Патент негізіндегі арнайы салық режимінің ерекшеліктеріне.
Патент негiзiндегі арнаулы салық режимiн қолдану үшiн тұрған жеріндегі салық органына патент құнының есеп-қисабы ұсынылады. Есеп-қисапты қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы: 1) жаңадан құрылған дара кәсіпкерлер – Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою үшін хабарлама берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей; 2) жалпыға бірдей белгіленген тәртіптен немесе өзге де арнаулы салық режимінен ауысуды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер – патент негізінде арнаулы салық режимі қолданылатын айдың 1-күніне дейін; 3) кезекті патентті алу үшін патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер – алдыңғы патенттің қолданылу мерзімі немесе салықтық есептілікті табыс етуді тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін ұсынады.Есеп-қисап патенттің құнын есептеуге арналған салықтық есептілік болып табылады.
Патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеу, сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың салық салу объектісін қоспағанда, салық салу объектісіне 1 пайыз мөлшердегі мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізіледі.
Сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеуді, 1 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салынатын қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алынатын кірістерді қоспағанда, салық салу объектісіне 2 пайыз мөлшерінде мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |