Зат есімдер
Тәуелдік жалғауының түбірге кірігуі арқылы пайда болған зат есімдер "несі?" сұрауына жауап беріп, заттық мәнді білдіреді. Әрине, бұл топтағы сөздер бірден пайда болмаған, тілдің дамуы барысында түбірге жалғанған тәуелдік жалғауы көнеленіп, бастапқа 1түбірмен біріге келіп, бір мағынаны яғни заттық мағынаны бере бастайды. Осы топқа енетін зат есімдер түрлі сөз таптарына тәуелдік жалғауының толық немесе жартылай кірігу әрекеті арқылы пайда болған.
а) Зат есімдерге тәуелдік жалғауының кірігуі арқылы пайда болған зат есімдер: ажар-көркі, айы-күні, айналасы, арқа-басы, арқа-жеңі, аты-жөні, ақыл-есі, аты-заты, аузы-басы, аузы-мұрны, аяқ-басы, аяқ-қолы, ара-арасы, аясы, бас-аяғы, басы-беті, басы-қасы, басы-көзі, бет-аузы, бет-әлпі, бет-жүзі, беті-қолы, бой-басы, бас-басы, дет, дені-қарны, есі-дерті, етек-жеңі, жан-ділі, жан-құты, жан-тәні, жаны-діні, жон-жоны, жұлым-жұлымы, заты, көбісі, көші-қоң, қасы-көзі, қыр-сыры, құқы, қолы-басы, қан-сөлі, қоңы-жоны, қол-аяғы, мол-басы, ойы-қыры, өңі-түсі, түр-түрі, түр-түсі, ұшы-қиыры, ұлы-қызы, шегі-шеті, шет-шегі, ымы-жымы, іші-бауыры, тәңірі.
Бұл топтағы зат есімдер, көріп отырғанымыздай, тәуелдік жалғауының түбірге жартылай кірігу әрекеті арқылы қалыптасқан. Ашып айтсақ, бастапқы түбір мен тәуелдік жалғауының аражігін оңай ажыратамыз әрі олар өздерінің әуелгі мағыналарын толықтай жоймаған. Мысалы: Мөңке бет-аузы құм-құм боп ұшып түрегелді (Ә.Нүрпейісов). Қалжақ пен тентектікке есі-дерті кетіп қалған Оспан ақ тайдың асау екенін ұмытып кетсе керек. Барлық Шыңғыс сыртындағы ұшы-қиыры жоқ ен өлке, кең сала, мол жайлау, құйқалы адыр, Қалың таулардан жұрт ағылды (М.Әуезов).
Осы сөйлемдердегі бет-аузы, есі-дерті, ұшы-қиыры тәрізді қос сөздерді алсақ, құрамындағы тәуелдік жалғаулары түбірге жартылай түрде кіріккен. Бастапқы түбірлер өздерінің заттық мағыналарын толықтай жоймаған, тәуелдік жалғауларының да алғашқы мәні тек жартылай ғана көмескіленген. Десек те, олар екеуі бірігіп келіп, бір бүтін лексикалық мағынаны білдіреді және сөздіктерде сол күйінде беріледі. Бұл топтағылардың барлығы да тілде осы күйінде қолданылады, яғни олар толық кірігу әрекетінің алдында тұрған сөздер деп айта аламыз.
ә) Сан есім түбірлерге тәуелдік жалғауының толық кірігуі арқылы пайда болған зат есімдер: жетісі, жүзі, қырқы, үші.
Аталған сөздер түбір сан есімдерге тәуелдік жалғауының толық кірігу әрекеті арқылы жасалып, жаңа лексикаяық мағынаны иеленген. Бастапқы түбірлер (жеті, жүз, қырық, үш) өздерінің сандық мағынасын жойып, жаңа заттық мәнді білдіруіне байланысты зат есім тобына ауысқан. Сөйлемдерде "несі?" сұрағына жауап береді.
б) Сын есімдерге тәуелдік жалғауының жартылай кірігуі арқылы пайда болған зат есімдер: ақты-қарасы, анық-қанығы, ауру-сауы, ауыр-жеңілі, әзіл-шыны, қарасы, оң-солы, оң-терісі, өлі-тірісі, ұзын-ырғасы, көбі, кәрі-жасы.
Көрсетілген сөздер құрамындағы түбір сын есімдер мен тәуелдік жалғаулары өздерінің бастапқы мағыналарын жоймаған, екеуінің аражігін оңай ажыратамыз. Бірақ бұл тұстағы тәуелдік жалғаулары түбірге жартылай түрде кіріккен. Осыған сәйкес, бастапқы түбірлер өздеріне тән сындық мағыналарынан алыстап, бүгінде сын есімнің "қандай?" сұрауына жауап бермейді. Керісінше, "несі?" сұрауына жауап беріп, зат есімдер тобына ауысқан. Айтылған белғілер тәуелдік жалғауының сын есім түбірлерге жартылай кірігуінің нәтижесінде олардың зат есімге айналуына себеп болып отырғандығын көрсетеді.
в) Етістік формалы сөздерге тәуелдік жалғауының кірігуі
негізінде пайда болған зат есімдер: алғаны, қимасы. Бұл топтағылар
да санаулы. Біздің зерттеуімізге негіз болып отырған сөздерге
төмендегідей талдау береміз.
Алғаны - сүйіп қосылған жар [37, 33]. Түбірі - "ал", "-ған" есімшенің көрсеткіші, "-ы" тәуелдік жалғауының III жағы. Тілдің дамуы барысында тәуелдік жалғауының әсері арқылы есімшелі етістік заттық мәнді қабылдай отырып, сол сөз табына ауысқан. Бастапқы түбірдің де, тәуелдік жалғауының да мағыналары толықтай жойылып кетпей, өзіндік мәнін сақтаған. Яғни белгілі бір кісіге тән, меншікті адам деген ұғымды байқай аламыз. Тек бұл тұста тәуелдік жалғауы бір сөз табының екінші сөз табына ауысуға себеп болып тұр.
Қимасы - қимайтыны, қымбаттысы, ардақтысы, асылы [44]. Жасалу жолы: бастапқы түбір - "қи" етістік "-ма" болымсыз етістіктің көрсеткіші, "-сы" тәуелдік жалғауының III жағы. Бұл тұстағы түбір мен қосымшаның да аражігі айқын сақталып, мағыналарын түгелдей жоймаған. Бірақ тәуелдік жалғауының түбірге жартылай кірігуінің негізінде етістік зат есім тобына ауысып отыр. Бүгінде "қимасы" деген сөзден іс-қимылдың мәнін емес, "қимас, қымбатты адам" деген заттық ұғымды түсінеміз.
г) Модаль сөздерге тәуелдік жалғауының кірігуі арқылы
жасалған зат есімдер санаулы ғана: бар-жоғы, керегі. Екеуі де кірігу
әрекетінің негізінде заттық мәнді қабылдап, зат есімдердің
құрамында қарастырылады. Бұлар тәуелдік жалғауының түбірге
жартылай кірігу әрекеті арқылы пайда болған, сондықтан да
бастапқы түбірлер өз мәнін толықтай жоймаған.
Сонымен, тілдегі тәуелдік жалғауының түбірге кірігу әрекеті арқылы пайда болған зат есімдер қатары анықталды. Жаңа мағынаны иемденген сөз зат есімге тән бар қасиеттерді қабылдай отырып, оның құрамына көшеді. Тілде бұл құбылыс заттану немесе субстантинтену деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |