14. Тәжірибелік сабақ: Қасым Аманжоловтың өмірі, шығармашылығы.
Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау.
Әдістемелік нұсқау: Қасым Аманжоловтың ақындық, аудармашылық қырларын танытатын ақын, жазушылардың естеліктерін қарап шығыңыз. Қасым Аманжолов туралы
зерттеу еңбектерді қараңыз. Қасым Аманжоловтың баллада, сонеттер, романс, аударма, мақалаларын оқыңыз.
Негізгі тапсырмалар мен сұрақтар:
1. Қасым Аманжоловтың шығармашылық өмірбаяны.
2. Қасым Аманжоловтың соғыстан кейінгі өлеңдері.
3. Қасым Аманжоловтың аудармалары.
Әдебиеттер:
1 Қазақ әдебиетінің тарихы 8 том,Кеңес дәуірі (1941-1956) Алматы,2004.
2 Қ. Аманжолов. Шығармаларының толық жинағы. А.,1957ж.
3 Тоқсамбаева А. Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қазақ әдебиеті(1941-1960).Оқулық; Семей, 2012ж; «Интеллект». –314 бет.
4 Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2- кітап.А,«Қазақ университеті» 2002.
–455бет.
5 Жанғара Дәдебаев.Қазіргі қазақ әдебиеті. А,«Қазақ университеті»
2002.– 311 бет.
6 Қ. Жұмалиев. Стиль-өнер ерекшелігі. А., 1966, 98-99 бб.
7 Серік Қирабаев. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А, «Білім»,2003ж.
–198бет.
15. Тәжірибелік сабақ: Қалижан Бекхожиннің өмірі, шығармашылығы
Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау.
Әдістемелік нұсқау: Қалижан Бекхожиннің поэма жанрындағы шеберлігін танытатын ақын, жазушылардың естеліктерін қарап шығыңыз. Қалижан Бекхожин туралы зерттеу еңбектерді қараңыз. Қалижан Бекхожиннің дастан, поэма, өлеңдерін оқыңыз.
Негізгі тапсырмалар мен сұрақтар:
1. Қалижан Бекхожинның шығармашылық өмірбаяны.
2. Қалижаи Бекхожинның алғашқы албырт сезімге, өр қиялға, үлкен мақсатқа, от мінезге толы жырлары.
3. Қалижаи Бекхожинның поэмалары.
Әдебиеттер:
1 Қазақ әдебиетінің тарихы 8 том,Кеңес дәуірі (1941-1956) Алматы,2004.
2 Қ.Бекхожин. Үш томдық шығармалар жинағы. А., 1983, 2т., 189 б.
3 Тоқсамбаева А. Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қазақ әдебиеті(1941-1960).Оқулық; Семей, 2012ж; «Интеллект». –314 бет.
4 Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2- кітап.А,«Қазақ университеті» 2002.
–455бет.
5 Жанғара Дәдебаев.Қазіргі қазақ әдебиеті. А,«Қазақ университеті»
2002.– 311 бет.
6 Қ. Жұмалиев. Стиль-өнер ерекшелігі. А., 1966, 98-99 бб.
7 Серік Қирабаев. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А, «Білім»,2003ж.
8 Қ. Бекхожин. Дәстүр және жаңашылдық. А., 1969, 175 б
Студенттердің оқытушының басшылығымен
орындайтын өздік жұмысына әдістемелік нұсқау
І Реферат жазу.
Өздік жұмысының мақсаты: Дәріс, семинар сабақтардың ғылыми мәнін арттыру, студерттердің қабілетін дамытып, ойын шашыратпай, ғылыми тұрғыда жазуға баулу.
Әдістемелік нұсқау: Реферат А4 форматта жазылады. Қолдан жазылған реферат көлемі 13-15 бет, ал компьютерден басылған реферат көлемі 10-12 бет болу керек. Реферат құрылымы: 1)жоспары; кіріспе; негізгі бөлім: қорытынды; қолданылған әдебиеттер тізімі. Сыртқы беті стандартқа сай, комьпютерге басылған болуы тиіс.
ІІ Конспект жазу.
Өздік жұмысының мақсаты: Студенттерді жүйелі,мағыналыжазуға баулу.
Әдістемелік нұсқау: Берілген тақырыпты түсінікті етіп қысқаша, тұжырымдап,
ықшамдап, көшіріп жазу. Жазу барысында тақырыптан ауытқымай,жүйелеп жазу керек.Конспект қолмен жазылады.
IIІ Тарихи романдарды оқу.
Өздік жұмысының мақсаты: Студент назарын тарихи тақырыпқа арналған
шығармадағы көркемдік көрініске, тарихи шындыққа қоғамдық өмірдегі нақты құбылыстарға, болған уақиғаларғ сол заманда өмір сүрген тұлғалардың арқау
болатындығына аударту.
Әдістемелік нұсқау:Мына шығармаларды қараңыз:.Алпысбаев Қ.Тарихи шығарма: таным және көркемдік. А, Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы.А.,1979ж,Дәдебаев Ж.Қазақтың тарихи романы: дәстүр мен жаңашылдық.А.,1988ж,Бердібаев Р. Роман және заман. А.,1967ж, Қазақ романы. А., 1975ж,Лизунова Е. Қазіргі қазақ романы.А.,1966ж,Елеукенов Ш.Қазақ романы және қазіргі дәуір.А., 1968ж,Майтанов Б. Қазақ прозасындағы замандас бейнесі.А.,1982ж,Атымов М. Қазақ романдарының поэтикасы.
ІV Баяндама жазу.
Өздік жұмысының мақсаты:Қысқа,жүйелі сөйлеуге баулу.
Әдістемелік нұсқау:Тақырыпқа байланысты жүйелі түрде қысқаша
баяндау керек.
Студенттердің оқытушының басшылығымен
орындайтын өздік жұмыстары.
1 СОБӨЖ Соғыстан кейінгі жылдары очерктерден
құрастырылған жинақтар (Реферат)
Өздік жұмысының мақсаты:Студенттерді очерк жазуға баулу.
Әдістемелік нұсқау: 1950-жылдардың басында очерктерден құрастырылған кітаптар шығарылу жолға қойылды.
С. Мұқановтың «Саяхаттар», Ғ.Слановтың «Бес жылдық өрендері,
Ә.Нұршайықовтың «Алыстағы ауданда», М.Иманжановтың «Азамат мақтанышы» кітаптарын атауға болады.
Сәбит Мұқановтың «Каспийге саяхат», «Арқаға саяхат», «Алатау төңірегінде», «Украинаға саяхат»,Ғ.Слановтың «Бес жылдық өрендері», «Атырау адамдары»,Қ.Сыздықовтың «Құрметті шахтер», С.Омаровтың «Өмір еркесі», Ж.Саинның «Бірінші рангалы кен директоры»,1950 жылдарда жазылған Иван Шуховтың «Солтүстік шұғыласы»,
Ғ. Мүсіреповтың «Кеңес Одағының батыры», Қазыбек Сүлейменовтің «Сайрам даласында», Ғали Ормановтың «Бір колхоз өмірінің дастаны», 1946 жылы жазылған Ғабиден Мұстафиннің «Жезқазған» очеркі, Ы.Тныкиннің «Темір жол түлектері», «Жол күзетіндегілер», «Уақыттан озғандар», С.Бегалиннің «Диспетчерлер», 1950-інші жылдардың басында дүниеге келген С.Шәймерденовтің «Қуаныш», Қ.Жармағамбетовтың «Бетпақдала дәптерінен», Ғ.Ормановтың «Жол»т.б. очерктері бар.
Соғыстан кейінгі кезеңде өздерінің ерен еңбегімен еленген Ыбырай Жақаев, Мұхтар Кітапбаев, Нәйла Базанова, Бәшіп Нұрмағамбетов, Түсіп Күзембаев, Қартабай Атшабаров, тағы басқалар туралы очерктер көптеп жазылып, бейбіт өмір, еңбек әуені мадақталды.
Очеркистер өте қиын кездерде адамды қанаттандыратын, өзгертетін адам ішінде тығылып жатқан рухани күштердің шарықтауын көрсетті. Отан үшін болған соғыс қарапайым, еркіндік сүйгіш қазақ жұмысшыларын күшті, бірегей, айрықша, көрнекті тұлғаға айналдырды. М. Ғабдуллин очеркіндегі Төлеген Тоқтаров, Ғ. Мүсіреповтың «Кеңес Одағының батыры» очеркіндегі Гастеллоның ерлігін қайталаған Нүркен Әбдіров, С.Бақбергенов очеркіндегі Сағдат Нұрмағамбетовтер осындай жарқын тұлғалар.
Осындай сарындағы очерктерді ақындар Ж. Молдағалиев, С.Сейітов, Ә. Сәрсенбаев, Д. Әбілов т.б. тудырды.
Жазушылар – соғыстың тікелей қатысушылары – құжаттылық, деректерге жүгінушілік, ерлік істерге ерекше мән берушілік сияқты сипатқа толы очерктерді тудырды.
Публицистика мен очерк өздеріне жүктелген міндетті орындап, басқа да әңгіме, повесть, роман сияқты проза жанрларына жол салып берді.
2 СОБӨЖ Сырбай Мәуленовтың өмірі,шығармашылығы (Конспект)
Өздік жұмысының мақсаты: Мәуленовтың ақындығы – қазақ поэзиясының жарқын беттерінің бірі екендігін таныту.
Әдістемелік нұсқау: С.Мәуленовтің өміріне тоқталып барып шығармашылығына келу керек.
С.Мәуленовтің 1952жылы жарық көрген «Магниттаудың оттары» жинағына негізінен 1949-1951 жылдары жазған өлеңдері енген. Гейнеден алынған екі өлеңнен басқасының бәрінде «кезеңнің келбеті» сезіледі.
С.Мәуленов жырлары тарих сабағын өзгеше түсінуден, отаншылдық сезімнің байлығынан, табиғатпен туыстықтан тұрады. Ол адам мен табиғаттың құпия сырына көбірек үңіледі, екеуінің ылғи тілдесіп жүргенін көреді. Оған тау желімен, тал жапырағымен, көл көбігімен, жер егінімен тіл қатады. Адам биіктігін ұғу үшін ақын жердің кеңдігін, теңіздің тереңдігін, таудың өрлігін іздейді соған көңіл аударыңыз.
Сырбайдың ақындық шеберлігінің кемеліне келіп, өлең өнерін еркін меңгергені оның суреткерлігінен танылады. Оның өлеңдері сиқырлы суретке бай келеді. Ол өмірді жарқын түстерден таниды. Әр түстен өзінше көрік іздейді. Сол түстерді ойнатып, неше түрлі бояумен құбылтады. Ақ түсті ол адалдықтың, ақ пейілдің, тазалықтың символы тұтады.Осыған мысалдар келтіріп талдаңыз
3 СОБӨЖ Ғабдол Слановтың «Жанар тау» романы (Ауызша)
Өздік жұмысының мақсаты: Романдағы дәуір шындығын таныту.
Әдістемелік нұсқау: Ғ.Слановтың «Жанартау» романы 1945 жылы басылды. «Жанартау» романы соғыс кезінің оқиғаларына негізделіп, Атырау мұнайшыларының өмірінен жазылған. Соғыстың ел басына түсірген салмағы, еліміздің мұнай көздері жау қолында қалып, Қазақстан мұнайын майдан қамы үшін мол өндіру күн тәртібіне қойылған кезде, тылдағы елдің қауырт еңбекке жұмылуы роман сюжетінің негізгі желісін құрайды. Онда суреттелетін кейіпкерлердің бәрі де іс басында, еңбек ортасында, әлеуметтік мүддені ұға, түсіне білген адамдар. Бәрін біріктіріп тұрған нәрсе– соғыс. Ерлер майданға кетіп, әйелдер солардың орнын басқан. Еңбек жасына толмаған жастар да кездеседі. Қажетті өндірісті қамтамасыз ету үшін арнайы әскерден қалдырылған мамандар да бар. Әркім өз орнында, шамасынша адал еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосып жатыр.
Негізінен, дәуір шындығын тәп-тәуір суреттеген романда тартыстың әлсіздігі көрінбей қалмайды. Басталған жұмыс еш кедергісіз оп-оңай іске асып жатады. Жазушы Қанат пен Айкүміс отбасының түсініспеуінен тартыс туғызбақ болады. Бірақ ол да өршімей, бір ширап, бір босап созылып барып, жарастылықпен аяқталады.
Роман жарық көрісімен қаһарлы сынға ұшырады. Сынның қатал да түгелдей қаралай жазылуы партияның сол бір тұста әдебиет пен өнерге ерекше қатаң талап қоя қарауының салқыны да сияқты. Ол кезде сыналмаған, мінелмеген дүние аз болатын. Кейін роман қайта өңдеуден өтті.
«Жанартау» – Ұлы Отан соғысы кезіндегі мұнайшылар еңбегін танудағы елеулі белес.
Т.Нұртазиннің Ғ.Слановтың «Жанартауы» жөнінде. – «Әдебиет және искусство». 1946, № 9-10 еңбегін қараңыз.
4 СОБӨЖ М.Әуезовтің «Абай жолы» роман – эпопеясының жарыққа шығуы жайлы
(Баяндама)
Өздік жұмысының мақсаты: Қазақтың тұңғыш роман –эпопеясының қалай жарыққа шықандығын жас ұрпаққа таныту.
Әдістемелік нұсқау: М. Әуезовтің «Абай жолы» атты төрт томдық эпопеясының алғашқы кітабы 1942 жылы жарық көрді. Бұл – әуелде «Абай» деген атпен жоспарланған екі томдық романның бірінші кітабы болатын. Роман Ұлы Отан соғысының от-жалыны өршіп тұрған шағында жарық көрді. Саясаткерлер соғыс тақырыбына арналған прозалық еңбекті күтіп отырған заманда, бұған керісінше, тарихи тақырыпқа жазылған роман партия басшылығын бәлендей қуанта қойған жоқ. Олар романның жоспарына, негізгі идеялық-көркемдік нысанасына ой жіберіп жатпай-ақ, ондағы ру таластарына, Құнанбай заманының өктем қылығына мән беруге тырысты. Алайда, шын әдебиет сүйгіш қауым романды жылы қабылдады. Оған Ғ.Мүсіреповтің 1943 жылы жазған «Абай» романы туралы» атты мақаласы куә.
«Абай» романының екінші кітабы 1947 жарық көрді.
1949 жылы «Абай» романына бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық берілді. «Абай жолы» роман-эпопеясының «Абай» деген атпен шыққан алғашқы екі кітабының өзі әуелде солай жоспарланған тұтас туынды болатын. Романның үшінші, төртінші кітаптары «Абай жолы» деген атпен 1952, 1956 жылдары жарияланды. Осыған байланысты төрт томдық роман-эпопея тұтас күйінде – «Абай жолы» аталды.
«Абай жолы» роман-эпопеясына 1959 жылы КСРО-дағы ең биік сыйлық – Лениндік сыйлық берілді.
Қ.Сәтпаев.Аса үздік шығарма.- Мұхтар Әуезов тағылымы. А.,1987,35 б.,В.Иванов. Роман о песне.-«Летературная газета».1948,10 ноября,М. Әуезов. Шығармалары. А.,1979,4т.,434 б,Т.Нұртазин. Жазушы және өмір.А.,1960,246 б. деген еңбектерді қараңыз.
5 СОБӨЖ Ғ.Ормановтың табиғат туралы өлеңдері (Әдеби талдау)
Өздік жұмысының мақсаты: Қазақ жерінің әсем табиғатын ел өмірінің тыныс-тіршілігімен қоса суреттеу де, Ғ.Ормановтың үлкен жетістікке жету шеберлігін таныту.
Әдістемелік нұсқау: Ғали жырларының үлкен бір саласы–табиғат туралы өлеңдер. Жоңғар Алатауының әсем өңірінде дүниеге келген ақын «Қорада», «Менің ұям» өлеңдерінде сол өлкенің әсем суретін жасады.
Ол ұсақ детальға дейін суретке айналдыруға шебер. Ақынның аралап көрген Баян, Қарқаралы, Көкшетау, Өскемен, Кереку өлкесінің де көркі ақын поэзиясында көз тартарлық.
«Еңсесі биік Алатау», «Менің қалам», «Жер сыйы», «Медеу даңқы», «Қысқы жаз», «Қыс құшағы» атты туған жер тақырыбындағы өлеңдерінің біразын астанамыз Алматы мен Алатаудың әсем табиғатына арнады. «Алматы дастаны» осы өлеңдердің түйіні тәрізді. Қазақстанның байтақ даласын кең өлкесін ақын «Туған жер! Сонша саған сүйсінемін, Секілді саяң ылғи үйім менің» –деп, өз отбасына балайды. Оның түйсігінде Отан-Ана, Жер-Ана бірін-бірі толықтырып, бірінен-бірі өрбіп отыратын ұғымдар екенін «Жер жүрегі» өлеңінде нақтылай түсті.
Талай ақынның қаламына арқау болған сұлу Көкшетаудың әсем
табиғатына да ақын «Жер шебері», «Жыр», «Қыр гүлдері», «Жаңа жұрт», «Шағалалы бойында», «Бурабай», «Айна көл», «Оқжетпес» өлеңдерін арнады. Ақын бұл өлеңдерінде Көкшенің сұлу табиғатын ондағы елдің тұрмыс-тіршілігімен қоса суреттеді. Жер бедерін қилы суретке толтырған елдің ұл, қыздарының еңбегін мақтан етеді. «Жыр» өлеңінде Зерендінің сұлу табиғатын шебер суреттеген.
Орманов қазақстанның төрт бұрышын түгел дерлік жырға арқау етті.
6 СОБӨЖ Кәкімжан Қазыбаевтың «Ызғар» романы (Ауызша)
Өздік жұмысының мақсаты: Жазушының өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра білудегі шеберлігін таныту.
Әдістемелік нұсқау: Кәкімжан Қазыбаевтың «Ызғар» романының негізгі тақырыбы – соғыс жылдарындағы ауыл өмірі. Романда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы қиыншылықтар яғни ауыл адамдарының әр алуан тағдырлары баяндалады.
Романды оқыған уақытта жазушы сол бір сұрапыл шақта болған және болуы мүмкін типтік оқиғалар мен әлеуметтік әрекеттерді жинақтап реалистік тұрғыдан көрсетуді қалай мақсат еткендігіне,адамдар жүрегіне жазылмас жара салған жаралы жылдар елесіне көңіл аударыңыз.
7 СОБӨЖ М.Әуезовтің ғылыми зерттеу еңбектері (Конспект)
Өздік жұмысының мақсаты: М.Әуезовтің әдебиет тарихын зерттеудегі еңбектерінің өз алдына бір үлкен арна екендігін түсіндіру.
Әдістемелік нұсқау: М.Әуезовтің халық ауыз әдебиеті, әдебиет тарихы саласындағы зерттеу еңбектері. М.Әуезов және абайтану мәселелері. М.Әуезовтің әлем халықтары әдебиеті туралы ойлары, қаламгер еңбектерінде жазушылық, шеберлік проблемаларының пайымдалуы.
М.Әуезов абайтануды дербес ғылым саласы деңгейіне көтерді,негізін салды,зерттеу бағыт бағдарларын,принциптерін анықтады,абайтанудың жүйелі,біртұтас ғылыми тұжырымдамасын жасады.
М.Әуезовтің 1927 жылы жазған «Әдебиет тарихы» кітабы тұңғыш зерттеу еңбегі.Ғалым –жазушының қазақ фольклорының ертегі,эпостық жырлар, ақындар айтысы, т.б. жанрлар туралы зерттеулері бар.Сол сияқты қазақ және орыс тілдерінде қатар 1959 жылы жазған «Әр жылдар ойлары», «Абай Құнанбаев», «Уақыт және әдебиет» атты зерттеу еңбектері бар соны қарап шығыңыз.
8 СОБӨЖ Ғ.Мұстафин прозасындағы тарихи шындық (Баяндама)
Өздік жұмысының мақсаты: Ғ.Мұстафин шығармаларының тарихи шындыққа қаншалықты қатысы бар екендігін түсіндіру.
Әдістемелік нұсқау:Туған халқы жүріп өткен қиын да бақытты жолдың бел–белесі Мұстафиннің «Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды», «Дауылдан кейін», «Көз көрген» тәрізді кең тынысты эпикалық романдарда көркем де көрікті шешімін тапқан. Бұл туындылар халық тағдырын күрт өзгерткен төңкеріс кезеңдегі от–жалынға толы тартысты жаңа көзқарасты, жаңа заманның қалыптасуын баяндаған.
«Шығанақ» романы өмірде болған нақты адам мен оның еңбегі жайлы деректі материалдарға сүйеніп жазылған.
Жазушы «Миллионер» романында тарихта болған жаңа ауыл, жаңа адамдар, олар ұмтылған жаңа биік –белестер, жаңа қоғам көріністерін суреттесе,«Қарағанды» романында адамдардың жемісті еңбегімен бой түзеген еліміздегі ірі нидустрия орнының сол кездегі өмірін суреттейді.
Қазақ жеріндегі төңкерістен кейін туған өзгерістерді кең бейнелеп суреттеуде, оның прогрестік мәнімен бірге қайшылықтарын терең ашып көрсетуде 1959 жылы жазған «Дауылдан кейін» романының маңызы зор.
«Дауылдан кейін» – революциядан кейінгі қазақ ауылы өмірінің шынайы суреттерін танудағы елеулі бір белес.
Ұлы Отан соғысы кезіндегі халықтар достығының бір шағын мысалын Ғ.Мұстафин «Құрметті қонақ» атты әңгімесіне арқау етті. Шығарманың бас кейіпкері – аты-жөні белгісіз сәби.
9 СОБӨЖ Ғ.Мүсіреповтің « Қазақ солдаты» романы (Ауызша)
Өздік жұмысының мақсаты: Ұлы Отан соғысының сабақтарын саралауға, ел
басына күн туған кездегі азаматтардың ерлік істерін, мінез-құлқын, халық өмірін эпикалық үлгіде бейнелеудегі жазушы шеберлігін таныту.
Әдістемелік нұсқау: Ғ. Мүсіреповтің повесі алғаш рет 1945 жылы «Майдан» деп аталатын альманахта «Қазақ батыры» деген атпен жарияланып шықты, аталмыш туындыға оқырман қауым біршама сын ескертпелер айтты. Солардың бәрін есепке ала отырып,
Ғ. Мүсірепов композициясын жақсартып, негізгі кейіпкердің образын күшейтіп, бірнеше тараулар қосты.
Повесть көлемі жағынана ғана өзгермей, сонымен бірге композициялық құрылысы, оқиға желісі жақтарынан да роман дәрежесіне жетіп, 1950 жылы «Қазақ солдаты» деген атыпен қайта басылып шықты.
«Қазақ солдаты» әскери тақырыпқа арналған қазақ повестерінің тұңғышы. Оны жазушы Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың ерлік жолын суреттейтін деректі шығарма есебінде жазды.
Соғыс тәжірибесін жинақтауда, халық ерлігінің рухани мазмұнын және оның қайнар көзін ашуда бұл романның орны үлкен. Онда жаңа заман батырының туу, тәрбиелену, өсу жолы кең бейнеленген. Қайрошты өсіріп жеткізген қоғамдық орта мен ондағы өзгерістер кейіпкер тағдырымен байланысып, жарасымды суреттеледі. Қайроштың батырлығы ескі ұғымдағы көзсіз ерлік емес, қарапайым адамның Отан алдындағы борышын түсіну мен оны абыройлы орындау жолындағы сезімнен туады. Сонымен қатар жазушы Қайроштың өмір жолында кездескен күнделікті тіршіліктің келеңсіз жайларын улы кекесінмен түйреп, сынап отырады.
10 СОБӨЖ Ә.Сәрсенбаевтың өмірі,шығармашылығы жайлы (Конспект)
Өздік жұмысының мақсаты: Ә.Сәрсенбаевтың ақындық,әрі жазушылық қырларын таныту.
Әдістемелік нұсқау: Ә.Сәрсенбаевтың 1953жылы «Толқында туғандар» романын, 1960 жылы «Офицер күнделігі»повесін, 1961жылы «Капитан ұлы» повесін, 1965жылы «Теңіз әуендері» романын жазды.
«Толқында туғандар»романы 1953, 1965, 1975 жылдары басылып шықты.
1937жылы «Еділ толқыны», 1938 жылы «Жүрек сыйы», 1940 жылы «Ақмаралдың жүрегі», 1948 жылы «Ант», «Туған өлке»,1949 жылы «Ақша бұлт» т.б.өлеңдер жинағы жарық көрді.
Ә.Сәрсенбаевтың «Отан таңы» кітабы «Ту туралы жыр», «Украина дәптерінен», «Колхозды дала суреті», «Ұланмен әңгімелер» деген төрт бөлімнен тұрады.
Ә.Сәрсенбаевтың 1943 жылы «Намыс ұлы», «Шие ағашы», 1948 жылы жазылған «Ұлым туралы ой» сияқты поэмалары бар.
«Намыс ұлы» поэмасы Украинадағы партизандар ерлігіне арналған. Поэмада неміс басқыншыларының бейбіт халыққа жасаған бүлігі, айуандық әрекеттері уытты өлең жолдарымен беріледі.
«Шие ағашы» поэмасы – да сол бір сұрапыл жылдардың ащы шындығын реалистік мәнерде бейнелеген туындылардың бірі. Поэмада негізінен неміс басқыншыларының жан түршігерлік жауыздығы, айуаннан да бетер қаныпезерлігі қатты әшкереленеді.
«Ұлым туралы ой» поэмасында да бас кейіпкердің жан дүниесі, сезім иірімдері тереңірек сипатталған. Лирикалық кейіпкердің өз ұлының қайтыс болуын естігендегі психологиялық тебіренісі, жай-күйінің аласапыран шағы поэмада шебер суреттелген.
11 СОБӨЖ Т.Жароковтің «Құмдағы дауыл» поэмасы (Әдеби талдау)
Өздік жұмысының мақсаты: Т.Жароковтің поэма жазудағы шеберлігін таныту.
Әдістемелік нұсқау: Тайыр Жароков «Құмдағы дауыл» поэмасын 1957-1958 жылдары жазған. Поэма жайлы айтқан ғалымдардың пікірлеріне назар аударыңыз. Мысалы: М.Қаратаевтың, поэманың сюжеті жайлы Н.Сидоренконың пікірін қараңыз.Поэманың сюжетіндегі динамикаға, поэтикалық жетістігіне, идеялық-көркемдік тақырыптық деңгейіне, композициясына назар аударыңыз.
«Құмдағы дауыл», негізінен алғанда, реалистік туынды.Халық басынан өткен сол бір дауылды да қаһарлы мезгілді ақын үлкен шыншылдықпен, әсерлі сыршылдықпен суреттеп берді.
«Құмдағы дауыл»–халықтың азамат соғысындағы тарихынан жарқын елес беретін идеялық-көркемдік еңсесі биік шығарма.
Мына еңбектерді қараңыз:Т. Жароков. Төрт томдық шығармалар жинағы. А., 1972-1975, 3т., 44 б., 1т. 230 б., М. Қаратаев. Туған әдебиет туралы ойлар. А., 1958, 436 б.Н. Сидоренко. Десять незабываемых дней. А., 1961, с. 204
12 СОБӨЖ Сайын Мұратбековтің соғыс жылдарындағы ауыл өмірі туралы жазған
повестері мен әңгімелері (Ауызша)
Өздік жұмысының мақсаты:Жазушы шеберлігін таныту.
Әдістемелік нұсқау: Мұратбеков әңгімелерінде өмір жатыр,өмірдің қатпар-қатпар қойнаулары жатыр, сол өмір қозғалысындағы адам тағдырлары жатыр. Адам тағдырлары арқылы уақыт бедерін сезінесің, заман ағымын көресің.
Мұратбеков әңгімелерін оқып отырғанда соғыс жылдарының жайсыз ызғарын да, бейбіт өмірдегі алаңсыз тіршілікті де сезінесің. Өмірдің сан тарау соқпағына түскен жандардың тіршілік бейнесінен өзіңді, айналаңда жүрген өзгені де танисың,көңіл өзгерісіне түсесің.
Сайын Мұратбеков шығармаларындағы адами нысана – жақсылық пен жарастық нысанасы – әр қырынан көрініп, белгілі жүйемен дамиды.
Соғыс алапаты алыста қалса да, ол салған жан жарасы жазылып біткен жоқ. Көңіл көкжиегінде мұнарта көрініп тұратын әлем-тапырық елес. Ол әдебиет әлемінде ескірмейтін тақырыпқа айналып, соғыс әкелген кесапатты адам санасына қайта оралта суреттей беру нысанадан тыс қалмайтын құбылыс.
Балалық шағы соғыс жылдарының ауыр күндеріне тап келген Сайын Мұратбеков көңіл таразысынан өткізген, алыста қалған балалық шағының жүрек сыздатар мұңды елесін өзінің шығармаларына арқау етті.
Мұратбековтің соғыс тақырыбына арналған «Жабайы алма», «Жусан исі» т.б. повестері мен «Зорлық пен қорлық», «Жеңеше», «Күзгі бұралаң жол», «Кәментоғай» т.б. әңгімелері бар.
Мына еңбектерді қараңыз: Сайын Мұратбеков «Жабайы алма»,А. «Атамұра»2002ж.,400бет., Сайын Мұратбеков Көкорай А. «Жазушы» баспасы 1979жыл,504бет., Сайын Мұратбеков Екі томдық таңдамалы шығармалар,А «Жазушы» баспасы 1991ж.,464бет.
13 СОБӨЖ С.Мұқановтың ғылыми зерттеу еңбектері (Конспект)
Өздік жұмысының мақсаты: С.Мұқановтың ғалымдық қырларын таныту.
Әдістемелік нұсқау: С.Мұқанов–қазақ әдебиетінің тарихында сыншы, әдебиет зерттеушісі ретінде де танымал. Қазақ әдебиетінің тарихына қатысты деректерді мол жинап, алғаш сол тарихты жазған кісілердің бірі.
Сәбит Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер,шешендер»,
«Абай – халық ақыны», «Абайдың ақындық мектебі», «Менің қателерім қандай» «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиеті тарихынан очерктер», «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті», «Айтыс», «Сынға сын», «Жікшілдік туралы», «Мен қалай жазып келемін», «Халық мұрасы» «Жарқын жұлдыздар», «Қазақ қауымы»,т.б. мақалалар мен зерттеу еңбектері мен оқулықтары бар.
14 СОБӨЖ Ғ.Мұстафиннің«Шығанақ» романы (Ауызша)
Өздік жұмысының мақсаты: Мұстафиннің Шығанағы – өмірдегі тарышының өзі емес, әдеби жиынтық бейне екендігін таныту.
Әдістемелік нұсқау: Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ» романы 1945 жылы басылды. «Шығанақ» романы – өз дәуірінің тәуір шығармалары қатарында бағаланған.
«Шығанақ» романы өмірде болған нақты адам мен оның еңбегі жайлы деректі материалдарға сүйеніп жазылған. Роман Ұлы Отан соғысы кезінде жанқиярлық еңбек етіп, тарының гектарынан 1232 пұт өнім алып, дүние жүзінде болмаған рекорд жасаған Шығанақ Берсиев жайлы.
Романға негіз болған Шығанақтың Отан соғысы кезінде әлемдік рекорд жасауы және шығарманың сол тұста жазылуы – тылдағы еңбеккерлердің жанқиярлық еңбегінің соғыс, жеңіс мүддесіне арналуы әсерлі суреттелген.
Қазақ халқы өмірінің жаңа кезеңдерінің шындығын тануға ұмтылыс жасаған бұл шығармалар көркемдік ізденістері жағынан да, өмірді тақырыптық қамтуы жағынан да әр қилы болатындығына назар аударыңыз.
Ғ.Мұстафин- Шығармалар. Бес томдық. 1 том, 1981,82 б. еңбегін қараңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |