Одағайлар
Одағай сөздер тобында тәуелдік жалғауының түбірге кірігуі арқылы пайда болған ойпірім, әупірім одағайларының жасалу жолы алдында сөз болды. Бұл тұста осы тәсіл арқылы қалыптасқан тәйірі одағайына талдау жасайық.
Тәйірі — көңілі толмағанда, ұнатпағанда айтылатын одағай сөз. Сөздікте реестр сөз ретінде берілген. Түбірге тәуелдік жалғауының кірігуі арқылы жасалған (тәйір+і). "Қазақ грамматикасында" бұл жағымсыз эмоцияны білдіретін одағайлар тобына жатқызылады. Мысалмен дәлелдеп көрейік: Әйелі жолға деп нан пісіріп беріп еді, оны ұмытып та кетіпті, нан еске түсетіндей уақыт болды ма, тәйірі (Ш,Айтматов). — Ұйқыны қойшы, тәйірі (С.Мұқанов). - Тәйірі, жоңғарды жаңа көріп жүр дейсіз бе?! — деп жігіттер тым сенімді тұр. Тәйірі, жайлауда екі қолын алдына сыйғыза алмай ерігіп отырған жұртқа қонақңа бару да сөз болып па (Қ.Жұмаділов).
Алдыңғы екі сөйлемде тәйірі одағайы немқұрайлылықты білдірсе, үшінші мен төртіншіде менсінбеушілік мәнді иемденген.
Бастапқы түбір "тәйір" де одағай сөз. Ауызекі тілде де кездесіп отырады. Мысалы: — Қымызга ас жете ме, тәйірі! (Ғ.Мұстафин). Бұл сөйлемде "тәйір" жағымды көңіл-күйді білдіріп тұр. Ал тәуелдік жалғауының түбірге кірігуінің нәтижесінде жағымсыз мәнді (немқұрайлылықты, менсінбеушлікті) иеленген. Оған жоғарыда келтірген мысалдар дәлел бола алады. Сонымен, бұл одағай да тәуелдік жалғауының сөзжасамдық қызметі арқылы пайда болған және тәуелдік жалғауы түбірге толық түрде кіріккен.
Қыстырма сөздер
Тілімізде тәуелдік жалғауының түбірге кірігу әрекеті арқылы қалыптасқан қыстырма сөздер тобы бар. Олар төмендегіше: абзалы, асылы, заты, зады, дұрысы, кемі, қысқасы, мысалы, тәрізі, тегі, шамасы,
"Қазіргі қазақ тіліндегі қыстырмалар" атты еңбектен: " Есім негізді қыстырма сөздер ІП-жақтық тәуелдік жалғау тұлғасында да қалыптасады" [48, 11] деген жолдарды кездестіреміз. Бұл – тәуелдік жалғауының қыстырма сөздерді қалыптастыруда тиімді тәсілдердің бірі ретінде саналатындығын көрсетеді. "Қазақ грамматикасында" берілген мына қыстырма сөздер де осы тұлғада қалыптасқан: сиқы, аңғары, әлпеті, туасы, зады, түрі, жобасы, қисаны, сыңайы, расы. Грамматикада осы тәріздес қыстырма сөздердің жасалу жолына төмендегіше түсініктеме беріледі: "Таза ("собственно") модальды және есім модальды сөздердің, сондай-ақ модальды тіркестердің де қатарында тәуелді формада әбден тұрақтап, қалыпты бір орнықтылық алған лексемалар бар. Бұлар модаль сөздер санатына изафеттік тіркестер арқылы көшкен. Олардың модаль сөздер тобын қалыптастырып дамытудағы шешуші ықпалды факторы – қысқасы, ыңғайы іспеттес жекелеген лексемалардағы үшінші жақтық тәуелдік жалғауының жақсыздығы мен заттық мәнінің мейлінше абстрактылығы. Бұл – қазақ тіліндегі, басқа да біраз түркі тілдеріндегі модаль сөздердің жасалуының неғұрлым өнімдірек жолы" [45, 571]. Демек тәуелдік жалғауының қыстырмаларды жасауда негізгі, өнімді қызмет атқаратындығы осы сөйлемдерден-ақ байқалып отыр.
Жоғарыда көрсетілген қыстырмалар сөздікте реестр сөз ретінде төмендегіше түсініктемелермен берілген;
"Абзалы — дұрысы, шыны.
Асылы — тегінде, зады, негізінде.
Зайыры — сірә, тегінде.
Заты — тегінде, негізінде, сірә.
Дұрысы - абзалы.
Кемі - аз дегенде, жоқ дегенде.
Қысқасы - тоқ етерін айтқанда.
Мысалы - мәселен деген мағынадағы қыстырма сөз.
Тәрізі — шамасы, ыңғайы.
Тегі — сірә, асылында.
Біріншіден, қыстырма сөздердің бәрі де берілген сөйлемдерге белгілі бір модальдық мән үстеп тұр, ал бұл мәңді олар тәуелдік жалғауының түбірге кірігуі арқылы иеленген. Екіншіден, сөйлемдердегі асылы мен заты, тәрізі мен шамасы, абзалы мен дұрысы тәрізді қыстырмалардың орнын ауыстырып та қолдана беруге болатынын байқауға болады. Бұл – олардың бір-бірімен мәндес сөздер екенінің нақты дәлелі.
Сонымен, тәуелдік жалғауы қыстырма сөздерді тудыруда өнімді қызмет атқарып, сөзжасамдық деңгейге жеткендігі белгілі болды. Тілдегі тәуелдік жалғауының түбірге кірігу әрекеті арқылы пайда болған қыстырмалар соны айқындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |