«Абай мектептері» желісі мектептері
«Абай мектептері» желісіндегі оқу процесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы «27» қарашадағы № 496 бұйрығымен бекітілген Жалпы орта білім беру деңгейінің қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын гуманитарлық бағыттағы мамандандырылған желілік «Абай мектептерінің» 10-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасымен (оқыту қазақ тілінде) жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 27 қарашасы № 496 бұйрығына 9-қосымша, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 115 бұйрығына 392-1 қосымша
Жалпы орта білім беру деңгейінің қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын гуманитарлық бағыттағы мамандандырылған желілік «Абай мектептерінің» 10-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы (оқыту қазақ тілінде)
Оқу бағдарламасы «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 болып тіркелген) сәйкес әзірленген.
Қазақ тілі пәнін оқыту мақсаты – мемлекеттік тілді қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, қазақ әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, шығармашылыққа үйретуге, ең бастысы, орта мектепке сай лингвистикалық білім беру.
«Қазақ тілі» оқу пәнін тереңдетіп оқытудың негізгі міндеттері:
1) қазақ тілін Қазақстан Республикасының аумағында қоғамның барлық салаларында еркін қолдана білуі үшін білім алушының коммуникативтік дағдыларын жетілдіру, еркін сөйлеуге және сауатты жазуға үйрету;
2) мәтіннің типтерін, стилін, жанрын тану үшін мәтінді құрайтын барлық тілдік құралдарды: синтаксистік құрылымдарды, лексикалық бірліктерді, сөздің дыбыстық және морфемдік құрамын тануға үйрету;
3) ауызша және жазбаша мәтінтудыру дағдыларын жетілдіру үшін орфоэпия және орфография нормаларын білу, сөйлеу мәдениетін және шешендік өнерді меңгеру, түрлі стильдер мен жанрларда мәтінтудыру тәсілдерін жетілдіру.
«Қазақ тілі» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:
1) 10-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында – 136 сағат;
2) 11-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында – 136 сағат.
Оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі «Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу жоспарына тәуелді.
Оқу мақсаттары қазақ тілін ғылыми пән ретінде оқитын білім алушыларға мәтінтану мен мәтінтудыру дағдыларын жетілдіру арқылы өмірге қажет функционалды білім беруді көздейді. Мұның өзі орта мектеп деңгейіне сай лингвистикалық білім алуға негізделеді. Оқу мазмұны 3 бөлімнен тұрады:
1) мәтінтану тыңдау және оқу арқылы мәтіннің мазмұнын түсіну, негізгі және қосымша ойды таба білу, мәтін бойынша сұрақтар құрастыра білу, әртүрлі ресурс көздерінен қажетті ақпаратты алумен қатар мәтіннің стилі мен жанрын, мәтіннің типтерін және әр типке тиісті қолданылатын тілдік құралдарын ажырата білуден тұрады;
2) мәтінтудыру мәтіннің мазмұнын айту кезінде орфоэпиялық нормаларды сақтаудан бастап, тіл мәдениетінің талаптарын орындай отырып, шешен сөйлеу деңгейіне жетуді көздейді. Орфография және пунктуация талаптарын сақтай отырып, барлық стильдер мен жанрларда мәтін жаза алу арқылы мәтінтудыру дағдысын жетілдіруді көздейді;
3) әдеби тіл нормалары айту және жазу әрекеті кезінде лексика-грамматикалық нормаларды, оның ережелерін және ерекшеліктерін қатаң сақтауды үйретуді көздейді.
«Мәтінтану» бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:
1) мәтіннің мазмұнын тану;
2) мәтіннің стилі мен жанрын тану.
«Мәтінтудыру» бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:
1) ауызекі сөйлеу және көркем әдебиет стильдерінде айтылым, жазылым дағдыларын жетілдіру;
2) ресми іс-қағаздары стилінде айтылым, жазылым дағдыларын жетілдіру;
3) публицистикалық стильде айтылым, жазылым дағдыларын жетілдіру;
4) ғылыми стильде айтылым, жазылым дағдыларын жетілдіру.
Достарыңызбен бөлісу: |