеді. Баса көрсететін жайт, 20-30 жылдардағы аграрлық өзгерістерге арналған бұрынғы және соңғы кезде жарық көрген еңбектерде көбінесе саяси баға беріліп, олардың қалай жүргізілгендігіне, яғни механизмдеріне көңіл бөлінбегенін атап көрсету қажет. Осындай механизмдердің бірі - салық пен қаржыландыру жүйесі болды.

Диплом жұмысында Қазақстан ауыл шаруашылығына салық салу мен каржы бөлу мөселелерін 3 кезеңге: 1926-1928, 1929-1933, 1933-1937 жылдарға бөліп қарастыру - рыноктық экономикадан жоспарлы шаруашылыққа өту эволюциясын нақты көрсетуге мүмкіндік береді. Салық пен қаржыландыру жағдайы сол кезеңдердегі жүргізілген әлеуметтік-экономикалық саясатпен тығыз байланыста зерттеліп, 1926-1927 ж ж. жер бөлісі, 1927-1928 ж ж. астық дағдарысы, 1928ж ірі бай-феодалдарды тәркілеу, 1930-1932 ж ж. зорлап отырықшыландыру мен коллективтендіру сияқты шараларға салықтың тигізген әсері арнайы талданды.

Отырықшыландыру, босқындарды орналастыру мәселелері қаржыландыру тұрғысынан зерделенді. Сонымен қатар зерттеу жұмысында астық пен ет дайындау шараларына ерекше көңіл бөлініп, оның коллективтендіру механизмі болғандығы және қазақ шаруашылықтарын күйзелтудегі ролі айқындалады.



Тақырыптың өзектілігі - оның тек аз зерттелгенінде ғана емес, қоғамдық-тәжірибелік мәні мен тарихи сабақтастығында.

Қазақстан ауыл шаруашылығында 1926-1937жж. жүзеге асқан түбегейлі өзгерістер тарихын зерттеу, олардың тарихи сабақтарын объективті бағалау-саясатпен, бүгінгі күннің мақсаттарымен тығыз байланысты.

Бұл тақырып республикамызда өтіп жатқан экономикалық реформаларға катысты мәселелерді қозғайды. Өйткені ауыл шаруашылығындағы жекешелендіру процестеріне дұрыс бағыт-бағдар беруде 20-30 жылдардағы аграрлық өзгерістер сабақтарын қатерге алу занды да қажетті құбылыс. Мысалы, Қазақстандағы 1926-1927/28 жылдарда шабындықтарды, егістіктерді және жайылымдарды бөлу деп аталған жер реформаларының сәтсіздігі себептерін анықтау - бүгінгі жекешелендіру кезіндегі ауыл проблемаларын түсінуге жол ашып, жеке меншікті қалыптастыру шаруашылықтық игеру мақсаттарымен ұштастырылмаса, оң нәтиже бермейтіндігі туралы тұжырымның дұрыстығын дәлелдейді.

Қаржыландыру мен салық саясатын байланыстыра карастыру шаруашылықтың қалыпты дамуына ықпал етпейінше, қаржы жинау және қаржыландыру жақсы деңгейде болуы мүмкін емес; экономикадағы өзгерістерді тез арада, жедел өзгерту әлсіз шаруашылықтар жағдайында орасан зор қателіктерге әкеп соқтыратындығы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік туғызады.



Тақырыптың зерттелу деңгейі, тарихнамасы. Көтерілген 20-30 жылдардағы әлеуметтік-саяси, экономикалық қайта құрулар туралы жазылған ғылыми еңбектердің көптігі, олардың Кеңес өкіметінің Казақстандағы саясатын мадақтау бағытында жазылғаны бәрімізге мәлім.

Осы кезендегі аграрлық өзгерістер тарихнамасына объективті талдау Т.Омарбековтың "20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті" атты еңбегінде кең ауқымда жөне О.Мұхатованың докторлық диссертациясында ішінара қарастырылады /2/. Бұл тарихнамалық шолуларда қазақ қоғамын кеңестендірудің қайшылықтарын түсінуге ықпал ететін сталиндік емес,балама (альтернативтік) ғылыми-теориялық еңбектер мен 90-шы жылдардағы жаңаша жазылған зерттеулер сараланған.

Әйтсе де 90жж. жаңаша еңбектердің басым бөлігінде ортақ концептуалдық бағытқа орай өткенді тек сынауға бейімділік байкалады. Аталмыш кезендегі оқиғаларды әр қырынан көрсету және пікірлер плюрализмін есепке ала отыра, 20-30 жж. кеңестендіру мөселелерін ғылыми негізде тұжырымдаған А.Б.Тұрсынбаев, Г.Ф.Дахшлейгер, Ж.Жұмабеков, Б.А.Төлепбаев зерттеулерінің ғылыми және деректік маңызын атап өтеміз. Идеологиялық шектеулерге қарамастан олар әлеуметтік-экономикалық шаралардағы қателіктерді батыл болмаса да көрсетуге ұмтылған. Г.Ф.Дахшлейгер 1926-1927 жылғы жер бөлісінің нәтижелеріне күмән келтіреді.

Өтпелі кезеңдегі экономиканы орнықтыру, оған мемлекеттік көмек мәселелері туралы Дахшлейгер Г.Ф., С.Қ.Жақыпбеков, Ф.Колодин, А.Құсайынов т.б. зерттеулерінде карастырылады. /3/

Салық пен қаржыландыру мәселелеріне қазақстандық тарихшылар А.С.Елагин, С.А.Нейштад, С.Б.Нұрмүхамедов, В.К.Савосько, Р.Б.Сүлейменов пен И.А.Куртовтар /4/ өз еңбектерінде тоқталып өтеді. Бірақ бұл зерттеулер салық мәселесін арнайы қарастырмайды.

Салық саясатына арналған ғылыми зерттеулер Одақ көлемінде баршылық /5/. Алайда олардың көбі - 40-70 жылдарда жарық көргендіктен мәселені объективті бағалаудан гөрі идеологиялық кұрсаудан шыға алмаған.

Мысалы, Н Л.Рогалинаның "Налоговая политика Советского государства в отношении деревенской буржуазии до сплошной коллективизации (1926-1929 гг.), В.А.Цыбульскийдің "Налоговая политика в деревне в первые годы НЭПа", В.П.Даниловтың "Советская налоговая политика в доколхозной деревне" сияқты еңбектерде осындай бағыт басым. Сонымен қатар, бұл еңбектердің көпшілігі колхоздастыру кезеңіне дейінгі салық саясатын карастырумен шектеліп, 1930-1938 жылдардағы салықтық қатынастарға тоқталмайды. Ең бастысы, аталмыш зерттеулерде салық саясатының орыс деревнясына ыкпалы ғана сөз болады. Ал Кеңес өкіметінің салық саясатының Қазақстан сияқты өзгеше экономикалық-әлеуметтік кұрылымы бар аймақтардағы жүзеге асуы туралы мәселелер қарастырылмаған.

Алайда бұл мәселе туралы нақты зерттеулер 80-жылдарға дейін жоқтың қасы болды. Бірлі-жарым еңбектердің қатарындағы Ө.Алдабергеновтың "Проведение продналога в 1921-1925 гг. в Казахстане и его роль в укреплении союза рабочего класса с крестьянством", М.Елеужанованың

"Продналоговая компания в Казахстане (1921-1922 гг.)" атты зерттеулері /6/ жаңа экономикалық саясаттың алғашқы жылдарындағы азық-түлік салығы мәселелерін ғана қамтығанын көруге болады.

Салық саясатының Қазақстан ауыл шаруашылығына тигізген әсері туралы алғашқы салиқалы ғылыми зерттеу, бүгінде белгілі тарихшы Ж.Б.Әбілхожиннің /7/ үлесіне тиді. Оның "Кеңес мемлекегінің 1921-1929 жылдардағы Қазақстан ауыл-селоларына салық салу саясаты" деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясы бұл бағыттағы іргелі еңбектердің бірі боп саналады.

Алайда бұл зерттеуде идеологиялық ыкпалдан сырт қалмаған. Онда автор салықтың ауыл-деревнялардағы әлеуметтік реттегіш функциясына ерекше көңіл бөліп, оның патриархалды қазақ шаруашылықтарын ұсақ товарлы шаруашылыққа айналдырудағы рөлін ерекше бағалайды. Сөйтіп, салық қазақ ауылын орташаландыруда негізгі құрал болды деп көрсетіледі.

Шындығында, 1926-1927 жылғы қазақ ауылының әлеуметтік құрылымында орташалардың тіпті аз, кедей шаруашылықтарының көптігін /8/ есепке алсақ, Әбілхожинше, қазақ шаруашылықтары өркендеген боп шығады. Ал тарих шындығы қазақ шаруашылықтарының 1930-1932 жылдары жағдайының бұл тұжырымға сәйкес келмейтінін көрсетеді.

Сонымен қатар, ғалым салық саясатын КОКП мен Кеңес өкіметінің ұлт саясатының маңызды кұрамдас бөлігі ретінде қарастыра отырып, қазақ сияқты артта қалған халықгың экономикасын көтеруге қызмет етті деген пікірге тоқталады. Сондықган бұл еңбектің кейбір теориялық пікірлері мен қорытындыларымен келісуге болмайды. Мұнда салықтық Ережелердің Қазақстанның көшпелі мал шаруашылығы жағдайында жүзеге асу қиындықтары мен қайшылықгары туралы мәселелер тереңдеп қарастырылмайды. Товарлы егін шаруашылығына икемделіп жасалған салық зандарының ауқатты шаруаларды тежеуге бағытталған шарттарының қазақгың экстенсивті, натуралды шаруашылығы үшін ауырлығына назар аударылмайды. Автор салық ауқатгы шаруашылықтарды тежеп, орташа шаруашылықтарды көбейтті деген ресейлік тұжырымды қайталайды. Шындығында Ресейде солай болғанмен Қазақстанда жағдайдың мүлде басқаша болғандығы сіздерге ұсынылып отырған диполом жұмысында мазмұнында талқыланады.

Ж.Б.Әбілхожиннің зерттеу жұмысы 1929жылмен шектелгендіктен коллективтендіру, отырықшыландыру кезіндегі салықтық зобалаң айтылмайды. Алайда, автордың соңғы жылдардағы аграрлық экономикалық тарихқа арналған фундаментальды еңбектерінде /9/ бұл тұжырымдар кайта қаралып, объективті бағаланады.Ұсынылып отырған жұмыс салық саясатының бір жақты қаралған мәселелеріне баса назар аударып қана қоймай, оның шеңберін 1937 жылдың аяғына дейін жалғайды.

Баса көрсетегін бір жағдай, Кеңес өкіметі жылдарында жарық көрген аграрлық тарихка арналған еңбектерде қаржыландыру мәселесі арнайы зерттелмеген. Соған карамастан, қаржыландыру тек экономиканы көтеруге қызмет етті, салықтық төлемдердің кайтарылымы жоғары деңгейде болды деген пікірлер қалыптасты.

Кеңес өкіметінің қаржы саясаты нақты талданбады. Бюджеттік түсімдер мен шығыстардың арасалмағын анықтауға жете көңіл бөлінбеді. Сөйтіп, Кеңестік тарихнама 20-30 жылдардағы салық пен қаржыландыру мәселелерін зерттеуде кенже қалып, идеологиялық шеңберден аса алмады. Осыған орай біз 1926-1937 жылдардағы ауыл шаруашылығындағы салық саясаты мен қаржыландыру мәселесін жаңаша зерделеп, идеологиялық көлеңкеден аршып, тарихи танымға негізделген методология түрғысынан көрсетуге ұмтылыс жасадық.


Диплом жұмысының мақсат-міндеттері. Зерттеу 1926-1937 жылдардағы Қазақстан ауыл шаруашылығын социалистік негізде қайта құру мақсатында жасалған солақай, жедел әлеуметтік-экономикалық шараларды қаржылаңдыру және салық салу саясатын объективті, шынайы зерттеуді көздейді. Осыған байланысты зерттеу жұмысының міндеттері төмендегі мәселелерді қамтиды:

- Кеңес өкіметі кабылдаған салық туралы заңдарға тарихи талдау жүргізіп, оның қазақ шаруашылықтарына тигізген әсерін анықтау;



  • Коллективтендіруге дейінгі Қазақстан ауыл шаруашылығын қаржыландыру және салық салу деңгейін зерттеу арқылы Кеңес өкіметінің ұлттық саясатының мәнін ашу;

  • Жаңа экономикалық саясаттан әкімшіл-әміршіл экономикаға көшудің себептерін талдау арқылы астық және ет дайындаудағы күштеу әдістерінің қазақ шаруашылықтарын күйзелту құралына айналғанын экономикалық талдау арқылы ашып көрсету;

  • 1929-1937 жылдардағы салық саясатындағы өзгерістердің жеке шаруашылықтарға қысым жасау құралы болып, коллективтендіру механизміне айналғанын нақгы статистикалық мәліметтер негізінде зерттеу;

- Көшпелі қазақтарды зорлап отырықшыландырудың әкімшіл-әміршіл басқаруға көшуді жеделдету мақсатында жасалған волюнтаристік сипатын, оны қаржыландырудағы қателіктер қазақ шаруашылықтарын толық күйзеліске ұшыратканын дәлелдеу;

  • Кеңес өкіметінің Қазақстандағы коллективтендіру саясатының сәтсіздікке ұшырауын қазақ босқындарын орналастыру деген шарамен қайталануымен байланыстырып, оны объективті құбылыс ретінде бағалау;

-1933-1937 жылдардағы Қазақстан ауыл шаруашылығын социалистік негізде кайта құрудың зорлық әдістері арқылы жүзеге асқанын салық саясаты арқылы айқындау.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы

- Диплом жұмысында 1926-1937жылдардағы салықтық Ережелерге талдау жасалып, ғылыми айналымға енгізілді. Ауылшаруашылық салығынан басқа өзіне-өзі салық, мәдени алым,уақытша салықтардың салыну механизмдері көрсетілді.

Салық саясатының Қазақстан көшпелі шаруашылығы ерекшеліктерін ескермеуі оның коллективтендіру құралына айналуы ғана емес, дәстүрлі мал шаруашылығын күйзелтуге әсер еткені жаңаша тұжырымдалды.

- Зерттеуде 1928жылдан басталған ауқатты шаруаларға салынатын салық қысым Қазақстанның көшпелі, натуралды шаруашылығы жағдайында заңсыздықтармен ұласып, орташа шаруаларды да камтып, әу бастан экономикалық жағынан әлсіз колхоздардың құрылуына әсер еткені көрсетілді. Олар салықгық жеңілдіктерге қарамастан қалыпты шаруашылық жүргізе алмады.



  • Қазақ шаруашылықтарының күйзелуін тек отырықшыландыру мен коллективтендіру нәтижесі деп қарастырмай, оны салықтық қысымдар нәтижесінде 1929-1930жылдары-ақ басталғаны туралы қорытынды жасалады.

  • Салық саясаты астық, ет, басқа да ауыл шаруашылық өнімдерін дайындаудың күштеу механизмдерін іске қосып, шаруашылықтарды күйретуге қызмет еткені ғылыми талдау негізінде дәлелденді.

- Кеңес өкіметінің Қаазақстандағы қаржыландыру саясатының бюджеттік қызметті дамытуға емес, қаржы сору мақсатына бағындырылғаны көрсетілді. Салықтық кірістер бюджеттің жартысынан астамын құрап, орталықтан каржыландыру деңгейі өте төмен болғаны атап көрсетілді. Кеңестендіру шаралары халық есебінен жүргізілгені туралы қорытынды жасалды.

- Салық саясатындағы асыра сілтеулер күштеу механизмдерін іске қосып, тәркілеудің Қазақстанда бірнеше дүркін жүргізілгені көрсетілді: 1928жылы қаңтар-сәуір аралығында Семей губерниясында, 1928жылы 27 тамызда республика көлемінде, 1930 жылы бай-кулактарды жаппай жою шаралары барысында жүзеге асты.

- Салық жөне қаржыландыру түрғысынан әртүрлі әлеуметтік-экономикалық шаралар қайта бағаланды. 1926-1927жж. реформаларының қажеттілігі жөне тиімділігі болмады, оның шаруашылықты дамытуға емес, қазақтардың жерін қысқарту арқылы таптар күресін, яғни бай мен кедейді жауластыру мақсатында жасалып, голощекиндік "Кіші Октябрь" төңкерісін жүзеге асыруды көздегені туралы қорытынды жасалды.

- Қазақ босқындарын орналастыру деген атпен жалғасқан коллективтендіру Кеңес өкіметінің әлеуметтік-экономикалық шараларының Қазақстан жағдайында сәтсіздікке ұшырағаны дәлелденген. Отырықшыландыру мен коллективтендіру 400мыңнан аса қазақ шаруашылықтарын жойып, 2миллионнан аса қазақтың кұрбандығымен жүзеге асты.



Зерттеудің тәжірибелік маңызы - Қазақстан ауыл шаруашылығындағы әкімшіл-әміршіл жүйенің қалыптасуын жаңа бір қырынан - салық саясаты тұрғысынан қарастыру арқылы жаңаша жазылған еңбектер қатарын толықтырады.

20-30жылдарда жүргізілген аса зор кұрылымдық өзгерістердің нақты шындығын ашып көрсету арқылы оның объективті емес, қолдан жасалған жасанды құбылыс болғандығы жөніндегі тұжырымдар XX ғасыр басындағы казақ қоғамының тарихи жағдайын терең түсінуге жол ашады.

Салық саясатына байланысты тұжырымдардың тәжірибелік маңызы зор, ол казіргі кезеңде жүргізіліп жатқан реформаларды түсінуге мүмкіндік береді.Диплом жұмысының негізгі тұжырымдарын 20-30 жылдардағы аграрлық-экономикалық тарих бойынша арнаулы курстарды дайындауға, Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәнін оқытуға пайдалануға болады.

Зерттеудің методологиялық негізі - шыншылдық, объективтілік, сабақтастық, тарихилық сияқты идеологиядан азат, ғылыми таным принциптерін басшылыққа алады.

Өткенді талдауда кінәлілер мен қателіктерді көрсетіп қоймай, оны себептерін анықтау арқылы тарихи шындықты көрсету мақсаты қойылады.

Зерттеу жұмысы сонымен қатар, 20-30 жылдардағы саяси-экономикалық өзгерістерді қазіргі күн талабына сөйкес бағалауға болмайтыны басты назарға алынады. Халқымыздың басынан өткен драмалық кезеңдерді зерттеуге біржақты бағадан аулақ болу қажеттігін ескере отырып, тарихи оқиғалар сол кездегі саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайларға байланысты қарастырылады.

Ең бастысы, қазақ ауылында жүзеге асқан кеңестендіру шараларының адами мазмұнын, оларды халықтың, ұлттың өмірі мен дүниетанымдық көзқарасы тұрғысынан қарастыру бағытында альтернативтік даму бағыттары талданады. Алайда, пролетариат диктатурасы кезінде альтернативті даму мүмкін еместігі, индустрияландыруды жеделдету - міндетті түрде зорлықсыз болуы мүмкін болмайтындығы, ол үшін сталиндік стратегиядан бас тарту керектігі туралы методологиялық түжырым негізге алынады.



Тақырыптың хронологиялық шеңбері жаңа экономикалық саясат пен жоспарлы экономика аралығындағы өтпелі кезең 1926-1933жылдар аралығын қамтиды.

1925 жылы қабылданған жедел индустрияландыру бағытының 1928 жылдан бастап жүзеге аса бастауы рыноктық экономиканы жоспарлы жүйемен алмастыру процесіне біртіндеп жол ашты.

Жаңа экономикалық саясаттан ресми түрде бас тартылмаса да жедел индустрияландырудың әлсіз жекеше шаруа қожалықтарына сүйенуі "НЭП-тік" экономиканы шайқалтып, әкімшіл-әміршіл әдістерді күшейтті.

Осы кезенде Қазақстанда жүргізілген терең әлеуметтік-экономикалық өзгерістер осы бағыттан тікелей туындады. Әкімшіл-әміршіл басқаруға негізделген жоспарлы экономиканы қалыптастыру барысында қазақ қоғамын кеңестендіру мақсатын қойған: шабындықтар мен жайылымдарды және егістіктерді бөлу, ірі бай, жартылай феодалдарды тәркілеу, жедел зорлап отырықшыландыру сияқты волюнтаристік шаралар жүзеге асты.

Сөйтіп, кеңестік тоталитарлық экономикалық жүйенің қалыптасу эволюциясын сараптау қазақ ауылындағы құрылымдық өзгерістердің жүзеге асу механизмдерімен байланыстырылады.

Зерттеу жұмысының кұрылымы кіріспеден, екі тарау мен қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланған деректер мен әдебиеттер тізімі берілген

ТАРАУ I. 1926-1928 ЖЫЛДАРЬІНДАҒЫ ҚАЗАҚ АУЫЛЫНДАҒЫ

САЛЫҚ САЯСАТЫ

I.I. Жаңа экономикалық саясат тұсындағы салық және казақ шаруашылыктары
Салық жүйесі - мемлекеттің өмір сүру кепілі. Оған адамзат тарихы куә."Қоғамдық келісім-шарт" негізінде пайда болған мемлекет пен салық жүйесі бөлінбес дүние.

Қазіргі Батыс мемлекеттеріндегі сындарлы салық жүйесі өз бастауын сонау орта ғасырлардан, бір орталықтанған мемлекеттердің калыптасу кезеңінен алады. Француз абсолюттік монархиясы аталары: король Генрих IV мен кардинал Ришелье мемлекетті нығайтудың және экономиканы өркендетудің нақты жолын - шаруаларға салынатын салық мөлшерін азайту арқылы жүргізген болатын. Одан кейінгі сан ғасырлық адамзат тарихы бұл шараның дүрыстығын дәлелдеді.

Батыстық либералдық экономика жүйесінің негізін салушы, ағылшын классикалық экономияссының көрнекті өкілі А.Смит те салықты қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды реттеу құралы ретінде қарастыра келіп, оның көлемі өндірушіге қиындық туғызбайтын аз мөлшерде болғанда ғана экономиканы көтеруге қызмет ететінін айтқан болатын /10/.

Кеңес өкіметі де салық саясатында дәстүрлі мақсаттарды алдына қойды. Алайда азамат соғысы жылдарында салық орнына азық-түлік салғырты қолданылып, салық жүйесінің қалыптасуы жаңа экономикалық саясатпен тығыз байланыста болды. Салғырттан кейін енгізілген азық-түлік салығы, бірыңғай натуралдық салық шаруашылықты қалпына келтіруде үлкен рөл атқарды.

Қазақ ауылының кеңестік салық жүйесіне тартылуы 1922 жылдан басталды. 1922 жылы 17 наурыздағы Бүкілодақтық Орталық Аткару комитеті мен РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің "Ауыл шаруашылық өнімдеріне бірыңғай натуралды салық" атты декреті шықгы. Осыған байланысты РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің арнайы шешімімен бұл салықка 1922-1923жылдан бастап мал шаруашылығы аудандары тартылды. Бұл салық Қазақстанда 131,91% мөлшерінде артығымен орындалды /11/.

1923жылы БК(б)П ХІІ-съезі салық жүйесіне өзгеріс енгізілді. Бұрынғы натуралдық және ақшалай салықтар орнына 1924 жылдың қаңтарынан бастап бірыңғай ауыл шаруашылығы салығы енгізіліп, ол ақшалай және заттай алынуы шарт болды. Жалпы ауыл шаруашылығы салығының енгізілуі салық жүйесінде алға басқандық болды, шаруаны ынталандыруда үлкен роль атқарды. Айта кетегін бір осы салық малды аймақтарға тек ақшалай түрде енгізілді.

Салықтың ақшалай алынуы салық жинаушылардың жұмысын жеңілдету мақсатына жасалғаны көрініп-ақ тұр, өйткені натуралды салықтан түскен малды сату қосымша шаруа екендігі рас. Осыны біле тұра өкіметтің базары жоқ, жол торабынан шалғайдағы қазақ ауылдарынан ақшалай салық алуын қалай түсінуге болады? Бұл натуралды, тұйық қазақ шаруашылықтары үшін тиімсіз шара болды. Тарихшы Ж.Әбілхожин мұны қазақ шаруашылықтарында товар-ақша қатынастарын дамыту, оны ұсақ товарлы шаруашылыққа айналдыру мақсатында жасалған шара деп көрсетеді /12/. Бұл тұжырыммен әбден келісуге болар еді, бірақ жақын жерде базары жоқ қазақ үшін малын ақшаға айналдыру өте қиын іс болды. Ешқандай сауда орындары жоқ ауылда мал өнімдерін алыпсатарға тегінге өткізуге мәжбүр болып, ауыл шаруашылығы салығын төлеу үшін қазақтар біраз малынан айырылды. Сөзіміз дәлелді болу үшін БК(б)П Ақтөбе губерниялық комитеті хатшысы М.М.Беккердің 1926 жылы Голощекинге жазған хатынан үзінді келтірейік. Ол жерді пайдалану мәселесі орыстар мен қазақтар арасында ұлтаралық жанжал туғызып отырғанын айта келіп, "...темір жолдан 500-600 (верст) қашықтағы казақ шаруашылықтары экономикалық жағынан әлсіз, өйткені онда товарлы шаруашылық жоқ, қазақтар өз өнімдерін құнының 50-75 процентіне алыпсатарға өткізеді, керісінше, өнеркәсіп заттарын 3-4 есе қымбатқа алады. Мұның өзі қазақтың орыстарға экономикалық тәуелділігін арттырып, қарама-қарсылық туғызып отыр" - деп жазған /13/.

Кеңес өкіметі енгізген тұтыну кооперациясы қазақ шаруаларын толық қамти алмады. 1926 жылы КСРО көлемінде оның деңгейі 7,5 процент болса, РКФСР-де 8,0 процент, Қазақстанда 7,0 процент, оның ішінде орыс түрғындары 9,4 процент, қазақтар 3,3 процент қамтылған. Қазақ шаруашылықтарын қамтитын тұтыну кооперативтері жалпы кооперативтердің 10,9 проценті болса, өзге ұлттарды қамтитын кооперативтер 38,8 процент болды.

Сырдария губерниясындағы тұтыну кооперациясының жағдайын мына мәліметтерден көруге болады: Шымкент уезінде тұратын халықтың 85 процентін құрайтын қазақ пен өзбектер үшін 93,513 сомға товар жіберілсе, 15 процент орыстарға - 118, 150 сомның товары жіберіледі.. Әулие-Ата уезінде де осындай жағдай: 85 процент болатын қазақ пен өзбекке - 16,762 сомның товары, 13 процент болатын орыстарға - 75,721 сомның товары жіберілген /14/.

Бұдан Кеңес өкіметі казақ шаруашылығын өркендету мәселесіне аса көңіл аудармағаны көрініп тұр.

Сонымен катар, салықтың ақшалай енгізілуінің кеңестік салық жүйесінің түпкі мақсаттарымен ұштасып жатқанын баса көрсетуіміз керек.

Кеңес өкіметі өзінің салық саясатында мынандай мақсаттарды қойғаны мәлім:



  1. кедей және орта шаруаның экономикалық мүмкіндігін арттыру;

  2. бай-кулактардың шаруашылығын тежеу;

  3. жеке шаруашылықтың коллективтік шаруашылыққа айналуын тездету.

Яғни,Қазақстан жағдайында бай-кулакты тежеуге бағытталған салық саясатының кедей және орташа шаруаны шарпымауы мүмкін емес. Оның үстіне "Бірыңғай ауыл шаруашылығы салығы туралы" ережеде салық төлеу процесінің өзі қым-қиғаш. Әуелі шаруа қожалығының жылдық кірісін анықтау керек. Ал, әрбір ат-көлік, қой, сиыр, ұсақ мал мен егістік жерден түсегін кірісті (пайда) дәл анықтау мүмкін емес еді, өйткені түсегін өнімнің тең жартысынан көбі ішіп-жеу үшін пайдаланылады. Жоғарыдағы келтірілген мысалда малы аз қазақтардың кіріс алынуынан ішіп-жеуге жұмсауы көп сияқгы. Ереже бойынша шаруашылықтан түсегін. кіріс-пайда өкімет заңдандырған "кіріс мөлшері" бойынша анықталады, жылма-жыл "орташа кіріс мөлшері" бекітіліп, жергілікті жерлерге жіберіледі, бұл мөлшерді егістік жер көлеміне немесе мал санына көбейтіп, төлейтін салық шығарылады. Ал, жергілікті органдар Кеңестердің округтік атқару комитеттері сол жердің жағдайына байланысты кіріс мөлшерін өзгертуге құқы болды.

Қазақстанның натуралды мал шаруашылығы жағдайы ескерілмеген бұл заң, әрине, қазақ шаруасы үшін аса тиімді болмады. Өйткені, шалғайдағы шаруашылықтың кірісі аз, рентабелсіз екендігін Өлкелік партия комитегінің бюро мәжілісінде мойындалды. Оның үстіне Қазақстан өкіметі жергілікті ерекшеліктерді ескерегін "кіріс мөлшерін" жасақтауға кеш кірісті. Оған Н.Нұрмақовтың бюро мәжілісіндегі сөйлеген сөзі куә: "... Бұл мәселемен бұрын ешкім айналыспағандықтан оған өзгерістер енгізуге қазір еш мүмкіндік жоқ. Қазақстанның жағдайына икемделген шарттарды жасақтау үшін ауыл шаруашылығы салығы туралы декретті тоқтату қажет. Бұл үшін қажетті ақпарлардың жоқтығы да қол байлау болды".

"Кіріс мөлшерін" губерниялар бойынша жасақтау 1927жылы аяқталды. Осыған қарамастан 1925-1926 жж. ауыл шаруашылығы салығын жинаудан 9.976,5 мың сом/15/ түсті. Бұл жалпы сома. Төмендегі кестеге қарап, біз салық ауыртпалығының орташа және ауқатты шаруалардың мойнына түскенін көреміз:
Кесте №1. Қазақ шаруашылықтарының әлеуметтік жіктелу топтары мен олардың үлес салмағы

Мал санына байланысты шаруашылық топтар

Жылдар жөне үлес салмағы процент



1924-25

1925-26

1926-27

1927-28

5 бас ірі қара

75,3

64,5

56,1

56,1

5 -20 бас

23,5

31,9

37,8

37,0

20 -50 бас

1,0

3,0

5,0

5,6

50 бастан жоғары

0,2

0,6

1,1

1,3




100,0

100,0

100,0

100,0

Ірі-қараға шаққанда 5бас малы барлар 1925жылдың 3-ші шілдесінде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің шешімімен салықтан мүлде босатылған еді.

Сонда 1925-26жж. түскен 2,270мың сом салықты қазақ шаруашылығының 0,6 процентін құрайтын ауқатты топтар мен 34,9 процентін құрайтын орташа шаруалар берген.

1926-1927жылы шаруашылықтың 6процентін құрайтын ауқаттылар салықтың 54,6процентін бергеніне күмән келтіруге болмайды. Бұл топтағылардың салығы 1926 ж. 66-109 процентке өскен. Бұл өте жоғары салық, өйткені 6 проценттің 5 проценті -20 бастан 50 басқа дейін малы бар орташа шаруашылықтар.

Ал, салықтың қалған 45,4проценті 5 бастан 20 басқа дейін малы бар орталау шаруаның мойнына түскен, бұл топтағылардың салығы 47 процентке дейін жоғарылаған. Салықтан мүлде босатылған қазақ шаруашылықтары 1925-1926 жылы 60,5 процент болса, 1926-1927 жылы -62,8процентке жеткен.Бұл көрсеткіш С.Садуақасовтың пікірінше дұрыс емес. Осы жылы барлық қазақ қожалақтары 700 мың, ал салық төлегендері — 387 мың дей келіп салықтан босатылған қазақ қожалықтары — 49,5 % деп көрсетеді /16/. Осы мәліметтерге және жоғарыда келтірілген қазақ шаруашылықтарының әлеуметтік жіктелу топтары көрсетілген кестеге сүйене отырып, салық саясаты өзінің кедей және орташа шаруаны жегістіру мақсатын 1925-1927жылдарда орындай алмаған деген қорытынды жасаймыз.



Соңғы екі жылда бір - топтағы шаруашылықтар тіптен азаймаған, екінші топтағы шаруашылықта көп өзгеріске ұшырамаған. Натуралды шаруашылықтың қаймағы бұзылмай, салық жеңілдіктеріне қарамастан кедейдің өсімі ішіп-жеуінен ауыспаған. Кеңес өкіметі мал шаруашылығын товарлы шаруашылыққа тартуды, жол салу, кооперацияны дамыту, қаржыландыру сияқты әлеуметтік-экономикалық көмектен бастаса, жағдай басқаша болар еді.
Кесте №2. 1926-1928 жж. ауыл шаруашылығын жергілікті бюджеттен қаржыландыру жағдайы /17/ (мың сом)




1926-27

1927-28

Кіріс: Ауыл шаруашылық салығы

8.435,4

8.127,4

Шығыс: Ауыл шаруашылық қаржыландыру

1741,0

2299,4

% (шығарылуы )

20,6

28,2

Мұнда салықтың басқа түрлерін есепке алмағанның өзінде ауыл шаруашылығын қаржыландыру түсімнің аз ғана бөлігін қамтып тұр. Бұл салықтың қайтарылымының мардымсыздығын көрсетеді.

Енді ауыл шаруашылығы салығының Қазақстанның жер шаруашылығы аймақтарында жүзеге асуын қарастырайық. Салынатын салықтың "кіріс мөлшері" астық, дәнді дақыл, бау-бақша өнімдері үшін жоғары болуына байланысты егістік алқабы бар бір шаруашылық төлейтін салығы 16,2 сом, мал өсірегін шаруашылық 7,6 сом мөлшерінде төленді. Орташа кірістері де осыған сөйкес: 216,4 сом; 128,8 сом. Бұл көрсеткіштер орыс шаруашылығының анағұрлым қуаттылығын көрсетсе, салықтан босатылған шаруашылықтар пропорциясы да (1927-28 жж.) 23,0 процент: 52,1 процент /28/ қазақ шаруашылығының әлсіздігін дәлелдейді. Тарихшы М.Асылбеков пен Ә.Ғалиевтің Қазақстандағы орыс шаруашылығының 7проценті, ал қазақ шаруашылығының 2,6 проценті /18/ жалдамалы еңбек пайдаланған деген мәлімегіне сүйенсек те, осындай тұжырымға келеміз. Осыған қарамастан ауыл шаруашылығы салығының ауқатты топтары үшін ауыртпалығы қазақ байы үшін ауырлау. 1926-1927жылы салық төлеуші 6 процент байлар салықтың 54,6 процентін төлесе, отырықшы жер шаруашылығында - 22 процент ауқаттылар салықтың 65 процентін /19/ берген. Ал Одақ бойынша салықтың мөлшері: кедей шаруа үшін -1,83 сом, орта шаруа - 13,25 сом, кулак -63,6 сом болған /20/. Ауыл шаруашылығы салығы республикалық бюджеттің негізін құрайтын түсімге айналып, жылма-жыл өсіп отырған. 1924-25жылы 9.976,5 мың сом, барлық салықтың 59,2проценті; 1925-26жылы 7,713 мың сом - 42,2процент (салықтың жаңа ережесіне байланысты азайып отыр); 1926-27 жылы 11.198,3 мың сом _ 43,3процент; 1927-28 ж. да 11,175 мың сом көлемінде болған. Бұл салықтың түсімінің жоғары деңгейін көрсетеді. 1925-26 жылы шаруашылық кірісінен алынатын салықтың процент мөлшері (процент изьятия дохода) РКФСР-да 3,7процент болса, Қазақстанда - 4,8процент (мал шаруашылығында -4,1процент: егін шаруашылығында - 5,5процент; 1926-27 жылы 5,1 процент; 1927-28 жылы - 6,1 процент болған.

Ауыл шаруашылығы салығының "кіріс мөлшері" бойынша салынатын түрі өзінің мөлшерлі сипатына қарамастан 20-жылдар жағдайында экономикалық жағынан кейінгі жаппай коллективтендіру кезіндегі түріне қарағанда тиімді болғанын айту керек. Салық шарттары жеке шаруа үшін белгілі бір дөрежеде әділетті болады, яғни салық мөлшері шаруашылықтың күш-қуатына қарай салынды. Сондықтан ауқатты шаруа көп, кедей шаруа аз төледі. 1928 жылға дейін салық шаруашылықтың жылдық кірісінің жан басына шақкандағы мөлшерінен алынды /едоцкий принцип/.

Бір адамға келегін кірістің алғашқы 20 сомның бір сомына екі тиыннан салық салынды. Ал 20сомның үстіндегі артық соманың әрбір сомына төмендегі мөлшерде салынды: 20-30 сом - 3 тиын, 40-50 сом - 10 тиын, 30-40 сом - 5 тиын, 50-60 сом - 17 тиын /21/. Бұл көп балалы семьяларға тиімді болды. Сонымен қатар, салық салынбайтын минимум мынандай шаруашылықтарға берілді:


  • құрамы 1-2 адам, жылдық кірісі - 90 сом;

  • құрамы 3-4 адам, жылдық кірісі - 100 сом;

  • құрамы 5 және одан жоғары, жылдық кірісі - 110 сом.

Колхоздар жылдық кірісінің әр сомына 5 тиыннан, коммуналар -4 тиыннан салық төледі. Осы жеңілдіктердің пайдаланатын шаруашылықтар 1925-26ж. Өлкелік партия комитегінің есебінде көрсеткендей, 557,951 болып бүкіл шаруашылықтар санының /1.099453/-52,8 процентін құрады. Ал салық сомасының 20,6 проценті - 1,886 мың сом жеңілдіктерге байланысты есеппен шығарылды.

1924-27 жылдардағы ауыл шаруашылық салығынан босатылған

шаруашылықгар динамикасын көрсетейік:

1924-25 ж. 32,7 процент; 1925-26 ж. - 33,8 процент; 1926-27 ж. 34,6

процент. Бұл көрсеткіш одақ бойынша 35 процент болды.

1927-28 ж. - 37процент, сөйтіп салықтың жан басына салынатын түрі экономиканы тұрақтандыруға әсер етті деген қорытынды жасауға болады.Осыған орай төмендегі кестені келтірейік.

Кесте №3. 1925-1928 жж. ауыл шаруашылығының даму динамикасы


Жылдары

Егістік жер көлемі

мал басы

А/ш жалпы өнімі

А/ш товарлы өнімі

А/ш салығы

1. 1924-25

100,0

100,0

100,0

100,0

100,0

2. 1925-26

132,1

109,9

138,6

142,3

68,5

3.1926-27

146,2

120,6

147,0

200,9

102,0

4. 1927-28

154,5

132,1

144,1

177,0

106,3

Қазақ Орталық Аткару Комитетінің есебінде егістік жер көлемінің ұлғаюы 1927-1928жылы 1924-25жылғымен салыстырғанда 54,5 процент өскен деп көрсетсе, Онищенко К.Т. 1929 ж. "Қазақстан Халық шаруашылығының 1927-28жылғы қысқаша шолуында" егістік жер көлемі 1925 жылғы 3072,5 гектардан 3809,4 гектарға /22/ жеткенін, яғни, 24 процент өскенін көрсетеді. Осындай ретсіздіктерге қарамастан бұл көрсеткіштер егістік жер көлемінің өсу динамикасын көрсетеді.

1927 жылы Қазақстанда мал басы 38499,7 мыңға /23/ жетіп, 1916 ж. деңгейден 35,000 мың бастан асып түсті.

Коллективтендіруден бұрынғы 1925-26 - 1927-28 жылдардағы салық жүйесі Қазақстан жағдайын ескермегендігіне қарамастан ауыл шаруашылығының қалыпты дамуына әсер етті. Кеңес өкіметі тарапынан қазақ шаруашылықтарына жүйелі түрде көмек те берілмеді, бірақ, бір жақсысы, шаруашылық жүргізу еркіндігіне кедергі қойылмады. Мұның өзі жақсы нәтиже берді.1927жылдың аяғында КСРО шеңберінде қалыптасқан астық дағдарысы Кеңес өкімегін бұрынғы саясатынан бас тартқызды. Осыған орай, салық салу жүйесі де өзгеріп, жеке шаруашылықтардың құралына, коллективтендіру механизміне айнала бастады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет