1.2 КХДР ядролық бағдарламасының тарихи алғышарттары
КХДР ядролық бағдарламасын екі кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең - КХДР ядролық салада негізгі зерттеулерін жүргізіп,сәйкес инфрақұрылым құра бастаған 50 жж. ортасынан 70 жж.аяғына дейінгі аралық.
Екінші кезең – 70 жж. аяғынан бастап қазіргі кезге дейінгі уақыт аралығы. Аталмыш кезең КХДР-дың негізінен өз күшімен ғылыми-өндірістік базаны дамытуымен сипатталады, сондай-ақ осы кезде КХДР елдегі энергетикалық дағдарысты шешу үшін шетелден көмек алуға тырысты.
1947-1950 жж. КСРО жүргізген геологиялық барлауларының нәтижесінде Солтүстік Кореяда 26 млн. тонна уран қоры табылған, ал оның 4 млн. тонасы өнеркәсіптік өңдеуге жарамды. Кеніштер құрылысы басталып, КСРО өз кезегінде КХДР-дан 9 мың тонна моназит рудасын алған болатын. Корей соғысы аяқталғаннан кейін (1950-1953жж) КХДР ядролық саланы зерттеуге ғылыми-техникалық мамандар дайындауды қолға алады, ол үшін 1956 жж. КСРО-мен корей мамандарын дайындау туралы келісімге келді.Олар МИФИ, Бауман атындағы МВТУ, МЭИ-де оқып, Дубнадағы Біріккен ядролық зерттеулер институтында тәжірибеден өтіп отырды. Жалпы 90 жж. басына дейін КСРО-да үш жүзге жуық корей мамандары дайындалған. КХДР-дың өзінде ядролық физика және радиохимия ғылыми-зерттеу институттары ашылған болатын. 1953 ж КСРО-мен атом энергиясын бейбіт пайдалану келісіміне қол қойғаннан кейін Ненбенде (Пхеньянның солтүстігінен 80 км жерде) ядролық зерттеулер орталығының құрылысы басталып, ол 1965 жылы аяқталды. КСРО орталыққа жылу қуаттығы 2 Мвт ИРТ-200 зерттеу реакторын қондырған болатын, Солтүстік Корея оны екі рет жаңартып, жылу қуаттығын 8 Мвт-қа жеткізді. 1991жылға дейін реактор үшін жанар-жағармай КСРО-дан тасылды.Сонымен қатар, КСРО радиоактивті изотоп пен критсборк(100 вт, 10 %-ке байытылған уран қышқылы негізінде) алу үшін 7 камера мен 9 блоктан тұратын радиохимиялық лабороториямен қамтамасыз етті.70 жж. КХДР өзінің ядролық циклын ашу мақсатында белсенді зерттеулер жүргізіп, корей мамандары Ким Ир Сен нұсқауымен ядролық қару жасаудың жобасына кірісті [11].
1974 жылы КХДР Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) құрамына қосылады, осының арқасында Солтүстік Корея ядролық- энергетикалық кешен инфрақұрылым ашу бойынша ашық материалдарға қол жеткізеді.Осы жылы КХДР ядролық қару жасау үшін ҚХР-дан көмек сұрады, нәтижесінде 1977 жылы корейлер қытайлық ядролық қару сынағына қатысады.
1977 жылы КХДР МАГАТЭ-мен тағы да келісімге келіп, Солтүстік Кореяға МАГАТЭ кепілдігімен ИРТ реакторы мен критсборк енгізілді.
1980 жылдан бастап Ненбенде ірі құрылыстың екінші кезегі басталып, КХДР өзінің Магнокс 5 Мвт(электрлі) реакторы мен жылу қондырғыларын өндіру зауытын өздігінен қамтамасыз етуді қолға алды. 1985 жылдан бастап Ненбенде 50 Мвт электр реакторы мен Тэчонда 200 Мвт электр реакторының құрылысы басталған болатын.
Осы жылы КХДР Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қол қояды, себебі бұл КСРО-ның Пхеньянға АЭС –тың 4 блогының (ВВЭР-440) құрылысына көмек көрсетуі үшін қойған шарты болатын. КСРО-мен әріптестік 1991 жылы КХДР атқарылған жұмыс үшін қаржы төлеуге бас тартқанға дейін тоқтамаған болатын [12].
1985-1992 жылдар аралығында КХДР мен МАГАТЭ арасында барлық толық кепілдіктерді қолдану келісіміне келу туралы бірқатар келіссөздер жүргізілді.Пхеньян бұл келісімге қол қою үшін саяси шарттарды, соның ішінде Солтүстік-Оңтүстік қарым – қатынастарын жақсарту шартын қойды. Нәтижесінде тек 1992 жылы 30 қаңтарда ғана Ядролық қаруды таратпау келісім-шарты бойынша КХДР мен МАГАТЭ арасында ядролық қауіпсіздік кепілдігі туралы келісімге қол қойылды. Ал 1992 жылы 9 көкекте КХДР Жоғарғы халық жиналысы бұл келісімді күшіне енгізді.10 көкекте КХДР-ға МАГАТЭ тарапынан техникалық көмек ретінде бұрынғы КСРО-да құрастырылған ядролық жеделдеткіш енгізілді. Бұл КХДР-ға АҚШ пен Оңтүстік Корея тарапынан жасалған күшті қысым еді. Сондай-ақ, келісімге сәйкес Агенттік кепілдігімен Солтүстік Кореядағы ИРТ зерттеу реакторы, 5 Мвт реакторы, ядролық жағармайды сақтау орындары және ядролық өңдеу зауыттарының жұмыстары тоқтатылды.КХДР-дың өз иелігіндегі ядролық материалдар туралы мәлімдемесіне сәйкес, онда 1989 жылы 5 Мвт реакторын тоқтату кезінде бұзылған жанар-жағармай қондырғыларын қайта өңдеу кезінде алынған 100-300 г плутоний бар екендігі белгілі болды.Дегенмен, МАГАТЭ бұл мәлімдеме мен Ненбендегі радиоактивті қалдықтар орнында жүргізілген зерттеулер арасында сәйкессіздіктер бар екендігін анықтады, өйткені бұл зерттеулер КХДР-да ол мәлімдемеген плутоний бар болуы мүмкіндігін куәландырған еді. Пхеньян мәлімдемесі бойынша ядролық емес болып табылатын екі объектке арнайы бақылау орнатуға қойылған талапқа жауап ретінде КХДР 1993 жылы 12 наурызда ЯҚТК-ден шығатынын жариялады. Осыған байланысты, Ресей Солтүстік Кореямен ядролық саладағы әріптестігін үзіп, Синпхо аданындағы жеңілсутек реакторлы АЭС құрылысын тоқтатты.
БҰҰ ҚК 1993 жылы 11 мамырдағы Пхеньянның ЯҚТК- не қайта қосылуына және МАГАТЭ-мен ынтымақтастыққа келуіне үндеуі КХДР тарапынан оның ішкі істеріне араласу және егемендігіне қол сұғу деп бағаланды. Осы жылдың маусымында Солтүстік Корея АҚШ оның ішкі істерге араласпау және күш қолдану арқылы қатер төндірмеу туралы міндеттемелерін алғаннан кейін ЯҚТК-нен шығу туралы шешімінің күшін «жойғанын» мәлімдеді [13]. Пхеньян ЯҚТК-мен ынтымақтастығын одан әрі жалғастыру үшін Корей түбегіндегі әскери---саяси мәселелерді шешу және АҚШ-пен қатынасты жақсарту шартын қойды. КХДР өз территориясындағы жекелген объектерге Агенттіктің бақылаушыларын өткізбеуіне байланысты МАГАТЭ Басшылығы кеңесі бірқатар жобаларды жүзеге асыруда Пхеньянға техникалық көмек көрсетуді тоқтатуды ұйғарды. Осы шешімге орай, КХДР
1994 жылы 13 маусымда Агенттіктің бақылауынан бас тартатынын және МАГАТЭ-ден шығатынын жариялады [14].
Бұл кезде мәселенің ушығуына байланысты Б.Клинтон басқарған американ әкімшілігі КХДР ядролық нысандарын жою үшін әскери күш қолдану мүмкіндігін талқылауға алған болатын.Дегенмен мәселені одан әрі күрделендірмеу мақсатында 1994 жылы 13 маусымда Женевада КХДР мен АҚШ арасында солтүстік корей ядролық дағдарысын шешу туралы келісім өтті, ол бойынша Пхеньянның бүкіл ядролық бағдарламасын тоқтату,
КХДР- ды жеңілсутек реакторлы АЭС құрылысы кезінде мазутпен қамтамасыз ету, ең соңында КХДР-ң МАГАТЭ- мен жасалған келісімі бойынша алған міндеттемелерін қалпына келтіру қарастырылды.Бұл үшін АҚШ Солтүстік Кореяның энергетикалық қажеттілігіне жұмсау үшін жыл сайын 500 мың тонна мазутпен қамтамасыз етуге міндеттелді.
Сонымен қатар, 1995жылы наурызында АҚШ, Корея Респуликасы және Жапония өкілдері қатысқан келісім нәтижесінде жеңілсутек реакторлы АЭС салу мақсатында «Корей түбегіндегі энергетикалық даму ұйымы» халықаралық консорциумы (КЕДО) құрылды, оған кейін ЕО да қосылады.Мұндай типтегі реакторлар «қауіпсіз» болып табылады, оның қалдықтарынанядролық қару үшін керекті материалдар жасау мүмкін емес. 1997 жылдың тамызынан АЭС құрылысы Синпхода басталды, ол 2008 жылы толығымен аяқталады деп жоспарланды.Алайда тараптар келісім бойынша алған міндеттерін аса мұқиат орындамады. Негізгі қаржыны Оңтүстік Корея бөлсе де, КЕДО-да жетекші орынға ие болған АҚШ АЭС құрылысын салуға асықпады.Ол Пхеньянмен келісілген құрылыс мерзімінен әлдеқайда артта қалды. Өз кезегінде АҚШ- ты міндеттерін орындамағаны үшін кінәлаған КХДР әлі де болса, ядролық қару жасау ниетінен арылмаған болып шықты [15].
Осылай тараптар арасында Солтүстік Кореяда ядролық қару бар ма, жоқ па деген мәселе тұрды. Егер АҚШ КХДР- да бірден алтыға дейін ядролық заряд пен олардың бірнешеуін жасауға жетерлік уран бар деген пікірде болса, ресейлік мамандар Солтүстік Кореяны ядролық державалар қатарына қоспады.
Ал, 1998 жылы 31 тамызда КХДР өзінің көп сатылы ракетасын іске қосып, ол Жапонияның үстінен өтіп, Тынық ммұхитына барып құлайды.Осылайша корейлер кез-келген жапон аралына шабуыл жасай алатыны белгілі болды.
Осы жылдың 17 қарашасында АҚШ пен КХДР арасында жоғары дәрежедегі келіссөздердің алғашқы раунды басталды. Бұл келіссөзде Солтүстік Кореяда жерасты ядролық нысанының құрылысы басталды ма деген мәселе қаралды, сондай-ақ, АҚШ тарапы атом энергиясы бойынша бақылаушыларды КХДР-ға енгізуді талап етті.Бұған жауап ретінде 1999 жылдың 27 ақпаны мен 16 наурызы аралығында болған келіссөзде тұтыну тауарларымен қамтамасыз ету көмегін көрсетсе, МАГАТЭ бақылаушыларын енгізуге қарсы болмайтынын білдірді. Осы жылдың мамырында американ бақылаушылары жүргізген зерттеулері ядролық бағдарлама шеңберіндегі жұмыстардың жалғасын дәлелдейтін еш нәрсе таппады. Осыған орай, 28 мамырда Пентагон басшысы Уильям Перри Пхеньянда АҚШ-ң қарусыздану туралы ұсынысын білдірді. Пентагонның бұл қадамына сәйкес КХДР осы 1999 жылдың 13 қыркүйегінде алыс радиусты зымырандарды сынау жұмыстарын келіссөздер аяқталғанға дейін тоқтатуға міндеттелді.Ал АҚШ президенті Клинтон 1953 жылы Солтүстік Кореяға салынған экономикалық санкцияны жеңілдетуге келісім берді. Сонымен қатар, 1999 жылдың желтоқсанында АҚШ бастаған халықаралық консорциум КНДР- де 4,6 млрд долларды құрайтын екі АЭС –ті салу келісім-шартын жасады [16].
Дегенмен, бұл келісімдерде қарастырылған мәселелер кейіннен іс жүзінде жүзеге аспады. 2000 жылдың шілдесіндегі КХДР мәлімдемесі бойынша егер уәде етілген АЭС құрылысының салынбауына байланысты электр энергиясының жетіспеушілігінен туған шығындарды АҚШ толтырмаса, Пхеньян өзінің ядролық бағдарламасын қайта қалпына келтіретіні жарияланды.Ал 2001жылдың маусымында Солтүстік Корея егер де Вашингтон қарым- қатынасты қалпына келтіруге бағытталған келісім не келіссөздер жүргізбесе зымырандардың сынағына мораторий жүргізуді қайта қарастыратынын мәлімдеді [17].
Осылайша КХДР ядролық бағдарламасы мәселесі тараптар арасында қайтадан біртіндеп агрессиялық сипатқа ие болды. 2001 жылы шілдеде АҚШ мемлекеттік департаменті Солтүстік Кореяда алыс радиусты зымырандарды жетілдіру жұмыстары жүргізілуде және Тайпдонг – 1 зымыраны сынақтан өтті деп мәлімдеді. Сондай-ақ, осы жылдың желтоқсанында АҚШ- тың жаңа президенті Джордж Буш КХДР мен Ирак егер жаппай қырып-жою қаруын дайындап және көршілес мемлекеттерге террорлық іс-әрекеттер жасайтын болса, олар «жауапқа тартылады» деп мәлімдеді. Ал 2002 жылдың 29 қаңтарында Буш КХДР, Ирак және Иранды «зұлымдық ошағына» жатқызды.
2002 жылдың 6 сәуірінде КХДР АҚШ және Оңтүстік Кореямен диалогты жаңартуға келісім берді. 14 тамыздан бастап Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея бейресми дәрежедегі кездесулерді жаңғыртып, қарым- қатынасты жақындатуға баяу бағыт алды.
КХДР-ге сапармен келген АҚШ өкілі Джеймс Келлимен өткен кездесуде Солтүстік Корея өзінің ядролық бағдарламасын (уран байытуды) жүзеге асырып отырғанын мойындады. Пхеньян Корея түбегіндегі ядролық мәселе туралы шешімдерін КХДР мен АҚШ арасындағы өзара шабуыл жасамау келісім – шартымен сәйкестендіретінін білдірді [18].
2002 жылдың 2 желтоқсанында МАГАТЭ-ның Басшылар кеңесінің (БК) мақұлдаған резолюциясы КХДР-ң ядролық бағдарламаны жүзеге асыруы оның халықаралық міндеттемелерін (соның ішінде, ЯҚТК және МАГАТЭ-пен кепілдіктер туралы келісімдерді) бұзды деп жариялады және Пхеньянның ядролық қару құқығы туралы ашық мәлімдемесін сынады.
12 желтоқсанда Солтүстік Корея 1994 жылы АҚШ пен КХДР арасындағы келісім нәтижесінде тоқтатылған өз ядролық бағдарламасы жаңартатынын
мәлімдеді, бұл жағдай «екінші ядролық дағдарыстың» басталуына түрткі болды.
Пхеньян бұл шешімін АҚШ-тың аталмыш келісім бойынша АЭС салуға және ЖЭС-ке мазут жеткізу міндеттемелерін орындамағанымен, сонымен қатар оны «зұлымдық ошағының» қатарына кіргізгенімен байланыстырды.
2002 жылдың аяғында АҚШ-тың КХДР-ге жанар-жағармай тасымалын тоқтатуы ондағы электр энергиясына деген мұқтаддықты одан әрі шиеленістірді. Оның үстіне, көп ұзамай КЕДО халықаралық консорциумы екі жеңілсутек ядролық реакторының құрылысы жұмыстарын тоқтатты.
Бұған жауап ретінде КХДР өзінің барлық ядролық объектілерінен МАГАТЭ-нің бақылау камераларын алып тастап, Агенттіктің бақылаушыларын елден шығуды ұсынды [20].
2003 жылдың 6 қаңтарында МАГАТЭ-ның Басшылар кеңесінің кезектен тыс сессиясы бірауыздан қабылдаған резолюциясы КХДР-ды Агенттікпен ынтымақтастықты қайта жалғастыруды, мониторинг бойынша құрал-жабдықтың қызметін қалпына келтіру және МАГАТЭ-ның бақылаушыларын қайта қабылдауға үндейді. Сондай-ақ, резолюция мәселені бейбіт шешу қажеттігін атап көрсетті.
9-13 қаңтарда Нью-Мексико штатының губернаторы У. Ричардсон мен БҰҰ жанындағы КХДР постпред орынбасары Хан Сон Ера арасында бейресми кездесу өтіп, мұнда Солтүстік Корея ядролық бағдарлама мәселесін алтыжақты келіссөздер арқылы талқылауға дайын еместігі байқалды.
Ал, 10 қаңтарда Пхеньян БҰҰ ҚК төрағасына және ЯҚТК–не қатысушыларына 1993 жылы 11 маусымда қабылданған Келісімнен шығу процедурасын тоқтату шешімінен бас тартатынын мәлімдеді. Оған себеп - АҚШ тарапынан болып отырған «күшті қаскөй саясат мен қысым» жағдайындағы жоғарғы ұлттық мүдделерді қорғау қажеттілігі. Солтүстік Корея 2003 жылдың 11 қаңтарынан бастап өзін ЯҚТК мен МАГАТЭ-мен кепілдіктер туралы келісімі бойынша міндеттемелерден тәуелсіз деп санайтынын жариялады. 12 ақпанда МАГАТЭ-ның Басшылар кеңесі (БК) көпшілік дауыспен КХДР-дың ЯҚТК-ге байланысты кепілдемелер туралы Агенттікпен келісім шарттарын орындамауы жайында БҰҰ ҚК- не баяндама жолдауға резолюция қабылдады. Мәселені шиеленістірген жағдай: құрамында Нёнбендегі реактордың ядролық жанармайы бар 8000 стерженді қайта өңдеу жұмыстары аяқталуға жақындығы туралы 18 көкектегі Пхеньянның мәлімдемесі КХДР-де біршама көлемде қарулық плутоний бар екендігін білдіруі [21].
Бұл мәселе Корей түбегімен көршілес мемлекеттердің алаңдаушылығын туғызды, өйткені жаңа ядролық державаның пайда болуы ешкімге тиімді емес еді. Себебі, бұл жағдай ядролық қару жасауға мүмкіндігі бар, бірақ ядролық қаруды таратпау режиміне сәйкес бұл істі жүзеге асырмай отырған мемлекеттер үшін «үлгі» болуы мүмкін еді.
Пхеньян мен Вашингтон өзара қатаң мәлімдемелер жасауы кезінде бұл аймақта біршама ықпалға ие державалар Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония оларды келіссөздер жүргізуге үгіттеді. КХДР мен АҚШ бұл мәселені ұзақ талқылауға алып, ақырында КХДР, АҚШ, Қытай, Ресей және Оңтүстік Корея қатысуымен болатын алтыжақты келіссөздерге келіп тірелді.
Алтыжақты келіссөздердің алғашқы раунды 2003 жылдың 27-29 тамызында Пекинде болып өтті. Бұл келіссөз сәтсіз аяқталуының себебі АҚШ пен КХДР-дың өзара мәмілеге келуге ниетсіздігінен туды: Вашингтон КХДР талап еткен жазбаша кепілдіктер тек Пхеньян алдымен өз ядролық бағдарламасынан бас тартқаннан кейін ғана мүмкін болады деген пікірді ұстанды. Өз кезегінде Солтүстік Корея да бірінші болып АҚШ талабын орындағысы келмеді.
Алтыжақты келіссөзден кейінгі кезең диалогқа қатысушылардың әртүрлі құрамымен кездесулері мен ондағы тараптардың келісулері мен ұсыныстары және оған қарсылықтарға толы өтті. 2003 жылдың қазанында Пхеньянда өткен келіссөзде Ким Чен Ир ядролық мәселе бойынша алтыжақты келіссөздерді жалғастыруға келісімін берді. 5 қарашада АҚШ КХДР- мен 1950-1953 жылғы Корей соғысы аяқталуы кезінде қол қойылған соғысты тоқтату келісімінің орнын басатын жаңа көпжақты бейбіт келісім жасауды ұсынды. Вашингтоннның басты талабы- Пхеньянның ядролық бағдарламаны тоқтатып, химиялық және баллистикалық зымырандарға қатысты кепілдік беруі. Ал, бұған жауап ретінде, 16 қарашада Солтүстік Корея үкіметінің өкілі егер АҚШ өзінің қаскөй саясатын тоқтатса, ядролық зерттеулерін одан әрі жалғастырмайтынын жариялады. Осыған сәйкес, КЕДО халықаралық консорциумы Солтүстік Кореядағы ядролық реактор құрылысын бір жылға тоқтатты [21].
ІІ тарау. КХДР ядролық дағдарысын шешуге қатысушы мемлекеттер мүдделерінің қарама-қайшылығы
2.1 КХДР тарабы
Қырғи қабақ соғыстың аяқталғанына біраз уақыт өтсе де, Корей түбегі оның заңдарымен өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Корей мәселесін шешуге қатысушы мемлекеттер АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Ресей, сонымен қатар, Қытайда (ОША-5) нарықтық-демократиялық және плюралистік жолмен даму үстінде. Ал Солтүстік Корея ұлтшылдық, коммунизм жүйесінде қалған. Бұдан бірнеше қорытындыға келуге болады: Біріншіден, Солтүстік Кореяның бұрынғы одақтастарының ешқайсысы да (Ресей мен Қытай) идеялық-саяси себептермен КХДР-ға қолдау көрсетпейді [22].
Екіншіден, саясаткерлер ресми мойындамаса да, Солтүстік Корей режимінің тарихи болашағы жоқ, ал оның қашан құлайтынын тек уақыт көрсетеді.
Үшіншіден, тағы да ресми мойындалмаса да, Солтүстік Корея мен Оңтүстік Кореяның қосылуы тек КХДР-ды Оңтүстік Кореяның басып алуымен және Солтүстік Кореяның Корея республикасының заңдары мен саяси экономикалық шарттарын қабылдауы арқылы жүргізілетіні анық.
Ресей мен Қытай қазір КХДР-дің әскери одақтастары болып табылмайды және соғыс болған жағдайда Солтүстік Кореяға әскери күштермен көмек көрсетпейтін болады. Мәскеудің қазір Пхеньянмен әскери келісім шарты жоқ. Пекиннің Пхеньянмен мұндай келісімі болса да, сонымен қатар, 1953 жылы Бітім туралы келісімге қол қойған болса да (БҰҰ атынан - Пхеньян мен Вашингтонмен бірге), соғыс жағдайы туса, КХДР-ға әскери көмек көрсетпейтін ыңғайын білдірді. Себебі бұл Қытай-Американ қатынастарының шиеленісуіне, соның ішінде, Қытай экономикасының және саяси тұрақтылығының күйзеліске ұшырауына әкеп соқтыруы мүмкін.
90 жылдары социализм жүйесі құлап, Кеңес Одағының көмегі тоқталғаннан кейін Солтүстік Корея терең жүйелік дағдарысқа тап болды. Әміршіл экономика ресурстық жоқшылықтарға күші жетпей, егістің шықпауы және ашаршылық ішкі әлеуметтік жағдайды шиеленістіруде. Бұл жағдайды уысынан шығармау үшін Солтүстік Корея басшылығы сырттан төнетін қауіп туралы үгіт-насихатын күшейту үстінде.
Солтүстік Корея басшылығы нарықтық Ресей және Қытай үлгісі бойынша экономика мен мемлекеттің сыртқы ашықтығы бағытын ұстанғысы келмейді, себебі бұл басшылығын биліктен тайдыруы мүмкін.
Ішкі саяси өзгерістер әскерилер мен Ким Чен Ирдің өзі басқаратын Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті билігінің ролінің күшеюіне әкелді.
Партиялық элитаның ролі бұрынғыға қарағанда әлсіреді – партия съездері ширек ғасырдан бері өткізілген жоқ. Күнделікті тәжірибеде жоғарғы Солтүстік Корея басшылығына қолы жететін әлеуметтік топтардың беделі артып отыр.
Нарықтық реформалар КХДР-да жүргізілмейді және ол ел басшылығының жоспарында да жоқ. Онымен қоймай, КХДР үкіметінің экономикадағы басты стратегиялық бағыты – елдің қорғаныс қабілетін арттыру болып табылады. Әскер мен әскери-өнеркәсіптік кешен қажеттіліктеріне Пхеньян иелігіндегі қалған материалдық ресурстар қолданылады.
КХДР-дың ядролық және зымыран бағдарламасы АТМ аймағының елдері қауіпсіздігіне төндіріп отырған басты қауіптердің бірі. Солтүстік Корея бұл аймақтың елдері арасында алғашқылардың бірі болып зымыран технологиясын жүзеге асыра бастады. 1960 жылы КХДР КСРО-дан қашықтығы 50-70 км болатын «Луна», «Луна-М» зымырандарын сатып алды [23].
КХДР өзінде ғылыми техникалық қоры болмағандықтан, Қытаймен тығыз әріптестік жүргізуге тырысты. 90 жылдардың екінші жартысында Солтүстік Корея ғалымдары 600 км қашықтықты алатын Қытай баллистикалық зымырандарын жасауға қатысты.
1980 жылы Мысырдан 8К14 (Scud-B) зымыранымен қоса, үш зымыран кешені сатып алынды. 1984 жылы алғаш рет Солтүстік Корея шығарған
Scud-B зымыраны сынақтан өткізілді, ал бір жылдан кейін ол қарулы күштер қатарында қолданылды.
Солтүстік Корея үшін зымыран өндірісін кеңейтуге түрткі болған бір жағдай – ол Иран-Ирак соғысынан кейін Иранның Солтүстік Кореяға 100 зымыран жасауға тапсырыс беруі. Иран Солтүстік Кореяға Ирактық «Аль-Хусейн» БЗ-нің сынықтарын бергеннен кейін, КХДР 1989 жылы жаңартылған зымыран Scud-C жасап шығарып, ол зымыран 1990 жылы сынақтан өткізілді.
Солтүстік Корея өз зымырандарын жасап шығаруды 1988-1989 жылдары бастады, бұл бағдарламаның мақсаты – орташа қашықтықтағы баллистикалық зымырандарды шығару. Бұл «Нодон - 1» атты зымыран жобасына Иран мен Ливия да қатысқан болатын. Ол мемлекеттер Батыс елдерінен керекті материалдар мен техникалық құралдар алып отырған болатын.
«НОДОН -1 ОҚБЗ» - нің алғашқы сәтті өткен сынағы 1993 жылы Тайпобенг полигонында өтті.
«НОДОН -1 ОҚБЗ» - нің ең жоғарғы қашықтығы 1300-1500 км, дәлдігі – 2000-3000 км болып табылады және ол Scud зымыранының технологиясының негізінде жасалған. «НОДОН -1 ОҚБЗ» энергетикалық мүмкіндігі Ресей Қиыр Шығысын (Хабаровск, Комсомольск – на – Амуре, Чита), Шығыс Қытайды (Пекинді қоса) және Жапония территориясына залал тигізуге жетеді.
Солтүстік Корея әскери күштерінде Scud-В, Scud-С және «НОДОН -1» зымырандарымен қаруланған үш жеке зымыран бригадасы құрылған. КХДР-дың зымыран өнеркәсібіне қарастыра отырып, Солтүстік Корея әскерінде зымыран жетіспеушілігі жоқ деп баға беруге болады.
Қазіргі кезде КХДР алыс қашықтықтағы (2000 км-ден жоғары) БЗ құруды алға қойған.
Екісатылы «НОДОН -2 ОҚБЗ» құрылысының алғашқы сатыыс ретінде «НОДОН -1» зымыраны, ал екінші сатысы ретінде Scud-С зымыраны қолданылды. Бұл зымыран 21-22 тонна массаға ие, ал қашықтығы 2200-2300 км болып табылады. Бұл зымыран Жапония (Окинава аралдарын қоса), Қытай, Монголия, Ресей (Красноярскіге дейінгі территорияларды қосқанда) жерлеріне қолданыла алады. Бұл зымырандардың «Тэпходон - 1» атты үшсатылы қатты жанар-жағармайлы зымыран двигателі қолданылады. Бұл зымыранның массасы – 24 тонна, ұшу қашықтығы 3200 км, ату дәлдігі – 3700-3800 км.
Бұл зымыран Жапония, Қытай, Монголия, Үндістан, Пәкістан, Ресей (Уралға дейінгі жерлер), сондай-ақ, Гуам, Гавайи, тіпті Аляскаға да зардабын тигізе алады.
Бұл «НОДОН -2 ОҚБЗ» мен оның үшсатылы «Тэпходон - 1» нұсқасында қарулы күштерге қолдану 2003-2004 жылдарға жоспарланған болатын, алайда бүгінге дейін олардың бір ғана сынағы жүргізілген.
Қазіргі кездегі Пхеньянның алыс қашықтықтағы баллистикалық зымырандар жасауын уақытша тоқтатуы Солтүстік Корея зымыран бағдарламасындағы дағдарысты көрсетеді. Өнеркәсіп қазір ең алдымен сапалы ғалымдар мен инженерлер жетіспеушілігін сезуде [24].
Сондықтан, Солтүстік Кореяның зымырандар жасауды тоқтатуы оның өз еркімен емес, мәжбүрлі түрде өткізгені анық.
2.2 АҚШ, Жапония жәнеКорея Республикасы
Вашингтон қазіргі кезде өзінің КХДР-мен жасаған екіжақты келісімімен байланысты міндеттерін мынаекі пунктке әкеліп тірейді:
-
КХДР-да жеңіл су екі реакторын салу үшін Корей түбегінде КЕДО халықаралық концепциясын құруды уәде ету;
-
Ол реактордың бірі іске қосылғанға дейін жыл сайын өтемақы ретінде 500 мың тонна сұйық жанар-жағармаймен қамтамасыз ету.
Осы үшін Пхеньян плутоний алатын Ненбендегі нысандар мен газографитті реакторларын жоюға және күштілігі 50 МВТ, 200 МВТ реактор құрылысын тоқтатуға, сондай-ақ, ЯҚТК-не мүше ретінде қалып, Оңтүстік пен Солтүстік Кореяның 1981 жылы Корей түбегін ядролық қарудан азат етуге міндетті болды.
АҚШ өзін келісім бойынша міндеттерін орындады деп мәлімдеуіне қарамастан, Вашингтон мен американ басшылығы КЕДО АЭС құрылысын сегіз жылға созып, оған тек 2002 жылы ғана кіріскені белгілі. Ал сол кездегі АҚШ президенті Билл Клинтонның Ким Чен Ирге хатында егер КЕДО АЭС-ті салуға мүмкіндігі болмаса, АҚШ өзі жалғыз жүзеге асыратынына жариялаған болатын [25].
Бірақ АҚШ тарпы әуел бастан екіжақты келісім міндеттерін орындауды жоспарлаған жоқ.
1994 жылы Женева келісім шартына қол қойғаннан кейін ешкім АҚШ КХДР-да АЭС салады деп ойлаған да жоқ еді, одан үш ай өткен соң Ким Чен Ир қайтыс болғасын (1994 жылы 8 шілде) АҚШ Пхеньян тәртібі жақын арада құлайдыдеп сенімді болды.
Сонымен қатар, қазір АҚШ екіжақты келісімде ядролық қаруды таратпаудан басқа, КХДР-ға қарсы ядролық қаруды қолданбауға және саяси-экономикалық қатынастарды қалпына келтіруге күш салу туралы саяси міндеттер алған болатын.
Ол міндеттердің ешбірі де жүзеге асырылмады да, АҚШ - КХДР қатынастары шиеленісті. Клинтон кезінде АҚШ саясаты Солтүстік Кореямен келіссөздер жүзінде болса да, қарым-қатынастарды жақсартуға бағытталған болатын. Оған мысал жоғары көрсетілген 1994 жылғы Женева келісімі мен КЕДО халықаралық консерциумы болады. АҚШ демократтар мен республикандықтар арасындағы келіспеушіліктерге қарамастан, КХДР-мен қарым-қатынасты тұрақтату саясатын ұстанды: бірқатар сауда шектеулері алынды, келіссөздер процесін жаңартты.
Ақ үйге республикандықтар әкімшілігінің келуімен американ тарабы радикалды сипатқа ие болды. АҚШ президенті КХДР-ды «зұлымдық ошағына» енгізіп, ол әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп жариялады. Бұл жерде Буш Ким Чен Ир режимі әлсіз, ол АҚШ-тың Ауғанстан мен Ирактағы жеңістерінен кейін, амалсыз америка шарттарын қабылдады деп сенімді болғанға ұқсайды.
Ал американың алған міндеттемелері КХДР үшін екіжақты келісімдердің басты құндылығы болып табылады. Мұнсыз КХДР сияқты елдерге экспорттық бақылау туралы американ заңдарына сәйкес, КХДР-да АЭС салу жобасы мүмкін емес еді.
Дегенмен, бұл оқығаның (мәселенің) шиеленісуі кенеттен басталмады. Республикандықтар Дж.Буштың 2000 жылғы президент сайлауындағы жеңісіне дейін-ақ, АҚШ қалай КХДР-мен келісім міндеттемелерінен құтылады дегенді ойлаумен болды (КХДР-ға бар кінәны артып). Олар тым болмаса, КХДР-мен келісімді қайта қарастырып, КХДР-ға қосымша шарттар қоймақ болды.
1998 жылы республикандықтар дайындалған декретте КХДР-да АЭС орнына ЖЭС салу, КХДР-дің үлкен және орташа қашықтықтағы ракеталар жасаудан бас тартуына қарапайым қарулы күштерді қысқартуына қол жеткізу, адам құқықтарын қорғау қарастырылады. Олардың бәріне Ирактағыдай бақылау орнатуы керек еді. КХДР бас тартқан жағдайда, теңіз блокадасын енгізу мен бұл елге превентивті соққы беру мүмкіндігі де есепке салынды [26].
КХДР-ға жанармай жеткізуді тоқтатудың ресми негіздемесі КХДР-дың Екі Корея да плутонийді өңдеу мен уран байытудан бас тартуы туралы Корей түбегін ядролық қарудан босату декларациясын орындау туралы уәдесін КХДР-дың бұзуы болып табылады.
АҚШ-тың бұл позициясының негіздемесі бар десек, онда 1993 жылдың 11 маусымындағы Американ-Солтүстік Корей мәлімдемесінің ережелерін сақтаудың осындай негіздемеге ие болып шығады. Мәлімдемеде «күш қоданудан бас тартудан» басқа АҚШ пен КХДР «егемендікті сыйлау» және «ішкі істерге араласпауға» міндеттелді және «теңдік пен әділдік» принциптеріне сай үкіметаралық диалог құруды жалғастыруға келісті. Пхеньянмен екі жыл бойы диалогты тоқтату, КХДР тарапына қауіп төндіру және оның басшыларын көпшілік алдында жәбірлеу АҚШ – КХДР келісіміне қарама-қайшы. АҚШ КХДР-дың ұлттық энергетикалық атом бағдарламасын тоқтатуға халықаралық-құқықтық Негіздемелері болмағандықтан КХДР-дың атом бағдарламасын тоқтатуды АЭС салумен және жанар-жағармаймен қамтамасыз етумен жүзеге асырмақ болды.
АҚШ - Пхеньянның «әлем қауымдастығынан» мұндай көмек талап етуін көп айтады, бірақ КХДР-дың АҚШ-тан келісім шарт бойынша алатын қаржысын талап ету бопсалау болып табылмайды.
КХДР-ға тағылған кінәлардың бірі оның халықаралық міндеттемелерді бұзуы болып табылады. Осы жержде айтылған жәйт, ЯҚТК-ның 10 бабына сәйкес, егер мемлекетке қауіп төнсе, ол өзінің егемендігінің қауіпсіздігі үшін кез келген келісім шарттан шығуға құқығы бар. Солтүстік Корея осы құқықтыпайдаланған. Дегенмен, кез келген мемлекеттің ЯҚТК-ден шығуы ол үшін жақсы еместігі сөзсіз. Бірақ КХДР-дың жасаған қадамы халықаралық жағдайды ушықтырса да, ол халықаралық құқықты бұзған жоқ. Мұны МАГАТЭ-ның бас директоры М.Эль Барадей де мойындап, осы бапқа өзгерістер енгізуді ұсынды.
Туындаған жағдай үшін Солтүстік Кореяны осы қадамға итермелегендер де жауапкершілік тартуы керек. АҚШ КХДР-ды ядролық соққы беру үшін жеті мемлекеттің қатарына қосқан кезде, ол бірқатар ЯҚТК-ні құрайтын бірқатар халықаралық келісімдерде көрсетілген ядролық қаруға ие мемлекеттің ядролық қаруы жоқ мемлекетке бұл қарумен қауіп төндірмеуге міндеттемесін бұзғаны белгілі. Осы себепті екі тарап та – АҚШ та, КХДР да кінәсіз емес. Сондықтан бірқатар сарапшылар пікірінше, американың АҚШ – КХДР келісімін ереже бұзушылығы КХДР-ға қарағанда көбірек. Дегенмен, мамандардың айтуынша, қазіргі кезде Америка тарабы КХДР-мен қарсылыққа байланысты саясатын өзгерту үстінде. Мысалы, АҚШ Оңтүстік Корея президенті Но Му Нёнге АҚШ 38 параллель деп өз әскерін әкетпейді деп мәлімдеді. Бұрында Вашингтон өз әскер күштерін демаркациялық линиядан әкететін жариялаған еді, ал бұл КХДР-ға қарсы әскери іс-қимыл жүргізуге дайындықты білдіретін еді.
Егер бұрында АҚШ «Ким Чен Ирді күшейтпес үшін» Солтүстік Кореяға қандай да бір кепілдіктер беруге бас тартып келсе, қазір АҚШ «алтыжақтың» КХДР-ға жазбаша түрде кепілдік беруіне ұсыныс жасады.
Жағдайдың бұлай өзгеруі мыналарға байланысты: АҚШ-тың Ауғанстан мен Ирактағы сәтсіздіктері, көптеген елдердің соғысқа қарсы позициясы, АҚШ-тың АТР-дағы одақтастары Жапония және Оңтүстік Кореяның соғысқа қарсылығы; сондай-ақ, АҚШ Солтүстік Кореямен соғысты оңай жеңеді деп сенімі жоқ, әрі оларға онсыз да үш жергілікті соғысты қатар жүргізуге тура келді. Осы факторлардың барлығы Корей ядролық дағдарысын әскери жолмен шешуден бас тартуға әкелді.
Сарапшылар, сондай-ақ, Буш әкімшілігінің мүдделерін әр түрлі қарастырады.
Бірінші орынға геосаяси мүдде, яғни АҚШ-тың Корей түбегінде және Жапонияда өз позициясын күшейттіріп, сонымен қатар, 1961 жылғы КХР-ҚХДР достық туралы келісімін есепке ала отырып, ҚХР-мен қарым-қатынастағы қарама-қайшылықтың алдын алуға деген мүддесі қойылады.
Екінші орынға ол ядролық аймақтың Жапония, Оңтүстік Корея мен Тайваньға қарай кеңеюіне жол бермеу мәселесі жатады. Ең соңғы орында: Ким Чен Ир режимінің күшеюіне және екі Кореяның жақындасуына жол бермеу. Сондай-ақ, жоғарыда аталғандай Солтүстік Корея тәжірибесі көптеген ядролық қару жасау мүмкіндігі бар елдерге өз ядролық бағдарламасын жасауға үлкен үлгі еді. Осыған қоса, Солтүстік Корея басқа мемлекеттерге ядролық технология мен компоненттерді беру мүмкіндігі қаупі де жоқ емес. Саясаттанушылар пікірінше, Солтүстік Корея ядролық бағдарламасын тоқтату үшін Вашингтон әлі де болса КХДР-дің егемендігін мойындап және экономикалық санкцияларды жоюы мүмкін. КХДР егемендігін мойындаудың себебі АҚШ Оңтүстік және Солтүстік Кореяның қосылуынан қауіптенеді, себебі бұл аймақтағы американ мүдделері үшін жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін.
КСРО құлағаннан кейін және Шығыс Еуропа елдері социализмнен бас тартқаннан соң, Вашингтон Солтүстік Корея режимі тез арада құлайды деген сенімде болды. АҚШ-тың әскери-саяси басшылығымен жүргізілетін Оңтүстік Кореяның Солтүстік Кореяны басып алуы американдықтар үшін АҚШ-пен әскери салада болмаса, саяси-экономикалық жағынан бақталас елдер Ресей, Қытай, Жапония тоғысуында орналасқан Азияның геогрфиялық жағынан ерекше ауданына бақылау орнатуға мүмкіндік береді.
Ал аймақтағы экономикалық және саяси қатынастардың дамуы, Корей түбегіндегі қауіпсіздіктің күшеюі АҚШ-тың аймақтағы үстемдігіне қауіп төндіріп, оның геосаяси мүдделеріне қарама-қайшы.
Осы себепті Вашингтон аштық жайлаған, экономикасы артта қалған, электр энергиясыз және жылусыз қалған Солтүстік Корея әлемнің ең басты қаупіне айналуда деп әлемді сендіргісі келеді. АҚШ-тың қайта-қайта жағдайды «қыздыруға» әрекет етуі 90 жылдардың басы мен қазіргі кездегі Кореядағы қарым-қатынастардың жақсаруы Оңтүстік Кореяға американдық әскерлерінің орналасуы мәселесін көтереді. Оңтүстік Кореядан американдық әскердің шығарылуы Жапониямен Корей республикасымен әскери альянсына негізделген АҚШ-тың ОША-дағы барлық стратегиясына үлкен нұқсан келтіреді. Сонымен қатар, екі Кореяның қосылуы АҚШ-тың ұлттық зымырандарға қарсы қорғаныс құрудың маңызды негіздемесінен айырады. Себебі «Солтүстік Корей зымыраны қаупі» жоғалса, ол АҚШ-тың ЗҚҚ-сы арқылы Қытай мен Ресейдің зымырандық ядролық қорларын бейтараптандыру мақсатын көрсетер еді. Сол себепті АҚШ үшін түбектегі белгілі бір қысымды ұстау.
Шығыс Азия елдерінің соңғы жиырма жылдағы экономикалық дамуы аймақтағы саяси жағдайды өзгертіп, ондағы көшбасшы елдерге жаңа міндеттер алдына әкелді. Жаңа ғасыр басында Жапония үшін өзінің әлемдік экономикадағы ролін одан әрі дамыту орнына, саяси салмағын арттыру міндеті қойылды. АТР аймағындағы жеткіліксіз саяси ықпал Жапонияның геосаяси жағдайына теріс әсер етуде. Жапония өзіне үлкен ықпал ететін АҚШ-тың, территориялық дауларға ие Ресейдің, аймақта Жапония орнын басуға жақын Қытай және қарқынды даму үстіндегі Оңтүстік Кореяның «ортасында қалып отыр». Ал КХДР-мен Жапонияның дипломатиялық қатынастары да жоқ.
Токио пікірінше, КХДР-дің қазіргі әскери-саяси бағыты Жапония мүдделеріне үлкен қауіп төндіруде және Солтүстік Кореямен қарым-қатынас Жапонияның сыртқы саясатының ең өткір мәселесі. КХДР Жапониядан 1910-1945 жылдар арасындағы жапон отарлығы кезіндегі келтірілген зияндардың орнын толтыруды талап етеді. Ал Токио Жапон азаматтарының ұрлануына байланысты, оларды Отанына қайтаруды талап етуін тоқтатпайды. Екі ел де бір-бірінің талаптарын орындаудан бас тартып келеді [27].
Алайда Д.Коидзуми премьерлікке келгеннен соң, оның сыртқы саясат мақсаттарына жету уәдесін жүзеге асыруға кенеттен шиеленісіп кеткен КХДР ядролық мәселесі қиындық келтіруде.
2002 жылы қыркүйекте екі мемлекеттің премьер-министрлерінің алғашқы кездесуі өтіп, Пхеньян декларациясы қабылданған болатын. Коидзуми кездесуде 13 млрд. доллар экономикалық көмек және 400 мың тонна тұтыну тауарларымен қамтамасыз ететінін мәлімдеді (КХДР ядролық бағдарламадан бас тартса). Жапония Солтүстік Кореяға географиялық жақындығынан ядролық дағдарыс мәселесін әскери күшпен шешуге қарсы. Жапонияның позициясына АҚШ-тың үлкен ықпалы барын жасыруға болмайды. Коидзуми Солтүстік Корей баллистикалық зымырандарын қолдауға тыйым салуды жалғастыру және Жапон территориясының суларындағы КХДР кемелерінің барлаушылық қызметтеріне шектеу қою мәселесін көтеруде. Сондай-ақ, Жапония Солтүстік Корей ядролық қару шынымен бар екендігіне көз жеткізу үшін КХДР территориясына халықаралық бақылаушыларды кіргізуге де ұсыныс жасауда.
Бір жағынан, КХДР ядролық бағдарламасы аймақтағы қару жарысына әкелу мүмкіндігімен, сондай-ақ Жапонияның бұл мәселеге реакциясымен байланысты қауіптер бар. Әзірге Жапон тарабы сабырлық танытуда, дегенмен КХДР-дың мәлімдемелерін ресми сылтау ретінде Жапония өз әскери күштерін арттыруы әбден мүмкін.
КХДР ядролық бағдарламасы мәселесін шешу: КХДР-Жапония қарым-қатынастардың жақсартудың басты факторы, бірақ бұл мәселе екіжақты елдермен шешім қоймасы анық. Токио-Пхеньян қатынастары осы себепті «алтыжақты» келіссөздерге көп тәуелді, бірақ Жапония бұл келіссөздерде тәуелсіз саясат жүргізе алмайтыны екі жақ үшін де қиындық келтіруде [28].
Жапон тарабының позициясы үш элементке ие:
Біріншіден, КХДР ядролық стерженьдердің өңдеуін тоқтатып, ядролық нысандарды жойып және халықаралық бақылаушыларды қабылдауы тиіс.
Екіншіден, КХДР баллисттік зымырандарды жасаудан, санықтан өткізуден бас тартып, экспортын тоқтатуы тиіс, ал соңынан зымырандар жасау бағдарламасынан да бас тартуы керек.
Үшіншіден, КХДР «Жапон азаматтарының ұрлануы» мәселесін толықтай шешуі керек.
Пхеньян осы талаптарды қанағаттандырғанда ғана, Токио Солтүстік Кореяға гуманитарлық және энергетикалық көмек көрсетуге дайын болды: алдымен, ауыр мазутпен қамтамасыз етеді, кейіннен ЖЭС жабдықтауға көмекетеседі. Екіжақты қатынастар қалпына келген кезде, Токио экономикалық көмек көрсете алатынын білдірді.
КХДР жоғарыда көрсетілген талаптарды орындаған жағдайда ғана, оған қауіпсіздік кепілдігін беру мәселесі қарастырылады. Жапонияны Пхеньянға мұндай кепілдікті тек ядролық мәселені шешу негізінде ғана беру қанағаттандырылмайды, себебі ол, сонымен қатар, КХДР-дің зымыран химиялық және бактериологиялық бағдарламасынан да қауіптенеді. Осыған байланысты Жапония АҚШ-қа КХДР-мен өзара шабуыл жасамау келісіміне келуге де қауіпсіздік кепілдігін беруге де кеңес бермейді. Себебі бұл кепілдіктерді Пхеньян тек АҚШ-тан ғана күтеді, бұл мәселе Жапонияның өзіне жанама қатысы бар. Жапония КХДР-ға шабуыл жасау мүмкіндіктерінен айырылған: заңи жағынан – Конституцияның әйгілі 9-бабы бойынша Жапония басқа мемлекеттерге соғыс ашпайды, тәжірибеде – қазіргі заманғы зымырандар қаруы болмауымен.
Токио қарым-қатынастарды жақсартуға асығыстық қажет емес, уақыттың созылуы тек КХДР-дің өзіне ғана қолайсыз әсер етеді деп санайды.
Егер бұрында Токио «Жапон азаматтарының ұрлануы» мәселесін шешуде келіссөздің басқа қатысушылардың қолдауына сүйенбек болса, қазір бұл мәселені екіжақты шешу дұрыс деп санағанға ұқсайды. Осыған байланысты 2004 жыл мамырда Д.Коидзуми Пхеньянға екінші сапарын жасады, бұл қадам сыртқы саяси әсері болса да, екі мемлекеттің жақындасу деңгейі әлі де болса белгісіз күйде қалып отыр.
2005 жылы ақпан айында Солтүстік Корей ядролық дағдарысының шиеленісінен кейін Жапония - Солтүстік Корей позициясының жақындасуына қауіп төнді. Жапония Америка Солтүстік Корея қарама-қайшылықтың бұғауында қалып, бұл екіжақты қатынастарды жақсартуға кедергісін келтіруде.
Алтыжақты келіссөздер Коидзумиге қолайлы саясат жүргізуді шектейді, себебі тек екі ел емес, алты мемлекет позициясын есепке алу керек.
Осылайша, Токионың аймақта өз позициясын күшейтуге бағытталған сыртқы саяси қызметін дамыту қадамдары кедергіге тап болуда.
Корей Республикасы бұл Солтүстік Корей ядролық бағдарлама мәселенің қарулы қақтығысқа айналуына жол бермеуге тырысады. Мұндай соғыстың үлкен материалдық шығындары мен түбектегі экологиялық апат Оңтүстік Кореяның экономикалық дағдарысқа ұшырауына әкелуі мүмкін. Сондықтан түбектегі дағдарысты жою үшін Оңтүстік Корей бірқатар экономикалық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлайды: ол КХДР-мен тығыз байланыс орнатып, Оңтүстік пен Солтүстік диалогын дұрыс жүргізу негізін құруға қабілетті. Оңтүстік Корей екі Кореяның бейбіт бірге өмір сүріуне қол жеткізу және соңынан конфедерацияға бірігу секілді ортақ мүдделердің бар екендігін біртіндеп түсінуде.
Екіжақты 1950-1953 жылдары бір-бірінен айырылған корей жанұяларының қосылуы мен соғыс кезіндегі тұтқындар мен теңізде Солтүстік Корей шекарашылары ұстаған Оңтүстік Корей балықшыларын қайтару мәселелерін шешуге мүдделі. Алайда екі жақтың идеологиялық әр түрлілігі, әлі де болса аяқталмай отырған ақпараттық қарама-қайшы және әскери күшті арттыру тараптардың жақындасуына ядролық кедергісін келтіруде [29].
Достарыңызбен бөлісу: |