Шығыс Қазақстан облысы жағдайында экологиялық проблемалар жеткілікті. Республикадағы экологиялық апатты аймақтарға – экологиялық жағдайдың нашарлануына байланысты халық денсаулығына айтарлықтай зиян келтірген, флора мен фаунасы деградацияға ұшырап, табиғи экологиялық жүйелері бұзылған соғыс полигондары болған аймақтар жатады. Олар негізінен – Семей, Нарын, Азғыр, Тайсойған, Сарышаған сынақ полигондары және Байқоңыр сынақ полигоны мен космодром аймақтары. Республика жерінде соғыс полигондары болған аумақтар 30 млн.гектардан асады. Осының ішінде Шығыс Қазақстанның 19 млн.гектар жері 40 жыл бойы ядролық сынақтың аймағы болды. 1949-1989 жылдар аралығында мұнда атмосферада – 27, жер бетінде -183, қалғаны жердің астында өткізілді (жалпы 18,5 мың км2 аумақта 470 ядролық сынақ жасалған).
Полигондардың ішінде Семей өңірі – ең көп зардап шеккен аймақ. Мұнда атом қаруын сынаудың ғылыми орталығы Курчатов қаласы, ал бұрынғы Семей облысының Абай, Бесқарағай, Жаңасемей, Абыралы аудандарының аумақтары атом сынақтарының ордасы аталып, ең көп зардап шекеннен экологиялық апатты аймаққа айналды.
Семей ядролық полигоны – КСРО ядролық сынақ полигондарының ішіндегі алғашқы және ірі стратегиялық объектісі «СЯСП» (Семей ядролық сынақ полигоны) атауымен белгілі. Ол әлемдегі ядролық полигондардың ішіндегі халық қоныстанған және ауыл шаруашылық мақсатында қолданатын жалғыз полигон.
Қазіргі таңда бұрынғы Семей полигонына жақын аудандарда халық арасындағы өлімнің және онкологиялық аурулардың, жаңа туған нәрестелердегі қан айналу жүйесінің аурулары мен жүрек ауруларының жоғары деңгейі байқалады.
Зардап шеккен аумақтың жалпы көлемі 304 мың гектар жері алып жатыр, ал ресми мәліметтер бойынша ядролық сынақтан зардап шеккен адамдар саны 1323 000, алайда жәбірленгендер деп 1057 000 ғана адам саны көрсетіледі.
Семей ядролық полигоны 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасы үкіметінің №409 бұйрығы шешімімен жабылды, бірақ бұрынғы қауіпті аймақтағы полигонның радиоактивті фоны әлі күнге дейін сағатына 10-20 миллирентгенге дейін жетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |