Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері. Тәрбие үдерісін ұйымдастырудың әдіснамалық негіздері
Дәріс жоспары
1. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері
2. Тәрбие үдерісін ұйымдастырудың әдіснамалық негіздері
Дәрістің қысқаша мазмұны:
1. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері. Жалпыадамзаттық және ұлттық
құндылықтар, адам өмірі мен денсаулығы, тұлғаның еркін дамуының басымдықтарын, патриотизмді, еңбексүйгіштікті, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелеуді көздейді.
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы
аясында, отбасылық тәрбие құндылықтары, сондай-ақ оқу және тәрбие процестерінің өзара кірігуі негізінде білім беру процесінің тәрбиелік әлеуетін
арттыруға, оқыту мен тәрбиені кіріктіруге, тәрбие әдіснамасын, мазмұны мен
құрылымын жаңартуға бағдарланған.
Тұжырымдамалық негіздер жаһандану дәуірінде қазіргі адамда қоршаған әлемге технократтық және тұтынушылық көзқарас үстем болатын заманауи қоғам дамуының ерекшеліктерін ескереді.
Осыған байланысты адамзатты ұлттың тұрақты дамуының, рухани әлеуетінің артуына кепіл болатын прогрестің рухани-адамгершілік құндылықтарына, ана тілі мен ұлттық менталитеттің маңыздылығын нығайтуға қайта бағдарлау қажет. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінің мақсаты, міндеттеріне тоқталсақ.
Мақсаты: Білім мазмұнын жаңарту жағдайында балалар мен оқушы жастарды тәрбиелеудің идеологиясы мен стратегиясын анықтау.
Міндеттері:
- білім беру ұйымдары, отбасы және басқа әлеуметтік институттардың күшін біріктіру;
- қоғамның тәрбиенің басым рөлін түсінуіне көмектесу;
- білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде тәрбиенің үздіксіздігі
мен сабақтастығын қамтамасыз ету.
Ұлттың ерекшеліктерін, психологиясын, менталитетін ескермеу, ұлттықмәдени құндылықтар бастауынан алыстау немесе оларды космополитизм мен жалған мәдениет түрлерімен алмастыру – адамның моральдық азуына, қоршаған әлемге агрессиясының артуына, рухани-адамгершілік әлеуетінің құлдырауына әкеліп соқтырады.
Жалпыәлемдік тәрбие жүйесін зерттеу және талдау елімізде біртұтас кешенді тәрбие жүйесін, оның мақсаты мен мазмұнын ұлттық мақсаттар, мәдени құндылықтар мен дәстүрлер, діл ерекшеліктерін ескере отырып, әлемдік озық тәжірибе, заманауи прогрессивті ағымдар, инновациялар үйлесімінде құрудың маңыздылығын көрсетіп отыр.
Туған жерін, халқын сүю және құрметтеу, отбасылық құндылықтарды
қастерлеу, үлкенді сыйлау, кең пейілділік, бауырмалдық, ашықтық, қонақжайлылық, толеранттылық – қазақ халқының діл ерекшелігі болып табылады.
«Мәңгілік Ел» – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негізгі мәні – мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті екендігімен сипатталады.
Мәңгілік ЕЛ – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы, барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған құндылық. Бұл құндылықтар - уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі болып табылады. Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі мен Астанасы. Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият. Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен иновацияларға негізделген экономикалық өнім. Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.
Тәрбиенің мақсаты мен міндеттері
Мақсаты: Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде жанжақты және үйлесімді дамыған тұлға тәрбиелеу.
Міндеттері:
1. Жаңа демократиялық қоғамда өмір сүруге қабілетті азамат пен патриоттың қалыптасуына; тұлғаның саяси, құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға; балалар мен жастардың құқықтық санасының өсуіне, оның балалар мен жастар ортасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы тұруға дайын болуына ықпал ету.
2. Тұлғаның рухани-адамгершілік және этикалық принциптерін, оның қазақстандық қоғам өмірінің нормалары және дәстүрлерімен келісілген моральдық қасиеттері мен мақсаттарын қалыптастыруға ықпал ету.
3. Тұлғаның жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға бағдарлануына, ана тілі мен қазақ халқының, Қазақстан Республикасында тұратын этностар мен этникалық топтардың мәдениетін құрметтеуіне ықпал ету.
4. Бала тұлғасын қалыптастыруда ата-аналардың ағарту жұмысын, психологиялық-педагогикалық құзыреттіліктерін күшейтуге, бала тәрбиесі үшін олардың жауапкершілігін арттыруға ықпал ету.
5. Тұлғаның еңбек дағдыларын, экономикалық ойлауы мен кәсіби қалыптасуы мен өзін-өзі іске асыруына саналы қарым-қатынас қалыптастыру, экологиялық мәдениетін дамыту, сондай-ақ коэволюция идеяларын қабылдау қабілетіне және оны күнделікті өмірде басщылыққа алуына ықпал ету.
6. Әрбір тұлғаның зияткерлік мүмкіндіктерін, көшбасшылық қасиеттерін және дарындылығын дамытуды қамтамасыз ететін уәждемелік кеңістік қалыптастыру, оның ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету.
7. Білім беру ұйымдарында көпмәдениетті орта құруға ықпал ету, жалпымәдени мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, тұлғаның өнерде және
болмыста эстетикалық нысандарды қабылдау, меңгеру және бағалау әзірлігін
дамыту.
8. Салауатты өмір салты дағдыларын тиімді меңгеру, дене дамуы мен психологиялық денсаулықты сақтау, денсаулыққа зиян келтіретін факторларды анықтау біліктілігін ойдағыдай қалыптастыру үшін кеңістік орнату.
2. Тәрбие үдерісін ұйымдастырудың әдіснамалық негіздері
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері келесі әдіснамалық негіздерге
сүйенеді:
Құндылықты (аксиологиялық) көзқарас – адамзаттың түсінігімен және рухани-адамгершілік мазмұнымен анықталатын адамның әлемге, өзге адамдарға, өз-өзіне және т.б. қатынасы, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың диалектикалық бірлігіне сүйену.
Антропологиялық көзқарас – тәрбие тақырыбы ретінде адам туралы білімнің барлық деректерін және олардың есебін біртұтас педагогикалық процесті құруда және іске асыруда жүйелі қолдану.
Тұлғалық-бағдарлы көзқарас – өзара байланысты түсініктер, іс-әрекетидеялары мен тәсілдер жүйесіне сүйену, тұлғаның өзін-өзі тану, өзін-өзі
жетілдіру және өзін-өзі жүзеге асыру процесін қолдау, оның дербестігін дамыту.
Қызметтік көзқарас – педагог өз тәрбиеленушілерін мақсат қою және ісәрекетін жоспарлау, оны ұйымдастыру және реттеу, бақылау, өзіндік талдау
және іс-әрекет нәтижелерін бағалауға үйретуі үшін қажет баланың іс-әрекетін
қалыптастыру, таным, еңбек және қарым-қатынас субъектісі позициясына
ауыстыру бойынша арнайы жұмысты талап етеді.
Құзыреттілік көзқарас – тәрбие мақсаттарын анықтаудың, тәрбие процесін ұйымдастыру мен оның нәтижелерін бағалаудың, оқушыларда құзыреттіліктерді қалыптастыру мен олардың табысты әлеуметтенуінқамтамасыз ететін ортақ ұстанымдар жиынтығын ескеру.
Әлеуметтік көзқарас – тұлғаның мақсаты мен міндеттеріне әлеуметтік шынайылықтың ықпалын ескеру, осы ықпалдың адам және қоғамға тигізер педагогикалық салдарлары.
Жүйелілікті көзқарас – нысанды оны құрайтын бөліктердің жиынтығына қосылмайтын және иерархиялық құрылымы бар күрделі құрылыс ретінде қарастыруды көздейді. Жүйелі қарастыру құрылымдық компоненттерді, олардың қызметін бөліп көрсетуді, қызметтік-иерархиялық байланыстар орнатуды, жүйеқұраушы факторларды анықтауды, сыртқы байланыстар талдауын қажет етеді.
Тұтастық көзқарас – білім алушы тұлғасының зияткерлік және рухани-адамгершілік дамуының бірлігін анықтайтын педагогикалық процестің мәнін көрсетеді.
Синергетикалық көзқарас тәрбиені тура себеп-салдарлы байланыстарға негізделмеген, белгілі бір деңгейде өздігімен ұйымдастырылатын процесс ретінде емес, керісінше бір мағыналы емес, заңды және кездейсоқ, болжанған
және стихиялы, ретті және ретсіз сияқты көптеген ішкі және сыртқы ықпалдармен келісілген процесс ретінде қарауға мүмкіндік береді.
Тұжырымдамалық негіздер тәрбие процесінің келесі принциптерін іске асыруды жорамалдайды:
Гуманистік бағыт принципі – педагогтің тәрбиеленушіге өз дамуына жауапты және дербес субъект ретінде бірізді қарым-қатынасы, оның тәрбие процесінде тұлғамен және ұжыммен ізгілікті қарым-қатынас негізінде өзара әрекет стратегиясы.
Жалпыадамзаттық құндылықтар принципі тәрбие рухани-адамгершілік дәстүрлер мен ұлттық және әлемдік мәдениет нормаларына негізделуі қажет
деп сендіреді.
Мәдени сәйкестілік принципі – тәрбие мәдениеттің жалпыадамзаттық құндылықтарына негізделуі және ұлттық мәдениеттердің жалпыадамзаттық
құндылықтары мен нормаларына сәйкес құрылуы тиіс.
Үздіксіздік принципі – тұлғаны тіршілік әрекетінің барлық кезеңінде жанжақты дамыту, оның күші мен қабілетін, кәсіби және жалпымәдени өсуін
барынша толық жүзеге асыруда шығармашылық әлеуеті мен мүмкіндіктерін
байыту.
Табиғи сәйкестілік принципі – табиғат дамуының ортақ заңдарының басымдығы; табиғи және әлеуметтік процестердің өзара байланысы; тәрбие
жұмысында білім алушылардың жынысы мен жас ерекшеліктерін ескеру.
Тұтастық принципі оқу және оқудан тыс қызметтердің кіріктірілуімен қамтамасыз етіледі: оқу қызметі когнитивті құрамдасты қалыптастырады;
сабақтан тыс қызметте эмоционалды-құндылықты мінез-құлық компоненті дамиды.
Этникалық принцип – тәрбиені ұлттық сана қалыптастыруға бағытталған
ұлттық мазмұнмен толтыру, барлық азаматтар үшін ана тілінде білім алу және
қарым-қатынас жасау үшін, дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, рәсімдерді зерттеуге жағдай жасау.
Осы дәріске ағымдық, аралық, қорытынды бақылау бойынша тест тапсырмалары және сұрақтар
1. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінің тәрбие мақс аты мен міндеттерін айқындауын талдау жасаңыз.
2. Тәрбие үдерісін ұйымдастырудың әдіснамалық негіздерін өз көзқарасыңызбен дәлелдеңіз.
3. Тұжырымдамалық негіздердегі тәрбие үдерісінің принциптеріне сипаттама
беріңіз.
|